• Мәдениет
  • 24 Желтоқсан, 2020

ШАШАСЫНА ШАҢ ЖҰҚТЫРМАҒАН ЕРҒАЛИ

Спорттың Грепплинг тәрізді күрделі түрін дамытуда шашасына шаң жұқтырмай келе жатқан Ерғали Жұмағалиұлы Өтжанов 83 алтын, 20 күміс, 15 қола жүлде иеленген.
Ол бала күнінен елгезек болып өсті. Алты ағайынды еді. Әкесі Жұмағали көлік жөндеуші, анасы Сарагүл дүкенші болып бала-шағаны барынша аялап өсірді. Балалар да еңбекке бейім өсті. Кентауда 9-сыныпты бітіргеннен кейін, 1993 жылы Алматыға барып еңбек етсем, әлпештеп өсірген ата-анама көмектессем деген ой маза бермеді. Ақыры үлкендердің батасын алып, үлкен қалаға аттанды. Алматыға келе сала өзі секілді жұмыс іздеп келген Ерболат есімді ересек жігіт екеуі қала аралап, жұмыс іздеді. Табылған жұмыстан бас тартпады. 1997 жылы әке-шешесін ауылдан Алматыға көшіріп алды. Әкесінің, анасының алдындағы перзенттік парызын өтеу үшін сырт елге барып жұмыс істеуге тура келді. 2000 жылы Кореяда бір жыл жұмыс істеп қайтты. Қай жерде жүрсе де, немен айналысса да спортпен айналысуға дағдыланды. Спорт сенімді серігі секілді еді. 2008 жылдан Грепплингке қызығып, күрестің осы түрімен шұғылдана бастады.

Грепплинг күресі Араб мемлеке­тінен тамыр тартады. Аталмыш күрес Арабия мен Бразилияда қарқынды дамыған. Ерекшелігі  – қанша күрес түрі (самбо, қазақша күрес, еркін күрес) бар, бәрінің элементтерін қамтиды. Әлем чемпионы болсам ­деген асқақ арманы алға жетелеп, Динамо спортклубында, Достық спорт кешенінде үнемі жаттығып жүрді. 2009 жылы Алматы облысы Талғар ауданында Грепплингке дайындаған Бекнар Аманбаев  атты жаттықтырушысының біліктілігінің арқасында жетістікке жетті. Тамшылап төгілген тер мен үздіксіз жаттығуының арқасында Грепплингтен Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.

Ең алғаш Талғар қаласында төрт кездесу өткізіп, 3-орын иеленді. 2014 жылы Қазақстанның 16 облысында чемпион атанды. 2015 жылдан шетелдерге шықты. Қазақстан туын асқақтатты. Қырғызстанда бес рет Азия чемпионатына қатысып, бесеуінде де алтын алды. Абу-Дабиде қола жүлдегер атанды. Алматы қаласында америкалықтар ұйымдастырған АДСС тұжырымындағы бүкіләлемдік жарыста қола жүлдеге ие болды. 2018 жылы арабтардың ұйымдастыруымен 33 елдің спортшылары қатысқан әлем чемпионатында National PRO тұжырымында алтын жүлдегер атанды. 2019 жылы Қырғыз елінде IKJJF тұжырымы бойынша халықаралық турнирде алтын алды. 2018-2019 жылдарда ABU DHABI CHAMPIONSHIP халықаралық байрақты бәсекеде алтын жүлдеге ие  болды. 2018 жылы Астанада өткен Азия чемпио­натында, 2017, 2018 жылдар аралығында Семей қаласында өткен турнирде алтын алды. Кубок иегері болды. 2019 жылы Бишкек OPEN жарысында алтынға  ие болды. 2018 жылы Астанада өткен  әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. 2019 жылы АДСС Араб мемлекетінің ұйымдастыруымен өткен Азия чемпионатында күміс алды. 2019 жылы Ташкентте өткен AIGA нұсқасы бойынша да Азия чемпионатында алтын алып, Қазақстан туын асқақтатты. Қазір Қазақстан қауіпсіздігін қорғайтын агенттікте (ГОР)  жаттықтырушы. Қазақстан құрама командасында өнер көрсетеді және Қазақстанның Топ Тим Федерациясы атынан күресіп жүр. Қалаларда осы спорт түрінен шеберлік класс өткізеді. Халық арена спорт кешенінде шәкірт тәрбиелейді. Бұл шәкірттерінің ішінде жарыстарға шығып жүргендері бар. Мәселен, Алтынбек Құдайбергенов, Нұркен Шыныбаев, Жасұлан Жексенбаев, Нұрболат Кәріпжанұлы, Димаш Ерғали, Талғат Мыңбаев, Сәкен Ысқақов, Бекзат Жұмақынов, Жасұлан Мұқанов, Думан Ерғали, Айбек Ықман, Марат Берденов, Жарас Шорманов. Спорт әлемінде жасындай жарқырап спортсүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленген Ерғали Жұмағалиұлы абырой-атақтан, марапаттан құралақан емес.

2018 жылы Жақсылық Үшкемпіровтың қолынан, 2019 жылы Дәулет Тұрлыхановтың қолынан «Жыл үздігі» төсбелгісін алды. Шетелдік марапаттарға да ие болып жүр. Грепплинг күресінен жүлделі орындар алып жүрген Ерғали Жұмағалиұлын алыс-жақын шетел өз құрмасына шақырғанымен, «Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» ұстанымын бойына мықтап сіңірген Ерғали әркез Қазақстан туын асқақтата бергісі келеді. 

 Тұрсынхан Шәлдибекқызы

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

2051 рет

көрсетілді

41

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы