• Қоғам
  • 26 Қараша, 2020

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ҚАЗЫҒЫ

Жамаладен Ибрагимов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің деканы,
заң ғылымының докторы, профессор:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауының ерекшелігі – биыл мемлекет басына түскен індетке байланысты мемлекеттік басқарылым, жалпы мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдірудің жаңа бағыттары сөз болды.
Біріншісі – мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі. Яғни елдегі жағдайды ескеріп, белгілі бір бағыттарға, салаларға жедел шешім шығару қажеттілік тудырды. Осы бағытта мемлекетті басқарудағы кадр саясатына, әсіресе шешім қабыл­дау жүйесіне жауапкершілік жүктелді. Мемлекеттік тұрғыда арнайы агенттіктер құрылды. Мемлекеттік басқарудағы қызметтер жоспарланып, нақты бағыттар қабылданатын болды.
Екіншісі – мемлекеттік органның норма шығармашылық қызметіне мән беру. Демек, Президент нақты тапсырма беріп, белгілі бір заңнамаларға түзету енгізіліп, төтенше жағдайда қабыл­данған шешімге байланысты құқықтық, заңды жағдай қажеттілігі айтылды.
Мемлекет басшысы назарынан эко­номикалық-саяси жағдайға, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына, баспана мәселесі және қолжетімді әрі сапалы білім, студенттер мен мектеп оқушыларын қашықтан оқыту, онлайн платформаларын жүзеге асыру мәселелері де тыс қалмады. Министрліктер мен жоғары оқу орындары, орта, арнаулы немесе мектеп тарапынан бұл мәселеге жан-жақты, жүйелі түрде дайындық жүргізіп, үлес қосу қажеттігі ұсынылды.
Жолдаудағы басты басымдықтың бірі – «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Ол жауапты мемлекет, жауапты қоғам және жауапты азамат деген үш негізгі бағытқа негізделеді. Жалпы алғанда, мемлекеттік орган, онда қызмет ететін лауазым иелері азаматтардың мүддесіне қызмет етуі тиіс. Конституциямызда мемлекеттің басты құндылығы – адам екені, оның өмірі, денсаулығы, құқықтары мен бостандығы басты байлығымыз деп анық жазылған. Осы орайда құқық қорғау органдарына, құқық қорғау жүйесіне реформа жасау, әсіресе жеке аза­маттардың өтініш-шағымына сала қызметкерлерінің дер кезінде жауап беруі, полицияның, учаскелік инспек­торлардың халыққа жақын болу маңыз­дылығы атап өтілді. Бұл тұрғыда елімізде біршама жұмыс атқарылып жатыр.
Учаскелік инспекторлардың мәр­тебесін көтеру, өнімді жұмыс істеуі үшін жағдайын жасау туралы мәселе қозғалды. Ал құқық қорғау органда­рының қызметкерлері жұртпен ашық әңгіме жүргізіп, өзінің беделін көтеруі, танымалдығын арттыруы тиіс. Сондай-ақ кадр дайындау, іріктеу жүйесін қолға алу міндеттелді.
Инвесторлардың жағдайын күшті құрылымдар мен бақылаушы органдар тексеруге ғана емес, бизнес ісіне шамадан тыс араласпай, керісінше, заңдық тұрғыдан қорғауға тапсырма берілді. Салыққа байланысты бизнес өкілдерінің жауапкершілігін қайта қарау мәселесі талқыланды. Мемлекеттің бюджеті, жалпы мемлекеттің қаржысы кәсіп­керлердің, азаматтардың салығынан құралады, сондықтан бұл бағытта өзекті мәселе­лерге назар аударылғаны жөн.
Бүгінгі таңдағы азаматтық ­қо­ғамның ерекшеліктерінің бірі – ақпараттың ашық болуы, яғни әр азаматқа нақты ақпараттың жеткізіліп отыруы, қолжетімділігі. Бұл тұрғыда Жолдауда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәсе­лелеріне байланысты шаралар ­қа­былдаудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе балалардың құқық­тарының, әлеуметтік желідегі адамдар­дың құқықтарының қорғалуы жайында тереңнен қозғалды.
Қорыта айтқанда, биылғы Мемлекет басшысының Жолдауы жаңа замандағы жаһандық сын-қатерлерге жауапты ­болып келетін және сол сын-қатерлерге байланысты мемлекет тарапынан орындалатын іс-шараларға негізгі шамшырақ, темірқазық болады деп ойлаймыз. Осы орайда біздің мемлекеттік органның әрбір өкілі, мемлекеттік қызметші және әр қазақстандық азамат Жолдаудың басымдық бағыттарын өмірге енгізуде, жүзеге асыруда өз үлесін қоса алады деп ойлаймын.

643 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы