• Қоғам
  • 26 Қараша, 2020

ЖАСТАРҒА ДЕМЕУ БОЛҒАН «ITEACHME»

Қазіргідей ақпараттық технология күннен күнге қарыштап дамыған заманда IT-мамандары әлемдік нарықта сұранысқа ие екені белгілі. Ал компьютер технологиялары қарқынды дамып, аталмыш мамандарға деген сұраныстар артып жатқанда ұтымды сәтті орайына қарай оңды пайдаланып, шағын жеке бір жобаны қоғамдық қорға айналдырудың өзі одан өткен жетістік екенін «IteachMe» компетенциялар дамыту орталығымен таныса отырып байқадым.

Бас серіктес «Шеврон» компа­ния­сы­ның қолдауымен құрылған «IteachMe» қорының басты ерекшелігі – мүгедектігі бар адамдарды, сондай-ақ жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларды (жетім балалар, жағдайы төмен, көп балалы отбасылар) өзекті ІТ мамандықтарына оқыту, оларды әлеуметтік ортаға енгізу, қоғаммен біріктіру. Яғни «IteachMe» қоры ауыл-аудандардан шыққан, мүге­дектігі бар қарапайым жандарға өз күшіне сенуге үміт беріп, ІТ ма­ман­дығын алуға көмек берумен айналысады.
Бүгінде қоғам түбегейлі өзгеруде. «Мүгедекпін, қолымнан не келеді?», «Үкімет бізге көмектесуі тиіс» деп қоғамнан оқшауланып ­немесе қоғамның мүмкіндігі шектеулі адамдарға аяушылықпен қарап отыратын уақыттың ауылы алыстап кеткені рас. Қоғамның санасы өзгерді. Сондықтан мүгедектігі бар жандарды «мүмкіндігі шексізге» балап, (бүгінде атауын осылай ауыстырып), өзін-өзі таныту және қаржылық тұрақтылықты дамыту мақсатында аталмыш қордың еңбегінің маңызы зор. Қордың құрылуының арқасында мүмкіндігі шексіз жандардың елімізде жұмыс істеу, әлеуметтік маңызды жобаларды ұсыну мүмкіндігі берілуде.
Әлеуметтік жобадан жылдам дамушы ұйымға айналған, ерекше жандарға мотивация берген қоғамдық қор ­директоры Захира Бегалиеваның айтуынша, «IteachMe» инклюзивті жастар орталығы «Теңдей ІТ мүмкіндіктер әлемі» көп деңгейлі жобасының мақсаты – мүгедектігі бар тұлғаларды ІТ саласына тарту, ­сонымен бірге нақты білім алу және өз бетінше оқуға дағдыландыру, жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік ­реабилитациялау. Жоба Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Орталық Азияның Еуразия қорының қолдау көрсетуімен «Samruk-Kazyna Trust» және ­«Шеврон» компаниясының Әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен бірлесе жүзеге асырады. Ұйымдастыруға атсалысушылар «Ерекше таңдау-Шелек» Корпоративтік қоры мен «Мойымайтын мүгедектер қоғамы» Қоғамдық бірлестігі.
Аталмыш жобаға республиканың түкпір-түкпірінен тағдырлас жастар қатысып, бақ сынауда. Бұл дегеніміз, қаншама жандардың жүрек түкпіріне нұр сәулесін шашу. Қаншама еңбектің нәтижесін, құлшынысы артқан жастардың ынта-ықыласынан жобаның айрықша өзектілігін байқауға болады. Жоқтан бар жасалғандай дүние. Айта кетейік, алғашқы турда жастардың білім әлеуеті, олардың ІТ саласындағы білім деңгейі айқындалады. Келесі кезеңде әлеуетті қатысушылар өзі жайлы негізгі ақпаратты толтырып, мотивациялық эссе жазулары тиіс. Орталықтағы оқу алға мақсат қоюды және оған қол жеткізуді үйретеді.
Бүгінде қор дамып, айтарлықтай жетістіктерге жетті. Сондықтан мамандықтарды кеңейту мүмкіндігін қарастыруда. Яғни «Инклюзивті білім беруде цифрлық технологияларды пайдалану. Озық әлемдік тәжірибелер» және «Цифрлық білім беру дағды­ларда мүгедектігі бар тұлғалардың ­қа­жеттіліктерін талдау және мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамтамасыз етуде жұмыс берушілердің күткен нәтижесін айқындау» атты зерттеу­лер жүргізуде. Міне, осы зерттеу мүгедектігі бар жастардың бойынан қажеттіліктерді анықтауға бағытталған. Сондай-ақ қор ұйымдастырушылары жұмыс берушілер арасында талдау жүргізіп, алынған мәліметтер мен әзірленген ұсыныстар негізінде ­бү­гінгі таңда неліктен мүгедектігі бар жұмыс істейтін адамдардың аз болуын, неліктен жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамды жұмысқа алудан қашқақтайтынын, мүгедектігі бар адамның еңбек ұжымымен етене араласуы үшін Қор ретінде не істей алатындығын және жұмыс берушіге қандай мемлекеттік қолдау қажет екенін түсіндіреді.
Қор әрдайым ізденіс үстінде. Мүгедектігі бар жастарды оқытуға және әлеуметтендіруге көмек көрсету саласында көзқарасы мен мақсаты ортақ ұйымдармен серіктестік мүмкіндіктерін және тың идеяларды назардан тыс қалдырмақ емес.
«Алға қойған мақсат-міндеттеріміз көп, бірақ біз, ең бастысы, психо­логиялық және физикалық ерек­шеліктері әртүрлі мүгедектігі бар адамдардың өмірі қызықты, мағыналы болғанын, әр адам өзінің жақсы сапалы білім алуға лайықты екенін сезінгенін, көңілі қалаған жұмысты тапқанын және қаржылық жағынан ешкімге тәуелді болмағанын қалаймыз. Біз мүгедектігі бар жастарды ІТ саласына тартып, шексіз мүмкіндіктердің қайда басталатынын көрсеткіміз келеді» дейді орталық басшысы Захира ­Бегалиева. Иә, осынау жандарға ғажап мүмкіндіктер ұсынған, қордың алға қарай ілгерілеуіне қолдау көрсеткен басты серіктес, демеуші – әлем бойынша ең ірі «Шеврон» компаниясы.
Компания құрылған 27 жылдың ішінде атқарылған игі істер еліміздің бүкіл аймақтары мен түрлі ­салаларына шарапатын тигізді. Олардың бәрі Қазақстан халқының өмір ­сапасын арттыруға бағытталғаны анық. ­Компания жеке адамдардың біліктілігі мен қабілеттерін, сондай-ақ жеке әлеуметтік топтардың әлеует­ті мүмкіндіктерін де дамытуға ­барынша көңіл бөледі. Мүмкіндігі шек­теулі жандардың қолына «балық бермей, қармақ берген» «IteachMe» қоғамдық қорының, сол қордың алға ­басуына қолдау көрсеткен ­«Шеврон» қуатты корпорациясының, демеу беріп, қол ұшын созса еңбек етуге ­дайын жастардың алдағы уақытта ­талай жетістіктерге қол жеткізетініне сеніміміз мол.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА
Түркістан

616 рет

көрсетілді

40

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы