• Қоғам
  • 26 Қараша, 2020

БЕС АСЫЛ ІСКЕ ЖЕТКЕН ЖҰРТ

Өнерлінің өрісі һәм өресі кең болар. Заманынан оза туып, дархан даладан өзімен ойы орамды келер, пайым мен парасатта кең құлаш пікірлес болар, ілім-білім жиғаны шамалас дос-жар таппаған Шыңғыстаудың шерлі перзенті.
Бала болмысындағы бітімі бөлек ойлылық, пенделікке бейіл бере қоймаған періште көңіліндегі кіршіксіз тазалық, ақыл-қалтаның тереңдігі. Құнанбайдың кемел өре, дала философиясын бойына сіңірген даналығы Абайды туған жұртының шегінен асырып, адамзаттың жетелі ұлы етті. Елім деп езілген еді, жұртым деп жүдеген талай.

Аяқталар жылдың хакім Абайдың 175 жыл­дығына арналғанын есті ел естіп, ұлылықтың алдында тағзым етіскен. Әуелі әлемді өз ұлтына танытқысы келген реформаторды әлем таныған сәулелі сәттің қуанышын бірге көтеріскен.

Бүкіл қазақ бұқарасының тілек-мүддесін жыр еткен Абай басындағы дәуренін текке көшірмеді, артынан өшпес із қалдырды. Жазба әдебиетте, тұтас мәдениетте, композитор ретінде білім шырақты, философиялық шуақты жадынан жырақтатып, жанынан өшірмеді. Аудармашылығы мен саяси қайраткерлігі және бар. Даралығын даналыққа жеткізді. Даналығын жұртына қызмет қылуға жұмсап, ақ пейіл борыштар етті. Ұлы деген сөзді тек жүргеннің тегіне, ныспысына, лақабына тіркей салар қазақ жоқ. Абай ұлы болса ұлықтықтан емес, ұлтына сіңірген еңбегінен ұлы болды. Қара сөз қазақтың қай қара шаңырағында айтылмай қалар еді, қазыналы қарты бар үй бала тәрбиесінде «Абай үлгісін» ұмыт қалдырған емес. Адамзатқа ортақ ғылымда ғибрат барын ұғындырған Абай өсиеті айнымас темірқазық есебінде. Ұрпақ алмасқан сайын, ұлағаты кемшін тартпаған кең жүректен шыққан сөз жүректерге жетуін ата мен бала арасындағы сабақтастықтай сақтап, жалғастырып келеді. Басынан қилы заман өткеріп, дәуірден дүрелі дүрмек көрген қазақ халқының әр буыны, әр ұрпағы Абайдың өн бойынан достық, тілеулестік, жанашырлық, жолбасшылық, ақсақалдықты тапты. Олар оны іздеді, мейірлі әрі мағыналы сөзі арқылы тіршіліктеріне мән берді, мән тапты. Ақын сөзін жетесіне түйіп өскен жас буын ғұмырлық жолында, тұлғалық қалыптасудың бел-белесінде адамдықты жақтайтын асыл сөзін өзіндік өрнек-пен пайдаланды. Саясат, ғылым, мейлі  музыка болар, жанға азық, дәтке қуат болар өмірдің сан саласына қатысты кәсіп пен тіршілік, нәсіпке ортақ тұғырды Абайдан табуға болатынын аталарымыз қалай білген болса, әке мен бала, немере буын ­солай сана түйсікпен сезініп жүрміз.

«Абай үлгісі», «Абай өсиеті» «Абайдың ­насихат пен нұрлы нұсқауы» қашан да, қай кезде де әр қазаққа ілім мен ілтипат шуағын төкті. Ал данышпанның дара жолын әлем әдебиеті мен мәдениеті мойындап, жақын таныс болуға кірісіп кеткелі ел жаңарды. Тұсында ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Абай Құнан­байұлының алғашқы 150 жылдық ­мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде жұмыла тойлаған едік.

Абай парасаты арқылы әлемді, пайымы һәм ­танымы арқылы қазақ пен адамзатқа ортақ әдебиетті ерек сезініп, бөлек қабылдаған, сол арқылы өзінің нұрлы ақыл, шуағын қазағының тіл білімінің одан әрі жетілуіне жұмсаған ата тағылымын көрген мен Хакімге деген сүйіспеншілікке толы құрметтің үкілі жібін қайта жалғауға бел будым. Қара шаңырақ ҚазҰУ қабырғасында, студент бола жүріп ақын шығармашылығын қазақ жастарына, оның ішінде әлеуметтік желідегі қазақтілді ортаны Абай туындыларымен толықтыруды мақсат етіп «Абай Құнанбайұлы» парақшасын құрдық. Қазір бұл желілік парақшаның оқырмандары 300 мыңға таяу. Әу бастағы мақсатынан айнымаған парақша арқылы, ой мен сөзге тоқтаған ділмар жастар ортасын қалыптастырып келеміз. Абай хикметін ұғынған, идеялық сабақтастықты үлгі еткен мыңнан астам қала тұрғындарын жинап, Асқаралы-Аспантаулы өнер ордасы Алматыда Абайдың 170 жылдығын атап өткен едік. Ол да ел есінде. Міне, аттай бес жылдан соң тұтас Тұран, Түркістан облысының жастарының басын қосып, Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойын жалаң үгіт, жалған насихаттан ада атап өту нәсіп болды. Ел Президенті айтқандай, ысырапшыл, даңғазалық дүбірге жол берілген жоқ. Жаһандық індетпен іргелес келген ақынның ұлағатты ­тойын, ұрпағы һәм мұрагері ретінде саналы, сапалы етіп ұйымдастыруға бел буған біз, қазақ жастары оның қадірін тек шығармаларын ұмытпай, ұтымды дәріптеу арқылы арттыратынымызды және бір ұғындық.

Биыл еліміздің мерекелік күнтізбесінде тағы бір қызылмен белгіленген қуанышты күн, 10 тамыз «Абай күні» бекітілгені бар Алашқа ортақ қуаныш болса, Абайдай перзентті қазаққа сыйлаған ұлы өлке Семейде Абайдың атын, затын әйгілейтін, болмысын көрсететін келісті істер атқарылғандығы көңілге мәңгілік қуаныш күмбезін орнатты. Сол секілді тарихи теңдігін, тәуелсіз мемлекет тарихында қайта жаңғыртқан Түркістанда, Қаратау саясындағы Кентауда да Абай ескерткіштері бой көтерді. Әлемнің өзге елдеріне сапарда жүріп те Абай Құнанбайұлының есімі берілген көшелер мен ақын құрметіне қойылған ескерткіштерге арнайы ат басын бұрып, тарихтан тағылым іздеуді, өткенге тағзым етуді мұрат тұтқан едік.

Абай туралы Байтұрсынов, Әуезовтер бастап, қалам ұстаған талай жазарман қауым ой толғады, әлі қаншама талант пен дарынның көкейіне ұя салып, төгіліп түсер сәтін күткен туындылар мызғып жатыр. Осы ретте қазақ жастарына «қамшы сөз» боларлық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласының ауаны бөлек. Елбасының еліне арнаған мәні терең һәм мазмұны кең арнауы, үзік-үзік жан сырындай болды. Ел тұтқасын ұстаған кемел тұлғаның, Ел тарихына қатысты қабылдаған саяси-салмақты шешімдерінің үтірі мен нүктесіне «Ұлы ойшылдың, оның шығармаларындағы өсиет пен насихаттың» ықпалы, тұлғалық талантына, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретіндегі болмысына бастау болған Абай мен бала Нұрсұлтанның танысуы септесіп, мақаланың өн бойына қалам құдіретімен қан жү­гіртіп, жан бітірген. Жалпы халыққа арналып жа­зыл­ған ақжарма, ақтарылған ой мен сөз маржаны.

Ел жолындағы тағдыршешті кезеңдерде Абай өнегесін жанына серік етіп, кемеңгер тұлға көрегендігін Тәуелсіздіктің тұғырлы жолында ұстын ете білген Елбасының «аманатын» қазақ баласына, қазақ жастарына жолдаған «келешекке хаты» деп қабылдаған ләзім.

Елбасы мақаласымен үндес, қай жағынан алсақ та қанаттас жазылған ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» атты мақалалары кемеңгер Хакімнің ел келешігіне, ­келер ұрпақ болашағына берерін ұлтқа, ұрпаққа тағы бір рет ұғындыруды көздеген тапсырмаға айналды.

Абай ғасырынан озып туды. Бай­қасаңыз әлі озық келеді. Ел алдында жүрген ерен мықтының ғұмырнамалық ғибратына қарасаңыз, Абайдан аттап кеткен – ойшылмен ақылда араз, ойда жау болған жан баласы жоқ. Кім көңілден өткізіп, тіршілігінде қалай жаратса, адамдықтан адастырмайтын ақылдың кілті Абайда. Қазақтың қазіргі ұлт ретіндегі жаңару идеясының тұғырнамасы ­тыстан келген тылсым ой емес, Абай көзқарасынан алынған шындық. «Бес дұшпанды» жеңіп, «Бес асыл іске» жеткен жұрттанбыз деп айтар күн туса игі, жастар ата жолын қуса игі.

Амалбек ӨМІРТАЙ

ТҮРКІСТАН

1258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы