• Қоғам
  • 26 Қараша, 2020

АУЫЛДЫҢ ЖАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ...

Кезінде «ауылым – алтын бесігім» деген қалыптасқан тұрмыстық жағдай, дәстүрлі әлеуметтік орта бар еді. Сондықтан да өткен ғасырдың сексенінші жылдары еліміздегі халықтың 60 пайызға жуығы ауылда тұратын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол алтын бесіктің базары тарқай бастады. Сол кездегі үкіметтің жекешелендіру реформасын сауатсыз жүргізуі салдарынан көптеген елді мекендер тұралады. Соның кесірінен бүгінде «болашағы жоқ ауылдар» деген ұғым шығып, жыл сайын шалғайдағы жүздеген ауылдар қаңырап, жабылуда. Бұған кім кінәлі? Осынау тығырықтан қалай шығамыз? Сұрақ көп, жауабын табу үшін журналистік зерттеу жасап көрдік...

Ауылда тұратындардың әлеуметтік жағдайын терең талдап, оларға ерекше қамқорлық жасау мәселесін де қарастыруды ұмытпаған абзал. Ауылда тұратын азаматтардың кейбір жекеленген категорияларына арнап арнайы әлемуеттік көмек, қаржы бөлуді ескеру де керек болар.

Себебі қазіргі күні ауылдың жағдайын ойласақ, алаңдадатын мәселе көп. Статистикалық деректерге қарасақ 1997 жылы еліміздегі ауылдардың жалпы саны 8 172 екен. Оның ішінде 1 мыңнан астам адам қоныстанған ауылдар 1 624 болыпты. Міне, содан өткен ғасырдың соңында ауылдағы жұмыссыз қалған ел үлкен қалалар мен солардың маңындағы аудан, ауылдарға ағыла бастады. Баяғыда екі отбасының бірінде 10-12 баладан болатын дәстүр үзіліп, ауылда да 3-4 баламен шектелу түзіле бастады. Әрине, бұл жағдайға алдымен әлеуметтік жетіспеушілік, ауылдардағы медициналық қызмет көрсетудің сапасыздығы секілді жағдайлар әсер етті. Осылайша ауылдардың әлеуметтік жағдайымен бірге демографиялық ахуалы да төмендей берді. Міне, соның салдарынан бүгінде елімізде 6 322 ауыл қалып, 23 жылда 1 850 елді мекен жабылыпты. Бүгінде осы ­ауылдарда 7,7 миллион тұрғын қалып, баяғы 60 пайыздан 41 пайызға бір-ақ түсіпті. Есесіне қала халқы еселеп, 2 миллионға артып, ел тұрғындарының 60 пайызына жуықтаған. Бұл жөнінде жақында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жақында баспасөз маслихатында мәлімдеді. Оның ­айтуынша, бұл бағалауда, ең алдымен, демографиялық жағдай ескеріледі екен. Мәселен, тұрғын саны 50-ден аспаса, бастауыш сыныпқа баратын оқушы саны 15-ке жетпесе ол ауыл жабылатын елді мекен санатына қосылады.

Алайда Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров «болашағы жоқ» ауылдар санатын бағалау үрдісімен келіспейді.

– Қазіргі кезде шағын ауыл қаңырап қалуының алдын алу жұмысы жүргізілмейді. Сондықтан жыл сайын қатары артып келеді. Ұлттық экономика министрлігі бекіткен әдістеме бойынша, даму болашағы бар елдімекендердің қатарына 2761 ауыл кірмеген. Бұл ­ауылдарда 1 миллионға жуық адам тұрады. Енді осы ауылдарда тұратындардың тағдыры не болмақ, – деді депутат.

Ал «Ауыл» ХДПП төрағасы Әли Бектаев сайлауда өз кандидаттары жеңіске жетіп, Мәжілісте фракция құрар болса осы мәселелерді ескеретінін айтты. «Біздің ауылдар қазір өте қиын жағдайда. Олардың көпшілігінде мектептер мен медициналық пункттер жабылуда. Ауыл халқы қалаға көшіп келеді және үлкен қаржылық қиындықтарға тап болады. Біздің ауылдар ешқашан көмек сұраған емес. Бірақ олар бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Біздің ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажырлы еңбегімен үстелімізге ет пен нан келетінін ұмытпауымыз керек» деген еді Ә.Бектаев. Осы мәселені назарға ала отырып, ауылға көмек көрсететін кез жеткені баршамыздың қаперімізде тұруға тиіс мәселе екенін ұдайы назарда ұстаған жөн.

ҰЭМ жүргізген талдау әрбір бесінші ауылда (21% ­немесе 1 361 елдімекен) мектеп пен балабақшаға, ал әрбір үшінші ауылда (33% немесе 2 073 ауыл) – аурухана, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен емханаға жөндеу жүргізу қажет екенін көрсеткен. 2 мыңнан астам ауылды (36%) сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, 30 мың шақырым жолды жөндеу қажеттігі анықталған.

Міне, алдағы уақытта осындай мәселелер ескерілсе, ауылға берілер көмек пен ауыл тұрғындарына көрсетілер қолдау оң нәтиже беретіні сөзсіз.

Нұрболат Сұлтанғазиев
«Ana tili»

848 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы