• Білім және ғылым
  • 09 Желтоқсан, 2020

ТІЛШІНІҢ ТІРШІЛІГІ ЕРТЕҢ ҮШІН...

Бір жылдығын ойлаған бидай егеді,
Он жылдығын ойлаған ағаш егеді,
Мың жылдығын ойлаған шәкірт тәрбиелейді.

Халық даналығы

«Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін тірі тіркес тумайды». Бұл – Асқар Сүлейменовтің «Болмыспен бетпе-бет» деген кітабынан оқығаным. Осы сөздердің санама сіңісті болып қалғаны соншалық, әркез қолыма қалам ұстап, бір дүниені жазуға отырсам болды көңілдегі көрікті ойдың көркін қашырып алмауға тырысамын. Бұл заңды да ғой. Анығында, болмыстың бағасы – сөз. Ал жазудың заңы белгілі: жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді.

Сірә, ғылымға деген құштарлықтың бір ұшы ғалым болмысына ғашықтықпен ұштасып жатса керек. Бұл тұжырым негізсіз емес. Себебі сөз тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, академик Әбдуәли Қайдар қалыптастырған отандық этнолингвистикалық мектептің көрнекті өкілі, ұстазымыз Смағұлова Гүлдархан Нұрғазықызы хақында.

«Қос дәрежелі», әрі кандидат, әрі доктор, шәкірттерімнің бірі – Гүлдархан Смағұлова. «Кандидаттық» пен «докторлықты» бас-аяғы 5-6 жыл ішінде меңгеріп, екі жеп, биге шыққан өжет те алғыр қыз шәкірттерімнің бірі» деп жазған екен ана тілдің сардары Әбдуәли Қайдар. Ғылымдағы шәкірттен бүгінде ғылымдағы тұлғаға айналған Гүлдархан Нұрғазықызының ғалымдық болмысы мен еңбектерінің сырлы да нұрлы әлеміне үңілу туған тіліміздің қадірі мен қасиетін тану мен танытуға ұмтылатын әрбір жан үшін құнды болары анық.

Мен Гүлдархан Нұрғазықызының кейінгі буын шәкірттерінің сапындамын. Сондықтан болар, жаңа буын жас толқын шәкірттерінің бірі ретінде қазақ тіл білімінің өркен ­жайып, өсуіне қызмет етіп жүрген ғалым болмысы, ұстаз болмысы жайлы сөз қозғау жауапкершілігі үлкен жұмыс деп білемін.

Гүлдархан Нұрғазықызының «Фразеоло­гизм­­дер­дің варианттылығы», «Мағыналас фразеоло­гизмдердің ұлттық-мәдени аспек­тілері», «Көркем мәтін лингвистикасы», «Фразеологиялық каль­калар», «Шешендік сөздердің дискурсы», «Фразео­ло­гизмдердің семантикалық категориялары», «Қазақ фразеологиясы лингвистикалық парадигмаларда» атты ғылыми зерттеулері мен сөздіктері («Мағыналас фразеологизмдер сөздігі», «Түр-түс атауларының сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі») – қазақ тіл білімінің қазынасын байытқан еңбектер.

Абыз Әбіш Кекілбайұлының сөзі ойға оралады: «Кісілік деген – өнер емес, ғылым!». Егер кісіліктің құндылығын ізгілікті істермен өлшеп, пайымдасақ, өз шәкірттерін үлкен, кіші деп бөле-жармайтын апайымыздың ғалым ретіндегі, ұстаз ретіндегі темірқазық тұғыры кісілік келбет пен адамгершілік қалып деуге толық негіз бар.

Ұстаз өресінің кеңеюі, өресінің өсуі, өнегесінің кемелденуі шәкіттерімен тығыз байланысты. Ардақты ұстазымыздың бар шәкіртінің басын қосқан бір-ақ қағида бар. Асыл (Арыстанбек) ақынның сөзімен өрнектесек: «Адамның бәрі – тамырлас, адалдың бәрі – туысқан» деген қағида. Бүгінде бір-біріне аға мен інідей, әпке мен сіңлідей болып кеткен жандардың жанашырлығы мен сыйластығы сырт көзге тұтасып келіп, өркен жайған мәуе ағашын елестетеді. Ал сол мәуе ағашы ғалым-ұстаздың кеудесіндегі кең жүрегінің парасат бұлағынан нәр алатындай... Иә, расында солай! «Адалдың бәрі – туысқан!».

Бірде маған: «... Балам, ұмыту керек! Шығармашылық адамы, ғылым адамы, өнер адамы істеген ісін, жазған-сызған дүниелерін парақтай бермей, ұмытуы қажет. Керісінше, тек алға ұмтылғаны ләзім...» деп айтқаны бар. Айтқан сөздерінің байыбына ол кезде тереңдеп бармағаным рас. Бірақ, арада бірнеше жыл өткенде неміс ойшылы И.Фихтенің: «Ғалым бір нәрсені атқарғаннан кейін сол атқарғанын ұмытсын, оның орнына ол енді не атқару керегі жөнінде ойлансын. Кімге де болсын әрбір жасалған қадамнан соң оның қызметінің кеңістігі кеңеймесе, ол алысқа кеткен жоқ» ­деген сөздерін оқып, іштей: «Міне, сәйкестік! Неге олай деді десем!..» деп таңғалғаным есімде. Өзі айтқан сөздерді өмірлік қалыбына айналдырған ұстаз-ғалымның көңіл көкжиегі әлі де алысқа ұмтылатынын байқау, сірә, қиын емес.

2017 жылы Гүлдархан Нұрғазықызы мені алғаш рет үлкен ғалымдар ортасымен ­таныстырды. Шілденің шіліңгір ыстығында екеуміз Түркияға  аттандық. Себебі Ыстанбұл қаласындағы Айдын университетінде «Отбасы және отбасы құндылықтары» тақырыбында халықаралық симпозиум ұйымдастырылып, соған шақырту алған едік. Бұл – Ыстанбұлға алғаш баруым. Біз аралаған тарихи-мәдени орындар, жаңа таныстық, бірнеше күнге жалғасқан ғылыми отырыс, теңізге саяхат, ғалымдар ортасы, т.б. мазмұнды, мағыналы дүниелер менің дүниетаным әлеміме ерекше әсер етті. Әлемнің 25 мемлекетінен 150-ге тарта ғалым-зерттеушілер бас қосқан симпозиумдағы алғашқы әсерлерім әлі есімде: мінберге көтеріліп, өз тақырыбыммен ­баяндама жасаған күні бойымда толғану мен толқу бірдей жүріп жатты. Дегенмен, апай да, мұқият тыңдаған аудитория да өздерінің жылы лебіздерін білдірді, оған іштей қуандым. Кейіннен білдім, біз барған халықаралық симпозиумға студенттер шақырылмайды екен. Тек ғалым-зерттеушілер қатысса керек. Өйткені өзім қатарлы ешкімді байқамадым. Ал, соған қарамастан, мен үшін мәртебелі саналатын мінберден сөйлеуіме ықпал еткен Гүлдархан апайымның «Бұ беним өренжім!» деген бір ауыз сөзі еді...

Гүлдархан Нұрғазықызының үнемі қайта­лап, еске салып отыратын кеңесі: «Ғылыми ізденіс қалыбынан шықпаңдар!». Апай осыны есіме салған сайын Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының «Әдетің мінезіңе айналады, мінезің – өмірің» деген сөздері еріксіз ойыма оралады. Осы бір тағылымды ой қуаты «Тектілік: лингвофилософиялық парадигма» атты ғылыми-зерттеу еңбегімнің дүниеге келуіне әсер етті. Апай алғысөзін жазып, ­батасын берді, редакциясын басқарып, оң пікір білдірді. «Ет қызуымен» жазылса да, білім, ғылым жолындағы тұңғыш еңбегімнің тұсауын кесіп, тәй-тәй басқан қадамдарымның тілекшісі болды. Бүгінде ұстаз-ғалымның «Ғылым атты шексіз кеңістіктен өз орындарыңды табуға ынталаныңдар» деген ықыласты пейіл-ниетіне сай болуға тырысып жүрміз.

Апай – парықсыз күлкіден ада адам. Болмысы солай. Бәлкім, күлкі де адамның ой-өресінен, таным мен талғам таразысынан хабар береді... Бірде бір жиында: «Ұстазым Гүлдархан Нұрғазықызы жайлы толғанғанда кемеңгер қазақтың керемет бір кестелі сөзі ойға оралады: «Кемеліне келсе де, кемерінен аспаған» дейтін» дегенімде, апай бір рақаттана күліп алып еді. Сүйсінгендіктен бе, әлде әлі де балалығы басылмаған албырт жастың балауыз көңілінің балаңдығына ма, кім біледі?! Бірақ, анық білетінім: ол кезде бұл сөздерді аузыма Алланың өзі салды.

Өзімізге талапшыл, өзгелерге әділ болуға баулыған ұстазымыздың шәкірттерінің күнделікті тіршіліктің күйбеңінде кездесіп қалып жататын еркелік араласқан шала-пұлалығына да айтар басуы бір: «Ештеңе етпейді, әлі пісесің! Тек қайнауың біркелкі болсын! Бұл – сабақ!.. Осылай жүріп жақының мен жатыңның кім екенін салмақтайсың...». Сөз иесі сұңғыла болса, сөз де – мерген. Иә, біздің апай – сөз мергені!..

Гүлдархан апаймен жиі кездесіп, сұх­баттасып, хабар алысып тұратын шәкірт­терінің бәріне белгілі бір қызық бар. Егер апай өз әңгімесін: «Әй, бала!..» деп бастаса, онда бір нәрсенің дұрыс болмағаны, не бір нәрсені дұрыс істемегенің. Апайдың шәкірттері де сөз динамикасын тез әрі терең ұғынатын жандар ғой, бірден түсіне қояды. Қалай ұқпасын, қалай сезбесін, бәрі де «мен» деген филолог мамандар емес пе?! Міне, бұл – апайдың мінез сүйкімінің бір қыры ғана. Бірақ біздің бір білетініміз, апай салқынқанды сабыр иесі болғанымен қоса, жылы жүректің, кешірімшіл көңілдің де иесі.

«Мәселе – оза шабуда емес, мәселе – тоқтап қалмауда!» деп үйреткен ғалым-ұстаз, жоғарыда айтып өткендей, өзіне талапшыл, өзгелерге әділ жан. Сондықтан болар, осы жылдар ішінде Гүлдархан Нұрғазықызы, Қабдоловша айтқанда, «мамандығы мен адамдығының арасында кереғарлығы жоқ» кадрларды дайындауға күш салды. Әлі де осы жолда талмай тер төгіп келеді. Егемен еліміздің түкпір-түкпірінде Гүлдархан Смағұлованың мектебінен түлеп ұшқан түлектердің, сол шекпеннен шыққан шәкірттердің руханият пен мәдениет, білім мен ғылым саласындағы жемісті еңбектері мен жеңісті жетістіктері – мұның анық айғағы, айқын дәлелі.

 Бекет ӨТЕГЕН,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың магистранты

 

2347 рет

көрсетілді

25

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы