• Тұлға
  • 26 Қараша, 2020

КӨДЕКТІҢ АРЫСТАРМЕН КЕЗДЕСУІ

Көдекті тану үшін балалық шағы­ның қатпарына, ақындық жолға түскен кездегі өнер арыстарымен кездесуі жайлы деректерге көп үңіліп, жалықпай ізденіс жасауға тура келеді.
Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов кезінде ақынның «Қызырлы не боп кетті біздің мекен» деген шығармасын оқығаннан кейін Көдек ақын жайлы: «Көдек өз дәуірінің шындығын жазған семсер тілді ақын, оның қуғындалып, аумалы-төкпелі өмір сүруіне сол дәуірдің өзі жауапты, мен Көдектей қылышынан қан тамған заманға қарсы өлең жазған ақынды сирек кездестірдім» («Көдек шығармалары», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жылы желтоқсан. 342-бет.) деп жоғары бағалаған болатын.
Көдек 1926 жылдары Ілияс Жансүгіровпен кездеседі. Көдектің ақындық талантына ерекше таңғалып, өлеңдеріне жоғары баға берген – Ілияс Жансүгіров. Қазақ әдебиетінің классик ақыны Ілияс, жазықсыз өлім жазасына кесілген ғазиз жан артына өшпес мұра қалдырған күллі қазаққа танылған дара талант иесі. Оның «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты шоқтығы биік туындылары бар. Ол мұнан сырт Жетісу жеріндегі Албан елінің әдеби мұраларын жинады әрі 1935 жылы атақты Албан Асан ақынның «Ақыр заман» атты 102 беттік жинағын шығарып, жинаққа арнаулы алғы сөз жазады.

Ілияс Жансүгіров Көдектің бір таң өлеңін мейір­лене тыңдап отырып: «Мен сіздің төкпе ақынды­ғыңызға, өмірді бейнелеген шындығыңызға разымын. Бірақ заманды да ойлауыңызды өтінемін» депті. Сол жолы Ілияс Жансүгіровпен кездесу барысында Көдек оған «Алаштың азаматы» деген мына өлеңін арнапты:

Алаштың азаматы қандай болар?

Елдің жаны өзіне жандай болар.

Елі үшін еміреніп, тебіреніп,

Айтқаны шекер менен балдай болар.

Қанша артса да еселеп көтеретін,

Көшбасы жүк артатын нардай болар.

Бүкіл елдің көзі мен көңілінде,

Төбесінде толқыған айдай болар.

Бұл заман азаматқа ерік қоймас,

Арғымақ арықтаған тайдай болар.

Айтқаны, істегені анықтап тұр,

Шыңырау алдын қазған жардай болар.

Бір кездері оларға пәле жапса,

Қозғалтпай басып қалар таудай болар.

Қи сыпырып қиратып жоғалтады,

Төбесінен төнетін жайдай болар.

Тоз-тоз боп қатын-бала, әке-шеше,

Бейкүнә жан халыққа жаудай болар.

Ұлттан, діннен ажырап қалғандары,

Сасық көбең, өр кеуде дай-дай болар.

Бір Алла істің түбін өзің оңда,

Кім білер кейінгі ұрпақ қандай болар...

Ал Көдектің Ілияс Жансүгіровпен кездесуі туралы Тоқтар Әлібекұлы: «1926 жылдың жазында Қарқара жайлауындағы Ә.Жүнісовтың үйіне қоғам қайраткерлері О.Жандосов, Ы.Көшкінов, І.Жансүгіров қонаққа келеді. Ауыл белсенділері ат шаптырып Көдек, Бөлтірік, Қапез, Әжек сияқты ақындарды алдырады. Олар қазақтың бетке ұстар азаматтарының алдында бар өнерлерін көрсетіп, көңілдерін көтеруге тырысады. Отырыста Көдек елдің арғы-бергі тарихын қазып ұзақ жыр толғайды. Кезінде Құланаян Құлмамбет жырлаған «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Көроғылы» тәрізді мұраларды да осы жолы зиялы топтың назарына салады. Көдек өлеңдерін жылы қабылдаған Ілияс Алматыға өз атына жіберіп тұруды тапсырады.

Қатесін түзеп басып шығарар деп,

Өлеңшің басқармадан өтінеді.

Ілияс Жансүгіров жазып бер деп,

Табыстап Қарқарада кетіп еді! – деп аяқталатын бір топ өлеңдері ұсынған мекемеге жетпей, ұзақ жыл М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталып қалыпты» (Тоқтар Әлібекұлы: «Баласы мұны жазған Маралбайдың...», «Әдебиет айдыны» газеті, 2007 жылы шілденің 19 күні) деген құнды дерегін айтады.

Көдек Маралбайұлы «Алғашқы өлеңдерін 1927 жылы Алматыда оқып жүрген Қ.Байғабылұлына ­табыстап, І.Жансүгіров пен Ә.Жүнісовқа ­тапсыруды өтінген, жіберген өлеңінің соңында ақын:

Баласы мұны жазған Маралбайдың,

Асыл сөз қапелімде таба алмаймын.

Оқыған азаматтар, айып көрме,

Аяғын осылайша тамамдаймын.

Аманат Әубәкірге бере салғын,

Атым жоқ, өзім іздеп бара алмаймын, – деп өз қолымен жеткізе алмағанына өкініш білдіреді» («Әдебиет айдыны» газеті. 2007 жылы 19 шілде»).

Жазба тарихи материалда жазылуына қарағанда ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов 1927 жылы өзінің «Қилы заман» атты атақты шығармасын жазу үшін материал жинап жүріп Көдек ақынмен Жетісудың Қарқара жайлауында кездесіп, Албан елінің тарих-шежіресі туралы көптеген құнды деректерге ие болған.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 1927 жылы Ленинградта әдеби баяндама жасағанда Көдек ақын туралы арнаулы тоқталып: «...Өзгеше үлгідегі даланың дара ақыны мазмұны мен қоғамдық ролі жөнінен әлдеқайда қызығырақ саналады. Солардың жарқын бір үлгісі – албандар арасындағы Көдек ақын. Ол ауылдағы қазіргі заманғы құрылыстың белсендісі, қосшылар одағының мүшесі, газет-журналдардың тұрақты оқырманы, баспа сөз беттерінен белгілі идеологиялық және біршама дәрежеде көркемдік тәрбие алатын, заманына толық лайық, өзін әрқашан нық сезінетін қоғамшыл ақын.

Қазіргі мерзімді баспасөз беттерінде көрініп жүрген, белгілі дәрежеде танылған ақындардың бәрінен оның айырмашылығы мынадан байқалады: ол даланың, жергілікті қоғамдық өмір аясында ­туындайтын ішкі көңіл күй сезімдерінің, ел мүддесі мен және барлық мәселелердің бірден-бір білгірі. Қазіргі заманғы ауыл – оның шығармашылық ой-қиял шартарабының төл өрісі. Ауылдың көзге ­шалынатын оралымсыз тұрмысы мен ескіліктің барша зиянды сарқыншақтарын келеке-мысқылға айналдыратын өткір тілі ақынды өзінің туған даласында жіберілген кез келген кемістік үшін кімді болса да аямай әшкерлейтін қазы ретінде айқындай түседі. Оның өлеңдері өзінің беткі сипаты, құндылығы, кемелділігі, жоғары техникасы жөнінен мінсіз» («Іле кеші», 2008 жылы наурыздың 24 күні, 3-бет) деп өте жоғары бағалаған.

Әлемге даңқы тараған ұлы суреткер Мұхтар Әуезов жыр жүйрігі Көдек Маралбай туралы тағы да:

«Стилистикалық тұрғыдан ол батырлық аңыз эпостарындағы төкпе өлеңнің әуендете айтылатын ойнақты тәсілін мирас еткен. Қашан да ­сергек, әрі сын тұрғысынан пайымдайтын ақынның мейлінше соны және айқын түрде сатиралық сарынмен көмкерілген өзекті тақырыптарды оның барлық туындыларын сахара төсінде кеңінен әйгілеген. Олар дереу шыға салысымен қалың көпшіліктің игілігіне айналып, жастардың барлық жиындары мен сауық кештерінде ендігі жерде әуенге қосылған түрінде айтыла жөнеледі. Бұл әйтеуір қармаланып келе жатқан біреу емес, ауылдың алдынғы тобынан қазіргі заманғы мәдени құрылысқа мейлінше саналы түрде, нық қадам жасаған ақын. Ол халық әдебиетінен, орасан зор халықтық тың алапаты мәдени қалаға сапар шеккен жүргінші, артынан үдемелі дамуға ұмтылушы, жаңалыққа құштар жастардың тұтас бірлігін ерткен жүргінші.

Бұл ақын, сонымен бірге өз жады арқылы ескі заманның көптеген құнды ескерткіштерінің сақтаушысы. Сөйтіп, ол өзінің бүгінгі заманғы өзекті, жаңа өмірге арласуы арқылы тек жеке басының алған әсерін ғана көрсетіп қоймайды. Сонымен бірге бүкіл даланың үміті мен мүддесінің іске асуын көксейді, кешегі қазақ мәдениетінің құнды әрі бай мұрасын тұла бойына сыйғыза біледі» («Іле кеші», 2008 жылы наурыздың 24 күні, 3-бет) деп тереңге тамыр тарта баян­дайды. Көдек сынды шашасына шаң жұқпаған ақынның табиғатын шынайы ашып көрсетіп береді.

Әке мұрасын көз қарашығындай аялап, жинақтаған зерттеуші, қарт педагог Көдектің ұлы Айтуғанның айтуына қарағанда, Көдек ақын Жүсіпбекқожа Шайхисламұлымен жастайынан төс соғыстырып достасып, өле-өлгенше барыс-келісі үзілмепті. 1931 жылы Жүсіпбекқожа Сүмбеден қашып өткеннен кейін Қытайдағы Көдек ақынды іздеп Аттың тауына барады. Ақынның үйінде ­Рамазан деген адамның отырғанын көріп екеуі бірін-бірі бас салып құшақтасып көрісіп ­амандасады.

Рамазан деген адам Жүсіпбекқожаның Сүмбеден қашып өтуіне қол ұшын берген екен. Көдек ақын бұл туралы мынандай өлең шығарыпты:

Қожеке, ел қуанды келгеніңе,

Ақ жолын құдай оңдап бергеніне.

Қадырлы Рекеңді құрмет еттің,

Сүмбеден сізді өткізген еңбегіне.

Осындай адал адам халықта бар,

Семсердей сертке шыққан сенгеніне.

Құдай-ау, бұл халықтан ажыратпа,

Өмірде бар кезінде, өлгеніңде.

Бұл рет Жүсіпбекқожа ырым етіп үстіндегі жейдесін Көдектің жалғыз ұлы Айтуғанға шешіп берді. «Қожекең жас жағынан әкем Көдектен 31 жас үлкен, әкесінің құры еді. Оны бүкіл ауыл бойын­ша сыйлайтынбыз, шешем Мәтім атақты ақын Жүсіпбекқожаның жейдесін кішірейтіп беріп, бірталай уақыт кигенім әлі есімде» дейді Айтуған.

Ғұлама ақын Жүсіпбек Шайхисламұлы туралы Қытайдың Текес ауданында тұратын Жұмабек Диқанбайұлы: «Марқұм Әбілезбен сұхбаттағы бір сөз кезегінде «Таяу заманда Қытайға Қазақстаннан Көдек Маралбайұлы, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы, Шарғын Әлғазыұлы сияқты көрнекті ақындардың арт-артынан ағылып келуін сен қалай түсінесің?» дегенде: «Мен ел жабыла ауған соң одан қалмайын деген шығар. Кейбірі серілікпен өмір тану үшін келген шығар» деген едім. Ол кісі қарқылдап күліп: «Бұл айтқаның бір ғана жағы, шын сырына келсек, 1928 жылдардан кейінгі асыра солшылдық саясатының кесірі, менің Нығымет Мыңжани ақсақалдан ұғуымша ілгері Нығмет Мұхтар Әуезовке жолыққан. Сонда Мұхтар қазақ даласынан Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы дейтін араб, парсы тіліне жүйрік жазушы ­зым-зия жоғалды. Бәлкім, Қытай қазақтарына ауып кетсе ­керек. Сіз құлақ түре жүріңіз» (Жұмабек Диқанбайұлы «Біржан мен Сараның айтысы жөнінде мәлімет», «Іле газеті», 2006 жылы маусымның 20 күні) деген деректі ­айтады.

Ғұлама ақын, білгір, үлкен оқымысты Жүсіп­бекқожа Шайхисламұлы Қытайға барғаннан кейін Көдек ақынға ұстаздық етіп, үлгі-өнеге көрсеткені даусыз, өйткені осы екі алып ақын өмірінің соңғы мезгілін Қытайдың Текес өңірінде бірге өткізді.

Көдек ақын екі жылға таяу әскерде болып, 1920 жылы азамат соғысынан қайта оралған сапарында Жетісу өлкесінің маңдайалды дарабоз ақыны Жамбыл Жабаевпен кездесіп, көп әңгімеде болған. Бұл туралы мынандай деректерді кездестіреміз: «Көдек 1918 жылы қызыл әскер қатарына алынып, Хиуа, Бұхар хандықтарына қарсы соғысқа қатынасады. Сол ұрыстарда екі рет ауыр жараланып 1920 жылдың күзінде жарамсыз әскер ретінде елге қайтарылады. Ауыр жолдан арып-ашып келе жатқан жаралы солдат Түргендегі атақты шапырашты Жүнісбай болыстың үйінде Жамбыл ақынды кездестіреді. Тумысынан өнерге жақын Жүнісбай екі ақынды бірнеше күн күтіп, құмары қанғанша өлең, жыр тыңдайды» (Тоқтар Әлібекұлы «Баласы мұны жазған Маралбайдың...», «Әдебиет айдыны» газеті, 2007 жылы шілденің 19 күні).

Көдек ақын Жүнісбайдың үйінде әйгілі «Бұхарға сапар» поэмасын айтып өлең тыңдап отырған дүйім жұртты таңғалдырады. Бұл күндері ақынның қиялы көкке шапшып, сағынған ата-ағаларын өлеңмен былай толғайды:

Қадірлі аталарым, ағаларым,

Асқар тау сүйенішім, паналарым.

Аман-сау елге қайтып оралғаным,

Сіздердің қайыр, дұға, баталарың.

Қырандай құздан ұшқан шыр айналып,

Еліңнің амандығын қарағаның.

Жақын мен алысқа көз жіберіп,

Өзіңді, дұшпаныңды шамаладың.

Тұрмадың басыңды иіп, қол қусырып,

Әртүрлі қысымында замананың.

Кешегі солдаттарға дес бермеген,

Тазабек, қайран батыр даналарым.

Ақыры елін бастап өрге көшті,

Бұл жерде байқады ма шамаларын.

Батырды Іле ұлығы қолдағанмен,

Қолдауы серпілтуге жарамадың.

Ілені шар әскері басып алып,

Бұл кезде бейкүнә елді жараладың.

Тізгіні заманыңның өзіңде емес,

Ақ сөзің нахақ болып қараландың.

Кешегі Ұзақ батыр, Жәмеңкелер,

Жолында қырғындалды балалардың.

«Шал өлсін, бала өлгенше» деген сөзі,

Көрсетті ниетінің нақ адалын.

Айдаумен үріккен ел тозып келді,

Мал-мүлкін тонауменен талап алдың.

Күйзелді, күңіренді қайран халық,

Жүректе жазылмаған жара қалдың.

Большевик, Николайды аудардың да,

Орыны Кеңес болып жаңаладың.

«Дүние пролетары, бірігіңдер!»

Дедің де ұран салып қамал алдың.

Бірлесіп Кеңес халқы жауды жоймақ,

Осындай ішті-сыртты тазаладың.

Мінеки, осы ұранның серпінінде,

Азамат соғысына бара қалдым.

Жамбыл ақын бірнеше күн Көдек айтқан өлеңдерді сүйіне тыңдап, қатты риза болады.

«Көдек жолға шығар күні Жүнісбай болысқа құлаққағыс еткен Жамбыл:

Көріп едім албанды,

Қарқараны жайлаған.

Түйе тізіп қатарлап,

Мыңнан жылқы айдаған.

Қойы толған қораға,

Желілеп бие байлаған.

Он алтыншы жылында

Басшылары ұсталып,

Қырғын тауып қалғаны,

Соры сөйтіп қайнаған,

Жақсылап сыйла, Жүнісбай,

Керек қой бұл әр уақытта,

Қаражат беріп аттандыр,

Мал бар ма жиған солдатта, – деп үстіне киім, астына ат мінгізіп қайтарыпты» («Әдебиет айдыны» газеті, 2001 жылы шілденің 19 күні).

1901 жылы Көдек ақынның 13 жас кезінде, Сүйіндік ауылында бір қыздың тойы болады. Сол тойға Қызылбөрік руынан шыққан Бөлтірік ақын келіп өлең той бастайды. Той иелері Бөлтірікті құрметтеп, шапан жауып, ат мінгізеді. Ауыл ақсақалы Бөлтірік ақынға Көдекті сынату үшін өлең айтып берсін деп көкпар тартып жүрген жерінен шақыртады. Шақырып барған баладан «ақсақалдар мені неге шақырады?» деп сұрайды Көдек.

– Сені атақты ақын Бөлтірікпен айтыстарғалы жатыр, – дейді шақырып барушы әзілдеп.

– Айтыссам айтысайын, – деп көкпарды ­тастап, жиналған топ ішіндегі Бөлтірік ақынның алдына шауып барып, қос қолын кеудесіне басып тұрып:

Ассалаумағалейкум алдияр,

Шақырған соң кеп қалдым

Жүрісім өте асығыс,

Көкпарды қуып бетке алдым.

Нөкерлерім қасымда,

Өкшелей қуып жетсе алдым,

Аялдасам кешігем,

Аттың тері бос қалдың.

Жасыңа құлдық аталар,

Айтарыңды деп қалғын, – депті. Баланың өткір өлеңін аңғарған Бөлтірік ақын:

– Ауылдарыңнан дауылды ақ тұйғын ақын шыққалы тұр екен. Жолы болып алдынан нұр жаусын! – деп ризалығын білдіріп, қолындағы домбырасын ұсынып, батасын берген екен.

Атақты ақын Бөлтірік Атыханұлы бала Көдекке өлең өнері жағынан үлгі-өнеге көрсетіп, ақын­дық жолға түсуге бағыт сілтеп, ақыл-кеңес беріп отырды. Ал осы Қызылбөрік Бөлтірік ақын кім? Бұл туралы қысқаша түсінік бере кетуді жөн көрдім. Бөлтірік Атыханұлы Атақты айтыс арысы Құланаян Құлмамбеттің таңдаулы шәкірттерінің бірі болған. Ол 1920 жылдардың аяқ шенінде айтыс жұлдыздарының бірі Майкөт ақынмен айтысқа түскен. 1928 жылы 58 жасында қайтыс болған.

 Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, жазушы, этнограф

6607 рет

көрсетілді

118

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы