• Мәдениет
  • 24 Желтоқсан, 2020

«НАРЫН» – ЖЕҢІМПАЗ

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

«Мен өзім тауда туып, тауда өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім» демекші, таңмен таласа Іле Алатауының бөктерін бетке алып, шымқанған шаңқан киіз үй мен ақ ұлпаға көмілген «Қыран» дәстүрлі аңшылық және экотуризм орталығына келдік.

«Па, шіркін! Қырда қызық, міне, бүгін». Алматы облысында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Сонар» құсбегілер жарысына биыл он команда қатысты. Еліміздегі жағдайға байланысты әр өңірден екі бүркіт, бір қаршыға, бір сұңқар, бір аңшылық ит-тазы, барлығы бестен аспауы тиіс деген ереже қатаң сақталды.

Жарыс екі кезеңнен тұрды. Құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі, бүркітті қолға шақыру, шырғаға, қоянға салу, ал ителгі, қаршығалар қолға шақыру, кептер, қырғауылға салу болса, финалда – бүркітті түлкіге, қаршыға мен ителгіні қоянға жіберді.   

Салтанатты іс-шараның ашылуына қатысқан Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма­сының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы және т.б. сөз сөйлеп, құсбегілік өнердің қыр-сырына тоқталып, соңғы уақытта көңіл бөлініп, ауқымы кеңейіп келе жатқанын, сәйкесінше биылғы жүлде қоры да молайғанын жеткізді.

«Биыл пандемияға байланысты барыс-келіс қиындады. Сондықтан жарысқа шетелден құсбегілер қатыса алмады. Алдын ала хабарландыру да таратылмады. Соған қарамастан, өздеріңіз көріп отырғандай, бүркіті мен қаршығасын, құмай тазысын баптап келген саятшылардың да, төл өнерімізді тамашалауға жиналған қонақтардың да қарасы мол. Жарыстың ойдағыдай өтуіне облыс әкімдігі тікелей қолдау көрсетіп отыр. Біз осы арқылы құсбегілік өнерді және отандық туризмді барынша насихаттауға тырысамыз» деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.

Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев: «Саятшылық денсаулыққа пайдалы. Таза ауада серуендеп, сәйгүлігін жүйткітіп, қыран құсын қолына қондырып қансонарға шығудың өзі бір ғанибет. Оны ұлттық өнердің бір саласы ретінде дамытуға мүдделіміз. Бәсекеге ауданымыздың құсбегілері де белсене қатысып отыр. Бүгінгі жарыс – қанаттылардың жарысы» десе, «Қыран» дәстүрлі аңшылық және экотуризм орталығы басшысының кеңесшісі Дидар Бөдес бізде өзімізге деген құрмет, ұлттық идеология жетіспейтінін тілге тиек етті. «Ішкі туризмді дамытып, қазақтың ұмыт болған дүниелерін жаңғыртуымыз керек. Мәселен, аңшылықтың бірнеше түрі бар. Қолына мылтық, садақ ұстамай, қақпанмен аң-құс аулайтын қақпаншы болады. Олар қақпанды қолдан өзі жасайды. Қай аңға қандай қақпан құратынын жақсы меңгерген. Осындай аңшылықпен күн көрген аталарымыз болған. Өкінішке қарай, қазір сол өнерді жоғалтып алдық. Іздеп жүріп, елге келген қандастарымыздың арасынан қақпан жасайтын, құра білетін 2-3 адам таптық. Сол кісілер бар кезде аңшылықтың бұл түрін жоғалтып алмай, туризм саласына енгізсек дейміз. Бұдан бөлек, қазақтың сіз білмейтін, біз білмейтін, ұмытылып қалған 200-ден астам тағам түрі бар екен, оның да керегін алып, қолға алсақ, қалғанын кітапқа кіргізсек деген жоспарымыз бар. Мұның барлығы сіз бен бізге, айналып келгенде қазаққа қажет дүние. Сондықтан ұлттық құндылықтарға баса көңіл бөлініп, қолға алуымыз керек».

Сонымен, жарыстың бас бәйге­сін атыраулық бүркітші Арман Әбдікәрімұлы қанжығасына байлады. «Нарынның» биыл алтыншы түлеуі. Саят сайысынан жүлдесіз қайтқан кезіміз жоқ. Бір мәрте әлем чемпионатынан, бірнеше дүркін ел чемпионатынан бәйге алдық. Өзім бүркіт баптауды бала кезімнен серік еттім. Бұл – атадан балаға мирас болатын өнер. Маған бұл үрдіс әкемнен қонды. Өзім де осы дәстүрді жалғастырып, саятшылықты әлем халықтарының алдында дәріптеуге барымды салып жүрмін» дейді ол. Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы мен жетісулық Аян Сейітжан одан кейінгі орынды еншіледі. Қаршыға жарысынан бірінші орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлына, екінші орын тараздық Серікболсын Жалғасұлына, үшінші орын жетісулық Бексұлтан Сейітжанға бұйырса, сұңқар жарысында маңғыстаулық Мерей Айшуақұлы оза шауып, бәйге төрінен көрінді. 

Көтеріңкі көңіл күй. Таза ауа. Айнала аппақ қар. Бетті шымшитын ызғарлы суыққа мән берместен, делебесі қозып, жарысты қызыға тамашалаған көпшілік әуенге салып ауылына қарай бет алды. Құтты бір, қазақ даласында күй күмбірлеп тұрғандай ғажайып сәт орнаған.

 Суреттерді түсірген

Жұмабай Мұсабеков

Алматы облысы

 

 

1341 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы