• Әдебиет
  • 02 Желтоқсан, 2020

ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАЗҒЫ ЖҰРТЫНДА...

(ҚазҰУ-де)

Светқали

НҰРЖАНОВ

 

1-жыр

Кетіпті, ә, қанша жыл өтіп?..

«КазГУ-дың қалашығында» –

Тұрушы ек біздер жыр оқып

Көздердің қарашығында.

 

Жататын өртеп, күйдіріп,

Қарашықтағы маржандар.

Қол соғушы еді дүрлігіп,

Аққулар қонған ақ залдар.

 

Мінбеде – зәулім сарайда

Оқыдық өлең маздап кіл –

«Екілік» қойғыш ағайға,

Жекіріп қала жаздап бір.

 

Соңынан сөзбен желпір дос, 

Ниет те таза, пәк сана.

Ешкімге зиян келтірмес

Айналдық өңшең патшаға.

 

Бәріміз бір-бір ұлы ақын –

Ұрмайтын сөзін ағзамның!

Төс қалтамызда тұратын

Суреттері Мағжанның.

 

Тудырушы еді көп өлең,

Соғылған шыңға жасындар –

Мұқағали мен Төлеген,

Жұмекен менен Қасымдар.

 

Кеудеге кептер қонақтап,

Сол жерде тылсым нұр бардай –

Енуші ек біздер Одаққа,

Мешітке кірген діндардай.

 

Абыздар бата берген соң,

Жұмақ боп қала баққа бай –

Думанды «Қаламгерден» соң

Дуылдап қайтқан шақтар-ай!..

 

Қаңтарлар тамызға айналып,

Жаятын өркен дастандар.

Сан қилы аңызға айналып –

Өтежандар мен Асқарлар.

 

Төбеден таулар төнетін,

Ай-қасын қағып найза-шың.

Жұматай-қаған келетін

Қасына ертіп Зайдасын.

 

Желпіндік небір дүрге еріп,

Баптады сырға бай ұлдар –

Жыр менен әнді бірге өріп

Иранбек, Исраилдар.

 

Ешен пір ылғи, көріпкел,

Жүрмейміз және аһ ұрмай.

Соғатын Шәки, Серіктер

Айдаудан қашқан батырдай.

 

Балқып бір шыққан шабыттан

Жететін жырлар көп оймен –

Жизақта – Раушановтан,

Тыныштықбекті Семейден.

 

Болатын жұрттың бәрі аң-таң

Сақалды кілең сәбиге –

Ұлықбек пенен Аманхан,

Байбота менен Мәдиге.

 

Таңдарды талмай атырдым,

Тыңдадым талай – бәрі шын:

«Аспанын» – Әбубәкірдің,

Ақдәулетовтің «дәрісін».

 

Кездерде қырдан гүлді үзген,

Шашушы ек барды аянбай.

Табысып түнгі жұлдызбен,

Қағысып шарап – һәйямдай.

 

Емендей кейде теңселдім,

Күш жетпей бойды тыюға...

Айналдық сосын өңшең жын –

Құтыдан шыққан диюға.

 

Жүргенде арбап тәтті улар,

Сарғайды бақтар көгалды.

Дүр етіп қонған аққулар,

Дір етіп ұшып жоғалды.

 

Жан-жаққа жолдар қашқалы,

Жалау боп қалды хатымыз.

Тағымыз күйрей бастады,

Сирей бастады сапымыз.

 

Бастады маңнан топ тарқай –

Саусаққа салдық сақина.

Ақтөбе жаққа кетті Ертай,

Бауыржан болса... бақиға...

 

Жөңкіді жылдар қаңбақтай,

Дауылын мезгіл сапырған. –

Майданнан қашқан солдаттай

Қарамды мен де батырғам...

 

Көнбеді сезім ырқыма,

Жегідей жанды жеп бір мұң,

Жастықтың Жазғы Жұртына

Он жылдан кейін кеп тұрмын.

 

Баяғы пірлі босаға

Тағардай маған өкпе-айып...

Қос досым қапты – қос «аға»:

Жақыпов пенен Көпбаев...

 

Қайран ғап мендік мінезге,

Қарайды бәрі тосырқап –

Іреңі басқа, тілі өзге,

Тілегі бөлек жас ұрпақ.

 

Қалыпты қалашықта арман...

Қайтқым бар сол бір кезіме,

Тұтылып – қарашықтарға,

Құтылып елдің сөзінен.

 

Аңсатты, қайран, гүл-мекен...

Моншақтар көзге жарасып,

Сол шақтар әлі жүр ме екен,

Қарашықтарда адасып?..

 

2-жыр

Ізіне қарап кей-кейде жасармай ма адам?!

Алматы барсам,

арзу боп Алашұлына –

Жастық шағыма сатқындық

жасардай болам,

Бір соқпай кетсем ­­«КазГУ-дың ­қалашығына».

Үлкеннің сөзін ұлықтап тыңдайтын ұл ем,

Ұстазды көрдік – жаттаған жөргекте есімін...

Сан рет қалдық сабақтан,

тынбай түнімен

Ұлтымыз жайлы арманның тербеп бесігін.

 

Шәйір атанып,

шығардай жырыңды ап құзға,

Бебеулететін безгектей бойымызды арман.

Мына жерде алғаш сыр айттық

сыбырлап қызға,

Ал мына жерде – үйлену тойымыз болған.

 

Қалпында сол бір әлі де қарагөз-көрік,

Қара бұрымды бұлақтар бас алып көктен,

Жыл өткен сайын қалашық барады өзгеріп,

Алатау – жастық әнінен жасарып кеткен.

 

Ізіңді басып қаптаған қарағай-ұлдар,           

Әнімді жазып қалыпты парақтай жалған.

Саусағын сипап өсірген бала қайыңдар,

Мықыны жуан – қол жетпес

дараққа айналған.

 

Күнекей-шыңның нұрына тұр

тойып көктем,

Мен еккен талдар қарайды түсініп маған.

Титтей боп келіп бір кезде – үлкейіп кеткем,

Үлкен боп келіп, ал қазір кішіріп қалам.

 

Уылжиды алма –

тентектер үзгеннен қалған,

Өкшелеп қуған толқындар –

 бәйге ғой бұл бір.

Үйретіп жатыр әндерді біздерден қалған –

Баяғы бұтағындағы ай көмей бұлбұл.

 

Сезімді жүрме шық тамған теріске жорып,

Жастықтың кешкем бұл жерде

жылап тұнығын.

Тазарып тұрмын қайтадан періште болып,

Елес боп ұрып –

Жердегі жұмақ-ғұмырым.

 

...Қала –

кеш кіріп,

Тау жақтан жанады ескі үміт,

Жарқ етті жатақханалар – аруға түрме.

Жәутеңдеп тұрмын...

Шулы әндер қалады естіліп, 

Біздерге, бірақ болмайды қалуға түнде...

 

3-жыр

Күндер қайда, түндер қайда? –

Біздер шығар мінбер қайда?..

Жан қытығын келтіретін

Құпиялы үндер майда.

 

Кірпіктерге тұнып қалған

Моншақтарда үміт жанған.

Сырды сақтап жүр ме ол әлі

Сырғасымен құлыпталған?

 

Бозарады Ай түн асқан,

Құлыптаулы жайқын аспан.

Қандай күйге түсер екем,

Сол құлыпты қайтып ашсам?

 

Өзім еккен терегіме 

Сырымды айтып керегі не?

Қайта оралу береді не,

Жиырма жылғы өлеңіме? 

 

Теңіз бастан бұлғана ма?

Терек түптен ырғала ма?

Мұңым бар-ды...

Кімім қалды 

Мен қимайтын бұл қалада?!

 

Жанға жара, жырға нала

Жамап мезгіл зыр қаға ма?

Ізсіз, тозсыз жыл жоғала,

Біздің жастық тұл қала ма?

 

Қолын созған гүлдер де айға,

Түсіреді кімдерді ойға.

Жан қуысын үндер майда

Қытықтаған түндер қайда?

 

Тауың – жарқыл, сайың – қаңқыл,

Келген көктем жайында аңқыр.

Біздің сырды ұрлап алған,

Сырғаланған қайыңдар тұр.

 

Бұл жерде өткен мың түн де ойда,

Ал киелі бір Түн қайда?

Сол бір түннің кұлпын ашар

Іліп кеткем кілтімді Айға.

 

Шөлім басып түн-тұмадан,

Жарама бұлт жыртып алам...

Шың басында даусым қалды –

Айға жетпей шырқыраған...

 

  1. ЕЛЕС ІЗДЕУ

 

Көлге қонған еске сап қазды дүркін,

Ескірмеп пе баяғы назды күлкің?..

Шырқ айналып өзіңе соға берем,

Жастығымның жұмағы –

Жазғы жұртым.

Қайың мәйін еді ғой,

гүл көңілшек,

Қауызынан сан келіп үрледім шоқ...

Өртке айналып сол бір шоқ,

арасынан

Аяулы Елес көзіме бір көрінсе ед!..

 

  1. ҰРЫН КІРУ

 

Жастықтың қалмасын деп құндағы ұмыт,

Бұл жолы келдім, кешір, түн жамылып.

Жария жазым қайда – гүл-бағы құт? –

Тұрмын мен сырларыңды ұрлап ұғып. 

 

Тоналған жастық-бағым жылдар үгіп,

Тағы бір құпиясын тұр ма бүгіп?..

Қонады қар қамығып тал басына,

Көңілдің жайлауының мұңдары ұлып.

 

Шақ қайда аруға алғаш ойы кеткен?

Бақ қайда сол арумен сейіл еткен?..

«Махаббат»-мейрамханам тұр қаңырап,

Баяғы менің жастық тойым өткен...

 

Бойдағы басылса да екпін желдей,

Жүректің түкпірінен от күлгендей.

Бұл жерде тірі жан жоқ мені тосқан,

Сонда да тұрғанын-ай кеткім келмей.

 

Тұсымнан қаптай өтті топ-топ балғын,

Көктемгі мамығындай бақбақтардың.

...Сипайды маңдайымнан жатырқамай

Жып-жылы алақаны әппақ қардың...

 

III. ҚАРКЕШУ – ХӘЛКЕШУ

 

Жастықтың жазғы жұртында

шабытқа балқып,

қар ұлпа қалқып,

келемін мамыққа малтып.

Жүрекке жұққан жұпары жазғы бағымның,

кім білсін,

жатар тәнімнен табытта да аңқып?!

 

Сырғалы сәмбі,

таныс тал,

моншақты қайың,

сәукеле киген шыршалар аңсатты дәйім.

Қар-ұнын жайып тастапты,

қамырын жайып,

уыстап асап,

мамыққа шаршап құлайын!

 

Шаршап құладым...

Ұлпаға құлады-ай ғәріп,

шыдам шынары шарт сынды

шыдамай қалып.

Шырадай жанып самсаған қардың түйірі,

күрсінді талдар,

                             хәліме сұрамай нанып.

 

Қар-қыздар көшті...

Сәулесі жыртып маңайды,

«Бұл неткен жан?» деп,

сауалын кірпік қамайды.

Сұраулы көздер қыраулы тінтіп самайды,

құралайланып мен жаққа үркіп қарайды.

 

Сауалы бүрлеп, өтті олар кірпікке ой тұнып,

тұрғаным жөн ед сезімді іркіп, бой тығып...

Кетейін...

Жазғы жұртымның құралайларын

«Қар адамынша» қапыда үркітпей тұрып.

 

...Ей, таныс талдар, келер ме ек

сүймесек күйіп?! –

Шаршаңқы шайыр қалайша

күй кешед қиып?..

Мұңайғыш мойыл,

баяғы қиылғыш қайың

шаршысын шешіп, алыпты,

ә, кимешек киіп...

  1. ҚАРЛЫ ҚҰЙЫН ПЕРДЕСІ

 

Қарға оранған біздің жазғы жұрт мұнда,

бәлкім, бұл түс, мүмкін, кешкен аяным?..

Жауған қардың шымылдығын жырттым да,

сан тербеткен бесігіме таядым.

 

Сегізінші жатақханам –

аяулы

жандарымның тұр көзіндей боталап.

Сол терезе тасасында бояулы

оянып ед біздің тұмса махаббат.

 

Сол қалпында – сол терезе, сол балкон,

шаш тарап тұр перде артында қыпша бел.

Менің қазір тұрпатыма балбал тең...

Бара жатыр аяулыма ұқсап ол.

 

Жыртып ашып уақыттың пердесін,

Кіріп барсам... бақыт, міне, қол созым!

Қыпша белдің тіліп өтіп зердесін,

оянар ма біздер кешкен сол сезім?!

 

Жә, құтырма!

Сабаңа түс асқынбай!

Жасыңда әуес болмап ең ғой жөнсізге!

Құралайға көзін тіккен қасқырдай

шалдуар шал қарағұрым сенсіз де!

 

Терезеге телмірмей-ақ қояйын,

ол бақты енді бұл маңдайға жазбаған.

Тылсым түнде тек өзімді аяйын,

жарығына тәнті болып маздаған.

 

Хош бол, балғын сезімдерім – бал-тұма,

жатақханам – күйі қалған пернеде!..

Ұзап барып, жалт қарасам артыма,

қарлы құйын орап апты пердеге...

 

  1. ЕЛЕСПЕН ҰШЫРАСУ

 

Мына бақта жүруші еді боз құлыншақ

бір ару,

Мүмкін бе оны өлмей тұрып естен,

сірә, шығару?!

 

Жазғы бақтың бар шайыры «қырылатын» жыр арнап,

Жыр-айдында, ал ол болса,

жүзуші еді қылаңдап.

 

Гүл бас жара шыға келген жандай

еді қауызынан,

Ай он беске толған түні түскендей-тін

ауызынан!

 

Атеизм «ілімінен» у жұтсақ та ылайлы,

Сол аруды бұйыртқай деп,

еске алушы ек Құдайды...

 

Алма төсін еш еркектің кір

қолымен ездірмей,

Қудай парлап өте шықты ол бірімізді

көзге ілмей...

 

Ол көрінсе жүрегіміз...

сүйегіміз сырқырап,

Аппақ болып бақбақ толып...

қауырсыны бұрқырап;

 

Алатаудың ақ қарына

Ай-жұмыртқа шағылып,

Лағыл көрік сағым болып

сары уызы жарылып;

 

Күз жеткенде,

мұз боп көл де,

қалтыраса қайыңы,

Ізді өпкенде жапырақ боп

оның сырға-қайығы;

 

Қыс келгенде,

құс көмгенде – біздің бақты кіл ақ құс,

Тау да, алаң да қарға бөгіп,

жаулағанда бір-ақ түс;

Соның бәрін қарықтырып,

жарық қылып ғаламды,

Сиқыр нұрға қарық қылып,

зарықтырып адамды;

 

Ол жүретін...

Ол жүзетін айдын қылып санаңды,

Ай бүр жарып – қайғымды алып,

жоғалатын қараңғы!..

 

Бар жүрекке жұқтыруға келген

жан-ды пәктікті,

әжетхана жақтан оны көрген

пенде жоқ, тіпті!..

 

Сол қыз бір күн ғайып болды!..

Кетті ме еріп періге?

Жан білмейді –

жетім ылақ жем болды ма бөріге?

 

«Пері» деген қате сөзім,

жори көрме теріске,

Оған тең-дүр қос ғаламда

біз көрмеген періште!

 

«Бөрі» деген ит-құс атын телу

оған шын айып,

Жер басқаннан бір жан, тіпті,

бола алмас-ты ылайық!..

 

Жербетілік ешбір ару теңесе алмас сай түсіп,

Пәк періштем кетсе керек ұжмағына

қайта ұшып...

 

Мен сонда алғаш зәһар жұттым,

дәмін таттым мастықтың,

Қалды адыра бір-ақ күнде

Жазғы Бағы Жастықтың!

 

Күн күлбіреп,

жұлдыз жидіп,

Ай да оңған боз шүберек,

талдап жұлды жапырағын ақ қайыңдар жүрелеп...

 

Содан кейін кетті айналып жан

айырмас жақынға,

Күлеңгір кеш күрең мұң дос –

кілең күндес ақын да!

 

Әр кеудеде парлап тұрған ақ қауырсын

шам сөніп,

Түтін торлап,

қаңғып кеттік басымызбен жар соғып!..

 

Сызыт түнде бұзып түрме қашқан

жұлдыз ізіндей,

Оның ізі жүрегімде қалып қойды үзілмей.

 

Мен үзілмей оның ізі жүрегімнен үзілмес,

Оның жүзін өшіре алмас өмір атты

ұзын көш.

 

Бесінші жыл күз алтынын елеген

шақ атырап,

Біз де әр жаққа кеттік ұшып...

кілең сарғыш жапырақ...

 

Одан бері қанша үйірді мені

жылдар құйыны,

Жылдарым мен жолдарымның

жүр шешілмей түйіні.

 

Жазғы жұртқа кіндігімнен қалған

жандай байланып,

Шырқ айналып келе берем,

ене берем айналып.

 

Жазғы бақтан іздеп көрем сол

Арудың іздерін,

Күз кеп көрем,

мұз-айнадан шалам ба деп жүздерін.

 

Енді, міне, қыста келдім мұңды

жазғы жұртыма,

Жас арулар сәл таңырқап

өтіп жатыр тұрқыма.

 

Ойнақтайды тас төбемнен неше

мың сан көбелек,

Қанаттары әппақ нұрды жүрегіме себелеп!

 

Жазғы жұртты,

назды ымыртты жарқыратып қар-шырақ,

қанатынан елестерді келемін мен аршып ап.

 

Бағым – жәннат.

Бұл жүрісті жори көрме теріске,

Жәннатымды жайлап апты үрлер

менен періште!..

 

Денесі жоқ...

Елесі жүр сол Арудың бұл жерде,

Қалдым шалып қар шашуын шамдар

қағып күлгенде!

 

Сол бір Елес көйлек киген қарлы

бұлтты жыртып ап,

Дәл тұсымнан өте шықты...

сүйек кетті сырқырап.

 

Сүйегінен Сұбхан-Пәктің сүт иісі бұрқырап,

дәл тұсымнан өтті Елесі...

Қалды жүрек шырқырап...

 

Енді Жарық – түнді қарып!..

Көрдім анық жүргенін,

Қардың өзі ділді жарып бұрқыратты-ай

гүл демін!

 

Неше айналып таба алмаған көрдім

Пәктік Елесін,

Енді қайтып келгенімше

жинап қалар ЕЛ ЕСІН!..

 

Қайта оралам –

нұр бұрқырап тұрған келер көктемде,

Қарсы алдымнан шығар Ару –

аңсап-талып жеткенде!..

 

Ай түндікті,

күн шаңырақ,

уығына нұр тұнған

Әппақ Отау бой көтерер –

Менің Жазғы Жұртымнан!.. 

 

ЖАЗҒЫ БАҒЫ ЖАСТЫҚТЫҢ

 

(ҚазМҰУ-дың филология факультетінің

86-жылғы түлектерінің оқу бітіргендеріне

30 жыл толу басқосуында)

 

Шамды жақтым…

Қимасым – «ҚазМҰУ» аттым,

Айдынында қанатты жаздым, ақтым?..

Отыз жыл сап араға біздер тағы,

Есігінен енбекпіз ЖАЗҒЫ БАҚТЫҢ!

 

Бұл ЖӘННАТТЫҢ БАҒЫ еді!..

Лүпіл жарып,

Жүрегіміз майшамдай лыпыл қағып;

Біз кеткенбіз –

мәурітті мерзім бітіп,

Адам-Ата – Хауа-Ана сықылданып!..

 

Ақ қайыңдар көтермей кірпіктерін,

Қарар ма екен жатырқап, іркіп демін.

Сағыныштың құстары қиқулаған,

Көкіректің барады жыртып көгін...

 

Базарлы шақ...

Тарқамас бәз құмары,

Баяғыша күледі, мәз қылады.

Жар салады жапырақ, қол соғады,

Қарсы алады ЖАСТЫҚТЫҢ

ЖАЗҒЫ БАҒЫ!

 

Қарсы алады тағы да «КазГУ-град»,

Естілер ме баяғы назды үн, бірақ?

Келмес Күннің көгілдір айдынында

Тіл қатады жырақтан қаз-қу жылап...

 

Мен айдынға,

қарайды айдын маған,

Жұлдыздары жасаурап, Айды ұрлаған.

Бу бүркенген Боз Елес кінә артады

Бізге қарап –

Ізіне қайрылмаған...

 

ЖАЗҒЫ БАҒЫМ, уа, неткен еңселі еді!

Таныр ма екен қайтадан көрсе мені?

Біз кеткенде бала-тал күміс-кекіл,

Бурыл шашты дарақ боп теңселеді.

 

«КазГУ-град»...

Іргесін шың қымтаған,

Аудитория... үн ұрған бұлбұл тәмам.

Жатақханам тұр ма екен «сегізінші» –

Гүл бұрқырап,

сыр бұғып,

нұр бұрқаған?!

 

Ентікпе-жыл,

желең-күн,

желөкпе-айым,

Қылар екем алдыңда не деп пайым?

Тарқатар ма бұрымын тағы да бір,

Біздің сырды білетін терек-қайың?..

 

Сенен жырақ 30 жыл... таяу жүрдім,

Таяу келсем, – қашады қаяу-кірбің.

Жолға үзіліп жапырақ түсер ме екен,

Жанарының жасындай аяулыңның?..

 

Теңселтерміз тағы бір назды ымыртты,

Тағдыр бізді Бағында аз қыдыртты...

...Қалай қиып қайтадан кетер екем –

Ізі қалған Жастықтың ЖАЗҒЫ ЖҰРТТЫ?..

 

Жұлдыз тағып,

Ай қадап бұлтымды әрлеп,

Аттанармын – тартса да күлкім кермек:

«Бағым бар, – деп, – соғатын қайта оралып,

Қайта айналып қонатын

Жұртым бар!» – деп...

 

Безгек буып,

Жастық-ит құтымды алып,

Кеткем кеше шақырып зытым жарық.

...Елесіміз Айлы түн жүрер сенде,

Адам-Ата – Хауа-Ана сықылданып...

 

Маңғыстау уәлаяты,

Қошқар-Ата – Қолтық қонысы

1884 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы