• Тұлға
  • 26 Қараша, 2020

ҚОҢЫР ДӘПТЕРГЕ ҚОНҒАН ОЙЛАР

Смағұл ЕЛУБАЕВ

Әркімнің өз Абайы бар. Біздің Абайымыз – Шығыс шайырларының шекпенінен шығып, Батысқа көз салып өз көкжиегін кеңейткен Абай. Сөйтіп, жаңа өріс тапқан Абай. Сол жаңа өріс оны жаңа шыңдарға шығарыпты. Шығыс пен Батыс тоғысында болмысы бөлек Абай шыңы бой көтеріпті. Сол шың биігінен ол халқын өнер, білімге шақырыпты. Жаңа өріске шақырыпты. Бірақ абыз қанша биіктеп, жаңа өріс тапқанымен, ата жолынан ауытқымапты. Шығыс, Батыс уызын арда емген Шығыс ғұламасы қалпында қалыпты. Хақ жолынан айнымапты. Абай жұмбағының кілті осында. Кез келгеннің қолы жете бермейтін кілт.

Әсіресе Абай жолымен жүріп көрмеген пендеге таптырмайтын кілт. Ол кілтсіз Абай әлемін ашу қиын. Абай тереңіне бойлау қиын. Сонда, ол неғылған кілт? Аты не оның? Оның аты – Абай жүрегіндегі Алла. Алланың нұры. Абай әлемі сол нұрға бөленген. Сөздері сол нұрмен сәулеленген. Абай жұмбағы осында. Неге жұмбақ? Өйткені абыз «Алла өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі» дейді. Сондықтан ол жұмбақ кілті бізге берілмеген. Абайдың өзіне де берілмеген. Өйткені адам – өлшеулі, ал Иесі – өлшеусіз. Бірақ Абай тал бесіктен жер бесікке дейін бетін сол «Өлшеусізден» бұрмаған. Сол «Өлшеусізге» құлшылық еткен. Оған шәк келтірмеген. Айналып келгенде оған Иесінің назары түскен. Бүгінде біз сол Иенің назары түскен құлға, араға 175 жыл салып, жаппай бет бұрып келеміз. Оның жан сырына жақындаған сайын болмысы бөлек бір ғайыпты сеземіз. Жанымыз жапырақтай бастайды. Кешегінің кеселдерінен айыға бастайды. Ендігі жерде Елімізге де Алланың ­назары түскей дейміз. Түсер дейміз! Өйткені, біз Хақ жолында болған әулие Абай жолына беттедік. «Сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам ­басты, ол таза мұсылман, толық адам» деген әулие ізіне ердік. Ізіне ерген қауымын ол ойшыл рухани биікке бастамақ. «Толық адам» биігіне бастамақ. Осы жолда бізге тек төзім керек. Талмас талап, қажымас қайрат керек. Абыз аманатына адалдық керек. Сонда ғана қадамымызға гүл бітпек! Ұлы Дала Жерұйыққа айналмақ! Абай әлеміне үңілгеннен осыны ұқтық. Ақын тек бас-аяғы жұп-жұмыр, төрт аяғы тең жорға өлең жазып қана қоймаған. Оның сөздерінен илаһи нұр тарайды. Ендеше, Алласыз Абай... Абай бола алар ма еді?! Алласыз Абай түпсіз шыңырау, шешусіз жұмбақ бола алар ма еді?! Бола алмас еді. Абай жолының хикметі осы. Бұрынғы біз өткен жолдардан бөлектігі осы. Иман жолы. Бұ жолға түскендер өзінің қызыл көсемдер жетегінде өткен жылдарынан шошымақ. Жасалған шалыс қадамдарынан шошымақ. Жағасын ұстап, тәубеге келмек. Осы халды бастан кешпек. Жалғанның бетін ашпақ. Тереңірек танымақ. Осы кезге дейін белшесінен батып келген күйкі тірліктерінен безінбек. Рухани түлеу бұл. Ғайыпқа бет бұру. Бұл мыңмен ғана емес, өзімен де өлгенше алысқан Абай жолы! «Толық адам» жолы! Осы жолда болсақ, Екі Дүниеде біздің де жүзіміз жарық болары хақ!!

***

«Бұ Дүниені кім жаратты? Қашан жаратты? Қалай жаратты?». Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан сауал. «Бәрін жаратқан бір Алла» десек те, бұл сауалға заманауи ғылымның қалай жауап беріп жатқанын қадағалап отыру әдетке айналған. Әсіресе, астрофизика, кванттық физика саласын­дағы жаңалықтарды қадағалап отыру әдетке айналған еді. Осы салада ғылым әлемі, ағылшындық әйгілі астрофизик Стивен Хокинг пікіріне құлақ түргені белгілі. «Жаратылыс қалай, қашан ­жаратылды?» деген сауалға бұл ғалым «Ұлы Қопарылысқа дейін (14 млрд жыл бұрынғы) кәзіргі ұшы-қиырсыз ғалам тары қауызынан да кіші бір атомға сыйып тұрды» деп жауап беріпті. «Не дейді? Не дейді?». «Бүкіл ғалам бір атом қауызына сыйып тұрды» дей ме?! «Астапыралла!!!» деп, жағамызды ұстадық. Ай мен Жер, Күн, тіптен анау көз жетпес галлактикалар әлемі бір атом қауызына қалай сыймақ?! Адамды жынды қылатын ­жауап!! Ақылға сыймас теория!!
Осындай ақылға сыймас «теорияны» бала кезімізде ауыл ақсақалдарынан еститінбіз. Ондайда, советтік оқушы ретінде: «Соқ ертегіні!» дейтінбіз іштей. Бір күні Сопы Аллаяр толғауына үңіліп отырсақ, бұл әйгілі әулие: «Хақ тағалла түсірсе егер әмірін, Екі Дүние сияр еді, қауызына тарының» депті. Айна-қатесі жоқ дәл осылай депті. Сөйтсек, бұл қағида, ғаламның тары қауызына ­сыйып кету мүмкіндігі туралы қағида, дін исламға атамзаманнан аян қағида екен.
Енді, міне, сол дін исламдағы қағиданы ХХ ғасыр астрофизигі Стивен Хокинг те қайталапты. «Ұлы Қопарылысқа» дейін ғалам небары бір атом қауызына сыярлық сингулярлық күйде болған» депті. Біз таңғалдық. «Тарихтың өне бойында ит пен мысықтай аңдысып келген дін мен ғылым қалайша бүгінде басы қосылып, сөзі бір жерден шықты?» деп.

***

Елін сақтап, жерін сақтап, тілін сақтап ешкімнен кем болмай, мықтыларға жем болмай отырған елдер қандай бақытты! Соларға қызыға да, қызғана да қарайсың. Елі, жері, тілі, дініне зәредей де төніп тұрған қауіп жоқ, ұлт іргесін баяғыда-ақ бекітіп алған ұлы ұлттарға қызыға да, қызғана да қарайсың. «Қандай бақытты» деп. Тарихтың тарнау жолдарында ата-бабалары алысқан, жұлысқан, әйтеуір ұлт мүддесі үшін қырқысып жүріп жеңіске жеткен. Білектің де, білімнің де күшімен. Жеңіске жетіп, бүгінгі ұрпағына егемен елін, жерін, тілін, дінін бүтіндеп аманат еткен. Солардың бүгінгі ұрпағы қандай бақытты!
Бүгінгі бала ұрпақ ертең сондай бақытты аға ұрпақ болу үшін, бізге, бүгінгі жер басып жүргендерге, елімізді, жерімізді, тілімізді, дінімізді, бүтіндеп, түгендеп кетуден өзге жол жоқ екен. Бұл Ұлы Даланың әр ұл-қызы атқарар міндет екен.

***

Бұл неткен ел, неткен ел! Кешегі бір заманда, Күнбатысқа көз салмай, Күншығысқа көз салмай, додасында дүниенің, көкпарға түскен серкедей, қанжығада кеткен ел! Егемен ел болғанда, тізгінді қолға алғанда, шырт ұйқыдан бас алмай, қу құлқыннан аса алмай, асулардан әрең деп, шатқаяқтап өткен ел! Боларсың қашан бек кемел?

 

***

Күллі ғұмырын ғылымға бағыштаған Әбу Насыр әл-Фараби тәлім-тәрбиені білім-ғылымнан жоғары қойған. Яғни «адамзаттың екінші ұстазы» тәрбиесіз білім-ғылымның адам қауымына әкелер пайдасынан гөрі зияны көп деп білген. Бүгінде сол ақылманның айтқаны айдай келіп отыр. Яғни бүгінде адамзаттың өзі, өзі ойлап тапқан биологиялық қару құрбаны болып отыр! Осы орайда Уинстон Черчилльдің әйгілі «Фултон сөзі» еске түседі. Әйгілі саясаткер 1946 жылы АҚШ-тың Фултон қаласында студент, ұстаздар қауымы алдында сөйлеген сөзінде күллі адамзатқа қаратып мынадай бір ескерту айтыпты:

 «На сверкающих крыльях науки может вернуться каменный век. Будьте бдительны! Быть может времени осталось очень мало...»

***

Статистикалық деректер бүгінде қазақ ішінде 100 мыңдай атеист бар дейді. Тағы да 100 мыңдай қазақ өзге діндерге, секталарға өтіп кеткен дейді. Қалған көпшілігіміз мұсылман екенбіз. Кешегі тоқсаныншы жылдары қалтасын ақшаға толтырып алып біздің былқылдақ заңымызды пайдаланып шетелдік ­миссионерлер Қазақстанға қызыл көрген құзғындай қаптады. Аш қазақты ақшамен ұрып алды. «Өзі әрең жүрген байғұсты ит қапқан соң не оңсын!» дегеннің кері келді. Бір шаңырақтың астында отырып қазақ бірнеше дінге бөлінді. Айдың-күннің аманында отбасы ойрандалып ата-аналар қан жұтты. Діни бөлшектену қазақ отбасына қасірет әкелді. Бара-бара, миссионерлер мектебінен өткен қазақтардың өздері миссионерлерге айналды. Аңғал қазақты аздырды. Діни тұтастығымызды бұзды. Рухани бірлігімізге іріткі салды. Қазаққа деген бұ қастандық қашан тоқтар екен?! Бұларға бүгін тоқтау болмаса, ертең олар бүкіл Ел ішіне іріткі салмай ма?! Қараңыз! Кәзірдің өзінде өз дінінен безген қазақтар арасында Қазақстан заңына сәйкес әскери міндетін өтеуден бас тартатындар шыққан. Бұл нені көрсетеді?! Бұл – бүгінгі бейбіт заманда өз дінінен бас тартқандар, ертең әлдеқалай күн туса Отанын қорғаудан да бас тартатынын көрсетпей ме?!

***

Адамды сүйген адам күндердің күнінде адамның пендешілігін көріп опынады.Алланы сүйген адам ешқашан опынбайды. Өйткені Алла мінсіз. Алланы сүйген адам адамды сүйеді, адамға Алланың көзімен қарап кемшілігін кешіріп отырады. ­Демек, Алланы сүю арқылы адамды сүйеді екенбіз. Діннің пайдасы осында.

***

Өз тіліңді өлгенше үйрен,

Өзге тілді білгенше үйрен.

***

Адамды сана қалай басқарса,

Әлемді Алла солай басқарады.

***

Сана қалғып кетсе,

Адам мал боп кетеді.

***

Нәпсі дұшпан, иман дос,

Иманыңа иман қос.

***

Жолдас болсаң арамға,

Күндердің күні болғанда

Итере салар аранға.

***

Әр пендеден әрі істің,

Сұралады есебі.

Игі амалдан иманың,

Құралады деседі.

***

Құм жиылып тас болмас,

Құл жиылып бас болмас.

***

Жоқтық сынына шыдаған пенде байғұс

Тоқтық сынында сүрінеді.

***

Тіл менен жақ тынған күн,

Тәж бен тақтан не пайда?

***

Бүгінгі әрбір оң қадам, ертең елге құт болар. Бүгінгі әрбір сол қадам, ертең елге жұт болар.

***

Террористер қайдан шығады? Әрине, адам санасына Сайтан салған ойдан шығады. Ешбір дін адамды «өлтір!» демейді. Сондықтан Сайтан адам өлті­руге кең жол ашу үшін ХІХ ғасырда ­Еу­ропада адамның қолымен діннің өзін өлтіруге кірісті. Құдайды адам санасынан ­аластап, орнын өзі иеленді. Ашкөздікті алға салды. Адамшылықты артқа шегерді. Нәтижесінде империализм басқа ­шауып, төске өрледі. Отаршылдық ойраны ­басталды. Бодан елдерді жойдасыз тонау басталды. Империялар моральдық емес, материалдық салада прогресс жасады. Жойқын қару жасау жарысқа айналды. Адамзатты біржолата жоюға жол ашылды. Сайтанның айдарынан жел есті. Сан шапалақтап адам санасына бірінен-бірі өткен сорақы идеялар салды. Соның ірісі Маркстің маңдайына жазылды. «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деген ұран. Бұны естіген Достоевский «Бұл ­теория іске асар болса бір жүз ­миллионды жұтатын шығар» деді. Айтқаны келді. ХХ ғасырда осынау төңкерісшіл теория­ны ту еткен Ленин, Сталин, Мао, Ким Ир Сен, Пол Поттар, шынында да, жүз миллионнан астам жанның күлін көкке ұшырды. Осыған ілесе Маркстің «Дін – апиын» ­теориясы Құдай дегендерге қырғыйдай тиді. Талай мың мешіт, шіркеу, пұтханалардың шаңырағы ортасына түсті. Күллі құрылықта Құдай дегендердің сүйегі шашылып қалды. Сол сүйек үстінде Сайтан ойнақ салды. Сөйтіп, ХХ ғасыр Сайтан салтанат құрған ғасыр болды. Екінші Дүниежүзілік соғыста қырылған елу миллион аз болғандай Сайтан енді адам баласын миллиардтап қыруды көздеді. Глобалистер құлағына сыбырлады. «Әлемдегі адам санын азайтпасаңдар Жер бетінде әне-міне нәубет орнайды!» деді. Глобалистердің көкейіне бұл теория қона кетті. Рим клубы трибунасынан жалпақ әлемге паш етті. Сөйтіп, Жер бетіндегі жұмырбастыларды жалмауға тиіс жойқын теория өмірге келді. Тәжтажал тарих сахнасына шықты. Оның ойраны көз алдымызда жүріп жатыр.

Бұдан біз нені көрдік?! Көргеніміз; кез-келген тарихи апаттың алдында адам санасына Сайтан сойқанды идеялар салады екен. Егер, тобыр сол сайтани идеяларға неғұрлым сенсе, Жер бетінде соғұрлым апатты соғыстар орын алады екен. Сайтан жетегіндегі көсемді ту еткен талқаншыл тобыр, тау селіндей жойқынға айналып, жолындағысын жайпап жайратып кетеді екен. Тарихтағы соғыс атаулы осыған мысал.

Гитлерді алыңыз. «Өтірікті неғұрлым өсіре соқсаң, тобыр соған соғұрлым құлай сенеді!» деп, қақсаған бұл кәпір, ізіне ерген тобырды «арийлерден өзге жұрт адам емес» дегенге сендірді. Бұл, ­шынтуайтына келгенде, «арий еместерді өлтіре беріңдер!» деген ұран еді. ­Осылайша, басы ашық террористік теория өмірге келіпті. ­Фашизм өмірге келіпті. Фашизм өртінде 50 миллионның күлі көкке ұшқаны белгілі.

Террористік теория табуда советтік большевизм де ешкімнен кем түспепті. Кезінде Сталин: «Кулактарды тап ретінде жою керек» деп, ұрандатты. Осы ­теория арқасында тыныш отырған ауқатты ­шаруалар әпзаматта «халық жауы» болып шыға келді. «Бақытты болашақ коммунизмге жету» үшін, ондай жаулардан құтылу керек еді. Құтылды. Ауқатты шаруаралар жойылысымен жаппай ашаршылық басталды. Ол нәубет қазақтың жартысын жалмады. Одақ бойынша 20 миллион жан Сталинизм құрбаны болды.

Байқап отырғанымыздай түгел бір халық, бір қаныпезердің басына келген бір теория құрбаны болады екен. Қазақ халқы – соның бірі. «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды әкем» демекші, Қазақстанды басқаруға 1925 жылы қандыбалақ Ф.Голощекин келді. Мәскеуден келе ­жатып ол, пойыз үстінен қазақ даласын шолды. Басына сұрапыл ой келді. «Бұл елді Ұлы Октябрь айналып өткен екен, бұл елде кіші Октябрь жасау керек екен!» ­деген. Ол, ақыры, «Кіші Октябрьді» ­жасады. Қарсы келгенді қазық қып жерге қақты. Қазақ қоңыз теріп кетті. ­Шыбындай қырылды. Голощекині жоқ Орта Азияның өзге елдерінің бағы бес елі екен. Бұндай құзғын тырнағынан аман қалды. «Кіші октябрьді» бастан кешкен қазақ байғұстың сүйегі ­шашылып далада қалды.

Осылайша, қаныпезер басшының басына келген бір ойдан, түгел бір халық Жер бетінен жойыла жаздады. Шолақ басшылардан Ұлы Дала шеккен қасірет жалғыз бұл емес еді. Ең сорақысы, шолақ басшылар шолақ теориялар шығаруға шебер болып шығатыны. Большевиктік төңкерістен кейін Түркістанды басқаруға келген Иван Тоболин 1919 жылғы, 1921 жылғы қазақ даласындағы ашаршылықты көріп төмендегідей теория шығарады: «Марксистің теория тұрғысынан келгенде, қазақ тәрізді экономикалық артта қалған халықтың аштан қырылып жатуы заңды» деген теория жариялайды. Және бұл теориясын қызыл комиссар жалпақ ел жиылған большевиктік жиында жария етеді. Яғни Тоболин теориясы бойынша ақсүйек ашаршылық апатына 1919-1921 жылдары қазақтың малына қырғидай тиген ақтар да, қызылдар да кінәлі емес, халық қолындағы бар астығын тартып алған «продразверстка» кінәлі емес, кінәлі «экономикалық артта қалған қазақтардың өздері» екен. Яғни басшы ретінде қол астында қырылып жатқан халықты құтқарудың орнына, оны орға итерген болып шығады. ­Тарихта таңбаланып, жалпы жұртқа белгілі бұ жәйттерді біз неге келтіріп отырмыз? Ел басына келген жоғарыдағыдай қаныпезерлер белгілі бір лаңды бастау үшін, алдымен, террористік теориялар ойлап табатындығын айтқымыз келді. Және соған жалпы жұртты сендіруге жан салатынын айтқымыз келді. Яғни кез келген террористік лаңның бастау бұлағында террористік теориялар жататынын айтқымыз келді. Егер сол сойқан теориялар ел басқарған  басшылардың ­басына келсе, онда ол теориялардың салдары, жалпыұлттық қасіретке айналатынын айтқымыз келді.

1243 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы