• Руханият
  • 21 Желтоқсан, 2020

БАҚ өкілдері бас қосты

Жер таппан жерде жетер Жетісуым:

Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,

Асқардың аспан сүйген сілекейін,

Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын, – деп қазақ өлеңінің ірі шеберлерінің бірі Ілияс Жансүгіров жырлағандай, Жетісудың төрінде І республикалық баспасөз саммиті өтті.

Жетісу өңірінде алғаш рет өткізілген БАҚ өкілдері арасындағы іс-шараға еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар аймағынан облыс әкімдігінің баспасөз хатшылары мен журналистер, СММ мамандары арнайы келді. Өзара тәжірибе алмасып, PR саласында қолданыста жүрген озық тәсілдерімен бөлісуді мақсат тұтқан саммит жұмысы үш күнге созылды. Қатысушылар Жамбыл Жабаев пен Нұрғиса Тілендиевтің жатқан жеріне құран бағыштап, жыр алыбының әдеби-мемориалды музейімен танысты. Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Салтанат Тезекбайқызы қонақтарды жылы қарсы алып, жан-жақты, толық мағлұмат берді. Іс-шараға қатысушылар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының, Батыр бабаларға тағзым мемориалдық кешенінің, «Үшқоңыр» спорт мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен және «Тексан Қазақстан Инвест» зауытын аралап, отандық өнім өндіретін зауыттың жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударып, Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілген еді.

«Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі осы жұмыстың нәтижесі деп айтуға толық негіз бар. Мектепті кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп ашқан.  Балаға қамқорлық – ел ертеңіне қамқорлық. Демек, бұл мектепті ауыл балаларына жасалған қамқорлық деп бағалауға болады. Спорттың 18 түрі қамтылған. Жаттықтырушылардың арасында тәжірибелі қазақ қыздары да бар. Күрес залы, бокс залы, бассейн және т.б. ауыл баласының шымыр болып өсуіне өз әсерін тигізері анық. Тағы бір айта кететін маңызды тұсы, спорт мектебі тегін жұмыс істейді, кез келген уақытта балалар мен жасөспірімдер өзі қалаған спорт түріне жазылып, жаттыға алады. Мектеп директорының айтуынша, қазіргі уақытта 1800 оқушы қатысып жүр.

Іс-шара барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Алпысбаев,  Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Қалымбайұлы, Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжазира Жалғасова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Баспасөз қызметінің қызметкері Шамкен Байырбек, Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Баян Әлтай, «Жетісу медиа» КММ басшысы Жанна Арынбекова және т.б. сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті. Ақпараттық сауаттылықтың маңыздылығы, сапалы континент ұсыну жайы сөз болды.

«Жетісу медиа» КММ бөлім басшысы Айман Асыл «негізгі мақсат – еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптестерімізге облысты кеңінен таныстырып, ақпараттық тұрғыда насихаттау» дей келе, келешекте бұл басқосу дәстүрлі түрде өтетінін тілге тиек етті. 

Бағдагүл Балаубаева

 Алматы облысы

 

2509 рет

көрсетілді

127

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы