• Қоғам
  • 26 Қараша, 2020

БАСТАМАШЫЛДЫҚҚА – ПӘРМЕНДІ ҚОЛДАУ

Елімізде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстанның Азаматтық Альянсы ұйымдастыруымен IX Азаматтық форум өтіп жатыр. Азаматтық қоғам институты мен мемлекеттік орган және бизнес құрылымдармен өзара қарым-қатынасын тиімді ету механизмін қалыптастыруды мақсат еткен шара «Қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» деген атаумен өтуде. Онлайн форумға сарапшылар, қоғам қайраткерлері, барлығы 500-ден астам адам қатысуда.

«Азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет, әлеуметтік саясат, бәрі – 30 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазығын қаққан тәуелсіз елдігіміздің егемендік туралы декларациясында халқымыздың саналы түрде таңдап алған дара жолы, қайталанбас құндылықтары. Бүгін, міне, сіз бен біз осы қағиданы іс жүзінде көріп, нәтижесін түйіндеп отырмыз. Жаһандық өзгерістер дәуірінде орнықты әлеуметтік дамуда жаңа міндеттер мен өзекті мәселелердің шешімін бірлесе іздеу, кезек күттір­мейтін шаруалардың бірі. Бұл ретте, әрине бәрімізге бастамашылдық пен шығармашылық шеберлік, табандылық пен табысқа деген сенімділік қажет» деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Еуропада қоғамдық ұйымдардың күшімен тыңнан түрен түріледі, олардың әлеуметтік бағытқа ғана емес, саясат сарынына да ықпалы жетеді. Қазақстан да халықаралық тәжірибеден бетін алыс ұстап отырған жоқ. Бүгінде Президенттің тапсырмасымен құрылған Ұлттық қоғамдық кеңестер табысты қызмет етсе, қоғам белсенділері заңнамалық процеске белсене жұмылдырылып отыр. «2016-2020 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамытудың ұлттық жоспары нәтижелі орындалды» дейді сала ­мамандары. Ұсынылған шаралардың аясында ­«Рухани жаңғыру» бағдарламасын Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшірудің жол картасын әзірлеу, IX Азаматтық форум­ның ұсынымдарын одан әрі сапалы іске асыру, ресурстық ор­талықтардың, оның ішінде ауылдық жердегі азаматтық орталықтардың тиімді жұмысын ұйым­дастыру, ­форум аясында орталық мем­лекеттік орган­дардың бірінші басшыларының ҮЕҰ өкілдерімен салалық кездесулерін сапалы әзірлеу мәселелерін қарастыру және т.б. ұсынылды.
Бұл жылы іс-шара онлайн режимінде ұйымдастырылды. Соған сәйкес форум бағдарламасында дәстүрлі сөз сөйлеу, тренинг, пікірталас және видеоподкасттан бөлек, министрлердің үкіметтік емес сектормен кездесуі болады. Тікелей көрсетілім күнделікті көрсетіледі. Көрермендердің сұрақтарын қойып, ­жедел жауап алу мүмкіндіктері бар.

Ақбота ҚУАТОВА

834 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы