• Руханият
  • 24 Желтоқсан, 2020

АҚЫН АҚИҚАТЫ

Дос туралы, сөзбен айтып жеткізу оңайырақ болар, бәлкім, ал жазу шын мәнінде қиямет-қайым шаруа екен... Мұны бастан кешкесін айтып отырмын, ең ауыры – іштегі қайнап жатқан ой-пікіріңнің сыртқа ағылып шыға алмай іркілуі емес, өмірден ерте кетіп қалған ДОС тағдырының күйзелісін бүгінгі күнмен үйлестіре айтуда.
Мен өз басым Нұрлан Мәукенұлын қаламы төселген, ақындар арасында (жас та болса) өзіне тән лирикалық сазға тұнған өлеңдерімен танылған тұлға ретінде көрдім. Көргенім рас, қатар жүргенім, тіпті бір партада (сол кезде стол болатын) қатар отырдым да. Бұл Нұрланның ҚазГУ-ден кейінгі, екінші жоғары білім алатын (Алматы жоғары партия мектебі), кезеңіндегі уақыт еді.
Аты айтып тұрғандай, оның жүзінен нұр төгіліп тұратын, айналасына әлдебір жылы шуағын шашып жүретін. Біз қазір жақсы сөздер айтудан жаңыла бастаған сияқтымыз. Ал, мен дәл осы естелігімде сол сөздерді ірікпеуге бел байладым.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген дана бабаларымыздың тілеуін де ұмыттық па әлде? Айту керек, айтамын да!

Лекция оқып жатса да, семинар сабақта отырғанда да Нұрлан өзіне қажет дәрістерді тыңдап болғасын немесе оқытушы қойған сұрақтарға жауабын беріп болғасын, тіпті кейде соның бәрін ұмытып кеткендей... ойлы күйге ­шоматын. Қаламы қолынан түспеуші еді. Әрине, ақын жанын түсіну оңай емес. Бұл кезде ол, әлбетте, өлең жазып отырады, өмірді түйдектетіп әр қырынан түйреп жатады, әлдебір жүрек түкпіріндегі тағдыр тәлкектерін суреттеп жатады.

Оның бәрін артынан түсіндік қой. Ал сол кездердегі оның жүзін көрсең...

Жаңа да айтып кеттім ғой: жүректен шыққан сөздің ақын айтпай-ақ, жазып отырған сәтінің өзінде шуағын шашып тұратынын көрдім мен сонда.

Сенесіз бе?..

Жүректен шығар сөз, жарияланбай тұрып та шуақ шашады екен! Нұрланның осындай құдіреті бар еді!

Нағыз ақынның энергетикасы аса қуатты деген пікір, сірә, бекер айтылып жүрген жоқ. Бұл – соның жарқын айғағы.

Жақсы адамның бойындағы жақсы қуаты жақсыларға дарып жатса, қуанасың, әрине. Ал таза ақын үшін адам баласының бәрі – жақсы. Нұрлан солай деп есептейтін. Оның бір адамға сен ондайсың, сен бұндайсың деп, кейіп жатқанын көрмеппін әсте.

Отбасында да сондай болды-ау.

Нұрлан туралы жора-жолдастары, құрбы-құрдастары, бауырлары, ақын-жазушы қаламдастары талай жазды, естеліктерімен бөлісті. Солардың біреуінен мен нағыз АЗАМАТТЫҢ жағымсыз қылығы туралы естімеппін, оқымадым да.

Бұл-дағы оның феномен ТҰЛҒА екенінің айғағы болса керек.

Ол – саяқ жүргендей көрінгенімен, өз ойларымен, өзі жазған өлеңдеріндегі ортада оңаша жүргендей болса да – өмірге ҒАШЫҚ еді. Сол ғашықтығы да оның тағдыры басқадай емес, дәл солай қалыптасып, нақ осылай өрбуіне себеп болса керек!

Қытай халқы даналығына желініп жүрген: «Өтпелі дәуір кезеңін бастан кешуге жазсын!» деген бір жағы базына, екінші жағынан қарғыс ретінде естілетін сөздер аясында не жатқанын біреу білсе, біздер-ақ білерміз.

Сол аумалы-төкпелі, бір формациядан екінші дәуірге – оның ішінде капитал билеген заманға – ауысу: қа­рапайым көпшілікті ақша табудың қамына жексе, енді біреулерді ұрымтал тұста бос қалмаудың айла-шарғысына ұмтылдырды. Басқаша айтқанда, білім­ділер мен біліктілерді қажет етпейтін қоғамдық қатынастар орнады: ептілерге еріп, ­карьера қуу сайраны басталды.

Көз алдымызда құбылып жатқан адами қарым-қатынастың дарақы көріністері талай тағдырды тәлкекке салып, талайдың өмірін түбірімен өзгертті.

Ақын жаны бұған қайдан төзсін, қарап қалған жоқ Нұрлан, әрине! Жүрек түбіндегі күйзелісін, өмірдің түйткілдерін түйдектетіп өлеңмен өрді. Соның бәріне таза жүрек, ақ тілекті Нұрлан ақынның шыдас беруі оңай емес еді.

Осылардың бәрі де нәзік жүрегін Нұрланның тілім-тілім етті-ау, қайран тағдыр-ай!

Мен оны өмірден озар алдында сәл ғана бұрын «Ақ жол» партиясының кезекті бір шарасы аясында кездестірдім. Менің есімдегі бұрынғы Нұрланымдай емес, шаршаңқы көрінді түрі оның.

Ештеңеге мойымайтын, нағыз батыр бабаларымыздай мығым денелі, жарқын жанарлы Нұрлан бәрібір менің есімде сол күйінде сақталып қалады! Аз-кем шүйіркелескеннен кейін шараға келген журналистерді тіркеп, төрге шақырып, қызу жұмысына кірісіп кете барды...

Ал «өмірден озды» деген қазалы хабарды естігенде, төбеден жай түскені бер жағы екен, аспан айналып жерге түскендей күй кешіп едік бәріміз сонда. Аяулы жары Гүлмираға, артында қалған ұл-қыздарына көңіл айтуға барғанда да, ұйқы мен түс көргендей жағдайда болдым өзім.

«Орнында бар – оңалар» дейді халық даналығы. Әрине, ең алдымен, Гүлмираға, Нұрланжанның бауырларына мың да бір алғыс: ұл да, қыздар да өсті, жетілді, оқыды және тәп-тәуір білім алды. Өмірден өз орындарын тапты.

Бірақ өз орның, Нұрлан, ойсырап білініп тұр-ау бос қалғаны. Өзегімізді өртейтіні де осы.

Биыл тағы бір қайғылы жайт жанды ауыртты. Соңыңнан ерген тұяғың – ­Наздан ұлың кенет көз жұмған хабарын естіп, қатты күйзелдік. Ұлың нағыз адам сүйер, өзің сияқты үлкен жүректі азамат болып жетілген шағында өмірден өтті. Бірақ сол азғантай ғұмырында адал ұлдың бірталай жанға жанашыр болып, көптеген жастарды Алланың ақ жолына түсіріп, талайдың сауабын алған – нағыз қари-ұстаз болғанын естіп риза болдық! Алла осындай жандарға – Назданыңа да, өзіңе де – екі дүниеде де оң көзімен қарайды деп жатады ғой, әрдайым жар болсын!

Биылғы жылдың 25 желтоқсанында сен де 60-қа келіп, төрімізді толтырып отырар едің-ау!

Өзіңді жиі еске алып тұрамыз, Нұрлан! Партия мектебінде бірге оқыған жігіттер мен қыздар еліміздің қиыр шеттерінде ­(Болат – Ақтауда, Света – Атырауда, жерлесің Бейбіткүл мен көбімізге «Айгөлек» есімімен жақын Айгүл – Алматыда, тағы бір жарқын қызымыз Жанна тіпті Түркия асып кеткен, Жолтай және мен астанамызда – бұл тек бірсыпырасы ғана, қазір шет мемлекетке айналған Қырғызстандағы – Маматәзім мен Мақсұтбек) жүріп жатырмыз. Біздің қатарластарымыз 60-тан асып жығылып, зейнеткерлікке шығып та үлгердік, ал қазіргі мемлекеттік тұрғыда онша жайлы емес талаптарға сай сен қатарлы жігіттер мен қыздарға зейнет жасы сәл ұзарыңқырап кеткен жайымыз бар. Соның бәрін көрмей-ақ қойғаның да дұрыс болды-ау деп қоям.

...Мәссаған, міне, керек болса: сенің өзіңмен ауызекі сөйлесіп отырмын ғой, кешегідей алдымызда шауып жүрген кезіміздей, Нұреке, бауырым! Бұл және ұлы Абай атамыз:

«Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыяма айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?»  деп жырлағандай ұлағатты шындықтың да ақиқаты. Сені біз – достарың да, қатарлас әріптестерің, ешқашан да өмірден өтті деп санамаймыз, көптеген замандастарың да осыны айтады.

Бұдан қала берді өзіңнің былай деп жазғаның да бар:

«Қайран өлең,

Сен тұрғанда мен осы қайдан өлем?

Өлеңім-ай,

Өлмейтін өлеңім-ай,

Ермей қалған Абайдай еменім-ай!».

Жоқ, сен өмірден өткен жоқсың, сен біздің арамыздасың, өлеңіңмен бірдей бізбен бірге ғұмыр сүріп жатырсың, нұрлы дос, жырлы дос, Нұрлан! Өз басым солай санаймын, соған кәміл сенемін де.

Жан жарың Гүлмира қарындасымызға, қыздарымызға, арттарыңнан ерген неме­релеріңе ұзақ ғұмыр тілеймін! Олар өзіңмен мақтанады, сені әрдайым естерінде сақтап, ардақ тұтады.

Осыдан 30 жыл бұрын бірге жүрген кезіміздегідей, сенің жадыраған жарқын нұрың шалқи берсін, Нұрлан дос!

 Исатай Қамбаров

 

 

1982 рет

көрсетілді

63

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы