• Тұлға
  • 26 Қараша, 2020

МЕН БІЛЕТІН ЖҰМЕКЕН (Эссе)

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан­ның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Отанымыздың Мемлекеттік әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл толды.

ОҚУШЫ ЖҰМЕКЕН

 Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында көптеген ­мектептер материалдық жағдайларының әлсіздігіне байланысты жабылып қалуға мәжбүр болды. Сондықтан да оқушылар бастауыш ­сыныпты бір ­мектепте, орталау білімді басқа ­мектепте, ал орта мектепті тіпті басқа жерден бітіретін. Дәл ­осындай жағдайды Жұмекен де ­басынан кешірді. Ол өзі туып-өскен Қошалақта бастауыш мектептің екінші ­сыныбын бітіріп, Жасқайрат жеті жылдық мектебінен орталау білім алса, кәмелеттік аттестатты Нұржау ауылындағы В.И.Ленин атындағы орта мектептен алды.

Мен Жұмекеннің Дыңғызыл ауылдық кеңесіне қарасты Жасқайрат орталау мектебінде оқыған кезі ­туралы айтқым келеді. Мектеп Дыңғызыл ауылдық кеңесіне қарасты Ворошилов атындағы колхоздың ­Нарын құмындағы мал жайылым орталығында орналасқан болатын. Мен сол кезде мектептің бастауыш сыныбында оқитынмын. 1940-1950 жылдары мектепті Қ.Нұрмұханбетов, А.Әбішев, Ғ.Әпенов сияқты алдың­ғы қатарлы мұғалімдер басқарды. Мектепте С.Қайырмеденова, М.Исмағұлова, апалы-сіңілі Р.Нәсенова мен Ж.Нәсеновалар, сол сияқты З.Махмудов, Ә.Өтебаев, З.Бекжанова, Ө.Сидеғалиев, С.Жәкиева және басқа да білімді мұғалімдер оқушыларға сапалы біліммен бірге, саналы тәрбие де берді.

Жұмекеннің сол ауылға келгені әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде бұл ауылға келушілер негізінен кіреге ілесіп келетін. Бір күні түс ауа он шақты түйеге артылған жүгі бар, ауылда «Шатақ Құмар» деген атпен белгілі, ұста Құмар ақсақал бастаған кіре ауылға келіп жетті.

Жұмекен де осы кіремен оқуға келді. Ол әуелі Хален Бимұхамбетов деген жездесінің, кейін мектептегі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, Жұмекеннің немере ағасы Қайырмеденов Төлегеннің үйінде ­жатып оқыды. Ол аласа бойлы толықша келген өте сабырлы бала еді.

Көп кешікпей Жұмекеннің атағы мектептен асып, бүкіл ауылға белгілі болды. Оған себеп болған – Жұмекеннің домбырашылығы еді. Біз бұған дейін осы мектепте Әзидолла Есқалиев деген оқушы оқып кетіпті дегенді естігенбіз. Бірақ оны көрген жоқ едік. Сол мезгілде Көшербай Әубекеров деген оқушы домбыраны жақсы тартатын. ­Дегенмен, мына Жұмекеннің домбыра ­тартысы бізге ерекше болып көрінді. Ол домбыраны солақай тартатын. Әуелі асықпай домбыраның құлақтарын бұрап, оны күйге келтіретін. Ол алдымен Құрманғазының «Қызыл қайың» күйін тартатын. Жұмекен бұл күйді ерекше шабытпен беріліп орындайтын. Жұмекен бұл күйді орындамағанның өзінде жиылған жұрт одан «Қызыл қайыңды» тартуды сұрайтын. ­Жұме­кен орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыға келіп Құрманғазы атын­дағы консерваторияға түсуіне мектеп қабырғасында қалыптасқан орындау­шылық шеберлігінің әсері болғаны анық.

Мектепте Жұмекеннің беделі уақыт өткен сайын өсе берді. Оған себеп, біріншіден, оның домбырашылығы болса, екіншіден, оның оқуға алғырлығы еді. Мұғалімдер енді оны қоғамдық жұмысқа араластыра ­бастады. Бір күні мұғаліміміз Рапиха Нәсенова біздің сыныпқа Жұмекенді ертіп келіп, оны бізге таныстырды. Апайымыз мектептің пионер ұйымындағы біздің дружина кеңесінің төрағасы бұдан былай Жұмекен болатынын, оның мектептегі үздік оқушы екенін, сондықтан да біздің одан үлгі алуымыз керек екенін жақсылап түсіндірді. Сөйтіп, біз мектепте Жұмекенмен жақсы араласып кеттік. Үзіліс кезінде мектептің сыртындағы дене шынықтыру алаңына барып, турникке тартылып ойнайтынымыз әлі есімде. Турниктің биіктігі екі метрге жуық болса, менің бойым бір метрдей ғана болатын. Осындай жағдайда маған Жұмекен жиі-жиі көмекке келетін. Турникке қолым жету үшін ол менің ту сыртымнан құшақтап көтеретін. Ол бұл қамқорлығын жалғыз маған ғана емес, басқа оқушыларға да көрсетті. Жасқайрат орталау мектебінің оқушысы Жұмекен Нәжімеденов осылайша менің есімде қалды. 1990 жылы Жасқайрат орталау мектебіне бір кезде осы мектепте үздік шәкірт болған, кейін ақиық ақын атанған, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты Ж.Нәжімеденовтің есімі берілді. Бұл, сөз жоқ, сол мектептің түлегі ретінде бізге де, қазіргі шәкірттер үшін де зор мақтаныш.

 

АРМАН ҚАЛА – АЛМАТЫДА

 1961 жылы мен Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемле­кеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Сол кезде Жұмекеннің «Балауса» атты алғашқы жыр жинағы баспадан шыққан ­болатын. Оған қоса осы мезгілде Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақ КСР-нің Халық артисі Жамал Омарованың орындауында радиодан жиі беріле бастады. Оның өзі Жұмекенді жақсы білетін біз үшін үлкен мақтаныш болды. Сондықтан да менің тезірек Жұмекенді көргім келді.

Сөйтіп жүргенде ойда-жоқта 1962 жылдың күзінде теміржол вокзалында мен Жұмекенмен кездесіп қалдым. Уақыт тығыз болды да, ол мені қаланың шығыс бетіндегі тау ­баурайында орналасқан Подгорная көшесінде жалдап тұрған үйіне шақырды. Көп кешікпей мен Жұмекеннің үйіне бардым. Үйінде Нәсіп жеңгеміз, кішкентай Әйкен бар екен. Менің Нәсіп жеңгемізді бірінші көруім болатын. Ол кісі сол кезде Алматы кілем фабрикасында жұмыс істейді екен. Жұмекен екеуміздің әңгімеміз негізінен Жасқайратта оқыған кезіміз, ақ шағылда батпа қуып ойнағанымыз, мектеп бітіргеннен кейінгі өміріміз туралы болды.

Салыстырып қарасақ, екеуміздің де мектепті бітіргеннен кейінгі өмір ­жолымызда ұқсастықтар көп екен. Ол орта мектепті бітіргеннен кейін бір кезде өзі оқыған Жасқайрат орталау мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріпті. 1955 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына түсе алмай, ауылға қайтуды намыс көріп, комсомол жолдасымен Қарағандыға көмір өндіру ­шахтасына ­аттанып, бір жыл жұмыс істепті. Алматыға қайтып келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсіпті. Ал мен болсам, кәмелеттік аттестатты Зормата ауылдық кеңесіне қарасты ­Сталин атындағы орта мектептен алдым. Сол мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Жұмекеннің немере ағасы Қайырмеденов Төлегеннің көп қамқорлығын көрдім. Жұмекеннің кенже қарындасы Жаңылсын да мектепті сол ағамыздың үйінде жатып оқыды. Орта мектепті бітіргеннен кейін ҚЛКЖО Теңіз аудандық комитетінің жолдамасымен Калинин атындағы колхозда тракторшының көмекшісі болдым. 1960 жылы Алматыға келіп, Ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Бірақ конкурстан өте ­алмадым. Ауылға қайтуға намыстанып, не істерімді білмей жүргенде, біреулер Қарағандыға, шахталарда көмір қазуға барам деушілерге жолдама беріледі екен деген әңгіме таратты. Менің де жолдама алып, Қарағандыға кеткім келді. Алайда маған ол жақтың дәмі бұйырмаған болып шықты. Себебі менің Ауылшаруашылық институтында танысқан жігіттерім (олар да оқуға түсе алмағандар) 2-ші Алматы жүк түсіру стансасына жұмысқа орналасайын деп жатыр екен. Мен де соларға қосылып, теміржолда вагондардан жүк түсіруші болып жұмысқа кірдім. Жұмыс жеңіл болмағанымен, мені оның жатақханасы қызықтырды. Осылайша мен Қарағандыға бармай, Алматыда қалып, келесі жылы оқуға түсуге дайындалуға бекіндім. Сөйтіп, мен бір жыл теміржолшы ­болып жұмыс істеп, 1961 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетіне оқуға түстім. Менің университетке оқуға түсу үшін ­дайындалуыма бір кезде Нұржаудағы мектепте Жұмекенді оқытқан Кәрімов Хасан ағайдың үлкен көмегі тиді. 1961 жылы ол кісі университеттің қазақ тілі кафедрасында оқытушы болып істеп, әрі сырттай аспирантурада оқиды екен. Түсу емтиханында қазақ тілі мен әдебиетінен ауызша және жазбаша «өте жақсы» деген бағаға тапсырғаннан кейін оқуға түсу мәселесі, негізінен, шешіліп те қалды...

 «МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ӘНІНІҢ ШЫҒУЫ ТУРАЛЫ

 Біраздан кейін әңгімеміз «Менің Қазақстаным» әнінің қалай жазылғанына ауысты. Мен Жұмекенге «Мәдениет және тұрмыс» ­журналында жарияланған әннің мәтінінде: «Жеті жыл жоспары, Жеті қыр асқаны, ­Думанды бастады, Қазақтың жастары» деген шумақ бар ғой, бірақ бұл шумақты Ж.Омарова радиода әнге кірістірмейді ғой» дедім. Бірақ Жұмекен бұл жерде ештеңе айтпады. Тек біраздан кейін ғана «бұл жерде саясат бар» деді. Ол қандай саясат екенін ол кезде мен біле алмадым. Тек 60-жылдардың ІІ жартысында университеттің жоғарғы курсында оқып жүргенде ғана мен ол саясаттың мәнін түсіндім. Ол былай екен: ХХ ғасырдың 54-64 жылдарында партия мен үкіметті қатар басқарған Н.С.Хрущев Ресей мен Қазақстанның көптеген аумағында тың және тыңайған жерлерді игеруге бастамашы болды. Тың игерудің пайдалы жақтарымен бірге зияны да аз болған жоқ. Жыртылған жер топырағы эрозияға ұшырап, астық түгілі, қарапайым шөп шықпай, талай жыл қуаңшылықтар да болды. Көптеген жерлер жыртылып, мал жайылымы әбден тарылды. Қазақстанда әкімшілік бөлініс жиі-жиі болып тұрды. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан өлкесі, Батыс Қазақстан өлкесі, Тың өлкесі деген өлкелер пайда болды. Н.С.Хрущев тың өлкесінің орталығы Ақмола қаласының атын Целиноград деп өзгертті. Тіпті сол мезгілде тың өлкесіне кіретін Қазақстанның бес облысының болашақта Ресей Федеративтік ­Республикасы құрамына қосылуы мүмкін деген сөз де тарай бастады. Оның алдында Шымкент облысының екі ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Сондықтан да ел ішінде жаңағы қауесеттің соңы шындыққа айналып кете ме деген қорқыныш та болды. Бұл жөнінде композитор Ш.Қалдаяқов республикалық теледидардан берген сұхбаттарының бірінде былай деген: «Қазақстанның солтүстік аймағындағы бес облыс Ресейге берілуі мүмкін» ­деген сөз менің жаныма қатты батты. Бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ғасырлар бойы шетелдік басқыншылардан қорғап қалған жерімізден айдың-күннің ­аманында айырылып қаламыз ба ­деген ой басымнан шықпай қойды. Сол ­кездерде менің басыма бір әуен келді. Кейін сол әуеннен марш екпінінде ән шықты. Мен бұл әннің мәтінін кім ­жазар екен деген оймен біраз жүрдім. Ақыр соңында жақында ­Гурьевтен келген жалындап тұрған жас ақын Жұмекен Нәжімеденовке менің әніме сөз жазу ­туралы қолқа салдым. Менің ұсынысымды Жұмекен бірден қабыл алды». Осылайша, композитор Ш.Қалдаяқов пен ақын Ж.Нәжімеденов өздерінің Отанына, туған жеріне ­деген сүйіспеншілігін білдіретін «Менің Қазақстаным» деген әнді дүниеге әкелді.

Алайда бұл әннің баспасөз бетіне жариялануында үлкен қиыншылық болған. Авторлар әнді жариялау үшін оны «Мәдениет және тұрмыс» журналына апарады. Ондағылар әннің мәтінінде коммунистік партия және оның басшылығымен қабылданған жеті жылдық жоспар туралы ешнәрсе айтылмаған, сондықтан ән журналға жарияланбайды деп, кейін қайтарады. Жұмекен амалсыз «Жеті жыл ­жоспары...» деп басталатын шумақты қосуға мәжбүр болады. Осыдан кейін ғана ән мәтіні журналға жарияланады.

Әнді қалың жұртшылық өте жылы қабылдады. Тіпті балалар бақшасындағы бүлдіршіндерден ­бастап, ақсақал қарияларға дейін «Менің Қазақстаным» әнін айтатын болды. Менің пікірімше, мұның бірнеше себептері ­болды. Біріншіден, сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайға орай әннің сөзі патриоттық рухта жазылған. Екіншіден, ән әуенінің марш екпінінде жазылуы, әннің айтылуы барысында адам бойында ерекше сезім туғызатын. Үшіншіден, Жамал ­Омарова, Сара Тыныштықұлова және басқа да әншілер әнді нақышына келтіріп, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандыра орындайтын. Осылайша, ән елге тез тарап кетті.

1986 жылғы желтоқсан айындағы ­Алматы қаласындағы көтеріліс бұл әннің тарихын жаңа деңгейге көтерді. 16-18 желтоқсан күндері ­Республика алаңына жиналған жастар «Менің Қазақстаным» әнін қайта-қайта шырқап, Қазақ елінің рухын асқақтатты.

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда «Менің Қазақ­станым» әні мемлекетіміздің ресми емес әнұраны ретінде көптеген жерлерде, әсіресе үлкен концерттердің соңында орындалып жүрді. Еліміздің Қарулы күштерінің сарбаздары осы әнмен шеру жасаса, Қазақстанның кейбір демократиялық партиялары бұл әнді өз партияларының әнұраны етіп қабылдады. Осылайша, «Менің Қазақстаным» мәңгі жасайтын халық әніне айналды.

 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлы Ж.Нәжімеденов пен Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің Қазақстанның Мемлекеттік әнұраны болып қабылдануы туралы былай деп жазады: «2005 жылдың 26 желтоқсаны еді. Сол күні сағат үште Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссиясының ­кезектен тыс отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде бір ғана мәселе –мемлекеттік гимнді ауыстыру мәселесі болды. Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімов гимнді ауыстырудың мән-жайын, жаңа астанада жаңа әнұран дүниеге келетінін және оған Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» әні арқау ­болатынын баяндады» («Атырау» газеті, 16.06.2020).

Одан әрі Мәжілісте қабылданған жаңа әнұран Президент ­Н.Назарбаев­тың қол қоюына жіберілген. ­Президент сайлауынан кейінгі ­Елбасы Н.Назарбаевты ұлықтау кезінде ­авторлары ақын Ж.Нәжімеденов, ­композитор Ш.Қалдаяқов және Елбасы Н.Назарбаев болып табылатын жаңа әнұран тұңғыш рет Астана қаласында 2006 жылы 11 қаңтарда салтанатты түрде шырқалған. Сүйтіп, 1956 жылы Алматы қаласында белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде жазылған «Менің Қазақстаным» араға 50 жыл салып Мемлекеттік әнұранға айналған. Бұл ән алғаш дүниеге келгенде авторлары Ш.Қалдаяқов – 26, ал Ж.Нәжімеденов 21 жаста екен.

Қазіргі салтанатты жиындарда, мем­лекеттік мерекелер мен ресми қабыл­дауларда рухты көтеріп, кеудеңді мақ­та­ныш пен жігерге толтыратын Мемлекеттік әнұран орындалғанда, әсіресе мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері қолдарын жүрек тұсына қойып, қосыла әндеткенде, әрбір қазақ елінің азаматы ерекше сезімге бөленеді. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде елімізде болған әртүрлі оқиғалар, қуаныштар мен қынжылыстар көз ­алдына келеді. Әнді дүниеге келтірген авторларды қимастықпен еске аласың. Олардың төл дүниелерінің Тәуелсіз қазақ елінің әнұранына айналғаны көңілді шексіз мақтанышқа бөлейді.

Ендігі әңгіме «Менің Қазақстаным» әніне ҚР мемлекеттік сыйлығының берілуі туралы. Бұл жөнінде сол жылдары Мемлекеттік хатшының кеңесшісі қызметін атқарған Өтеген Оралбайұлы былай деп жазады: «2010 жылдың 20 наурызында мен Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевқа биылғы жылғы Әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ҚР мемлекеттік әнұранның авторларын ұсыну ­туралы ұсыныс жасадым. Бұл дәстүрдің әлемнің көптеген елдерінде барлығын және оның қоғамдық-саяси мәні зор екендігін айттым» деп жазады. ­Алайда бұл жерде бір қиындық болған. Мемлекеттік сыйлық ережесінде «Қайтыс болған авторларға мемлекеттік сыйлық берілмейді» деген жол болған. Бірақ сол ережеде «Мемлекет басшысы кез келген уақытта мемлекеттік сыйлық беретін еңбектерді, авторды өзі ұсына алады және оның шешімі – түпкілікті шешімі болады» деген де бап болған. Бұл жерде «Менің Қазақстаным» әнін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынушылар осы бапты негізге алған болуы керек. Бұл жерде Елбасы Н.Назарбаевтың да осы ұсынысты қолдағанын айтқанымыз дұрыс: Бұл туралы Ө.Оралбайұлы былай деп жазады: «Жақсы ұсыныс, дереу жүзеге асырыңдар, ұйымдас­тырыңдар...». Көп кешікпей, ҚР Мем­лекеттік әнұранның авторлары ұлы композитор Ш.Қалдаяқовқа, қазақтың көрнекті ақыны Ж.Нәжімеденовке ҚР мемлекеттік сыйлығын беру туралы Қаулы да жарық көрді. Сүйтіп, «Менің Қазақстаным» әнінің авторлары ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атағына ие болады». Сөз жоқ, бұл ­сонау 1956 жылдан бері халықтың сүйікті әніне айналған шығармаға және оның авторларына жасалған құрмет болатын. Сонымен бірге осы әнге Мемлекеттік сыйлық беру туралы Президент мақұл­даған ұсынысты жүзеге асырып, ұйым­дастырушылар: сол жылдардағы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат ­Саудабаев, Мәдениет министрі Мұқтар Құл-Мұхаммед, Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков, Мемле­кет­тік хатшының кеңесшісі Өтеген ­Оралбаев және басқа да лауазым иелерінің қажырлы еңбектерін атап өткен жөн.

Өкінішке қарай, өз өлеңінің ­Респуб­ликамыздың Әнұраны бол­ғанын ести алмай Жұмекен Нәжімеденов өмірден ерте кетті. Алайда оның есімі тәуелсіз қазақ елінде ұмытылмайтын ұлы тұлға болып қала береді.

 

ПРОЗАШЫ ЖҰМЕКЕН

 Біз үшін күтпеген жаңалық – Жұмекеннің проза жанрында да жемісті еңбек етуі болды. «Ақын Жұмекен Нәжімеденов» дегенге әбден құлағымыз үйренген бізге оның «Ақ Шағыл», «Кішкентай» атты романдары ­ерекше әсер етіп, қатты таңғалдырды. Жұмекеннің жоғарыда айтылған және студенттік өмір туралы «Даңқ пен дақпырт» атты шығармалары қалың жұртшылықтың сүйіп оқитын романдарына айналды. «Ақ Шағыл» мен «Кішкентай» атты романдары соғыстан кейінгі алғашқы жылдардағы ауылдың ауыр тұрмысын көрсетуге арналған еді. Біз үшін бұл еңбектердің ерекшелігі – ондағы кейіпкерлер шын өмірде болған адамдар екендігі. Ол адамдарды Жұмекен де, мен де кезінде көрдік. Ал кітаптарда ол адамдардың аттары сәл өзгертіліп берілген. ­Мысалы, Нәжімеден – Әжімгерей, Хисмет – Сейсімет, Жұмекен – Идаят және т.б. «Даңқ пен дақпырт» атты еңбегінде Жұмекен студенттік өмірді реалистік тұрғыдан көрсеткен деп толық сеніммен айтуға болады.

Жұмекен есімі тәуелсіз қазақ елінде ұмытылмайтын ұлы тұлға болып қала береді. Атырау облысында Ж.Нәжімеденов атындағы мек­тептердің, ескерткіш пен көше­лердің болуы соның айғағы деуге әбден болады. Қорыта айтқанда, Жұмекен Нәжімеденовтің қазақ поэзиясы мен прозасындағы орны мәңгілік.

Сөз соңында ақын Ж.Нәжіме­денов­тің 85 жылдығы республика көлемінде кеңінен аталып өтуде. Осы жерде биылғы жылғы Ж.Нәжімеденовті еске алудың өзіндік ерекшеліктерін атап өткеніміз жөн болады. Біріншіден, жыл басында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі биыл ақын Ж.Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл толатындығын атап өтті. Екіншіден, биылғы жыл Жұмекен поэзиясын ­республикамызда кеңінен насихаттау жылы болып отыр. Оған дәлел – бүкіл республиканың мектеп оқушылары, интеллигенция өкілдері, ­Парламент депутаттары және жалпы қалың жұртшылық Жұмекеңнің өлеңдерін теледидар арқылы оқып, көрерменді үлкен қуанышқа бөлеуде. Сондықтан да осындай ауқымды жыр эстафетасын ұйымдастыруда идея ­авторлары – Атырау облыстық телехабарлар тарату редакциясы басшылығының атқарып жатқан жұмысына шексіз ризашылығымызды білдіруді мен өзімнің борышым деп санаймын. Шындығында, бұрын Жұмекен өлең­дерін осындай дәрежеде, кең көлемде насихаттау болған емес. Бұл шараның Атырау облыстық телеарнасы тарихында ұзақ сақталатынында еш күмән жоқ. Үшіншіден, Ж.Нәжімеденов поэзиясын терең және жан-жақты зерттеуші, республикамыздағы бірден-бір жұмекентанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Қадір Жүсіп ағамыздың өз ортамызда Жұмекеңнің ақындығын өлеңсүйер қауымға кең түрде насихаттап жүргенін үлкен қанағаттанарлық сезіммен атап өткеніміз де жөн болады. Біз ақын Жұмекен Нәжімеденовтің 85 жылдығының жоғары дәрежеде аталып өтетініне кәміл сенімдіміз.

 Аманкелді ШАМҒОНОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

университетінің профессоры

 

1937 рет

көрсетілді

100

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы