• Әдебиет
  • 26 Қараша, 2020

ТАҒДЫРЛЫ ЕЛДІҢ ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТІ

Алматыда атом бомбасын сынақтан өткізіп, ауа мен топырақты былғаған, қара Ертістің мөлдірін улаған, ұлт саулығына нұқсан келтірген, адам тағдырын табан астына салған атом технологиясына ұмтылған ­беймаза ғасыр әкелген індет жайында «Қасірет пен тағдыр» романының екінші кітабы «Үзілмеген үміттің» таныстырылымы өтті.

Әл-Фараби кітапханасында өткен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанның еңбегінің тұсаукесеріне ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, жазушы, филология ғылымының докторы Нұрдәулет Ақыш, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт ­Беделхан, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, ф.ғ.д., профессор Өмірхан Әбдиманұлы және қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашып, алғашқы сөзді алған ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов жазушының студенттік жылдары мен еңбек жолын саралай келе, оның қызметтегі адалдығына тоқталды.


«Сәуле Мағазбекқызының еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеті мен Қазақ радиоларынан бастап, әртүрлі қызмет атқарған жазушы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппаратында да жауапты қызметте болды. Ақын қай ұжымда қызмет арқарса да адалдық пен адамгершілікті әрі ел алдындағы жауапкершілікті биік қоятын рухы асқақ тұлға бола білді. Қолынан қаламын бір сәтке тастамайтын қаламгер бүгінге дейінгі жарық көрген көптеген еңбектері мен шығармалары әртүрлі марапаттарға ие болып келеді. Бүгінгі мына қос кітабы да үлкен құрметке ие деп білемін» деді Ғалымқайыр Мұтанұлы.
Ал жазушының өзі аталған екі еңбектің де оңай­лықпен келмегенін, ел ішін аралап жүріп, ­шынайы оқиғаға негізделгенін айтты. Белоруссия, Жапониядағы қасіретті мысалға келтіріп, ал қазақ елінің қасіреті тіпті ауыр екенін айтқан жазушы Семей жұртшылығына ерекше ықыласын білдірді. Қаламгер ХХ ғасырдың ортасында қазақ даласында жарылған Семей ядролық атом бомбасының зардаптарын ­шебер суреттеген. 1000 таралыммен шыққан 26 тарау­дан тұратын кітаптың басты кейіпкері әдеттегідей Аяулымның образымен жалғасады. Автор кітапқа алдағы уақытта басқа тілдерге де аударылатынын айтты.
«Абайдың елінде 470 рет бомба жарылды. Бірақ біздің қасіретімізге қайғырған ешкім болған жоқ. Қазақ елі өзімен өзі қалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Семей жұрты есін жиды. Мен үшін әлемде ең батыр, ең қаһарман, отанжанды, ұлтжанды, туған жеріне, туған топырағына берілген ел Семей топырағында, Шығыс Қазақстанда тұрады. Былтыр «Қасірет пен тағдыр» атты бірінші кітабын бітірдім. Одан кейін кітабымды оқыған көпшілік, ел ағалары, ғалымдар «Айналайын, сен мұны жазушының көзімен жаздың. Енді мына қасіретті көзімен көрген, ортасында жүрген адамдардың көзімен жазшы, біз саған материалды өзіміз береміз» деді. Сосын осы «Үзілмеген үміт» деген екінші кітапты жазып шықтым» деді жазушы.
Аталған еңбектерге бағасын берген Нұрдәулет Ақыш жазушы белгілі бір кейіпкерлердің ғана деңгейінде қалып қоймай, солардың күйзелісін көрсететін кең ауқымды үлкен еңбекті өмірге келтіруге тырысқанын атап өтті. Ал Қазақстан Жазушылар одағының атынан сөз алған Бақыт Беделхан бұл тәуелсіз елімізге 30 жыл толған кездегі қазіргі заманның көзқарасымен жазылған тарихи шежірелі кітап екенін алға тартты. Оның айтуынша, бұл ядролық сынақ соңғы жылдары ұмытылып бара жатқан тақырып, сондықтан да қаламгерлер арасында және бұқаралық ақпарат құралдары бетінде әлі де талқылануы тиіс тақырып.
Ел сұранысына ие болған «Қасірет пен тағдыр» және «Үзілмеген үміт» кітабының мұқабасындағы суретті салған Кәріпбек Күйіков. Ол – полигон қасіретін тартқан, Атом жобасының құрметті елшісі, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылған суретші.
Жиын соңында жазушы Сәуле Мағазбекқызы қос кітаптың шығуына көмектескен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовке, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа және қажетті материалдарды беріп, көрген-білгендерімен бөліскен адамдарға алғыс білдірді.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1787 рет

көрсетілді

230

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы