- Руханият
- 09 Желтоқсан, 2020
ЕГЕМЕН БОЛДЫҚ, ЕЛ БОЛДЫҚ

Бірде Жезқазғанда тоқсаныншы жылдардың ішінде Алаштың ардақты перзенті Сәкен Сейфуллиннің жүз жылдық мерейтойы өтті. Соған қатысқан халқымыздың қайсар ұлы Қасым Қайсенов жиналған қауымның жарқын жүзін көріп: «Бұл – тойдың басы. Еліміз үшін жақсы күндердің бәрі алда» деп еді.
Қаскеңнің бұл сөзінен нені аңғаруға болатын еді? Ол сөздің ар жағында: «Айналайындар, талай ғасыр аңсап, тағатсыздана күткен Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Бұл тілмен айтып жеткізгісіз керемет қуаныш. Халқымыз бұдан былай алаңсыз, өз қалауынша, шат-шадман өмір сүретін болады. Бақыт дегеніміз, міне, осы!» деген жүрек лүпілі байқалып тұрған.
Бар асылымыз, ардақтымыз дейтін Тәуелсіздігімізге биыл – 29 жыл. Азуын айға білеген, дербестіктің жалауын әлдеқашан желбіреткен көкжал мемлекеттерге қарағанда бұл көп мерзім де емес. Бірақ соған қарамастан атқарылған жұмыс жетерлік. Әрине, «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз да болған шығар. Алайда оған таңдануға болмас. Үш жарым ғасырға жуық бодандықтың күйін кештік. Қазақстанда тұрып, «Мен қазақпын!» деп кеуде керіп айтудың өзі мүмкін болмады. 1986 жылы желтоқсанда жастар алаңға шығып, өз ойларын бейбіт түрде білдіріп еді, тұтас халық сол мезетте-ақ «қазақ ұлтшылдығы» деген атты арқалап шыға келді. Республикамыздың тірлігі сырттан да, іштен де қатаң қадағаланып, бақыланды. Шындығын айтқанда, ұлт, жұрт болып жойылуға аз-ақ қалдық.
Осындай жағдайда жеке ел болып түтін түтету қайбір жеңіл тиетін еді. Тәжірибе аз. Есесіне үйренеріміз көп болды. Мұндайда бәрі де ойдағыдай болып кете алмайтыны анық.
Тәуелсіздікті алу бар да, оны баянды ету бар. Екіншісінің де салмағы зіл батпан. Осының растығына өткен жиырма тоғыз жылда көзіміз анық жетті. Ел, ұлт болып қалыптасу оңай емес екен. Бір ғана қазақ тілі мәселесін алайықшы. Заң жүзінде мемлекеттік мәртебеге ие тіліміз әлі күнге өзіміз кезінде «ұлы» халық деп баға берген халықтың тілінің тасасында қалып келеді. Ал тілдің ұлт үшін қандай орны бар екені көкірегінде сәулесі бар жанның қай-қайсысына да түсінікті болуы тиіс. Тіл болмаса ұлтпын, елмін деу жай нәрсе. Бірақ осыны қандастарымыздың едәуір бөлігі терең сезінбейтіндей. Біреулер билікті кінәлайды. Жақсы, олардың да кінәсы бар делік. Солай-ақ болсын. Бірақ қазақ тілі қазақтың өзіне керек емес пе? Неге біз өзіміз қазақша сөйлемейміз? Әлде төбемізде: «Қазақша сөйлеуге болмайды. Онда күнәһар боласың» деп қаһарын төгіп тұрған біреу бар ма? Олай деп тұрған ешкім жоқ.
Сөзіміздің түйінін айтқанда, тіл бірлігі болмай, ұлт бірлігі болуы мүмкін емес. Ұлт бірлігі болмаса әрбір халықтың басты байлығы саналатын Тәуелсіздікке оңбай нұқсан келетіні белгілі жай. Құдайым, одан сақтасын дейік.
Тіл дегеніміз ел көңіл бөлер іргелі істердің бірі ғана. Мемлекет болғаннан кейін жүзеге асырылар шаруа аз болмайды. Оны саусақпен санап шығу да мүмкін емес. Демек, алдымызда қыруар іс тұр. Соған үлес қосу қазақпын, қазақстандықпын дейтін әрбір отандасымыздың абзал борышы.
Мемлекеттің міндеті – әр азаматының бойына өз еліне, өз Отанына деген мақтаныш сезімін ұялату. Бұл ретте мемлекеттік қызметшіге жүктелер жауапкершілік орасан. Ең алдымен елге, ұлтқа берілгендіктің, адалдықтың, жұртына пайдалы іс-қимылдың үлгісін солар көрсетуі тиіс.
Егемен болмай, ел болмас дейміз. Бүгінде егеменбіз, елміз. Төрт құбыламыз түгел. Ендігі мақсат Тәуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында белсенеді әрекет ету, сөйтіп, біз де жер бетіндегі ешбір елден кем емес екенімізді төрткүл әлемге паш ету.
Тәуелсіздігіміздің ғұмыры мәңгілік болсын!
Нұрперзент Домбай
«Ana tili»

1876 рет
көрсетілді1
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *
Secret meetings and single girls are waiting for you. Answer me here: https://datinghome.page.link/free?h=0412d2fdc48596b79d6c9f39f037a1d5&
10 Желтоқсан, 2020Secret meetings and single girls are waiting for you. Answer me here: https://datinghome.page.link/free?h=0412d2fdc48596b79d6c9f39f037a1d5&