• Әдебиет
  • 24 Желтоқсан, 2020

Қос кітаптың тұсаукесері өтті

Алматы қаласын дамытудың «Шетсіз қала» қағидаты бойынша ашылған «Alatau Creative HUB» орталығындағы кітапханада филология ғылымының докторы, ғалым, жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Махаббатпен арашалау» және «Аласа таулар аясында» атты кітаптарын таныстыру рәсімі өтті. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған шараға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын ­Бауыржан Жақып, ғалым-филолог Темірхан Тебегенов, суретші, өнертанушы Еркін Нұразхан, жазушы Сәуле Досжан және кітапхана оқырмандары қатысты.

Республикалық баспасөзде алғаш 1972 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде «Қиянда» атты әңгімесімен көрінген Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыш бүгінгі таңда оннан астам көркем әдеби туындының авторы. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі болған ғалым сарабдал да салиқалы сыншы ретінде әдебиеттану ғылымында да жемісті еңбек етіп келеді. Филология ғылымының докторы Т.Тебегенов өз сөзінде Н.Ақыштың шығармашылығына тоқталып, қаламгердің терең білімімен, адал пейілімен ұлттық руханиятымыздың арғы-бергі шын асылдарын әділ бағалауға атсалысып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жазушының әдеби туындыларының ерекшелігі ­жайлы айта келіп, олардың өмірдің өзінен алынғанына тоқталды. Қазақстан ­Жазушылар одағының атынан Бауыржан Жақып қаламгерді биылғы 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Өз кезегінде мерейтой иесі өзінің әдебиетке келуі, туындыларының қалай дүниеге келгені жайында әңгімелеп, көркем туындыларына, негізінен, өмірдегі оқиғалар арқау болғанын айтты. «Мен жазу үстелінен қалай тұрдым, жазушы екенімді ­солай ұмытып кетемін. Сын жанрындағы жазғандарым көркем дүниелерімнен мүлде бөлек, екеуінің бір-біріне кедергісі жоқ. Басталып қойып, аяқталмай жатқан дүниелерім де бар. Оларды кітап болып шыққаннан кейін оқырман қауым бағалай жатар» дей келе, қойылған сұрақтарға жауап берді. Н.Ақыш тұсаукесер рәсіміне жиналған қауымға және кездесуді ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Оқырман жастар жазушыдан бата сұрап, кітаптарына қолтаңба алды.

Дина ИМАМБАЕВА

1501 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы