• Қоғам
  • 26 Қараша, 2020

САН ТҮРЛІ БОЛЖАМ

Қазақстанда 2021 жылдың 10 қаңтарында болатын парламенттік сайлау қызу тартысқа толы болайын деп тұр. Бұл жолы алты партия саяси додада бақтарын сынап көрмек. Олар – «Nur Otan», «Ақ жол», Қазақстанның халық партиясы, «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және «Адал».
Алты партия. Қазақ «өткелде ат ауыстырмайды» деуші еді. Бірақ парламенттік сайлауға екі ай қалғанда екі партия атын өзгертті. Коммунистік партия – халықтық, ал «Бірлік» – «Адал» партиясына айналды. Бірақ...

Аламан бәйгеден кім екінші келеді? Басым дауысты «Nur Otan» алатын шығар. Өйткені елдегі жетекші партияның ресурсы мықты. Қалғандары Президент жарлығы шыққан соң сайлауға дайындықты бастаса, «Nur Otan» партиясы праймериздің бірнеше кезеңінен өтіп, жарау аттай әзір тұр. Осы жолы жетекші партияның жаңашылдығы көрінді. Екі кезеңнен тұратын праймериз жүзден жүйріктерді анықтады. Тіпті әр аймақтың даму бағдарламасын жасап, осы уақытқа дейін істелген жұмыстар жөнінде Үкіметтің де есебін алған «Nur Otan» партиясының мүмкіндігі бұл ­сайлауда зор болайын деп тұр.
Атын өзгерткен коммунистер жайлы әңгімені сабақтасақ, олар­дың қадамы түсінуге тұрарлық. Жақында ғана 83-ке келіп, туған күнін атап өткен Косарев бұрынғы жақтастарының партияның атын өзгерткенін қабылдай алмады. Енді өзі саяси ұйым құруға жанталасып жатыр. Бірақ одан не пайда?! Кезінде қарт коммунист Әбділдиннен партияны бөліп әкеткен Косаревты жақтастары саяси бәсекеге санаулы уақыт қалғанда есептен шығарып жіберді. Өз әрекетін өзіне қайтарды. Ол бәрібір бұл жолғы сайлаудан тыс қалды. Оның коммунизм мұраттарын алға тартып, қызыл идеямен қаруланған қуатты партия құра алатыны енді күмәнді. Өйткені коммунизм елесінен арылатын кез жетті. Айдын Қоңыров пен Жамбыл Ахметбековтердің де «коммунистіктен» қашып отырғаны бекер емес. Бүгінгі қазақ қоғамы коммунизм елесін қабылдай алмайтын деңгейге жетті. Бірақ мәселе мынада: коммунистік емес, әлеуметтік мәселелерді алға тартатын халық­тық партия осы жолы бұрынғы жетістіктерін қайталап, дауыс алу жағынан парламенттегі үшінші партия атана ала ма? 2016 жылғы парламенттік сайлауда 535 мың дауыс (7,14%) алған Қазақстанның коммунистік халық партиясы сөйтіп Мәжілісте 7 мандатқа ие болған. 2021 жылдың 10 қаңтарында тағы да бәйгеден үшінші келе ме, оны енді уақыт көрсетер. Бірақ бүгінгі сайлауды 2016 жылғымен мүлде салыстыруға келмейді. Сондықтан атын өзгерткен қызыл коммунистерге осы сайлауда оңайға соқпайды.
Ал өткен аптада құрылтай ­жиынын өткізіп, дайындықты ­бастап кеткен «Ауыл» партиясының осы жолы парламенттен орын алуға әл-қуаты жете ме? Мүмкін­дігі қан­дай? Егер сайлау барысында ұйымдастыру жұмысы ойдағыдай жүзеге асырса, «Ауыл» саяси бәсе­кеге дайын. Өйткені партияның 14 облыс, Астана мен Алматыда, Шым­кентте, барлығы 17 филиалы жұмыс істейді. Соңғы екі жылда аудан­дық партия ұйымдары екі есеге көбейген.
Осыдан 4 жыл бұрын бастауыш партия ұйымдарының саны 500 болатын болса, қазір оған қосымша 380 бастауыш ұйым қосылып, жалпы саны 880-ге жеткен. Партия мүшелерінің саны 300 мыңға жуық. Соңғы бес жылда 52 мың адам жаңадан мүше болған. Осыдан төрт-бес жыл бұрын аудандардың 70 пайызында ғана партия ұйымдары болса, қазір 100 пайызында партия ұйымдары бар.
«Ауыл» партиясы бұған дейінгі елдегі барлық президенттік, пар­ламенттік сайлауларға қатыс­қанымен, айта кетейік, жолы болған жоқ. Соңғы 2016 жылғы пар­ла­менттік сайлауда 2,01 пайыз, 2019 жылғы президенттік сайлауда 3,04 пайыз дауыс алды. Ал бұл жолғы саяси додада парламенттік партия бола ала ма? 7 пайыздық межеден өте ме? 19 адамын депутаттыққа үміткер ретінде ұсынған «Ауыл» партиясын ауылдықтар қолдай ма? «Ауылдың инфрақұрылымын жақсартамыз» деп отырған Әли Бектаевтың партиясы осы жолы парламенттен орын алса, мұның өзі үлкен жеңіс. Бірақ дауыс қаншалықты болмақ, ол енді халық таңдауына байланысты. Егер сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмыстарын ойдағыдай жүргізсе, «Ауылдың» мүмкіндігі мол.
Парламенттен орын алуға тағы бір үміткерлердің бірі – «Ақ жол» ­партиясы. 2021 жылы өтетін сайлауға 38 адамын ұсынған «Ақ жол» ­партиясы осы жолы басты бағдарлама ретінде Алаш ұра­нымен шықты. Мәселені «ақжол­дықтардың» сөзі­мен келтірсек, «тәуелсіздік бастауында – қазақ халқының еркіндігі мен елдігінің тарихи мұраты ретіндегі «Алаш» ұлттық идеясы жатыр. Қазақ еліне Алаштан артық идея жоқ».

Тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін «Ақ жол» декоммунизация саясатын партияның ресми бағыттарының бірі етіп жарияламақ. Партия қазақ тілін экономика мен қаржы ­саласына, мемлекеттік басқару мен шетел­дік инвесторлардың жұмысына мемлекеттік деңгейге сай енгізуді мақсат тұтады. Сондай-ақ Қазақстанды «Қазақ ­Республикасы» деп атау туралы ­бастама көтерді. «Ақ жол» бағдармасында жерді сатуға және жалға беруге тыйым ­салуды талап етіп отыр. «Ақ жолдың» ­саяси тұғырнамасында халыққа ұнайтын ­бастамалар мол екендігі қуантты.
«Ақ жол» 2012 жылдың сайлау қорытындысында сайлаушылардың 7,47 пайыз дауысын жинап, 8 депутаттық мандатқа ие болған. 2016 жылы парламенттегі 7 мандатқа ие болды. Ал 2021 жылғы парламенттік сайлауда ше? Кейбір сарапшылар алдағы парламенттік сайлауда екінші орын алатын партия ретінде осы «ақжолдықтарды» атайды. Оны да 10 қаңтар көрсетеді.
Енді «Адал» туралы аз-кем әңгіме. Бұл саяси ұйым 2013 жылы «Руханият» пен «Әділет» партияларының бірігуі нәтижесінде дүниеге келген. Мақсұт Нәрікбаев пен Алтыншаш Жағанова құрған бұрынғы партиялар. Сөйтіп, жаңадан «Бірлік» деген атқа ие болған. 2016 жылғы парламенттік сайлауда «Бірлік» бар-жоғы халықтың 21,4 мың ғана дауысын алған. Бұл жолы «Адал» деген атқа ие болып, қатарына танымал жақтастары мен бірқатар белгілі кәсіпкерлерді жинаған аталған партия қанша дауыс алады? Мәселе сонда.
«Адал» партиясының бағдарлама­сында ең төменгі күнкөріс деңгейін 60 мың теңгеге дейін ұлғайту және ең төменгі жалақыны ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін арттыру туралы ­бастама бар. Бағдарламада педагогтарға ел бойын­ша орташа есеппен 200 мың теңге жалақы белгілеу, мектептегі білім беру бағдарламаларын қайта қарау қарастырылған. Сондай-ақ медицина қызметкерінің мәртебесі туралы жеке заң жобасын қабылдау да айтылған.
«Адал» партиясы парламентке 20 ­адамын ұсынып отыр.
Ал жиынын енді өткізбек ­болып отырған ЖСДП партиясының ең жоғары көрсеткіші – 2007 жылғы пар­ламенттік сайлау. 2007 жылы ЖСДП сайлаушылардың 4,54% дауысын ­жинап, 5 пайыздық межеден өте алмаған. Парламент Мәжілісінің 2012 жылғы, 2016 жылғы сайлауында да олар сайлаушылардың қажетті ­дауысын ­жинай алмады. Ал 2021 жылғы сайлау олар үшін шешуші сәт болмақ. 10 қаңтарда өтетін сайлауға 160 мың мүшесімен қатысайын деп отырған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) бұл жолы қанша үміткерін ұсынады? Бұл сауал алдағы уақытта өтетін партияның құрылтай жиынында белгілі болады.
Ал 9 кандидат Қазақстан халқы ­Ассамблеясынан сайланады. Олар да қазір Елорда жаққа қарап, елеңдеп отыр.
Оның үстіне бұл сайлаудың жөні бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттары ­сайлауын тағайындау туралы үндеуінде парламенттік оппозиция институтын құру мәселесі қарастырылатынын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалатынын айтты.
– Енді Парламент Мәжілісінің тұрақты бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сонымен қатар парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ парламенттік тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Ал парламенттік оппозиция институтына қай партияның өкілдері ие болады? «Ақ жол» ма, «Ауыл» ма, жоқ әлде ЖСДП ма? Кәсіп­керлермен қатары күшейген «Адал» да артта қалмауға барын ­салатыны анық. Анығы, бұл сайлаудың жөні бөлек болайын деп тұр. Жетінші шақырылымдағы жаңа парламент 70-80 пайызға дейін жаңаруы мүмкін.
Қысқасы, аламан бәйгеде алты партияның өкілдері атқа мінді. Жуырда үгіт-насихат жұмыстары басталады. «Осалмыз» деп отырған бірі жоқ. Басты әңгіме мынада: «Nur Otan» партиясынан кейінгі екінші, үшінші орынды қайсысы алады? Саясатта, сарапшыларда сан түрлі болжам бар.
Бәзбіреулер «байкот жариялаймыз» деп қазірден байбалам салып жатыр. Негізі байкот жариялағаннан, сайлауға барған жақсы.
...Өйткені ол – сенің таңдауың.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

271 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала БАСТАМАШЫЛДЫҚҚА – ПӘРМЕНДІ ҚОЛДАУ
Келесі мақала ЖАСТАРҒА ДЕМЕУ БОЛҒАН «ITEACHME»

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №2

14 Қаңтар, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор