• Әдебиет
  • 24 Желтоқсан, 2020

СӨЗ ДЕГЕН – БІЗДЕГІ ЖАРЫҚ ОЙ

Сағыныш НАМАЗШАМОВА

 

ҚОЛШАТЫР

Жаңбырда да бір жасын бар,

Жанның оты өше ме?!

Жауын жауса қолшатырлар

қыдырады көшеде.

 

Ауыр тұман ауада кіл,

Қорғанышы санаған.

бұлт қондырып бара жатыр

төбесіне әр адам.

 

Қолшатырлар даңғылменен

дөңгелейді жер үсті.

Кеңістіктің жаңбыр деген

жан қабаты ең ішкі.

 

Содан екен жүрегіммен

табатыны үйлесім.

Қолшатырды қалдыршы үйге,

Тамшы біткен билесін!

 

Топырақты сүйсін жауын,

Құшағында ерісін.

Мені қойшы... жаңбыр дәйім

жаусын Қара жер үшін!

 

ТЕРЕЗЕДЕН ТЫСҚА КӨЗ САЛҒАНДА

 

Терезе ашық. Жып-жылы леп кіреді.

Таныс та бейтаныс шу естіледі.

Көшеде көлік біткен гүжілдейді,

Сол дауыс іңір түспей үзілмейді.

Фонтанда бала-шаға салып асыр,

Сонда сен балалықты сағынасың.

Бір бала бара жатыр жылап тағы,

Бірақ оны шешесі жұбатпады.

Сорып алып шылымын әнеу жігіт

жасырады, қоярдай әлем біліп.

Өшіреді сонан соң шоғын жаншып,

Ал мен шоқтың естимін соңғы даусын.

Қызметкер ме тұрған ол алып тыным,

Ауық-ауық түзейді галстугын.

Екі жас сезімдерін жалаңаштап,

Көрген жан көз-көңілін ала қашпақ.

Ғашықтық оңашаға жүгіретін,

Сонда еді оның барлық құдіреті...

Ағыл-тегіл адамдар сабылысып,

Жүгіреді бір жаққа алып-ұшып,

Қайда бәрі асықты, Өмірге ме?

Онда бару керек қой көңілдене?!

Естіледі құстардың үзік әні,

Адам неге құстарға қызығады?!

Жиі-жиі қояды шықылықтап,

Шамаң келсе, құс үнін түсініп бақ.

Мойнын созса мен жаққа емен, терек,

Келер біреу оған да көлеңкелеп.

Сүйеніш қой орындықтың арқалығы,

Ал біз көзге ілмейміз жорта мұны.

Біреу тізе бүгеді тыным алып,

Біреу ақыл айтады тұрып алып.

Елітпей емен есік, емен еден,

Көз салып қояйықшы терезеден.

* * *

Күз дегенің – қимастықпен

қуған жазғы елесіңді,

Бірте-бірте оты сөніп

бара жатқан дене сынды.

 

Неге адамға бір-бірінің

азабы жат, құса бөтен?!

Құстар болса кетерінде

топтанып ап ұшады екен.

 

Қоштасуға сол құстардың

жатпаса да үні жетіп,

Көк жүзінде би билейді

қанаттарын дірілдетіп.

 

Көктем, жаз да өте шықты,

Қалай-қалай жылдам бәрі?!

Күзден хабар беріп жатыр

Күн қабағы сұрланғаны.

 

Күз де бізге жаңа келген

қарашадан өте барып,

Жиі-жиі жауа берген

жаңбырменен кетер ағып.

* * *

Өзеннің, аңғардың ба,

Еңіске ағатынын,

Еңселі таулардың да

Етегі болатынын,

Жұлдыз да көппіз дейтін

Жалқы боп құлайтынын,

Асқақтап жеткізбейтін

Аспанның жылайтынын.

 

Мұхит та ала жаздай,

Мұз құрсап, тұншығарын,

Сағыныш сары аяздай

Жаныңды шымшыларын.

 

Жүрек те емделгенде

Мейірім аңсайтынын,

Кешіре бергеннен де

Көңілдің шаршайтынын,

Білсең ғой!

* * *

Күн күркіреді.

Күркірі кеп Көктемді түртіп еді,

Ол оянды.

Оянып, нұр тіледі.

Соны сезіп аспан да сіркіреді.

 

Күн күркіреді.

Қошқыл тартып барады бұлт реңі.

Дүркіреген дауысты естімесе,

Оянбауы Көктемнің мүмкін еді.

 

Күн күркіреді.

Кіреді енді дүниенің, шіркін, өңі!

Дала-перзент жайраңдап жүруі үшін

Аспан-Ана бір ауық күрсінеді…

* * *

Талып жетті тау әні,

Мүлгіп жатыр күзгі бақ.

Құстар кетті ауаны,

қанатымен сызғылап.

 

Кеткен құстың соңынан

қарамаймын мұңайып.

Тастап кете бергендер

сағынбауға лайық.

 

Басқа жақтан іздеген

мұнда да бар ауа, су.

Жетпейтіні бізге тек –

жақыныңмен санасу.

 

«Мықты болсаң жаңадан

қайта түлеп бүрлеп көр».

Сөйлеп жатты ауада

қалып қойған суреттер...

 * * *

Сендегі сұйық қылық,

Сендегі қиял қасаң,

Құдайды сүйіп тұрып,

Адамды сүйе алмасаң.

 

Тәңірдің сүюінде

болмайды тәсіл-айла?!

Өзінің биігінде

Сүйеді Ол осылай да!

 

Алалық тұрады ылғи

Адамның есебінде,

Аһ ұрып құлазиды ол

Аспанға көшерінде.

 

Құмның да құнын білмес

Сүйсінер тауға қарап.

Жалғанда сүріндірмес,

Жаныңа жалға қанат.

 

Уақытты тесіп өтіп

шығатын шексіздікке

Махаббат – ессіздік пе?!

* * *

Сөз деген – біздегі Жарық Ой,

Қағазға шашылған уыстап,

Әріптер жай ғана тәні ғой,

Ал жаны тұрады тыныстап,

Тыныстап, тербеліп, дірілдеп,

Сезінсең алапат қуатын.

О, неткен бітпейтін Құдірет

Жабылып жазса да мың ақын.

 

Кей-кейде тілдің де күші кем,

Маңайды тыныштық әрлесін,

Сол сәтте үнсіздік ішінен

Сеземін сөздердің сәулесін.

* * *

Өмір жайлы сөздің бәрі көкезу,

Өмір деген айтылмайды себебі,

Бар болғаны бұл өмірдің дерегі –

Қара Жерде қас-қағым сәт бөгелу.

 

Ол ешқашан қайталанбас сөзбе-сөз,

Оның дәмі өз аузыңда өзгеше,

Оның демі өз кеудеңде өзгеше,

Өз жолымен өзі жүріп көрмесе,

Оның несі өмір бопты ендеше.

 

Пайдасы да шамалы екен Ақылдың

Менің мұңым... жасыл мұң.

Оның аты Еркіндік,

Ал өзіңнің атың кім?

 

Ешкімге де, ештеңеге байланбай,

Ешкімге де, ештеңеге қарманбай,

Ешкімге де, ештеңеге таңғалмай

Өмір сүрген адам қандай Аймаңдай?!

* * *

Тұтасып тұрған тыстағы

тұманға көмілгеніңде,

Булыққан буды құш-тағы,

Күрсінген менің демім де.

 

Жүгіріп жетіп, жел сенің

жағаңды сипап ойнаса,

Жел де бір менің бөлшегім,

Жеткізбейтіні болмаса.

 

Сағынып жүрген шағыңда,

Далаға шықсаң асығып,

Ақ бұлттан түскен ақ ұлпа

алдыңда жатар шашылып.

 

Келесің кешіп теңізді,

Аяғың асты ақ көбік.

Жібіген тастар тəрізді

көзімнің жасы жатты еріп...

* * *

Бауырына басқанда түн даланы,

Бұлың бұлт та тыншиды мұржадағы.

Төсек дейтін табытқа таңып қойып,

Құдай менің жанымды күнде алады.

 

Тәнімді тастап шығып түс көремін,

Жанымды тордан шыққан құс көремін.

Түс – менің алқынбайтын сапарларым,

Түс – менің таусылмайтын ішкі өлеңім.

 

Ажал ажал бола ма айтып келген,

(Нем артық қырда жатқан айшықты елден)

Жан, сенің құдіретіңді ұқсам етті

Құдай алып, қайтадан қайтып берген.

* * *

Қайығымды қойса дағы алтындап,

Су үстінде тұрам ылғи қалтылдап.

Өзгелерге қалай, не деп жүгінем,

Өз көлеңкем ұстатпайды ол тұрмақ.

Күнде солай – киім кием, ас ішіп,

Ал кім көре алар дейсің Бас ішін?!

Жасыса сол, көңіл үнсіз жасысын.

Тасыса сол, көңіл үнсіз тасысын.

Онда бөлек ауаның да қысымы,

Онда ерек естіледі құс үні.

Сен жанымен тұра аласың тілдесіп,

Сөйлегенде адамдардың мүсіні.

Мендегі әлем – көрінбейтін бір әлем,

Онда да бар биік жота, құба бел.

Сол әлемнің бар асылын сіңір де,

Сәт туғанда бір жарқ етіп шыға кел!

1516 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы