• Әдебиет
  • 24 Желтоқсан, 2020

ҚОҢЫР АУЫЛ ЖҰЛДЫЗ ТАМҒАН АСПАНЫ...

Қарагөз Сімәділ
«Ana tili»

Әр адамның жүрегін аялаған бір әні кеудесінде жүреді десек, өлеңге қатысты да солай айтуға болатын шығар. Айналасын тани бастаған шағынан көз алдынан өтіп жатқан өмір-керуеннің таңғажайып тізбегі шын ақынның жүрегіне өлең болып шүпілдеп толары анық. Ол өлең қағазға құйылғанда өмір суретін салып, өткенге жан бітіретіні де бар. Міне, сонау балалық шағынан бүгінгі күнге жетелейтін жыр көшін өлең-керуенге жетектеткен шығарма – белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғы­ның иегері Әділғазы Қайырбековтің «Ғұмырдария» деп аталатын балладалар кітабы дер едік. «Балалық шақ балладалары» және «Базарлы шақ балладалары» деп аталатын екі бөлімнен құралған кітап оқиғалы өлеңдер арқылы талай уақыттың тамырын басқызады, жүрек қағысын тыңдатады.

Сұлутал құшағынан суырылып шыққан он үш жасар баланың ақ қанатты лайнерге отырып ақ түндер қаласына аттанған сәттегі көңіл күйі күнделік бетіне ақтарылыпты.

Одан әрі...

Одан әрі әлемдегі ең ыстық нүкте – «Қоңыр ауыл, бүйірдегі бөлімшенің» айналасындағы қоңыр тіршілігін кешкен адамдардың бәрі өзіңе етене таныс, ерекше жақын жандардай, ондағы әрбір оқиға да жат еместей, бірден бауырына тарта жөнеледі. Суыққа тоңып, бір құшақ шөпке жылынып келе жатқан баланы үлкендердің «кішісініп» жүрегін тоңдырғаны... Шетен тоқыған оның қуанышы... Жардан құлап, жанұшыра өмір-талға қарманған баланы құтқарып қалған Құнан ағасы... Балапанын жоғалтқан қоңыр қаздың үйректің балапанын бауырына басқаны... Сықырлаған қара балдағына сүйеніп келе жатқан Айдабол қария... Бәрі-бәрі тұтас ауыл суретін, өмір суретін сызады. «Қоңыр ауыл, балалық шақ өткен жердің» қызығы мен шыжығын сипаттайды. Ондағы адамдардың, табиғаттың бәрі біздің жанға жақын, аяулы. Себебі ондай сурет кім-кімнің де естелігінде бар. Тек ол естелік біреудің жүрегінен сурет болып, екіншісінен өлең болып, басқа біреуден ән болып төгілетінінде ғана айырмашылық бар шығар...

Күйші, домбырашы Мәткәрім Есенғұлов ­туралы балладасында күллі елдің аңсарын басып күй шерткен, Шығыс күйлерін көп зерттеген, алайда «соңында не шәкірті, не ізін жалғар бір ұлы қалмаған» Мәткәрім күйшінің күйге деген іңкәрлігін, совхозда сүт тасушы болып жүріп саусағынан айырылған, сөйтіп өле-өлгенше күйді аңсап өткен өнерпаздың ауыр тағдырын жазады:

Өнер, шіркін, өмірмен де өлшенер,

Тосын бейнет, мехнатты ол шегер...

Төрт саусағын темір бөшке жаныштап,

Молақ болып қалған екен сол шебер!..

 

Өнер шері домбырасын өтті аңсап,

Мәткәрім деп жыр толғасам көп тамсап:

Көз алдыма келер қанға боялып,

Топырақта тулап жатқан төрт саусақ!

 

Пырақ өнер жалынан бір ұстатып,

Түн ұйқысын қашырды ол түс қатып...

«Бізге жеткен жалғыз күйін жаңғыртып,

Тартып жүрмін!» – дейді Біләл Ысқақов.

 

Өнерпаздың өзегінде күйді арман,

Өмірінде тек иманға иланған,

Мәткәрімнің аңсарындай мәңгілік

«Әсем толғау» деп аталған күй қалған!..

Иә, «Қоңыр ауыл шилі өзені іргеде»... Бұл ауылдан ақын арманына қол созады... Тайымен құнан жарысқа қатысқан қара бала үй өртеніп, белесебеді қоса өртеніп кеткенін естігенде бала көңілмен егіледі, әжесінің көзі – қара кебеженің кілтін іздейді, балалық шақтан базарлы шаққа «Қоңыр ауыл күре жолдың бойынан» өлеңін кеудесіне қондырып аттанады.

Кітаптың екінші бөлімінде оқиғалы жырлардың нағыз салтанатты керуені сап түзейді. Отызға да толмаған Шәмшіге Сәбең – Сәбит Мұқановтың берген батасы, Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтың достығы, Сәкен жазықсыз ­жазалы болып атылып кеткенінде аяулы досының суретін Сәбеңнің қалай аялағаны, досы мен дұшпаны сөз қылмасын деп ол суретті ­жазушы жары Мәриям апаның айнаның сыртына ­жасыруы да өлең тілімен өрілген. Сәбеңнің атын иеленген музей-үйдегі Шоқанның бәкісі де жыр керуенінде сап түзейді. Ғабең – Ғабит Мүсірепов пен Мұқағалидың кездесуін де осы кітаптағы жырдан тауып аласыз. Сөз орайы келгенде айта кету керек – Әділғазы Қайырбеков Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың музей-үйінің басшысы. Осы екі бірдей тұлғаның өмірін, шығармашылығын насихаттап отырған зерттеуші. Кейінгі уақытта Сәбит пен Ғабиттің шығармашылығына, өмірлік жеке ұстанымына қатысты түрле желөкпе сөздердің көп айтылып кеткеніне орай батыл да тұжырымды пікір айтып жүрген білікті тұлғатанушы. Журналист Гүлзина Бектасоваға берген сұхбатында «Қазіргі әдебиет зерттеушілері, тарихшылар тұлғалар арасына сына қаққысы келіп тұрады. Қазақ – бір ұлт. Ұлтты тұтас алып қарауымыз қажет. Олардың арасында көзқарас алшақтығы болғаны рас. Коммунистік идеяға қызмет еткендер көп. Олардың кейбірінің көзі тірі. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін сол идеямен қалып қойған жоқ. Бұл – күрделі, шетін мәселе. Бір жағалаудан екінші жағалауға лақтырып тастаудың қажеті жоқ. Сәбит Мұқанов – әу бастан-ақ ­кедей, батырақ болып өскен бала. Жоқ-жітікті, қиыншылықты көп көрген. Алты жасында әкеден, жеті жасында шешеден айырылып, әпке-жездесінің қолында жүрді. Әпкелері де Сәбитке қамқорлық көрсете алмады. Жетім тағдырды бастан кешірген бала ғой. Қиындықты көріп жүрген адам кедейлер өкіметін қуана қарсы алды. Соған қызмет етті. Сәбиттің көзқарасы мен істеген істеріндегі кейбір қайшылықтарды байқауға болады. Халықтың, ұлттың мәселесінде Сәбең аянған жоқ. Партия мен идеология мәселесінде алдыңғы шепке шығып отырғаны да рас. Мұқановты ақтап алатын бірнеше жағдай бар: біріншіден, Алаш арыстарына қатысты оның ашық көзқарасы. Екіншіден, 1962 жылы Қызылордада жарық көрген «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті (1-бөлім)» атты зерттеу кітабы және 1942 жылы шыққан «Қазақтың ХVIII-XIX ғасырдағы әдебиет тарихынан очерктер» атты еңбегі бар. Алаш азаматтары туралы ғасыр басында С.Мұқановтай тиянақты, тұжырымды пікір айтқан ешкім жоқ. ХVIII – ХІХ – ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттеушілердің бәрі де Сәбит Мұқановтың осы зерттеулеріндегі құнды деректерге сілтеме жасамай тұра алмайды. Ол осы зерттеулерінде Ахмет Байтұрсынұлын, Мағжан Жұмабаевты, Міржақып Дулатовты, Мұхтар Әуезовті, Жүсіпбек Аймауытовты, ­Бернияз Күлеевті, Сәбит Дөнентаевты, т.б. өмірлері мен шығармашылықтарын қатар ала отырып, көп мағлұмат береді, кейде біржақты түсіндіреді. «Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес» деп жазады. Бұл – Ахаң туралы айтылған ең бірінші сөз. Мағжан туралы айтқанында, «Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» деп баға береді. Кеңестік кезеңде ондай сөзді кім айтты? Мағжан поэзиясының көркемдігін білген, сезінген адам екенін жоққа шығара алмаймыз. 1934 жылы айдауда жүрген Мағжанға Сәбит Мәс­кеуден хат жазады. Шәкәрімнің Сәбеңе жазған хаты сақталған» деуі көп мәселенің жайын аңғартса керек.

Хош, сөзіміз балладалар жинағы туралы болғандықтан, сол бағытқа ойысайық.

Мен – Мағжанның мөрімін,

Мәрт көңілдің төрімін.

Түрік тегім тектесем –

Алтай, Тұран төлімін...

 

... Мен – Мағжанның мұңымын,

Жел тараған тұлымын,

Маң даланың ұлымын, Ұлт ұйытқан ұғымын, – дейді ақын.

Бір қазақтың емес, біраз қазақтың өмір суретін сызған бұл кітапта жарқын бейнелер, жылы естеліктер, тағдырлар тоғысқан. Филология ғылымының докторы, профессор Темірхан Тебегеновтың: «Әділғазы Қайырбеков – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетінің тарихынан ойып тұрып орын алған көрнекті қаламгер. Ақынның, әсіресе соңғы жылдардағы баллада жанрындағы жетістіктері, әр алуан тақырыптарды қамти отыра тұтас балладалар кітабын «Ғұмырдария» деген атпен әдемі өріп шыққаны назар аудартады. Әділғазының әдемі балладалар әлеміне еніп, шағын әрі тосын оқиғалы әралуан новеллалар оқығандай күй кештік» деген сөзімен толық келісеміз.   

Саттар Ерубаев, Қайнекей Жармағамбетов, Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Кеңшілік Мырзабеков, Мұхтар Шахановтың балладалары қазақ әдебиетінің жанр аясын кеңітсе, Әділғазы Қайырбековтің де осы бір кітабы ұлттық поэзиямыздың асыл мұрасына айналатыны анық. Сондықтан да ақынның «жаһандағы жақыны – Қоңыр ауылдан» басталған балладалар тізбегі құрлықтарды жалғаған өнер көшіне айналарына сеніміміз мол.

1307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы