• Тұлға
  • 26 Қараша, 2020

АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма
Төрағасы – Ректор,
ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик,
әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Биыл Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне 90 жыл толып отыр. Тарихқа көз жүгіртсек – 1996 жылы Қазақстанда алғашқы ашылған жоғары оқу орны – Алматы зооветеринарлық (1929 жылы құрылған) және Қазақ ауылшаруашылық (1930 ж.) институттарын біріктіру арқылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті құрылды. 2001 жылы Елбасының Жарлығымен университет Ұлттық 2020 жылдың 23 қазанында Үкіметтің №707 қаулысымен – ұлттық зерттеу университеті мәртебесі берілді.
Университеттің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан зерделі ғалымдарға, білікті басшыларға деген құрметіміз ерекше. Біз олардың өнегелі істерін әр уақытта мақтанышпен еске алып, кейінгі буын жастарға үлгі етіп келеміз. Университет бастауында тұрған тұлғалардың жолын жалғап, оларды еске алып отыру парызымыз. Біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар өсиетінен тәрбие алып, ұлылар өнегесіне тағзым еткен халықтың ұрпағымыз. Сондықтан біз олардың есімін Ұлы даланың ұлы адамдарының қатарында есте сақтаймыз және құрметтейміз.

Сондай ірі ғалымның бірі де бірегейі, елге еңбегі сіңген, халқына қалтқысыз қызмет ­еткен, адамгершілігі мен парасаты мол тұлғалы азаматтардың қатарында – Қазақстанның ауылшаруашылық саласын өркендетуге мол үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ұстаз-ғалым, академик Арыстанбеков Хайдар Арыстанбекұлының алар орны ерекше.

Хайдар Арыстанбекұлы 30 наурыз 1919 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Абай ауылында дүниеге келген. «Болатын бала он бесінде «баспын» дейді, болмайтын бала ­отызында «жаспын» дейді. Өмірдің сан сынағынан сүрінбей өткен Хакең ерте іске араласып, алдына мақсат қоя білген, бітімі бөлек, зердесі ерек азамат болған. Оның дәлелі, 1932 жылғы жазғы демалыста ол Алматыға келіп, сондағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы инсти­тутының жанын­дағы жұмысшы факультетіне мұғалім ­ма­ман­дығына оқуға түсіп, оны 1936 жылы тамамдайды. 1937 жылы алғыр, бола­шағын біліммен байланыстырғысы келген талапты жігіт ­Хайдар Арыстанбекұлы еліміздегі белді де жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып саналған Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агроном-диқаншы факультетіне түсіп, 1941 жылы аяқтайды.

Алғыр студент институтта оқып жүріпте жазғы демалыс кездерінде жұмыстан қол үзген емес. 4-ші курсты бітірер жылы 6 ай Жамбыл облысы Мерке ауданының Кеңес колхозында өндірістік тәжірибеден өтеді. Ал оқуды аяқтағаннан кейін сол ұжымға агроном болып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Онда бар болғаны бес ай жұмыс жасауға тура келеді. Жас маман жаңадан құрылып жатқан ауылға өзінің көптен жадында жүрген ойы – жаппай қара ағаш отырғызуға мүмкіндік алады. Әрі ізденуші ғалым ретінде өз жазбаларын қағазға түсіріп жүреді. Сол уақыттың өзінде, жас ­маман жұрттың аузына іліге бастайды.

Бір күні аяқ астынан Мерке аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кустов Алматы облысының орталығы Талдықорғанға Совхоздар тресі саяси бөлімінің бастығы қызметіне ауысқанда, оны өзімен бірге баруға ұсыныс жасайды. Хайдар Арыстанбекұлы бірге баруға келісімін береді. Осылайша, институтты бітірген жас маман Совхоздар тресі саяси бөлімі бастығының орынбасары қызметіне құлшына кіріседі.

Бар ынта-жігерімен жұмысқа кіріскен ­талапты жас маман өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Талдықорған өңірінде кәсіпорындарының жұмысын жандандыруға белсене қатысып, бір жылдың өзінде ауылшаруашылығынаннан мол өнім алуға үлесін қосады.

Хайдар Арыстанбекұлы еліміздегі тың жерлерді игеру жұмыстарына да белсенді қатысады. Ол тың және тыңайған жерлердің өнімділігін көтеруге, жаңа шаруашылықтар ұйымдастыруға өлшеусіз үлес қосты. Республикадағы ұйымдастырылған 330 совхоздың 250-інің құрылуына тікелей атсалысып, іргесін өз қолымен қалады.

Өндіріс мамандарын, белгілі және жас ғалымдарды өз маңына топтастырды. Жаппай жабыла атқарылған жер игеруге ғылыми-агрономиялық сипат беруге, жер бетінің топырақ қабатын сақтауға, шаруашылықты біртұтас, әр салалы етіп дамытуға зер салды. Сонымен қатар Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеру, ірі астық шаруашылықтарын құру, Қазақстанның егіншілік шаруашылығын тиімді игеру мәселесін ғылыми негізде ұйымдастыру ­жолында зор еңбек сіңірген, қоғамдық және мемлекеттік қызметпен қатар, өндіріс пен ауылшаруашылығынанна білімді мамандар, ғалымдар дайындауда үлкен жемісті еңбек жасаған ерен тұлға. Сол кездегі ересен еңбегінің ескерілгені болар кейінірек КСРО басшысы Л.И.Брежнев өзінің «Тың игеру» кітабында Хайдар Арыстанбекұлының пікірін ескеріп, еңбегін атап өтуінің өзі ол кісінің жұмысына берілген әділ баға деп білеміз. Ал кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалығына ұсынылуы Хайдар Арыстанбекұлының жоғары дәрежедегі қайраткер болып танылғанының, бағаланғанының дәлелі.

Хайдар Арыстанбекұлы қандай лауазымды қызметте болмасын, қандай жұмыс атқармасын ұтқыр ойлы, қолынан іс келетін, ізденгіш, әр ісіне жауапкер­ші­лікпен қарайтын басшы бола білді. Оның қарапайым агрономнан министр дәрежесіне дейін көтерілгені соның дәлелі.

Атап айтар болсақ, Мәскеудегі Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін 1945-1946 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінде сектор меңгерушісі, Қазақ КСР техникалық дақылдар министрінің кадр жөніндегі орынбасары, 1947-1950 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, сондай-ақ 1950 жылы Қазақ КСР Мақта шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, ­Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1954-1957 жылдары Қазақ КСР Совхоздар министрінің бірінші орынбасары, Егіншілік ғылыми-зерттеу институтының директоры, 1958-1960 жылдары Шығыс Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық академиясының президенті, 1961-1962 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылық министрі, 1962-1963 жылдары Батыс Қазақстан өлкелік атқару комитетінің төрағасы, 1963-1981 жылдары Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының ректоры қызметтерін атқарды. Хакең білім, ғылым, өндірісті бірге ұштастыра білген үлкен ғұлама басшы. Ол 1954 жылы экономика ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады, 1960 жылы профессор, 1962 жылы Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының мүшесі, 1968 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруа­шы­лық қызметкері атағының иегері болған.

Хайдар Арыстанбекұлының ауылшаруа­шылығынан саласындағы атқарған қызметі ғылыми ұсыныстармен ұштасты­рылғанын бүкіл кеңес одағы мойындады. Хайдар Арыстанбекұлы 1963 жылдың 16 ақпанынан бастап, 1981 жылдың 20 шілдесіне дейін Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында 18 жыл ректорлық қызмет атқарды.

Әл-Фараби бабамыздың «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген қағидасын берік ұстанған Хайдар Арыстанбекұлы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына басшылыққа келгенде елімізде ғылымды дамыту мен ғалымдарды қолдауға қатысты нақты атқарылатын жүйелі жұмыстарды анықтап, ғылымнан жаңа әрі жақсы нәтиже алу үшін зерттеушілер қатары көп болуы керектігін, нәтижесінде бәсекелестік артып, ғылымда жаңалық жасалуының ықтималдығы артатынын терең түсінді.

Ол ауыл шаруашылық институтын бас­қарған жылдары аталған оқу орны жаңа белес­терге көтерілді. Осы қызметке келерден бұрын да ауылшаруашылығынанн бес саусағындай жақсы білетін тәжірибелі кәсіби маман ретінде де өз мүмкіндіктерін ел игілігіне жұмсай білді.

Ол бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Ректор – қоғамдық саяси мәні бар үлкен тұлға. Бұл қызмет орны жақсы көлік мініп, жиындарда төрде отыратын мансап емес. Ұлт мүддесіне, ұлт жұмысына жегілген зиялы жандар. Кездейсоқ адамдар білім ордаларына басшы, ректор болмауы керек» деген сөзі мен үшін әлі күнге дейін ұстаным, қағида.

1963 жылы Хайдар Арыстанбекұлы ректор болып тағайындалысымен Республиканың Министрлер Кеңесіне Алматы облысындағы «Жаңашар» совхозын институтқа оқу-тәжірибе базасы етіп бекітіп беруді ұсынды.

Бұл мәселе Президиум мәжілісінде қаралғанда Төрағаның екі орынбасары оған қарсы пікірлерін айтады. Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті Қаныш Сәтбаев ректордың ұсынысын қолдап, ол студент жастарды оқытумен, ғылыми-зерттеу жұмыстарының базасы болуымен қатар, келешекте алдыңғы қатардағы үлгілі озық шаруашылық болатынына сенімді екенін айтып, қолдау көрсетеді. Мұны ұлы ғалымның көрегендігі десек, сол сенімге лайық болу Х.Арыстанбекұлы секілді мықтылардың еншісіндегі біліктілік десек артық айтқандық емес.

Осылай институт қабырғасында берілген теориялық білім өндіріспен сабақтастырыла жүргізілгенде ғана тиянақты, нәтижелі ­болатыны ескеріліп, оқытушылар мен студенттерге мол мүмкіндік жасалды. Әлі күнге дейін университеттің оқу-тәжірибе шаруашылығында ғалымдар, докторанттар, магистранттар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, білімгерлер оқу-өндірістік тәжірибеден өтеді.

Атқарған қызметтерінде Хакең ауылға қандай мамандар керек, заман мен шаруа­шылық талабы қандай екенін терең түсінген адам. Ол институт басшылығына келісімен оның жан-жақты дамуына, оқу сапасын арттыруға негізделген іс-шараларды жүзеге асырды. Көптеген жаңа оқу ғимараттарын салғызып, жаңа мамандықтар ашты. Хакеңнің іскерлігі мен табандылығының нәтижесінде қысқа мерзімде 4 оқу ғимараты, 5 жатақхана салынды. Оқу ғимараттары оқыту үрдісіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті құралдармен жабдықталды.

Осы кезеңде ауыл шаруашылық инсти­тутының бастамашыл қадамдары мен енгізген жаңалықтары Одақ көлемінде назарға ілініп, басқа жоғары оқу орындарына үлгі ретінде ұсынылып жүрді. Институттағы окыту үрдісін жетілдірудегі, заман талабына сай қайта кұрудағы іс-әрекетінің дәуірмен үндес болуы – Хакеңнің көп ізденістерінің, ерен еңбектерінің бір қыры ғана.

Хакең студенттердің алғашқы білім алу қадамын тәжірибемен ұштастыра жүргізуді жүзеге асыру керектігін ұжым мүшелеріне, окытушылардың назарына әрдайым еске салып, соның жүзеге асуына өзі тікелей ­назар аударып, ерекше көңіл бөліп отыратын. Соның нәтижесі болар бітіруші мамандарға республикадан да тыс жерлерден сұраныс көп түсетін. Өмір-ортамен араласа жүріп, тәжірибеде байқай отырып, білім алудың тиімділігін алғаш дәлелдеушілердің бірі бола білді.

Ауылшаруашылығынан маманы тек бір саланың ғана шеңберінде шектеліп калмауы керек. Ол ауыл халқымен бірлікте қызмет атқарылатын, түйсік-танымы ауқымды, жұртты өз бастамасына ілестіре алатын, ұйымдастырушы қабілеті жан-жақты ­болуы шарт. Соны ойластырған Хакең жас мамандардың әлеуметтік танымының кең де толымды болуын іске асыру ­жолында әр мәселеден мәлімет беретін секциялар ашуды қолға алып, жастардың білімін жетілдірумен қатар рухани-әлеуметтік мәселелеріне ­барынша көңіл бөлді. Сонымен қатар кітапхана, асхана, шаруашылық қажеттіліктерге арналған қосалқы үй-жайлар мен жылыжай салынды. Осындай күрделі жұмыстар Хайдар Арыстанбекұлының орасан зор абырой-беделі мен шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ғана іске асқан игілікті істер екендігі белгілі. Бұл орасан үлкен істе оның ұйымдастырушылық тәжірибесі мен бірбеткей мінезі айқындалды.

Зиялы азамат, білікті басшы, ізденімпаз ғалым ретінде ауылшаруашылығынанның уақыт талабына сай дамуына тікелей ықпал жасап, тиісті шешімдер қабылдап, соған сәйкес қолда бар мүмкіндіктерді ел игілігі үшін жұмсай білген Хакең шынында да нағыз еңбекқор адам еді. Қай қызметте де қатаң тәртіп пен жеке бастың кіршіксіз тазалығын сақтап, жастарға қамқор болып, ғалымдар мен қарапайым шаруаға дейін қолдау білдірді.

Еліміздегі ауыл шаруашылық саласы­ның өркендеуіне ерекше үлес қосқан тұлғаның есімі сол кезеңдегі бүкіл Кеңес Одағы көлемінде белгілі болды. Хакең парасатты тұлға екенін еліне таныта білді. Ол адам бойындағы биік қасиеттерге білімімен, ғылымымен келетінін аңғартты. Тәжірибелі ғалымдар мен жас мамандарды өз маңына топтастырып, үлкен мектеп қалыптастырды. Көптеген шәкірттері осы университетте ғылыми жұмыстарын қорғап көп жылдар бойы қызмет атқарып келеді. Ол кісінің жетекшілігімен 2 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты дайындалған.

Болмысы бекзат, жүрегі кең, білімі терең Хакең өмірінің соңына дейін өз ұстанымдарына адал болып, тынымсыз еңбек етіп, соңынан сүбелі ғылыми мұра қалдырды. Ғалымның аграрлық салада атқарған зерделі еңбектері ғылыми ортасында мойындалып, жоғары бағасын алып, әр жылдары құрметті атақтар мен марапаттарға ие болды.

Хайдар Арыстанбекұлы ауыл шаруашы­лық саласын көтерумен қатар еліміздің іргелі мемлекет болып қалыптасуына қызмет еткен ұлтжанды азамат еді. Білім мен еңбекті өнегелі тәрбиемен ұштастыра білген тәлімі мол ұстаздың өмір жолы кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге. Хакеңнің білім-ғылым жолындағы айшықты бір белесі – университет қабырғасында өткенін біз мақтанышпен айта аламыз. Қайраткер ғалым «Білім – ­таусылмайтын кен, ақыл – аздырмайтын ем» деп айтқан ата-бабаларымыздың сөзін жалау етіп, оқу-білімге ұмтылып, ғылымды игеруге талпынып, ауылшаруашылығынанн мамандық ретінде таңдаған қаншама жастарға айқын бағыт көрсетіп, оларға үлкен өмірге жолдама берді. Алдыңа үлкен мақсат қоя білу бар да, оны аяғына жеткізіп, іске асыра білу де бар. Тек тынымсыз еңбек, ізденіс, табандылық, қайсарлық қана оны алға жетелеп отырды.

Мен осы ғалымның үлгісін, берген тәрбиесін әлі күнге дейін бетке ұстап жүргендердің бірімін. Студентік кезімде комсомол, кәсіподақ ұйымдарында қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан мен, Хакеңнің ғылыми мектебінен өттім. Әр уақытта ақыл сұрап, жиі барып ақылдасып, кеңес құратынмын. Бірде қатты, бірде тәтті ақылын аямайтын. Ешқашан менің сұрағымды жауапсыз қалдырмайтын және бәрін бетке айтатын. Мен өз басым осындай ғұламалардың шәкірті болғаныма өмірге ризамын. «Өмірге келу – ата-анадан, қалыптасу – ұстаздан» деген аталы сөзді бабаларымыз текке айтпаған. Өз басым Хайдар Арыстанбекұлынан ғылымға құштарлықты ғана емес, адамгершілік, адалдық, шыншылдық, кішіпейілділік пен бар игі қасиеттерді үйрендім. Хайдар Арыстанбекұлы өзінің сексен жасқа келгенде берген сұхбатында. «Лауазымды қызметте жүрсің, біріншіден, өзіңнің қарым-қабілетіңе, ұйымдастырушылық талантыңа сенуің керек» деген еді.

«Жаны таза адамның жанында жүрсең, өзің де тазаланып қаласың» деген рас сөз. Ендеше, жаны таза, рухы мығым, қуатты қайсарлығынан алатын, үлкен жүректі Абай армандаған толық адамның қатарына Хайдар Арыстанбекұлын жатқызуға болады. Ол шәкірттерін тек ғалым ретінде тәрбиелеген жоқ, адамгершілікке, азаматтыққа, көргенділікке де баулыды. Өзі де нағыз ұлағатты ұстазға лайықты ғұмыр кешіп, өмір жолынан өтті.

Өзінің туған үйіндей болып кеткен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тарихында ол кісінің есімі алтын әріппен жазылған. Айтулы оқу орнындағы мұражайда Хайдар Арыстанбекұлының өнегелі өмірін, қайраткерлігін жан-жақты баяндайтын ­арнаулы бұрыш бар. Бұл белгілі ғалымға, ой-өрісі биік азаматқа, үлгі тұтар тұлғаға деген шынайы құрметтің белгісі.

Бүгін Хайдар Арыстанбекұлы басқарған жоғары оқу орны көптеген белестерді бағындырып, елімізде аграрлық білімнің, ғылымның көшбасшысы. Университеттің жетістіктері туралы біз бұқаралық ақпарат құралдарында жиі-жиі жариялап тұрамыз. Соның айғағы – ҚазҰАЗУ Жас ғалымдар кеңесі ҚР аграрлық жоғары оқу орындары арасында Н.Назарбаев Қорының «Жас ғалымдардың үздік кеңесі» атанды. Web of Science халықаралық ақпараттық-талдау платформасының деректері бойынша осы жылы университет екінші рет қатарынан ТМД елдерінің аграрлық университеттері арасында Web of Science жариялау қызметі бойынша ғылым көшбасшысы. Университет 9 халықаралық және Ұлттық рейтингтерде лайықты орындарды иеленуде. 2020 жылдың қорытындысы бойынша QS әлемнің үздік университеттері рейтингісінде ЖОО үлкен серпіліс жасап, 60 сатыға көтеріліп, 591-ші орынға ие болды. Ендігі мақсат 2024 жылы QS әлемнің үздік университеттері рейтингінде 400 орынға ие болу.

672 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала МЕН БІЛЕТІН ЖҰМЕКЕН (Эссе)
Келесі мақала ҚОҢЫР ДӘПТЕРГЕ ҚОНҒАН ОЙЛАР

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Әйіп Ысқақов

05 Желтоқсан, 2020

Көрнекті аграрлық білім және ғылым қайраткері, парасатты тұлға Хайдар Арыстанбекұлы ректор болған жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқып едік. Біз оқу бітірген жылы ол кісі де ректорлық қызметтен кетті. Кейін аграрлық университетте қызмет істеп жүрген кезімде бірнеше рет жиналыстарда кездесіп, дәрістерін тыңдап едім. Соңғы рет Кәрім Мыңбаевтың 100 жылдығына арналған жиында көріп, естеліктерін тыңдағам. Ол кісі тамаша ортор болатын, жүйелеп нығыздап айтқан ойлары ерекше еді. Ол кісімен жақын жүрген Ғалижан Рақымжанұлы Мадиев ағамыз "Хайдар Арыстанбекұлы бірде Қызметін пайдаланды деген сөзден ұялып докторлық диссертация қорғамай жүрмін" деп еді. Тлекең де мақаласында асыл ағамыздың ерекше тұлғасын жақсы ашып көрсеткен екен.

ANA TILI №2

14 Қаңтар, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор