• Cұхбаттар
  • 26 Қараша, 2020

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда қаласының әкімі: ҚАЛА АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП, ТҰРҒЫН САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Фараби бабамыздан қалған «Қайырымды қала тұрғыны» ­атану философиясы қай қазақтың да жүрегін тербейтін болар. Бұл тұрғыдан алғанда қазағы көп өңірдің қаласын басқару, қала мәдениетін дамыту, қала ландшафтын, көрінісі мен архитектурасын заманауи үлгіге сай қылу кім-кімді де алаңдататын мәселе. Әсіресе өңірлердің «жүрегіне» айналған қалалардың тұрмыс-тіршілігі мен жай-жапсарын қалың оқырманға таныс­тыру да өзекті іс. Бүгінгі кейіпкеріміз, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы тақырыптар төңірегіндегі сауалдарымызға жауап береді...

– Қызылорда – бір заманда ел ас­танасы болған қала. Елдік пен мемле­кеттілік рухы қазір де сақталған ба? Сұхбатымызды осы сауалдан бастасақ.

– Міндетті түрде қай жерде қандай қала, қандай өркениет, қандай астана болса, ол жерде елдік пен мемле­кет­тілік рухы ұзақ уақытқа дейін сақ­талады. Оны біз қазіргі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан жақсы білеміз. Бүкіл әлемдік саяси аренаға айналып, бейбітшілік пен келісімнің ордасы болған елордамыздың аты алысқа жетіп, төрткүл дүниеге жайылғанын білеміз.

Сыр өңірі – тарихта үш рет астана болған жер. Кешегі оғыздардың дәуірінен бастап, бүгінгі тәуелсіздікке дейін қан­шама тарихи кезеңдерді бастан кешті. Біздің өңіріміздегі астаналар өз кезеңінде үлкен саяси, мәдени, рухани ошаққа айналған. Олардың бойындағы елдік пен мемлекеттілік рухы біздің еліміздің әрбір азама­тының бойында берік сақталып, көкірегінде, көзінде міндетті түрде алаулап тұруға тиіс. Қазіргі біздің аймағымызда жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары бізді көшпенді деп таныған дәуірдің ар жағында да отырықшы қалаларымыздың болғанын, тартылған Аралдың астынан шығып жатқан қалалар мен тарихи жәдігерлердің болған мерзімдерін анықтау барысында біздің мыңжылдық тарихымыздың тереңде жатқанын көріп, біліп отырмыз. Яғни біздің өңір әлі де зерттей түсетін, тереңдей түсетін, археологиялық қазбаларды жетілдіре тани түсетін, үлкен бір зерттеулерді қажет ететін сияқты. Себебі ағаштың астындағы алтын тамыры, діңі, өзегі қаншалықты тереңге кетсе біздің жайқалған бәйтерегіміз де соншалықты биіктей түспек. Біз түп тамырымызды толық танып біліп, жас ұрпаққа түсіндіретін болсақ олардың бойындағы біз іздеп отырған елдік пен мемлекеттілік рухы ұзаққа сақталады. Бір сөзбен айт­қанда тарихта өнер мен руханияттың, өркениеттің үлкен ошағы болған Сырдың бойы қазір де солай, болашақта да солай болып қала бермек.

Қаланың тыныс-тіршілігін қамта­масыз ету – қала әкімінің тікелей міндеті. Әкім болғалы атқарған істеріңізге тоқталып өтсеңіз?

– Ел үшін жасалған қызметтің бағасын ел берер. Қаланың дамуына сүбелі үлес қосып, еселі еңбекпен жетістіктерін еселеу, экономикалық табыстарын арттырып, көшін алға сүйреу қала әкімінің қызметтік жауапкершілігі, халық алдындағы міндеті.

 Береке-бірлігі бұзылмаған Қызылорда қаласына басшылық ету – мен үшін үлкен тәжірибе жинау кезеңі. Қала нағыз қызу оттың ортасы, қайнаған қазан дер едім. Тәуліктің 24 сағаты, аптаның жеті күні тыным таппай, тыныс алмай жұмыс істеуге тура келеді. Маған дейін де бұл шаһарда ауыз толтырып айтарлық ауқымды жұмыстар атқарылды. Дей тұрғанмен шешімін таппай, өз кезегін күтіп жатқан мәселе де аз болмады. Ол проблемаларды шешу үшін қаражаттың қажеттігі анық жағдай. Бюджеттен бөлінген қаржылар қаланың кем-кетігін, жоқ-жітігін түгендеуге толық жетпейді. Ағыл-тегіл бюджет жоқ. Солай мәселе кейінге ысырылып келген. Қала тынысын ашу үшін қолдан келгенше мәселенің өзектілігін жоғарыға барынша жеткізе отырып, бұл бағыттағы шаруаларды шешуге қазынадан қосымша қаржы бөлуге қол жеткізе алдық. Бүгінде қала бюджеті 100 млрд-қа жуықтап, қоржынымыз молайды. Болашаққа сенімді көз тастаған, кемел келешекке көш бастаған әсем қаламыз жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, жаңарып, жасарып, сәні мен салтанаты келіскен, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Қала халқының айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономиканың қай саласында болмасын, Сырдың бас шаһарында даму бар, ілгерілеу бар. Қаламыздың жарқын жетістіктерін жария етіп, әлеуеті артқан қалалардың біріне айналып келеміз. Бұл – біздің ортақ жұмысымыздың жемісі, ортақ жетістігіміз.

Қазір Қызылорданы әркім мақтайды – көшелер кеңейген, жолдар жаңартылған, жасыл желекке бөленген. Бір кезде мұнда көк шөп шықпайды дейтіндер де болған екен. Қаланы қалай жасандырдыңыздар?

– Қаламызды жасыл желекке айналдыру бір күнде немесе бір маусымда, бір жылда атқарылатын және бір адамның қолымен жасалатын жұмыс еместігін жақсы білесіз. Қала аумағын абаттандырып, көгалдандыруды басшылыққа келген алғашқы сәттен басты назарға алып, тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Нәтиже де жоқ емес. Күн санап гүлденген шаһарымызда жаңа демалыс орындары, аллеялар мен скверлер көптеп ашылып, көз тартар көгалдар қалыптасып, әсем гүлзарлар қала ажарын айшықтай түсуде. Мәселен биыл қала күні мерекесі аясында денсаулық және демалыс паркі пайлануға берілсе, «Сыр-Ана» монументінің аумағы, Теміржол паркі, Тағзым алаңы қайта жаңғыртудан өтіп, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Ал Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының қос қапталы Сыр сүлейлері аллеясынан Сұлтан Бейбарыс көшесіне дейінгі аралығы гүлзарлармен толығып, жаяу жүргінші жолы жаңарып, төрт бірдей субұрқақ орнатылып, соңғы үлгідегі жарық шамдармен жарықтандырылды. Бұдан бөлек Тұңғыш Президент саябағы, «Айтбай» және «Ақмешіт» мешіттері, «Ж.Баһадүр» ескерткіші, «Сыр сүлейлері», «Абай» скверлері, Илья Ильин саябағы және т.б., аумақтарына гүл отырғызылып, Абылай хан аллеясы, Мұнайшы ­аллеясы, Қорқыт Ата кешені, «Ромашка» субұрқағы, Абай скверіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұның бәрі бір ғана маусымда қала келбетін көріктендіріп, ажарын ашуға бағытталған жұмыстар.

Сізді жұрт «қалғымайтын қала әкімі» дейді. Рас па?

– Қай жерде, не қай қызметте болсаң да елге қызмет етудің жауапкершілігі ауыр. Бүтін бір облыстың орталығы болған қала тұтқасын ұстап, билігіне егелік етудің салмағын бағамдай беріңіз. Ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың үздік-создыққа ұласпай, сапасыз болмауы үшін алаңдап, күні-түні «Қаланы қалай көркейтемін, қалай дамытамын» деген оймен жүріп, ұдайы қала тынысын аша түсетін тірліктердің басы-қасында болу үлкен табандылықты, төзімді қажет ететіні белгілі. Ойға алған әр істің ел игілігіне жұмыс жасауын негізге алып, халықтың ойынан, талап үдесінен шығу да маңызды. Қала мәртебесінің биік болуы, ішкі саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету, тіршілігінің тұраламауы тағы бар. Бұл жұмыстардың жобасымен арқаны кеңге салып, еркін тыныс алуды ойлаудың өзі қисынсыз. Жалпы елге қызметті міндет етіп, ат үстіне қонғанның қалғуға қақысы жоқ деп білемін.

Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» деген трактаты бар. Қызылорда қаншалықты қайырымды қала? Әлеуметтік жағынан аз қорғалғандарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған ба?

Адам баласының ең ұлы арманының бірі осы қайырымды, идеал қоғам ғой. ­Фараби бабамыз да қала болып, қауымдасып өмір сүретін адам баласының ешбір қайшылықсыз, мінсіз қоғам болып өмір сүруін қалайды. Ал мінсіз қоғам болу үшін айналамыздағы әрбір жанның мәселесі шешілуі керек деп есептеймін. Бұл ретте қаламыздағы әлеуметтік жағынан аз қорғалған және қамқорлықты қажет ететін жандарға жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы Қызылорда қаласы бойынша 12 мың 645 адам мүмкіндігі шектеулі жандар санатына тіркелген. Қала және қалаға қарасты ауылдық округтерде тұратын мүгедектер ұдайы гигиеналық және ­арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етіліп келеді. Сондай-ақ ­инватакси қызметі де қарастырылған.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ақпараттық-технологиялық сауат­тылығын ашу мақсатында шағын компьютерлік орталықтың жұмысын жасау «АсылМура-Орда» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар мүгедектер оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде 1360 мүгедек азаматтардан санатория-курортқа өтініш қабыл­данып, 814 адам жолдама алды.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында «Бақытты отбасы» отбасы ­институты қолдау орталығы құқықтық, психологиялық, әлеуметтік-педаго­ги­калық, білім беру және басқа да мәселелер бойынша ақпараттық-кеңестік және ресурстық қолдау көрсету қызметтерін де көрсетуде.

Енді коронавирус пандемиясы кезеңіндегі қайырымдылық жұмыстарына тоқталсақ. Қала аумағындағы коронавирус инфекциясына байланысты ахуалды тұрақты бақылауда ұстау үшін өзімнің орынбасарларым, аппарат басшысы мен қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары барлық ауруханалар мен емханаларға жауапты ретінде бекіттім. Жауапты мамандар құзырлы органдармен бірлесе отырып, медицина­лық нысандардағы кезек күттірмейтін ­мә­селелердің уақытылы шешімін табуына жұмыс жасады.

Еріктілер, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер, жастар өкілдері, елдің жанашыр азаматтары да бұл шаралардан қалыс қалмады. Атап айтқанда, 47 кәсіпкер тарапынан барлығы 110 млн теңгеге 205 дана оттегі концентраторы мен 850 дана оттегі баллоны қаладағы ауруханаларға жеткізілді. «Қызылорда», «Бәйтерек», «Хаят палас» қонақүйлері иелерінің демеушілігі мен қалалық «Сырдария» тынығу лагері, қалалық ардагерлер үйі, ҚМУ №4 жатақханасына 162 медициналық қызметкер орналастырылды. Бұдан бөлек, қала кәсіпкерлері арқылы 10 мың дана медициналық бетперде қала тұрғындарына тегін таратылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға еріктілер арқылы дәрі-дәрмектер жеткізілді.

Коронавирус жедел респираторлы аурулар мен пневмонияға байланысты тұрғындар тарапынан шақыртулардың күрт көбеюіне байланысты әкімдікке қарасты 30-ға жуық қызметтік көліктер тұрғындарға күнделікті жедел қызмет көрсетуге жұмылдырылды. Бар­лық қызметтік көліктердің жанар-жағар­майлары мен басқа да шығындары қала әкімдігі тарапынан шешіліп, аталған қызметтік көліктер арқылы тұрғындардан түскен 5 мыңға жуық шақырту орын­далған.

Сырдарияның сол жағалауына жаңа қала түсіп жатыр. Жалпы баспана мәселесі қалай шешімін табуда?

– Ұлы өзеннің қос қапталын бойлай орналасқан ажары шырайлы, жері бай, халқы қонақжай өлкенің қай саласында болмасын ілгерілеу бар. Жыл сайын қаламыздың ауқымы кеңейіп, халқының саны артуда. Қала тіршілігін жақсартудың ең басты тетігі, ол халықты баспанамен қамту десек, биыл да бұл жұмыстар қарқынды жүргізіліп, атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 30,5 млрд теңгеге жетіп, қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 292 136 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. ­Облыста атқарған құрылыс жұмыстарының 40 пайызы – Қызылорда қаласының үлесінде.

Бұл – саладағы жұмыстардың ең ­ау­­қым­­дысы, Сырдария өзенінің сол ­жа­ғалауындағы жаңа қалада респуб­ликалық, облыстық бюджеттерден 770 пәтерлік 16 көпқабатты арендалық тұр­ғын үй мен 590 пәтерлік 13 көпқабатты кредиттік тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізілуде. Бұған дейін сол жағалау аумағында барлығы 2116 пәтерлік 48 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

Соңғы жылдары қаламызда 140 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 9 мыңға жуық қызылордалық жалдамалы және несиелік пәтерлер алды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиемен соңғы екі жылда 347 отбасы баспанаға қол жеткізіп, қоныстойын тойлады.

Қызылорда кезінде астана болды дедік. Қала тұрғындарының мәдени-рухани мәселелері қалай шешіліп жатыр? Рухани жаңғыру бағытындағы нақты шараларды айта аласыз ба?

– Тарихын тарқатсаң тамыры тереңге кететін қасиетті өңірдің бүгінде мәдени-рухани дамуы бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Рухани жаңғыру бойынша қаламызда нақты шаралар қолға алынған. Қаламыздың сол жағалауынан «Қазақ Орталық Атқару Комитетінің» әкімшілігі ғимараты негізінде салынған «Қызылорда қаласының тарихи музейі» жұмыс істеп тұр. Музей ғимаратының жарты бөлігінде «Рухани жаңғыру» орталығы орналасқан.

Қаладағы барлық мәдениет үйлері мен клубтарында арнайы мәдени-көпшілік шаралардың, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын шаралардың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сай қазіргі кездегі жағдайлар ескеріліп, түрлі форматта шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Бағдарлама аясында республикалық деңгейде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы», «Жомарт жүрек» байқаулары да дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.

Бағдарламаға сай Қызылорда қала­сында отбасы құндылықтарын насихаттау және дәріптеу мақсатында қала әкімдігінде бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі әкімдік ғимаратында орналасқан ­Азаматтарды қабылдау орталығында «Отбасылық кеңес бұрышы» ашылды. Сондай ақ ­«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды насихаттауды ұйымдастыру» мақсатында қала әкімдігі жанынан арнайы «QORDA.KZ» сайты да жұмыс істеуде.

Кез келген қалаға «Азық-түлік белдеуі» қажет. Бұл мәселенің шешім табуы туралы не айтасыз?

– Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Халық ең көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарлары басты назарға алынып, нарықтағыдан төмен бағамен сатылып, бағаға күнделікті мониторинг жүргізілуде. Қызылорда қаласының аумағында 14 ірі сауда субъектілерімен өзара әріптестікті дамыту мақсатында 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін сауда орындарының басшыларымен, қала әкімдігі тараптарынан өзара меморандум жасалынды.

Ет өнімдерін тұрақтандыру мақ­сатында «KZO Ет» шаруа қожалығы қа­ланың 6 аумағында орналасқан жеке сауда орындарында сиыр етін 1600 теңгеден сатуда. Бұдан бөлек осы төмен бағадағы әрі сапалы ет өнімдерін қаладағы бірқатар ірі сауда үйлерінде сатылымға шығару ұйымдастырылды.

Бүгінгі күнге қала орталығында 30 әлеуметтік дүкен, бір «Әлеуметтік маркет» жұмыс істейді. Сонымен қатар қаладағы ірі сауда үйлерінде «Әлеуметтік төмен бағадағы азық-түлік бұрыштары» ұйымдастырылған. Жыл ішінде халық тығыз орналасқан аудандардан тағы да әлеуметтік дүкендер салу мен азық-түлік бұрыштарын ашу жоспарланып отыр.

Сыр елінің экологиялық жағдайы қиын екені белгілі. Соған қарамастан Қызылордадан жұрт көшпейді деседі. Мұның бір сыры бар ма? Демогра­фиялық жағдай қалай?

Алаш арыстарының табанының табы, ұлт зиялыларының ізі қалған, Ұлы достықтың ордасы, Алаштың Ақмешіті атанған – Қызылордадан елдің көшпеуін ең әуелі өңірдің береке-бірлігі, қазақы қаймағы бұзылмағандығынан деп білем. Екінші себеп болса, оны қаланың жылдан-жылға дамып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуымен, тұрғын үй мәсе­лесінің оңтайлы шешіліп, жаңа жұмыс орын­дарының ашылуымен байланыс­тырсақ болады. Демографиялық ахуалға келер болсақ. Соңғы деректерге сәйкес қала халқының саны 317 мың 808 адам болып, өсу қарқыны өткен жылмен салыс­тырғанда 102,4% көрсетіп отыр. Жыл басынан бері 7 мың 82 сәби дүниеге келіп, есептік мерзімдегі туу көрсеткіші 594 адамға артқан.

– Жүз пайызға жуық қазағы бар қалада тіл мәселесінің түйткілі тарқатылған ба? Қала қазағы салт-дәстүрді қалай сақтап отыр?

– Қызылорда қаласы басқа өңірлермен салыстырған кезде жүз пайызға жуық қазағы өзінің дәстүр-салтын сақтап, осы күнге дейін дәріптеп келе жатыр. Тіпті біздегі басқа ұлттардың өзі кейде этнос аралық жарыстар өткізген кезде байқаймыз жергілікті қазақ халқынан кем қалмай, тіпті кейде басым түсіп жатады. Бұл арқылы басқалардың жергілікті қазақ халқына, тіліне, дәстүріне деген құрметін байқауға болады. Қазіргі жаһандану заманы мен жарнамалық жағдайға байланысты тіл мәселесі барлық жерде ортақ проблема. Бізде де мәселе алаңсыз дей алмаймыз. Әйтсе де мәселені дер уақытында шешіп, түзетіп отыруға тырысамыз.

Пандемия кезінде кәсіпкерлерге шара қолдану немесе жұмысына кедергі келтірмеуді Мемлекет басшысының өзі бастап, көтеріп отыр. Сол мақсатта кейбір мәселелерді батыл айта алмай отырмыз. Бірақ уақытша осы қиындықтар жолға түскеннен кейін біз тіліміздің түйткілді мәселелерін бірге отырып шешетін ­боламыз. Елбасымыз Алаштың анасына балаған Сыр өңірі тілімен де дәстүрімен де, бүкіл аймақтарға үлгі болу керек.

Ал салт-дәстүр бізде өте жақсы сақталып отыр деп айтуға болады. Оған дәлелдер жетерлік. Қаланың қасында өзіне қарасты ауылдар бар. Ол ауылдар әлі күнге дейін мал шаруашылығынан қол үзген жоқ. Мал шаруашылығында ертедегі ата-бабамыздың қолданған қолданыстағы бүкіл атаулары мен заттық мағыналарын әлі де қолданады. Ағарған тағамдарының барлығы әлі өз қалпында сақталып, ­дайындалып келеді. Сонымен қоса қала орталығында да салт-дәстүрді сақтап, рухани жаңғыруға үлес қосу мақсатында түрлі мәдени, көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бүгінгідей пандемия жағдайында онлайн жүйеде шаралар өткізілуде. Жылдан-жылға әлемдік жаңалықтарға ереміз деп кейде өзіміздің салт-дәстүріміздің қалай ескіргендігін, тіпті өмір салтына қалай ілесе алмай қалғандығын байқаймыз. Бірақ біз оны ешқашан жоғалтпауымыз керек. Бір анық нәрсе бар: біз негізімізге оралғанда ғана өзімізді толық танитын, қуатты мемлекетке айналамыз.

– Кітап оқуға уақыт табасыз ба? Театрға барып тұрасыз ба?

Уақыттың тапшылығына қарамай, Абайдың, Қадыр Мырза Әлінің құнды дүниелерін оқып, қарымды қаламгер Әбіш Кекілбайұлы мен дарынды ­жазушы ­Оралхан Бөкейдің шығармаларынан ­рухани азық аламын.

Уақыт болса, театрға жиі барып тұруға тырысамын. Театрға соңғы рет пандемияның алдында Сыр өңірінің дарынды тумасы, Сұлтанәлі Балғабаев ағамыздың «Қызылорданың қыздары-ай» спектаклін тамашалауға бардым. Қаламыздағы Жастар театрының сахналаған қойылымнан ерекше әсер алдым. Спектакльде аймағымыздың қазақылықты сақтап, тілін, салт-дәстүрін берік ұстанатыны көркем бейнеленген.

Көңіліңіз түсетін кез бола ма? Сол кезде не істейсіз?

– Әлбетте көңіліміз құлазып, ұнжырғамыз түсетін сәттер болады. Көбіне қоғамдағы әділетсіздікті көргенде көңілге кірбің ұялап, еңсеміз түседі. ­Ондай сәттерде қаланың алдағы жоспарын, болашаққа бағдарын саралап, келешегін жарқын етуге бағытталған байыпты бастамаларға көңіл бөліп, ой сергітемін.

«Саулық – сақтықта» деп жатырмыз. Пандемия кезінде айтар жылы сөзіңіз қандай?

– Бәрімізге белгілі күн санап ел аумағында індеттің тіркелу деректері артып келеді. Пандемияның бірінші кезеңінен әупірімдеп жүріп өтіп, сәл босаңсып, біршама уақыт карантин талаптары жеңілдетілген болатын. Осы кезеңде сақтық шараларын естен шығарып, ескертуді елемегендер қатары көбейді. Коронавирустың екінші толқынын жеңілдетудің бірден-бір жолы қарапайым сақтық шараларын сақтау екенін қайталағым келеді. Талаптарды ескеріп, тәртіпке бағынайық. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Дәл қазір тәртіп тек елдіктің ғана емес, саулықтың да кепілі болып тұр. Сондықтан бетперде тағып, әлеуметтік қашықтық пен тазалыққа көңіл бөліп, жеке сақтық шараларын қатаң сақтайық. Пандемиямен күресте оң нәтижеге сонда ғана жете аламыз. Біртұтас елдің амандығы ортақ мүдде.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

 

10331 рет

көрсетілді

175

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы