• Мәдениет
  • 24 Желтоқсан, 2020

ӨНЕР ӨЛКЕСІНДЕГІ САЛТАНАТ

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова Президент жарлығы бойынша мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбегі сіңген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлесін қосқан бірқатар мәдениет саласы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етті. Биылғы ­салтанатты рәсім терең тарихы бар білім ордасы, талай өнер саңлағына тәлім берген қара шаңырақ Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өтті.

Алғы сөзінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы қазақ халқын Тәуелсіздік күнімен құт­тықтап өтті. «Алыптарымыз айт­қандай, ғылым мен мәдениет – барлық  дүниенің алтын алқасы. ­Ендеше жа­құттай жарқыратып, қазақ өнерін өрге, мұрасын төрге сүйреген еңбек­теріңіз жемісті болсын» деп тілегін жеткізді.

Шара бірқатар мәдениет ұйым­дарына  «Ұлттық» мәртебе берілумен басталды. Атап айтсақ, М.Әуезов атындағы драма театрына, ­Құрманға­зы атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық халық аспаптар оркестріне, Абай атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық опера және балет ­театрына, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне аталған мәртебе берілді. «Әкем театрға «Ұлттық» мәртебе берілуі бүкіл ­театр сүйер қауым үшін қуанышты ­хабар ­болды. Саңлақтарымыз Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильміне жарты ғасыр толуымен ­арнайы құттықталып жатыр. Міне, осындай  салтанатты жиын Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп отырғанымен де мән-маңызы арта түскен секілді» дейді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры Еркін Тілеуқұлұлы.

Салтанатты жиында  «Қыз Жібек» көркем фильмінің экранға шыққанына 50 жыл толғанына орай КСРО ха­лық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері А.Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі М.Өтекешева және Қа­зақ­­тың тұңғыш дыбыс режиссері, кине­ма­тография ардагері Қ.Қосай ҚР Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолданған құттықтау хатын алды.

«Еңбектері еленіп, марапат алған­дарды осы жетістіктерімен құттық­таймын. Шарамыз Тәуелсіздік күнімен қатар келіп отыр. Тәуелсіздік – Алаш арман еткен, бүгінгі ұрпақтың бағына бұйырған, асыл қазына. Еліміз осы биігін ғана місе тұтып қоймауы керек. Әрдайым ілгері дамуға ұмтылуымыз шарт. Соның ішінде, руханиятымыз түгесілмеуі үшін мәдениет саласына ден қойылуы керек-ақ» деп тілегін жеткізді КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов.

Осылайша, қазақтың Бекежаны мен Қыз Жібегіне құрмет көрсетілді. Айта өтейік,  биыл «Атаманның ақыры» фильміне де жарты ғасыр толып отыр. Таспа тарихымыздан ойып тұрып орын алатын, теңдессіз олжа – «Атаманның ақырында» Асанәлі Әшімов талайды таңдандырған талантымен Қасымхан Шадияровтың рөлін сомдап шыққан.

Марапат алғандардың қатарында Шәкен Аймановтың әйгілі фильміндегі актер, «Тақиялы періште» де болды. Президент жарлығы бойынша ­министр А.Рахметоллақызы Әлімғазы ­Райымбековке «Құрмет» орденін тақты. «Тәуелсіздігіміз баянды болсын. Расында, егемендік алғаннан соң көп нәрсе өзгерді. Қанатымызды кең сермеп, кеудемізді кере тыныс алатын болдық. Бәрінен де жас ұрпақ үшін қуанамын. Балаларымыз үшін Тәуелсіздіктің сыйға тартқан мүмкіндігі мол» дей келе, Ә.Райымбеков Тәуелсіздік күніне орай ақсақалдық тілегі мен батасын берді.

Осы жиында мәдениет пен спорт салаларының өкілдері  Қазақстан ­Республикасы Президентінің  жарлығымен «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендері және «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен қатар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталып отыр.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі атынан да «Мәдениет саласының үздігі», Құрмет грамотасымен және Алғыс хат, Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін деген сынды марапаттар берілді.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұлтымыздың ұлық мерекесі жылдың аяқталар шағымен қатар келетіндіктен 2020 жылдағы атқарылған жұмыстармен де көпшілікті таныстырып өтті. ­«Жасыратыны жоқ осы жылы күллі әлем болып аты жаман індетпен жұмыла күрескен қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмыз» деп пандемияның әсері жайлы тоқталды. Алайда мәдениет және спорт саласы өкілдерінің осы тұста үлкен ерлік көрсетіп, мойымай өз жұмыстарын атқара алғандарын айтып, алғысын жеткізді. «Күнделікті өмір салтымызды өзгертіп, оқшауланған шақта мәдениет, өнер, спорт майталмандары халыққа қолдау көрсетумен болды. Сала қайраткерлері елдің еңсесін түсірмей онлайн форматта концерт, түрлі іс-шаралар өткізді. Театрлар онлайн форматта қойылым, музейлер виртуалды экскурсиялар, спортшылар  үй жаттығуларын көрсетті» деді ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова.

Сондай-ақ академиямыздың он бірдей қызметкері министр Ақтоты Рахметтолақызының қолынан мемлекеттік награда алды. Атап айтсақ, «Құрмет» орденімен академияның оқу және оқу әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Шәріпбек Әмірбеков; ҚР Құрмет грамотасымен академия  доценті Иоаннис ­Кайсиди; Мәдениет саласын жетілдіруге белсене қатысқаны үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін сахна тілі кафедрасының доценті Айгүл ­Наремгенова; көркемсурет кафедрасының доценті Ербол Қайранов; Экрандық өнер режиссурасы кафедрасының аға оқытушысы Мұрат Бекқожин; өнер саласындағы білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс ­хатымен ­актер шеберлігі және ­режиссура кафедрасының аға оқытушысы Талғат Қубеков; ­актер шеберлігі және ­режиссура кафедрасының доценті Минура ­Масалимова; сценография кафедрасының аға оқытушысы ­Майра Наймантаева; бейнелеу өнерінің ­тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры Ольга Батурина; кино тарихы мен теориясы кафедрасының доценті Баубек Нөгербек ­марапатталды.

Неля Рушанова,

Т.Жүргенов атындағы

ҚазҰӨА баспасөз қызметінің жетекшісі

1992 рет

көрсетілді

35

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы