• Мәдениет
  • 31 Желтоқсан, 2020

ҚҰРМАНАЙ

(«Біздің елдің сұлтаны мен ұлтаны» топтамасынан)

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

Мен оның дауысын алғаш алыста бұлдырап қалған жасөспірім шағымда – 1970 жылдары естідім. Ол кезде әр қазақтың үйінде 1970-1980 жылдарғы қазақ эстрадасының шедеврлері жинақталған үлкенді-кішілі винил грампластинкалар болатын. Қазірде «диск-гигант» деп атайтын үлкен күйтабақ қымбаттау – 2 сом бірдеңе тиын тұрады, себебі ол классикалық қара түсті 140 граммдық винилден жасалған, кішірегі – миньон, оның грамы аздау, соған сай ақшасы да аз. Үлкенінде әдетте сегіз-тоғыз ән, ал кішірегінде екі бетінде екі-екіден төрт ән болады. Біреуі 45, екіншісі 33 делінетін инемен айналады. Шығарушысы – Бүкілодақтық «Мелодия» грампластинкалар фирмасы, дәлірегі Алматыдағы филиалы. Филиал әндерді Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында жазып, өз студиясында дыбыстаған соң Ташкентке жібереді, сондағы Ташмұхамедов атындағы зауытта винилге құйылып, күйтабақ боп шығып, одан әрі бүкіл ел аумағына жүз мың тиражбен тарайды.

І

Міне, сондай миньон пластинканың бірі «Дос-Мұқасан» ансамбліне арналған екен. Жалпы кеңес кезінде бұл ансамбльдің бес дискісі, бір компакт-кассетасы және ішінде екі дүркін шыққан «Кругозор» пластинкасы бар үш компиляциясы жарық көрген ғой, біздің үйдегісі – солардың 1971 жылғы алғаш­қысы екен. Бірақ әлденеге топтың мәртебесі әдеттегідей «вокалды-аспаптық ансамбль» деп емес, «эстрадалық оркестр» деп көрсетілген. Барлығы төрт ән, бір жағында «Сагындым сени» (Курманай Ажибаева) және «Баринен де сен сулу» (Дарико Турсунова) деп жазылған.

Маған бұл әндердің екеуі де күшті әсер етті. Әсіресе алғашқы әншінің дауысы сұрапыл. Содан бастап Құрманай Әжібаева деген әншінің аты қай жерде аталады екен деп құлақ сала жүретін болдым. Ғажабы сол, бұдан соң әлгі фамилияны еш жерден кездестірмедім. Әжібаева жоқ, Құрманай Омарова деген бар. Тек арада жыл өткенде, яғни «Дос-Мұқасанның» 1972 жылғы «Кругозор» майысқақ миньонынан «Сағындым сені» композициясын қайтадан тыңдағанда барып бұл екі есім маған ғана емес, жалпы көпшілік үшін де жұмбақ боп қалған бір адамның аты-жөні екенін білдім.

«Жұмбақ» дейтінім, Құрманай жайын­дағы мәлімет әліге дейін там-тұм. Қыз кезін­дегі фамилиясы Әжібаева, ақтөбелік («Дос-Мұқасан» ансамблінің жеке сайтындағы материалда «Ақтөбеде туған» делінген, бірақ Бақытжан Жұмаділов бір сұхбатында оны осы облыстың Ырғыз жерінен дейді). Анығы, 1949 жылғы 2 қазанда қарапайым отбасында, алты баланың біреуі болып дүниеге келген. Үйде өзінен басқа Ұлғаным, Мақпал деген екі қыз (сіңлілері) бар (бүгінде олар Ақтөбе қаласында тұрады). Алтауы да өнерге бейім болып, өлең (ән) айтқан. Себебі отағасы, яғни Құрманайдың әкесі Ибрагим арнайы музыкалық білімі болмаса да, мандолина мен скрипкада ойнаған. Құрманай, Мақпал, Ұлғаным жасынан үш дауыста ән айтып өскен. YouTube бейнехостингіндегі Құрманай әндеріне пікір білдірген Алла Сеитова деген тыңдарман: «Құрманай, мы её называли Катя, пела со школьной скамьи, запевала в хоре. Закончили Хромтаускую школу-интернат» деп жазыпты. Бұған қарағанда, Құрманай хромитті кен өндіретін әлемдегі аса ірі ­ке­ніштің бірі, Дөң тау-кен байыту ­комбинаты жанындағы, аттас аудан орталығы Хромтау қаласында, орыс мек­тебінде оқыған болуы мүмкін (Ақтөбеден 90 шақырым).

Құрманай мектеп бітіргесін шамалы уақыт жұмыс жасаған сияқты. Жоғарыдағы Ұлғаным сіңлісі (Есенғожина) Ақтөбеде шығатын «Диапазон» газетінің тілшісі ­Альмира Әлішбаеваға берген интервьюінде «Құрманай үлкен сахнаға дейін Ақтөбедегі «Актюбрентген» ­зауытында жұмыс жасап, Мақпал екеуі сондағы көркемөнерпаздар ұжымында ән айтты, ұжым күшті өнер ошағы еді, екеуі ансамбльмен бірге кон­церттік сапарларға жиі шығатын» депті. «Актюбрентген» негізінен орыстар шо­ғырланған зауыт, сол себепті ­Құр­манайға мұнда да орысша әндерді көбірек айтуға тура келген тәрізді. «Курманай в начале своей певческой карьеры специализировалась на народных русских песнях, – деп көрсетеді тағы да сол Ютубтағы New Томирис Скиф нимді бір пікірші. – У неё был голос потрясающей силы и тембра – тот, кто её не видел, но слышал по радио, всегда были уверены, что поёт талантливая русская женщина. ­Голос был чисто русско-народный. Но когда её пригласили в Дос-Мукасан, она перешла не современный репертуар».

Мектеп бітіргеніне шамамен бір жыл өткенде, яғни 1967 жылы Құрманай Алма­ты­дағы Қазақ қыздар педагогикалық институтының филология факультетіне, оның қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиетін оқытатын мұғалімдер даярлайтын бөліміне студент болып қабылданады. Бұл мамандықты оның жаны қалаған. Ұлғаным сіңлісінің де көп ұзамай ҚазМУ-дің тарих факультеті жанындағы о заман жұрттың қолы жете бермейтін шетел тілдері бойынша оқытушы даярлайтын арнаулы бөлімге түскеніне қарағанда, жалпы Әжібаевтар тілге бейім болған сияқты.

1970 жылдар – әлемдік эстрада тари­хындағы айтағалсын құбылыс: кеңестік музыкалық эраның әбден кемеліне келіп, шарықтау шегіне жақындаған сәті. Дәл осы кезеңде Одақтың түкпір-түкпірінде, одақтас республикалардың барлығында дерлік, негізінен студент жастар күшімен вокалды-аспаптық ансамбльдер құрылып жатты. Солардың бірі және бүткіл Кеңес Одағы бойынша қыздар арасында бірінші болып құрылған, оның үстіне рок бағытында өнер көрсеткен топ – «Айгүл» ансамблі. Бүгінде базбіреулер бұл өнер ұжымының тарихын айтқанда оны бірден ВАА түрінде құрылған деп көрсетеді, бірақ ол жаңсақ пікір: «Айгүлдің» тұсауы алғаш ҚызПИ-дің музыка факультетінде оқитын студент қыздар қатарынан квартет ретінде кесілген. Профессор Ағайша Исағұлова «Айгүл» ансамблінің құрылғанына 50 жыл толуына байланысты 2019 жылы «Еуразия бірінші арнасынан» берілген хабарда бұл оқиғаның жай-жапсарын былайша тарқатады:

«Мен 1968 жылы ҚызПИ-дің музыка фа­куль­тетін тамамдап, сонда оқытушы болып қалдым. Бір күні «Осы біз жер-жерде құрылып жатқан музыкалық студенттік топтардың бірін неге өзімізде құрмаймыз?!» деген ой түсті. Осы оймен өзіммен бірге бітірген Марфуға Жүнісова екеуміз факультетте сабақ беріп жүрген Ескендір ағай Хасанғалиевқа бардық. Квартет ұйым­дастырсақ деген ұсынысымызды ол кісі ойланып барып қабылдады, сосын «Екеуің­нен басқа тағы кімдер бар?» деп сұрады.

– Дина Ерғалиева, – дедік екеуіміз бір ауыздан. Ол да біздің курстасымыз болатын.

Төртіншілерің кім болады?

Жуырда сахнада бірінші курстың альт ­дауысты бір қызы күшті өлең айтты. Аты-жөні Құрманай Әжібаева.

Жарайды. Шақырыңдар, – деді Ескендір аға.

Сөйтіп, өзімізше квартет болдық. Ескендір аға бізге бірнеше ән үйретті. Фортепиано сүймелімен айттық, а’капелла айттық, әйтеуір өзімізше репертуар жасақтап алдық. Бір күні республика комсомолы орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков арнайы келіп, нөмірлерімізді көрді. Атсыз ансамбль бола ма дегесін, сол жерде ат іздедік. Ақыры Өзбекәлі ағамыз ұсынған «Айгүлге» тоқтадық. Сосынғы талқыланған мәселе – сахналық киім. Ортамыздан ақша шығарып, Орталық универмагқа барып көйлек сатып алдық. «Студент қой» деп, Құрманайға да көйлек алып бердік. Сөйтіп, сол жылғы 5-наурыз күні Киров көшесіндегі Жамбыл атындағы филармонияның ғимаратында алғашқы дебют концертімізді бердік». Квартеттің репертуарында «Алақай», «Су тасушы қыз», Ескендір Хасанғалиевтың «Студенттердің қоштасу әні», Әсет Бейсеуовтің «Ақ сәуле» әндері болған.

Квартет 1968 жылы көктемдегі табысты дебюттік концертінен кейін аты бірден дүр етіп шығады да, соның нәтижесінде келер жылы Бүкілодақтық телеарнаның «Алло, біз таланттарды іздейміз!» байқауына қатысу үшін Мәскеуге шақырылады. КСРО Орталық телевидениесінің «бірінші батырмасындағы» қазіргі «таланттар шоуы» қалыбының қарлығашы атанған бұл бағдарлама сол 1969 жылы алғаш тұсауын кескен-ді. Жүргізушісі Александр Масляков кейін Совет Одағының алғашқы шоумені атанды.

Бағдарлама, дәлірегі, Бүкілодақтық ­жастар телевизиялық «Алло, біз таланттарды іздейміз!» байқауының финалы «көгілдір экранға» алғаш рет 1969 жылғы 16 наурызда шықты және ол «Аллоның...» тұсаукесері ғана емес, «Ялла», «Аэлита», «Зодчие» топтарымен қатар Құрманайды да үлкен сахнаға жетелеп әкелген жұлдызды сәтке айналды. Себебі көркемөнерпаздар арасындағы байқауға Ян Френкель, Василий ­Соловьёв-Седой, ­Микаэл Таривердиев сияқты ­музыка өнерінің марғасқалары қазылық еткен. Жұрт түшкірсе «рас-ау» деп отырған бұлардан оң лепес естіген көркемөнерпаздың қалайда жерде қалмайтыны түсінікті еді және байқау лауреаттарының дені кейін жоғары кәсіби артистерге айналғаны осыны растайды. Құрманай солардың қатарында (сол сияқты 1978 жылы осы байқауда бас жүлдені иеленіп, «Дос-Мұқасанға» шақырылған Ақжол Мейірбеков те). Байқау жас әнші үшін үлкен мектеп болды, сол күндері Құрманай атақты кеңес эстрадалық әншісі Майя Кристалинская­мен танысады.

Қазақстандық вокалдық квартет финалда мәртебелі жюри мен шікәмшіл Мәскеу қауымына «Сияет месяц в вышине» әнін ұсынған. Қолда бар материалдар бұл әнді ­Құр­манай жалғыз өзі орындағандай етіп көрсетеді, бұл да байыбына бармай айтылған сөз, неге десеңіз, әуенін композитор Евгений Жарков шығарған, ақын Дмитрий Седых сөзін жазған әннің түпнұсқасын (екінші аты «Ах, месяц, месяц!») бірден-бір орындаушы – сол кездегі танымал «Советская песня» қыздар вокалдық квартеті төрт ­дауыспен қосылып айтады. Демек, «Айгүл» де сол ізбен, төрт ­дауыста орындаған. Жюри төра­ғасы, композитор Микаэл Таривердиев қорытынды сөзінде солардың ішінен Құр­манай Әжібаеваның дауысын алабөтен жаратып, ерекше тембріне сүйсінген. Негізінде «Сияет месяц...» күмістей саф қыз дауыспен таза орындалатын, соншалықты үлкен дауыс көлемін талап етпейтін, Құрманайдың әншілік мүмкіндігін толық аша да бермейтін поп стильді жай ән, сонда да болса Таривердиевтей сырқынды музыканттың кәнігі құлағы одан болашақ үлкен әншінің қазірге дейін вокалистерді таң-тамаша қалдыратын дауыс ерекшелігін ағатсыз ажырата алған деу жөн.

Әдетте мұндай текті өнер жарысында соңғы сөзді тақияға тас тастағандай етіп жюри төрағасы айтады ғой және көбінесе әділқазылардың шешімі де сол пікірге орайлас шығып жатады. Бұл жолы да солай болып, «Айгүл» квартеті бүкілодақтық өнер сайысында топ жарып, елге маңдайлары жарқырап, лауреат болып оралды. 1975 жылы «вокалды-аспаптық халық ансамблі» атағын алды. Бірақ осы аралықта өнер тобында бірқатар өзгеріс жүреді: топ тізгінін таяуда Мәскеу консерваториясын баян класы бойынша бітіріп келген Мұрат Балтабаев көркемдік жетекші ретінде қолға алып, квартетті толыққанды вокалды-аспапты ансамбльге айналдырады. Ағайша Исағұлова жоғарыдағы телехабарда мұның да жайын жеткізген:

«Бір жылы Ескендір ағаның бастауымен Германияға барып өнер көрсеттік. Келесі жолы Мұрат Балтабаевтың жетекшілігімен Югославияға сапарладық. Қайтып келе жатқа­нымызда Мұрат Хамитұлы бізбен квартетті вокалды-аспапты ансамбльге айналдыру жөніндегі ойымен бөлісті. Қарсы болған жоқпыз. Марфуға контрабаста, Дина саксофонда, Жібек Оспанова фортепианода, сол жылы институтқа түскен Галина Қарамолдаева гитарада ойнайтын болды, ал мен ұрмалы аспапқа отырдым».

Байқасаңыздар, «Айгүлдің» бес адамнан тұратын бұл екінші құрамында Құрманайдың аты аталмайды. Осы орайда кейін ­Галина Қарамолдаева бір сұхбатында назар аударарлық дерек бере кеткен. «Алғашқы құрам жеке квартет боп шыққан соң, кейінгі құраммен 13 жыл бойы бірге өнер көрсеттік» депті профессор-ұстаз. Соған қарағанда, «Айгүлдің» ВАА ретіндегі алғашқы құрамы – кейінгі құрамда қалған Марфуғадан басқасы, – яғни Ағайша, Дина, Жібек және соңыра қосылған Гүлнәр Бегалиева төртеуі өз алдарына квартет құрып кеткен сияқты. Бұл уақиға Мұрат Балтабаев ансамбльді түгелдей электрлі аспаптарға көшірген 1969 жылдың күзінде орын алған болуы. Бұл кезде Құрманай «Дос-Мұқасанға» ауысқан деу жөн.

Осы жерде атап айтатын жайт, Құрманай «Дос-Мұқасанның» назарына Мәскеуде ­лауреат атанбай тұрып-ақ іліккен. Алғаш оның әнін ансамбль жетекшісі Досым Сүлеев 1968 жылдың қысында естіген. Зоотехникалық-малдәрігерлік институтта өткен үлкен бір жиыннан соң қойылған концерт кезінде. «Сахнада өнер көрсетіп жатқандар негізінен Қыздар педагогикалық институтының өнер­паз студенттері екен, – делінген Досым мен Ұлықпан Сыдықов бірігіп, Құрманай жайында жазған «Сағындым сені, жан досым...» дейтін еске алу мақаласында. – Біз залда тама­­шалап отырғанбыз. Кенет сахнаға сүп-сүйкімді, тығыр­шықтай, үлкен қаракөзінде нұр ой­наған қара торы қыз бала шықты да, сол кезде көп­шілікке Лили Иванованың орын­дауында кең тараған болгар әнін шырқап қоя берді. Залдағы жұрт сілтідей тына қалып, әнге бар ықы­ласымен зейін қойды. Қазақта сирек кездесетін, тереңнен шыққан сан бояулы ғажап та құдіретті дауыс баурап барады... Ән аяқтала бере, дүркірей соғылған шапалақ дабы­рымен ілесе сахна артына жетіп бардық. Алғашқы танысу. Құрманай Әжібева. Ақтөбе өңірінде қарапайым, балалы-шағалы отбасында дүниеге келген. Қыздар педагогикалық инс­ти­тутында қазақ мектептеріне орыс тілін оқыту мамандығы бойынша екінші курста оқиды екен...»

Сол жылы Құрманай айтқан, Лили Иванованың орындауында кең тараған болгар әні қай ән болуы мүмкін?

Бұрынғы социалистік лагерь елдерінен шы­ғып, әлемдік эстрада өнерінің жауһарла­рына айналған Радмила ­Караклаич, Лариса Мондрус, Рита Павоне, Пол Анка, Эмиль Димитров, Марыля Родович сияқты шоғыр қатарынан ойып тұрып орын алатын, бүгінде болгар эстрадасының примасы атанып отырған Лили (Лилияна) Иванованың визиттік куәлігіне айналған әндер ретінде әдетте Мексиканың халық әуені пайдаланылған «Камино» және атақты американ әншісі Барбра Страйзандтың орындауындағы Woman In Love – «Ғашық әйел» композициялары аталады. Әсіресе екінші ән КСРО-да орыс тілінде «С тобой я буду всегда как звезда» деген атпен кеңінен танымал болған, бірақ Б.Страйзандтың бұл хит әні 1980 жылы алғаш орындалғанын ескерсек, Құрманай 1968 жылы осы әнді айтты деудің еш реті жоқ. 1969 жылы алғаш орындалған «Каминоны» да айтпаған әлгі кеште, себебі бұл әнді Лили болгарша емес. Испан тілінде шырқайды. Лилидің аты Кеңес Одағында 1966 жылдан, яғни сол жылы екі рет келіп концерт қойғаннан кейін дүркіреп шыққан, әсіресе 1967 жылы орындаған «Море на младостта» – «Жастық теңізі» ­композициясы арқылы мықтап танылады. Келесі, 1968 жылы «Мелодия» фирмасы «Лили Иванова ән шырқайды» деген атпен әншінің миньон пластинкасын шығарады. Оған болгарша төрт ән кірген. Онда үшінші болып «Звезда» әні орындалады. Бұл – «Море на младостта» сияқты Құрманайдың даусына әбден келетін туынды. Бірақ сол жылдары Иожи Цанковтың рок-балладасының «Море, море молодости, / Возьми горячие мои ладони. / И верни мне любовь, / И песню, песню мою...» деп келетін орысша мәтінді нұсқасы жасалған да, Лилиге Афины фестивалінің Үлкен алтын жұлдызын алып беретін «Звезданың» мәтіні орысшаға аударылмаған еді. Бірақ Досым мен Ұлықпан ағаларымыздың мақаласына қарағанда, Құрманай Лили әнін түпнұсқа тілде, болгарша айтқан. Тоқетері, сол жолы Құрманай Лилидің Мәскеуде, Ленинградта айтқан «Жастық теңізін» немесе Мәскеуде жарық көрген жеке альбомына енген «Жұлдызды» атқарып шыққан болуы керек деп қаупайлаймыз. Лилидің 1968 жылға дейінгі әндерінің ішінде Құрманайдың даусы мен вокал техникасына жуығы осы екі ән. Оның үстіне бұл екі композиция Шығыстың модальдық музыкасына соншалықты жақын. Мүсілім Магомаевтың әуенін өзі шығарған «Синяя вечность» атты шығармасы Лилидің «Жастық теңізімен» тақырып жағынан да, мелодия жағынан да бір ізді басатыны бірқатар нәрсені аңғартса керек. Ал енді бұл жағынан «Жұлдыз» әніне тіпті сөз жоқ: сенесіз бе, сенбейсіз бе, бұл ән ең ілкі нұсқасында «Бұлттар» деп аталған, – иә, иә, дәл осылай: «Булутлар», – және сөздері таза қыпшақ тілінде. «Булутлар, булутлар! / Гөзел дост. / Сөйлейін, сөйлейін, / Ічімде не бир суз бар...», – деп келеді. Осы атпен ән Лилидің 1968 жылы Ыстамбұлда Arkon / AR фирмасы шығарған Bulutlar / Nisan Şakası атты күйтабағына сингл ретінде енгізілген де, содан кейін барып Иордан Милевтің аударуында «Звезда» деген атпен болгарша нұсқасы жасалған (кейін «Реквием» деп аталды). Тегінде Құрманай осы болгар нұсқасын әншінің 1968 жылы Мәскеуде шыққан күйтабағынан алып, репертуарына енгізсе керек. Осы орайда ол Лили арқылы бүгінгі бізді өзі де білместен бағзы түркі-қыпшақ әнімен қайта табыстырған дер едік.

Бұлай деуімізге негіз жоқ емес. Бірқатар фактілер Лили Иванованы шыққан тегі жағынан түркіге жақындатады. XII ғасырда жасаған Сүлеймен әл-Бұлғари деген ғалымның дәлелдеуінше, қазіргі болгар халқы Балқанның табан жұрты – бағзы түркі бурджалардың кейінірек көрші салапан (славян) тайпаларымен араласуынан пайда болған қоспа (бұлғар). Ағыл дейтін тілде сөйлеген, соның негізінде жаңа ағыл тіл тобы (славян тілдері) жасалған. Кейін бұл тұжырымды Н.Марр қолдады. Түркітілді бұлғарлардың дені христиан дінін қабылдаған соң византиялық славян-шіркеу тіліне көшіп кетеді де, өз нанымында қала бергендері Болгарияның солтүстік-шығыс бөлігіне шоғырланып, біртоға қауым боп тұрады. Тілдерін, әдет-ғұрыптарын таза сақтап қалады. Әсіресе Құбрат аймағындағылар. Лили Иванова осы Құбраттың байырғы тумасы. Ғажбы сол, Лили қашан Құбраттан Софияға келгенше болгарша бір түйір сөз білмеген, әншілігімен елді қыранжаппай қыла бастағанда болгар үкіметінің шешімімен арнайы мұғалім жалданып, болгар тіліне үйретіп шығарған. Бүгінде 81жас ты бүктеп отырған әнші өзінің әлі күнге құлын мүшесі бұзылмай, қыздай болып жүргенін, жылма-жыл концерт қойып, гастрольдетуін алдымен түркі диетасын сақтайтындығымен, соның ішінде негізінен болғар түркілерінің әртүрлі дән жармаларын қосып әзірлейтін бұлғама – бұлғар дейтін тағамын пайдаланып келе жатқандығымен түсіндіреді. Осы тегін бе? Әрине, жайдан-жай емес.

Құбрат аймағындағы әлгі бағзы қыпшақ жұртына кейінгі ортағасырда оғыз түркінің қызылбас қауымынан бекахи және чаршамбайлы топтары кеп жамалып, алғашқысы шығыстағы Родоп дейтін өңірді, соңғысы Құбратты мекендеп тұрып қалады. Жоғары­дағы «Бұлытлар» әнінің сөзінің қыпшақ-оғыз тілінде аралас боп келуі де содан шығар, десе де онда қыпшақ тілінің сөздік қоры басымырақ екенін аңғару қиын емес. Мәтін қырымлы татар ақыны Бекен Чобанзаденің «Булутлар» дейтін өлеңіне негізделуі де мүмкін.

Қалай болғанда да, «Бұлттар» әнінің сөзі де, әуені де қазақ жанына аса жайлы тиеді. Музыканы сөзбен суреттеп жазудан асқан қиямет жоқ шығар, әнді тек тыңдау керек, сонда да айтайын: Лилидің «Булутларын» тыңдап отырғаныңда қазақтың сағым ойнаған ұшы-қиырсыз даласы, сол даланы арғымақ атпен орағытып, дауысын аспандағы бұлтқа қосқан нағыз түс қазақтың бейнесі, оның арманы мен аңсары, күйініштері мен сүйініштері, – тоқетері, тұтас тағдыры көз алдыңа кеп тізіліп тұра қалады. Тыңдаңыздар бұл әнді Ютубтан, не МузТВ арнасынан (2016 жылы «Булутлар» осы арнаның ротациясына шығарылған), сонда Құрманайдың дауыс ерекшелігін анық бағамдайсыз. Кейін ол Мәскеуде айтқан «А сердце тук-тук, тук-тук, / Ах, месяц, месяц, месяц...» деп қысқа қайы­рылып, «Сияет месяц» сияқты бір битпен орындалатын әуендердің жанында Лили әндері бейне бір шалқып жатқан теңіз тәрізді. 60-шы жылдардың соңында Еуропаны Батыс «шаутер» детін шыңғырма әншілер басып кеткен, алайда Лилидің «шыңғырмасы» биг-бит дәуірінде сәнге асқан шыңылтыр or емес, нағыз жүректен шығып, жүрекке жететін табиғи шыған дауыс болатын. Соның өзінде жүрегін жоғалтпай, әуелетіп әкеліп, шалқыта тік көтере шаншылтып, дірдектетіп барып, сәл ышқынып қалып, сатылап төмен түсіретін түркінің ескі ән салу мәнерінің қалпын жазбай танытады. Және осы перформингтің өнбойында әуеннің тамыр-тамырын қуалап, Батыс фрай-регистр дейтін діріл үнемі дірдектеп жүгіріп тұратынын қайтерсің.

Меніңше, сонау 1968-дің қысында Құрманай салған түркі-болгар әні Досым мен Ұлықпанды осындай кең тыныстылығымен, радионың күшейткіші сияқты дыбысты бірде зорайтып, біресе бәсеңсітіп тұратын альтерациялық қуатымен, регистрлік құлашымен және соның бәрін сезімге орап беретін шынайылығымен өзіне тәнті еткен. Ақыры кейіпкеріміздің вокал ерекшелігіне кеттік қой, енді айтайық: естігендердің суреттеуінше, әсіресе жанды орындауда Құрманайдың әншілік диапазоны өте кең, қуатты, сонымен бірге дауыс тембрі жүрек қылын қозғайтындай ерекше бояуға ие екен. Институтта онымен қатар оқыған фалловер Мария Балымбетованың жазуынша, Құрманай шырқаған кезде жатақхана фойесінің аспашамы дірілдеп кетеді екен.

«Күнделікті өмірде әңгімелескен кезде даусы нәзік әйел адамның кәдімгі даусы болатын, бәлкім әнші емес кісінің даусынан шамалы қоюлау да болуы, – делінген «Дос-Мұқасан» сайтындағы Құрманайға арналған жазбада. – Ал ән айтқан кезінде әлгі дауыс қуаттанып, қою­ланып, заматта өзгеріп, саңлақталып шыға келетін, кейбіреулер оның даусын контраль­то, екінші біреулер меццо-сопрано дейді». Жоғарыда Ағайша Исағұлова альт деген. Әлеужелідегі фалловерлердің де пікірі ала-құла: олардың бірқатары Құрманайды вокал жағынан американ әншісі Шерге, Jefferson Airplane тобының солисі Грэйс Сликке, енді біреулері ресейлік Татьяна Синявскаяның кеуде­ден шығатын меццо-сопрано даусына ұқсатып жатады. Сайып келгенде, көпшілік пікірі Құрманай Омарованың әншілік дауысы – сирек диапазонды контральто дегенге құлайды.

Иә, меццо-сопрано – орта әйел әншілік даусы. Ал контальто дегеніміз ең төменгі әйел даусы, «альттан төмен» деген ұғымды білдіреді. Кеуде регистрлік кең диапазонды болып келеді. Негізгі ноталары – төменгі ноталар, жоғарғы регистрлері келтелеу, дегенмен, егер күш салса, жоғарыға шығып әуелеп тұрып алуға болады, мәселен, әлемдік ән өнерінде Эва Подлештің, Елизавета Антонованың, Кэтлин Ферриердің дауыстары толыққанды жоғары регистрлі ноталарды еркін ала береді. Операда композиторлар жасөспірімдерге арнап контральтолық партиялар жазған мысал аз емес. Екіншіден, контралььто меццоға өте ұқсас, әсіресе меццо-сопраноның екінші тұрпаты – төмен дауыстағы драмалық меццо жоғары лирикалық меццоға қарағанда контральтоға барынша жақын келеді, себебі драммеццо да төмен дауысты, тіпті онда жоғары регистрлердің өзінде дыбыс кеудеден шығып жатады. Екеуінің де дыбыс бояуы – қою қоңыр, бір дауыс түрін бірде контральтоға, бірде меццоға жатқызып жататынымыз содан. Дегенмен, екеуінің арасын білінер-білінбес бір жік бөліп тұрады, ол – кіші октавадағы андрогинді дыбысталу. Нағыз контральтоның айырым белгісі осы, әйтпеген күнде дауыс контральто емес, меццо болады.

Сонымен бірге, әншілік дауыстар жайындағы ғылым бізге меццо-контральто дейтін және бір дауыс түрі бар екендігін айтады. Бұл жердегі гәп тағы да кіші октавадағы дыбыс алуға кеп тіреледі, яғни жоғарыда айтылған контральтоның басты айырым белгісі – кіші октаваның өнебойын толыққанды қою дыбыстармен толтырған уақытта, кейбір жағдайда оның андрогинді, шыңылтыр дыбысталуы жұтылып, айқындығын жоғалтады, міне, осы кезде контральто меццоға барынша жақындап келеді. Меццо-контральто дейтін әдеттен тыс симбиоз құбылыс орын алады, яғни әнші бір әнді екі түрлі дауыс регистріне салып шырқайды. Және дауыс трагикалық бояумен боялады, оған ең төменнен алынатын кеуделік дыбысталу – барқыттай жұмсақ, мақпал қою тембр үстелгенде тыңдаушысын дыбыс, саз әлеміне қат-қаттап орап алып, ерекше ұйытып, еліктіре баурап әкетеді. Әлемдік контральто жұлдыздары Мариан Андерсон, Лили Чукасян, Эва Подлеш, Сигрид Онегин, Адель, тибеттік ән перісі Джамьян Дрольма, міне, осындай сирек дауыс иелері.

Қазақтың ән өнерінде де әлгіндей ерекше дауысты әйел әншілер аз болмаған. Мысалы, атақты Майра Уәлиқызының әншілік дауысы жайында зерттеушілер әлі күнге бір тоқтамға келе қойған жоқ. Кезінде Затаевич оны «кеудеден шығатын күмбір дауысты, бекзат тембрлі контральто» деп бағаласа, бертін ­Ахмет Жұбанов «қою қоңыр ­меццо» деген. ­Контральто делінетін Жамал Омарованың да дауысы осы тұрғыда анық ажыратыла қойған жоқ. Сірә, Құрманайдың да әншілік дауысы осындай бірден тап басып ажырату қиын алабөтен типке жататын болуы ­керек. Кейінірек «Айгүлде» ән айтқан Роза Ерназа­рованың да дауысы меццо-сопрано делін­генімен, ол да толығымен меццо-сопрано­шы емес, мұны Құрманай мен Розаның орын­дауын­дағы «Жан досым» әнінің өзара өте-мөте ұқсастығынан да байқаймыз. Бі­реуі контральто, екіншісі меццо-сопрано­мен айтса, бұл екі дауыс түрі бірдей болып шығар ма еді?! Құрманайдың дауысына Сара Тыныштығұлованың және бүгінде Қытай­да ән салып жүрген шыңжаңдық жас әншіміз Мәдина Думанқызының дауыс типі келіңкірейді.

Демек, қазақтың әйел әншілері арасында контральто мен драмалық меццоның ортасындағы аралық бұтақ – контральто-меццолық дауыс иелері аз болмаған. Қазақ бұрын оны «кеудеден шығатын қаз дауыс», «бар­шын дауыс» деген. Құрманай Әжібаева осы ұлттық дауыс түрінің 1970 жылдары қайыра белгі беруі деу жөн. 1968-дің қысында Досым сол дауысты әлдеқалай естіп, жоғалған тайлағы табылған қазақтай қуанып тұрып, табанда ғашық боп қалған десек, адаса қояр ма екенбіз?!.

«Сол жолы Құрманай бізді Қыздар институтында таяуда өтетін концертке шақырды. Бардық. Әнінің сыршылдығына тәнті болып, ансамбль құрамына шақырдық. Сөйтіп, «Дос-Мұқасанның» тұңғыш жеке дауыста айтатын солист әншісі Құрманай болды» деп жазады Досым мен Ұлықпан Сыдықов жоғарыдағы еске алу мақаласында. «Айгүл» Мәскеуден табыспен оралғаннан кейін оған жатақханаға «Дос-Мұқасанның» жігіттері келіп, бірге ән айтуды ұсынады. Құрманай келісімін береді, сөйтіп ансамбльдегі жалғыз қыз болады» депті әншінің сіңлісі Ұлғаным жоғарыда аталған сұхбатында. Бұған қарағанда, Құрманай «Дос-Мұқасанға» 1969 жылдың көктемінде ауысқан. Ағайша бастап құрған жаңа квартеттің құрамында оның болмауын осы жағдаймен түсіндіруге болады.

Иә, дәл сол тұста Құрманай, жоғарыда Досым мен Ұлықпан ағаларымыз жазғандай, «Дос-Мұқасандағы» жалғыз әрі алғашқы солист қыз еді. Бұлай деп нығырта айтатынымыз, оның сөздің тура мағнасында ансамбльдің ұзына тарихындағы жалғыз әнші қыз болмағандығын аңғарту. «Дос-Мұқасанның» тарихында Құрманайдан кейін жеке дауыста айтқан екі әнші қыз Дариға Тұрсынова мен Айжан Нұрмағамбетова және бэк-вокалда өнер көрсеткен Тасхан Нарбаева болғанын ұмытпау жөн. «Достың» 1971 жылғы кіші күйтабағына белгілі «Бәрінен де сен сұлу» әнін алғаш айтып жаздырған нәзік бипаз дауысты Дарико (Дариғаның сахналық есімі, грузин әндерін күшті айтуына байланысты алынған) Тұрсынова (Ахтанова, Жаппарова деген фамилиялары да бар) Павлодардың Екібастұз өңірінен, әкесі Жүспек Тұрсынов – Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі. Дариға скрипкада да ойнаған, ансамбльдің 1975-1985 жылғы екінші құрамында өнер көрсетеді, соның ішінде К.Күмісбековтың «Жеңеше» әнін жеке дауыста орындаған, кейін комсомол, кәсіподақ жүйесінде жұмыс істейді. ­Тасхан Нарбаеваның өмірдерегі жарытымсыздау, ансамбль құрамында «Аяулым» әніне екінші дауыспен қосылғаны және «Бақытқа барар жолда» әнін Құрманаймен қосылып айтқаны ғана белгілі. Тасхан да 1975-1985 жылдарғы екінші құрамында болған, кейін қайтыс болып кетеді. Бұл әншілеріміздің қазірде ұмыт қалуы өкіндіреді, ал одан да өкінерлігі – базбіреулердің солардың атына сыртынан топырақ шашуы. «Дос-Мұқасан» жайында әнеу бір жылдары ресейліктер түсірген «Дос-Мухасан. Доска почётных» дейтін деректі фильм авторлары ансамбльдің тарихын айтып келіп, бір мезгілде: «Тағы да әйел әншілер болды, бірақ олар ылғи ауысып тұрды: белгілі жайт, әйел халқы жеңілтек қой» деп қойып қалды. «Дос-Мұқасанның» жігіттері бұлай деп айтуы мүмкін емес, себебі, біріншіден, әнші қыздар ансамбльде берісі бес, әрісі он жыл өнер көрсетті, жеңілтек артистер үлкен ұжымда бұлайша ұзақ уақыт жүре алмайтыны белгілі, екіншіден, олар өнерден жастарының келуіне және әйел адам болғандықтан отбасылық жағдайларға байланысты кеткен. Мұны былай қойғанда, кейбіреуі бүгінде марқұм, қайсыбірі қоғамда өзіндік орын алып отырған өнер иелеріне бүкіл ТМД қарайтын экран арқылы ұшқары пікірмен ұрыншақ баға беру «қазіргі Ресей мәдениетінің жекелеген өкілдері ұяттан үш күн бұрын туған» деген сөздің шындығына еріксіз иландырады. Біле білсек, ансамбльге қыз әншілерді тарту ішкі қажеттіліктен туған, соған орай әбден ойланып барып жасалған қадам еді. «Дос-Мұқасан» бастап құрылғаннан-ақ қазақта көпдауысты (полифониялық) орындау жоқ, шылғи унисон (жеке дауыста) орындау бар деген қағидаға айналған қате тұжырымның көбесін сөгіп, ұлттық эстрадаға көпдауыстылықты алып келген. Шындығында, бұрын қазақтың дәстүрлі ән өнерінде полифония да, дуэт те, тіпті унисондық ән тармағын бірнеше дауыспен қосанжар қайырып салып тұратын антифондық орындау да болған. Ұмыт болған сол көне дәстүрімізді өздері де білместен қайыра тірілткен орыстілді қазақ жігіттерінің шығармашылық түйсігі, батылдығы қабағат қайран қалдырады – бүгінде қазақ әнін көпдауыста орындау қалыпты нәрсе ­болып отырса, ол алдымен «Дос-Мұқасан» музыканттарының еңбегі.

Екінші жағдай, сол 1970 жылдары ­«Песняры», «Орэра», «Гая», «Ялла» сияқты алғашқы ВАА-лар іштеріне бір-бір қыз әнші алған, бұл сәнге асқан нәрсе ме, әлде шынымен де «арпа ішінде бір бидай» нәзік дауыс түрі керек болды ма, ол жағын білмедік, әйтеуір, Құрманайдың «Дос-Мұқасанға» шақырылуы Досым ойға алған көпдауыстылыққа, соның ішінде ансамбль ұстанған фолк-лирикалық рок бағытына байланысты қабылданған шешім сияқты көрінеді де тұрады.

 II

Құрманай, ресейлік «білгіштер» айтатындай, ешқандай да жеңіл-желөкпе әйел емес, жұртпен бірқалыпты қарым-қатынас ұстайтын, байыпты, ойлы, орынды жерінде ашық-жарқын мінезді қыз болып шықты. Досым бұл ­жайында екі жерде мінездеме берген. Бірінде «Құрманайдың жаны жайсаң, көңілі көл, мінезі ақжарқын еді. Достың жолынан ештеңені аямайтын, ұнама­ғанды тік айтатын», – десе, еске алу мақалада: «Мінезі жайдары ашық болып шықты. Ансамбль жігіттерімен бірдей боп бірге жүрді. Ел аралап өнер көрсеткенде қыз баламын-ау деп ешқашан сыр бермеді. Оңашада, репетицияда әзіл-қалжың айтып, түрлі бастамаларға мұрындық болып, ән айтып, тыным таппайтын. Жігіттердің бәрін бірдей көретін, реті келгенде еркелеп қоятын» делінген.

Жалпы Құрманайдың «Дос-Мұқасандағы» алғашқы жылдары жайлы мәлімет тым аз. Жаңа ортада, оның үстіне шақпақ тастай отөрім жігіттердің арасында жалғыз қыз болып жүріп өзін сақтауды айтпағанда, өнер жағынан келгенде, бұрын тек акустикалық ән айтып келе жатқан, тәжірибесі жетімсіз әншінің ыңғай электрлі аспаптардан тұратын және шылғи ер дауысты ұжымда жалтақсыз жол тауып кетуі қаншалықты қиынға түскенін бүгінде тек ойша бағамдауға болады. Ансамбль бұл кезде дайындық жұмыстарын алдымен институттың төле қабатындағы кинолаборатория бөлмесінде, соңыра «Самал» студенттер клубының АиВТ жатақханасындағы екі бөлмесінде жүргізген. Алғашқы жылдар жөнінде политехникалық институттың «За инженерные кадры!» көптиражды газетінен бірқатар мәлімет табуға болады. Солардың бірінде екінші курс студенті Ұлықпан Сыдықов 1969 жылғы ­­16 ­наурыз күнгі «Дос-Мұқасан» гастро­лирует» деген мақалада ансамбльдің институт­тың үгіт бригадасы құрамында Алматы тү­бін­дегі ұжымшарларда концерт бергендігі ай­ты­лады. Осындай жарияланымдарға қарап, ал­ғаш­қы кезде «Дос-Мұқасан» студенттік ми­ниа­тю­раларды, иллюзиондық жанрда өнер көр­сетушілерді және әншілерді музыкамен сүйе­мел­деп тұратын, арасында өз нөмірлерін орын­­дай­тын эстрадалық ревю болған сияқты. Осындай жағдайды кейін «Песняры» деп қайта атал­ғанға дейін ­«Лявониха» тобы да бастан кешір­ген ғой. 1969 жылы 8 ­наурызда «Огни Алатау» газетінде жарияланған бір фотосуретте Құрма­най ансамбльдегі ­жайдары сары түсті бірдей жейде киген төрт жігіттің ортасында ән салып тұр. «Своим изумительным голосом и мане­рой держаться на сцене покаряет слушателей солистка ансамбля Курманай Ажибаева» деп жа­зады Ұлықпан Сыдықов жоғарыдағы мақаласында.

Құрманай ансамльдегі Досымнан өзге жігіттер секілді, нота білмеген, бірақ абсолютті музыкалық есту қабілетінің арқасында кез келген әнді бір естігеннен қағып алып, айтып кеткен. «Ән жаттау үшін оған бір түн жеткілікті еді» делінген естеліктердің бірінде. «Дос-Мұқасан» 1969 жылы «Студенттік көктем» қалалық фестивалінің жеңімпазы атанып, атағы шыға бастағаннан кейін студенттік құрылыс отрядтарын алмасу тәжірибесі аясында бір кезде өздеріне ат берген Янош Картош тұратын Венгрияға барғаны белгілі. Ансамбльдің бұл тұңғыш шетелдік сапары кезінде Құрманайдың «Дос-Мұқасан» құрамында болған-болмағаны мәлімсіз, ал «Дос-Мұқасан» 1971 жылы алтын медаль иеленіп, лауреат атанып қайтатын Ташкенттегі Бүкілодақтық техникаолық ЖОО-лар фестиваліне қатысуы әбден мүмкін. Өзге де Одақтас республикаларға гастрольдік сапарлармен барғаны анық. Бішкекте (ол кезде Фрунзе) болған кезде досмұқасандықтар мейрамханада сол тұста қырғыз хиті атанып тұрған «Дзержинский проспектісі» дейтін әнді естиді. Ол «биске» бірнеше қайыра орындалады. Осы аралықта Досым әуенін қағаз сүлгіге ноталап түсіреді де, сөзін жатақханаға оралғасын қырғыз жігіттерінен жазып алады. Құрманай әнді сол түні жаттап алып, ертесіне концертте нәшіне келтіре орындап береді. Нөмір кезінде жазылып алынбаған, қазірде тыңдау мүмкін емес, хит қырғыз Ютубында да жоқ, сол сияқты әнге тақырып болған, бір кездегі Алматының Калинин көшесі сияқты «алтын қасық тістеп туғандар» тұрған «Дзержинканың» аты да бұл күнде Эркиндик гүлзары болып өзгеріп кеткен.

1971 жылы Құрманайдың репертуарында болған «Лето любви» әні де осының аяғын құшып тұр. Ол 1970-ші жылдары Кеңес Ода­ғында экраннан түспеген бір жапон фильмін­де музыкалық тақырып (қазіргіше айт­­қанда, саундтрек) ретінде қолданылғаны айты­­лады деректерде. Бірақ әлгіндей атпен 1967 жылы экранға шыққан американ фильмі, 1970 жылы түсірілген Пәкістан мелодрамасы бар да, жапон фильмі жоқ. Есесіне осы елдің «Махаббат маусымы» дейтін атақты кинолентасы кездеседі. 1969 жылы экранға шығып, іле-шала «Сезон любви» деген атпен кеңестік прокатқа жолдама алған. Біздіңше, жоғарыдағы деректі берушілер айтқан «Лето любви» – арада көп көп уақыт өтуі себепті атын шатастырып алған осы «Сезон любви».

Режиссёр Умэцугу Иноуэ түсірген фильм­нің жанры музыкалық мелодрама болған­дықтан онда музыкалық материал молынан пай­даланылған. Барлығын да сол тұстағы ­танымал жапон поп-квинтеті Pinky&Killers орындайды. Солардың ішінен тез арада аты шығып, кеңінен жайылғаны – Koino Kisetsu ­(«Махаббат ­маусымы») композициясы. ­Фильмде оны квинтеттің музыкалық және дауыс сүйемелімен монодауыста жапонның талантты әнші қызы, Pinky және Ёко Кон дейтін сахналық есімдерімен белгілі Ёко Имадзу шырқайды.

Саундтрек фильм экранға шықпай тұрып, яғни 1968 жылы Ёконың Koino Kisetsu альбомына сингл болып енген. Осы альбом аттас фильм 1970 жылдар басында Моңғолия мен Кеңес Одағында ең кассалық шетел кинолентасы атанғаннан кейін Одақ көлемінде де таралуы мүмкін. Сонымен қатар әннің орысша нұсқасы да жасалған. Сөздері: «Шепчется море с Луной, / Берег не видно вдали, / Где-то плывёт за кормой, / Белая лодка любви. / Я не могу без тебя, / Словно костёр без огня. / Но ты меня не поймёшь, / В сердце холодный лишь дождь... И полюбить не смог... / Был лишь сезон любви» деп келеді (1990 жылдар басында бірқатар өзгерістермен Вадим Казаченко мен «Фристайл» тобы бірлесіп кавер-нұсқасын орындады). Құрманай ән әуенін фильмнен, не альбом нұсқасынан жаттап, жоғарыдағы орысша мәтінге түпнұсқа мәтінді араластырып, интерлингвистикамен айтуы да мүмкін (ол кезде қазақ әншілері арасында,  ­мысалы, «Айгүл» ансамблінде, жапон әндерін өз сөзімен айту өзінше бір сән болған).

«Махаббат маусымы» – жеңіл әуенді, ырғақты ән. Түпнұсқада соль-минорда орындалады. Ёко Имадзудың диапазоны кең, әншілік дауысы не альт, не лирикалық сопрано. Осы қалпында контральто Құрманайдың оң жамбасына дәл келеді деп айту қиын. Бірақ, естігендердің айтуынша, қазақ әншісі оны Ёкодан кем орындамаған. Өз даусына лайықтап, ажарлап өңдеп, өзіндік кавер-нұсқасын жасап алған сияқты. «Жас әнші Құрманай Әжібаева махаббат хикаясына тереңдеп бойлап, ондағы бүкіл нәзік сезім реңктерін шебер суреткердей ғажайып бояуларға бояп орындады.

 Оның тап-таза дауысы және эстрадалық-сахналық шеберлігі қайран қалдырып, қуаныш сыйлайды» деп жазды «Лениншіл жас» газетінің 1971 жылғы 19 тамыздағы нөмірінде журналист-жазушы Қаржаубай Омарұлы.

Жаңа бастаған жас әнші үшін бұл, әрине, үлкен баға. Автор негізінде әлгі сөздері арқылы қазақ артисі әннің тереңіне бойлап, ондағы түрткі, мотивациялық сезімдерді сәтімен аңғарып, қазықбау етіп шалған деген ойға бет нұсқайды. Кино сюжеті бойынша бас кейіпкер – жас қыз Ёко бір оқыс оқиға кезінде танысқан сақа жігітке көңілі кетеді, ал ол құрғыр – Куракова өзіне ойда-жоқта жабысып қалған көрікті де жас бойжеткеннен қарадай үркіп, ат-тонын ала қашады. «Мұны алсам, ертеңгі күнім не болады, жас қызға шамам жете ме?!» деп, әдетте осы жастағы еркектерде болатын сарыуайымға ­салынады. Онысы, әрине, «жауапкершілік» дегенді желеуретіп қиындықтан қашу ғой. Валентин Распутин «Рудольфино» дейтін әңгімесінде психологиясын әдемі ашқан қорқақ еркектердің өздерінше ойлап тапқан жасырынбағы. Содан, басыңды не ауыртайын, Куро-екең қашқаннан қашып отырып, қиян Бразилиядан бір-ақ шығады. Барғасын қызды ойлап жүре алмайды. Бірақ енді кеш. Уылжып пісіп тұрған алма жерге үзіліп түспей қашанғы тұрады, Курокеңді күтіп-күтіп, болмағасын бұрынғы жігітіне қайта қосылады. Осы бір драмалық жағдай – мойнына жауапкершілік ала алмайтын, сүйіспендік сезімін уақытында уалай алмайтын жасқаншақтық әлгі саундтрек әнде қыз атынан айтылатын «И полюбить не смог... Был лишь сезон любви...» деген шерлі де күйікті сөздермен берілген. Бұрын да болған, қазір де көптеген қыздарымыздың басында бар жағдай – махаббатты тәлкек етіп, маусымдық нәрсеге айналдырып жүрген «Алаштың азаматтары» аз ба арамызда!? Құрманай өмірдің осы ащы шындығын ұзақ аңдап, терең барлап аңғарып, әннің өнбойына басты мотив ретінде өрген сияқты. Егер осы айтқанымыз рас болса, онда «Махаббат маусымы» әнінде Құрманай кейін өзінің бүкіл әншілік сапарына желі боп тартылатын шынайылықты, әнге дауыстан бұрын жүректі салып айтуды бастап қолданған десе лайық.

Құрманай Әжібаеваның әншілік шығарма­шы­лы­ғының айырым белгісі болып саналатын бұл ыңғай сөз болып отырған шамада «Сағындым сені» композициясында логикалық жалғасын тапты.

Бірқатар дерек көздерінде «Сағындым сені» әнін Ескендір Хасанғалиев Құрманайдың даусына арнап шығарған делінеді. Бұл дәл емес сөз. Шын тарихы басқа.

Кеңестік жүйе кезінде социалистік экономиканың маңызды құрылыс жобаларына жиі-жиі өнер ұжымдарын жіберіп алып отырған. Сол ізбен «Дос-Мұқасан» да 1970 жылдардың басында бүкілодақтық екпінді комсомол құрылысы болып жарияланған Арқалық қаласына, Арменияның Севан көліндегі су тарту жүйесіне және Тәжікстандағы Нүрек ГЭС-іне барып, құрылысшылардың алдында өнер көрсеткен. Соңғы аталған құрылысқа баратын делегацияны жасақтаған кезде республика комсомолының орталық комитеті оған «Дос-Мұқасанды» да қосады. Одан басқа Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттары – әнші Нұрғали Нүсіпжанов, композитор Ескендір Хасанғалиев, ақын Надежда Лушникова бар. Алматы қалалық партия комитетінің жауапты қызметкері Марат Шорманов басқарған делегация Тәжікстанға 1971 жылдың көктемінде келеді. «Сол сапарда Ескендір ағамыздың өте сырлы, нәзік «Сағындым сені» деген жаңа ән шығарғанын білдік, – деп жазады Досым мен Ұлықпан еске алу мақаласында. – Бірақ әлі ешкім орындамапты. Эфирге шықпаған, жұртқа таралмаған. Автордың өзі де басқа бір әншіге орындатуға қимайтын сияқты, өзіне тым ыстық көрінетіні байқалады. Құрманай бұл әнмен таныса салысымен-ақ өте ұнатты, қатты ден қойды, жарты күнге жетпей-ақ игеріп алып, бәріміздің алдымызда жан-тәнімен беріліп тұрып орындап бергендегі біздің жағдайымызды көрсеңіз! ­Ерекше күйге бөленген Есекең аса ризашылықпен Құрманайдың маңдайынан сүйді...»

Иә, бұл рас, композитор әлі күнге ­Құрма­най­ды өзінің осы әнін ең мықты орындаушы деп санайды және атап айтар нәрсе – Бәкір Тәжібаев ән мәтінін жігіттің қызға бағыштаған сөзі етіп жазса да, оны Құрманайға сеніп тапсырғанда түйсігі алдамаған. Досым мен Ұлықпан ағаларымыз да жоғарыдағы еске алу мақаласында: «Бұл әнді Құрманайдай жан дүниесімен, терең музыкалық сауатпен, сан-қатпарлы, құпиясы мол ғажап дауыспен шырқаған басқа әншіні әлі кездестіргеніміз жоқ» деп, ағынан жарылады.

Ән көктемде, биік таудағы Нүректе алғаш демо түрінде айтылғаннан кейін сол жылы шыққан ансамбльдің тұңғыш миньон табағына енді. Бұдан басқа, әлгі тұста «Қазақтелефильм» студиясы «Дос-Мұқасан» жөнінде түсірген фильм-концертте Құрманай «Сағындым сеніні» ансамбль сүйемелімен орындайтын арнаулы кадр бар. Бұл – Құрманайдың кинолентаға тартылған жеке дауыстағы жалғыз нөмірі.

Әншінің перформинг үстіндегі бүкіл жан тебіренісін, сезім құбылысын барынша ашып көрсететін жоғарыдағы бейнекөріністі «боя­масыз дауыс, бояусыз әлпет» деп әліптеуге болар еді. Қыз бала болғасын Құрманай, әрине, шаш үлгісіне мән беріп, оны өзгертіп отырған. ­Ансамбльге алғаш келген жылы мөлт қара шашын иығынан төгілдіріп түсіріп, маңдайынан жоғары қарай жарты шеңбер тоғыншақпен қапсырып қойса, жоғарыдағы фильм-концерттегі шаш үлгісі – карэ. Екі көріністе де көздерін жиектей жеңіл тушь жүргізіп қойған. Бар косметика сол. «Құрманай «Көктем» шағынауданында тұрды, әлі есімде – бет-әлпетінде неміс киноактрисасы Роми Шнайдерге бір ұқсастық бар еді» деп ­жазады Ютубтағы бір фалловер. Дағыстандық және бір желі пайдаланушының ол жөнінде айтқан: «Я здесь, чтобы слушать Масла чёрного тмина» деген сөзі әлеужеліде қанатты сөз болып демде тарап кетті. Айтса айтқандай, шынында да, Құрманайдың көзі – қара зиренің майы: тұнжыр қарашық және батыс қазақтарының айнымайтын ен-таңбасы бойынша көзінің бірі үлкенірек, екіншісі ұзынша боп, екі түрлі формада келеді. Осы бір ерекше көз жанары бір жағынан шытқыл мінез адай қызының бүкіл конституциясын, ішкі долылығын да беріп тұрғандай. 1979-1980 жылдары Құрманай политехтың сәулет және құрылыс факультетінің даярлық тобына сабақ беріп жүргенде оның алдын көрген сыныптасым Санаққали Құлжығаровтан бірде: «Құрманай институттағы өмірде қандай еді, көздері өлең айтқан кездегідей мұңды, тұнжыр ма еді?» – деп сұрағаным бар. «Тұнжырлығын байқамадым, әйтеуір сабақ өткізіп отырып, бір нәрсе айтар алдында ойланып алған кезінде көз жанары аударылып-төңкеріліп тұратыны есімде қалыпты» деді Санақ.

Бұдан жай өмірде ашық-жарқын адам ән айтқан кезде оған қарама-қарсы, мүлдем басқа қиырға барып енетіні, соған сәйкес көзі, қарасы, жалпы бет бәдені өзгеше түр-кейіп алатыны көрінеді. Жоғарыдағы бейнекөріністі көргендердің көпшілігі әнші «Сағындым сені» композициясын бір мезгілде әрі өжет, әрі мұңды кейіпте орындайтынын, даусына бір мезгілде әрі сезім, әрі қуатты серпін бояуы араласып келетіндігіне назар аударады. «Шыңылтыр сезімшілдік, шынайылық, мұң – осы үшеуі бір әнде бір құтыға құйылған. Бұл көріністі көріп отырғаныңда, сол кездегі адамдардың махаббат сезімін, қайғы-шерге батуын жіті сезінгендей боласың, сонда да олардың өзара жарасымдылықты сақтап, ертеңге деген зор үмітпен өмір сүргенін аңғарып, қайран қаласың» деп жазады солардың біреуі. Сэм Безруков есімді келесі ресейлік фалловердің пікірін әрін жоғалтып, өңін тайдырып алмау үшін түпнұсқа тілде келтірейік: «Гляжу на неё и оторвать взгляд не могу, хочу понять этой песни – «Я скучаю по тебе». Что-то в ней есть такое, что мне хочется понять. Красивая и серьёзная, и в меру строга она была, всё-таки, о чём или о ком она думала при исполнении этой песни, мы никогда не узнаём».

Толықтай келісемін. Жан дүниесі теңіздей терең мұндай адамдар көп нәрсені сыртқа шығармай, өздерімен бірге әкететіні бар. Өз ­басым бұл жағынан Құрманайды шығармашылық және өмірлік жолы тылсым жұмбақтарға толы болған біртүрлі актриса, көзі түз тағысының көзіндей Татьяна Самойловаға және атағы шығып, кемеліне келіп тұрған шағында із-түзсіз жоғалып кеткен және бір түсініксіз өнер иесі – голландиялық әнші Ингрид Купке (Кэп) ұқсатар едім. Бүкіл ән бойында Құрманайдың кірпік қақпай кіреукелене дымданған тұңғиық тұнжыр жанарларынан енді болмаса бір-екі тамшы үзіліп түсіп, жөнелердей... Жан тыныштығына оранған не деген ұлы қайғы бұл?! Музыканы магия дейміз, ал одан да бөлек мына тылсымды немен түсіндірерсің...

Міне, осы Затаевич жазатын қазақ әйелдеріне тән «апатиялық» алабөтен жұмбақ табиғи сұлу келбет табиғи таза дауыспен айқын үйлесе келіп, «Сағындым сені» әнін нағыз шедеврге айналдырған. Композицияда сезім, вокал және музыка ғажап та сирек үйлесіммен қабысады. Әншінің іште ешбір құлта қалдырмай, ақтарыла айтқан әндегі асқан шынайылығы екінші шумақтың аяғын ала бере дауысты еріксіз фальцетпен жоғары көтеріп жібереді, одан әрі меццодан толыққа жуық сопраноға ауысып, шыңылтыр биік дыбыстармен өрлеп, әуелей береді, бірақ әннің «крещендо» делінетін шарықтау шегіне жетпей, шығандамай кейін қайтады. Әлдене жетпегендей, еріксіз жұтынып қаласың. ­Тонды келте қылып тұрған ­дауыс дейтіндей емес – Құрманай жоғары ноталарды еркін алды және оның аржағындағы биік ­регистрлерге шамасы әбден келетіндігі көрініп тұр. Соған қарамастан әнші әлденеге өзін-өзі тежегені байқалады. Әдетте дәстүрлі қазақ әншілері мұндай өрелі өлең қолға тие қалса, өзін шектемей, Әсетше айтқанда, дәсерлетіп, қырық қарпып, тоқсан толғап, мың құбылтып, өрлетіп, шалқытып, әуелетіп әкетіп, соңында тік шаншылтып, Хан-Тәңірінің шыңына апарып дік еткізіп бір-ақ қадар еді. Құрманай олай етпейді, рас, әннің қазақы ырғағын, шаршы-ұялы құрылымын бұзбайды, жазушы Қуандық Түменбай жазғандай, ондағы ұлттық сурет, қазақы сағынышты да ­бояуын әлсіретпей жеткізеді, десе де бұрынғы Әсеттердің, Мұхиттардың шыған дауысы мұнда жоқ. Дұрысы: ондай табиғи дауыс бар, бірақ сол мүмкіндікті өзі қолданбайды. Неге? Әлде бірқатар сырдескі, кәсіпқой әншілер сияқты пернесіңірлерін сақтау үшін әріге барғысы келмеді ме? Көбінесе мұны классикалық ән өнері дамыған Батыс артистері ұстанады. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, дауыс аппаратына кесел келтірмеу үшін, екіншіден, оларда ғасырлар бойы қалыптасқан вокалдық дәстүр бойынша ән айтудың ең әдемі үлгісі алдындағы шырақтың жалынын еш шалқытпай айтып шығатын бель канто стилі болып саналатындықтан көбінесе перформинг жалынсыздау, құштарсыздау болып келеді. Қазақтың ән өнері 1930 жылдардан бастап жалпы модальдық Шығыс саз мектебіне тән құшырмен орындау (пассионато) дәстүрінен қол үзіп, ­Ресей арқылы келген, дауысты шектеп отыратын әлгіндей батыстық саундқа аққұла ауысқан-ды. Құрманай өкілі болып саналатын 1970 жылдарғы буын әншілерінде осы батыстық ботэкс мықтап ірге теуіп үлгерген-ді. «Сағындым сені» композициясын тыңдап отырғанда, әгәрәки жоғарыдағыдай жасанды шектеулер болмағанда Құрманай Ақтөбе өңіріндегі Тәңірберлі ­Молдабай, Әкімгерей Қостанұлы, Батақтың Сарысы, Қызыл Тұрдалыұлы, Жүсіп Сейілов сынды кең диапазонды, жоғары регистрлі әншілердің дауысы мен ән айту мәнерін қайта тірілтіп, жаңадан дем салар ма еді деп ойлайсың. ­Абырой болғанда, кейін бұл міндеттің үдесінен ­Димаш шыға алды. Миша Михайлов деген автор Құрманай айтқан «Сағындым сені» әнін тыңдап отырып, әлеужеліде «Как хотелось бы, чтобы Димаш исполнил эту чудесную песню» депті. Ән Димаштың даусына келе ме, келмей ме, ол жағы бізге беймәлім. Айтарымыз мынау: Құрманай жоғарыдағы дәстүрлі әншілер мен Димаштың арасында орын алған үзікті жалғап тұрған аралық буын, алтын көпір десе лайық. Осынысымен де ол XX ғасыр басында қазақ ән өнерінде модернизмге қарай бағыт алған революциялық қозғалысқа «Сағындым сені» сияқты өзінің француздық шансон стилі мен лирикалық рок аралығындағы, америкалық қара қыздар жан-тәнін салып айтатын соул тұрпатты дара әншілік мәнерімен елеулі үлес қосқан.

«Сағындым сені» алғаш кіші күйтабаққа жазыл­ғаннан кейін де бірнеше дүркін жарық көрді: келесі жылы мәскеулік «Кругозор» журна­лының ішіне салынған жұмсақ пластинкаға, 1997 жылы Мұрат Құсайыновтың «Әуен» студиясы әзірлеп шығарған «Той жыры» альбом-кассетасына, соңғы рет 2002 жылғы «Жыр ­жазамын жүрегімнен» CD-іне енді. Аз таралыммен шыққан бұл кассета, дискілер қазірде қат нәрсеге айналды, қолда бары тозып, пайдалануға келмей қалды – Қуақаң (Қуандық Түменбай) ­жазатындай, кассетадағы жазба ­таспасы үнсіз шайналып, айнала береді. Осындай сай-себептен де шығар, әйтеуір бүгінгі қазақ эстрадасындағылар «Сағындым сені» секілді ­шедевр әнді жөнді білмейді, мысалы, осыдан бірер жыл бұрын «Хабар» телеарнасы «Дос-Мұқасан» репер­туарына арналған «Жеті ән» жобасының шоу-бағдарламасында қазіргі жас әншілеріміздің бірде-біреуі Құрманайдың орындауындағы ән төресін – «Сағындым сені», «Жан досым» композицияларына аяқ баспады. Бұл әнді Ескендір Хасанғалиевтің өзі КешYou тобымен бірге, баритон Сүндет Байғожин және «Мистерионс» тобы кавер орындайды. Шыны керек, қай-қайсысы да түпнұсқаға жетпейді. Бәлкім, мұның сыры – түпнұсқа орындаудың ән емес, нағыз композиция екендігінде шығар. Дәтке қуаты – «Дос-Мұқасанның» құрылуына 25 жыл толуына орай 1992 жылы Алматыда, 2000 жылы Астанада қойылған концерт бағдар­ла­малары «Сағындым сені» деп аталады. Сөйтіп, аңызға айналған ансамбльдің мүшелері Құрманайдың әнімен арамыздан мезгілсіз кеткен әншінің өзін, Тасханды, Мұрат Сарыбаевты еске алысты...

«Сағындым сені» – көп қатпарлы, сан сырлы ән дейтін пікір әбден дұрыс. Сөйтсе де, бұрын да, қазір де тыңдаушылар тарапынан «XX ғасырдың көрнекті лирикалық балладасы» дейтін жоғары бағаға ие болған бұл ән, ең алдымен, объективті түрде ғашық жүректің сағыныш әні. Әуенін жазған композитордың, сөзін жазған ақынның және алғаш орындаған әншінің ғашық жүрегін жарып шыққан, сонымен бүткіл ғашық жүректерді қозғайтын дүние. Десе де, бұл әннің субъективті жағы бар ма, яғни оны Нүректе алғаш айтқан сәтке дейін, не сол сәтте 22 жасар Құрманай нағыз сүйіспеншілік сезімін бастан өткерген бе деген сұрақ туады.

 Құрманай 1969 жылдың көктемінде «Дос-Мұқасанның» табалдырығын аттаған шақта ансамбльде алты жігіт бар болатын: Досым (саксофон, электрорган), Мұрат (соло-гитара, вокал), Мейірбек Молдабеков (ритм-гитара, вокал), Сағаділда Хасенов (бис-гитара), Юрий Лим (ұрмалы аспап) және әнші Осмадияр Мақанов. Яғни Катя (Құрманайдың студент кезіндегі аты) ансамбльде алғашында жалғыз қыз болған және кейін «Достар» өз сайттарында жазғандай, «ол кілең жігіттерден тұратын ұжымға ажар қосқан». Ал журналист Ғалия Шымырбаева Шәріп Омаровты еске алу мақаласында: «Дос-Мұқасанның» жігіттері өздерінің алғашқы қыз әншісі – ҚызПИ-дің студенті Құрманай Әжібаеваға ғашық болған» деп жазады. Әрине, бәрі шетінен сүйіп қалды деуге болмас, мысалы, ансамбльге политехтің оркестрінен шақырылған Сағаділда ұзамай ансамбльден кетіп қалады, ал химия кафедрасының доценті Осмадияр ол кезде үйлі-баранды сақа жігіт еді. Юра Лимнің ұлты басқа. Есесіне жілігі шағылмаған «үш ноян» бар, олар – киіктің асығындай Мейр (Мейірбек Молдабеков), Гектор Берлиоздың шевелюрасындай етіп дудар шаш қойған Мұрат және күңгірт колорматик көзәйнекті Дос (Досым). Әсіресе қыз балаларға соңғы екеуінен «залал» келуі әбден мүмкін еді, соның ішінде қыздар ­институты жаққа жиі барғыштайтын және жай бармай, «ЖенПИ жаққа барамыз» дейтін танымал ойнақы ән шығарған Дос. Алғаш Құрманайды сахнадан көріп, өнерін де, өзін де салғаннан ұнатқан Достың өзі. Факт ретінде айта кетейік, Досым алғашқы «Ғашықпын» әнін ансамбльдің ақыны Ұлықпан Сыдықовтың сөзіне дәл сол мұғдарда, яғни 1968 жылы шығарған.

Жоғарыда Құрманайдың табиғи даусы табиғи сұлулығымен керемет үйлесім тапқан ­деген едік. 1980 жылдары ол сабақ берген студенттер апайларын сөйлер алдында ойын жинақтап, үлкен шаралы көздерін төңкеріп отырып сөйлейтін өзгеше көріктің иесі ретінде көргенін де айттық. «Жүргенде біз өкше етігін еденге қадап басып, дік-дік етіп жүретін және жұп-жұмыр тоқ балтыры етіктің қонышын керіп, еріксіз назар тіктетуші еді» деп еске алады әлгі «подкурстың» жігіт болып қалған бақа-шаяндары. Жауырынынан төменірек түсетін қап-қара шашын бір буып бос тастап, маңдайын селдіретіңкіреп кекілмен жауып қояды екен. Апамыз отызында бүйтіп ажар ашып тұрса, содан он жыл бұрын, нағыз бойжетіп тұрған дер шағында қандай болды екен дейсің. Қара тұнжыр көзді, дене мүсіні тығыншықтай, әрі сымбатты, қастары қарлығаштың қанатындай серпіліп тұратын қылықты да тартымды қыз еді дейді көргендер. Ендеше оны ансамбльдегі жігіттердің дені іштей ұнатқан дейтін жоғарыдағы әңгіме шындықтан алыс кетпеуі әбден мүмкін.

2016 жылы күзде «Алматы ақшамы» газетінде журналист Аманғали Қалжановтың Astana Musical театры қойған «Достар серті» мюзиклінің премьерасынан жазған мақаласы басылды ­(мюзикл сценарийінің авторлары Бақыт Қайырбеков пен Әннас Бағдат, режиссері Есләм Нұртазин). Студент төрт жігіттің достық хикаясы. Қысқасы, бір думанды отырыста солардың біреуі – Қайрат төбелес кезінде жарақат алып, үш досы оны емханаға алып келеді. Сол жерде Жұматай дейтін екінші жігіт медбике Әсемге ғашық боп қалады. Бірақ Әсем үшінші жігітті – Айдосты ұнатады. Шамалы кейінірек төрт дос ансамбль құрады, оған қыз әнші керек боп, Әсемді шақырады. Айдос пен Әсем бас қосқан тойда «Дос-Мұқасан» орындайтын атақты «Той жыры» шырқалады. Мақала авторы осы және басқа да фактілерді негізге ала келіп, мюзикльдің сюжетіне «Дос-Мұқасанның» алғаш құрылу тарихы арқау болған, ал Мараттың прототипі Мұрат Құсайынов, жасқаншақтау Жұматай – ­Досым Сүлеев, қу тілді Қайрат – Бақыт Жұмаділов, ал жолы болғыш Айдостың түпбейнесі Шәріп Омаров деген ой түйеді. Әсемнің ансамбльге келу тарихы, Айдос пен Әсемнің тойында «Той жырының» орындалуы және мюзикльде Әсем айтатын ән айна-қатесіз Құрманай Әжібаева образын еске салады» деп қисындайды жіті ойлы журналист.

Біздіңше, сценарий авторларының өмірде төркіні бар оқиғаларға арқа сүйеуі әбден мүмкін. Ал Айдос бейнесін шынымен де Шәріп ­Омаров деп танитын болсақ, авторлар Шәріптің ансамбльге келу жағдаятын шамалы жетілдіріп жібергені байқалады. Себебі ол «Дос-Мұқасанның» алғашқы құрамында болмаған, ­отбасы жағдайымен еліне кеткен Сағаділданың орнына бас гитарашы болып 1969 жылдың күзінде келген. Ғажабы сол, Шәріп те Досымнан басқа жігіттер сияқты музыкалық аспапта ­ойнауды алғаш институтта жүргенде, ансамбльге кіру үшін үйренеді (бұл енді музыка тарихындағы феномен құбылыс!). «Дос-Мұқасан» жігіттерімен бірінші курстан оқып келе жатқан және ансамбльдің репертуарын жатқа білетін ол алғашында – тау-кен факультеті Саня Литвиновты АиВТ-дан қызғанып, ансамбль құрамында сахнаға шығуға тыйым салғаннан кейін – ұрмалы аспапта ойнауға талаптанады, бірақ институтта өткен іріктеу кезінде музыка мектебін бітірген Юра Лимге ұтылып қалады. Сағаділда кеткесін енді гитараны қолға алады, оны саусақтарының қанын шығара күні-түні безектетіп, ақыры небір пассаждарды үйреніп алады. Негізінде бас гитара сол кезде рок бағытындағы ансамбль үшін ең басты аспап еді. Кезінде «Песнярыдің» ансамбльдің бас гитарашысы Леонид Тышконың есіміне ұйқастырылып, «Лявони» деп аталуы тегін емес. Себебі ансамбльдік рок-музыкада негізгі ырғақты бас гитара мен қазір «барабан» делінетін ұрмалы аспап береді. Бұл екеуінің ойыны қалған музыкаға таған боп тартылады. Бүгінде «Дос-Мұқасан» «Құдаша» сияқты әндерінде Батыстың «Биттлз», «Роллинг Стоунз», «Дип Пеппл» сияқты атақты рок-топтарының бас гитаралық пассаждарын тікелей көшіріп алды дейтін күдікке ілініп қалып жүр. Еліктеу-солықтау кезеңінде ондай-ондай жағдай орын алған да шығар, бірақ тұтас алғанда, ансамбль таза рок жанрын емес, халық әндерін өңдеп-ажарлап пайдаланатын фолк-рок бағытын ұстанғандықтан (олар тіпті орыстың «Очи чёрные» әнін рок стилінде айтқан ғой) жоғарыдағы топтардың ажарлау, гармония, дауысқа бөлу принциптерін, кейбір орындаушылық тәсіл-формаларын ауыс-түйіс жолымен еншілеген деу дұрыс болмақ. Осы орайда «Дос-Мұқасанның» құрамы, жалпы ойын өрнегі ілгеріде айтып кеткен жапонның Pinky&killers тобымен бір ізді басуы ой саларлық, – ол топта да дәл «Дос-Мұқасандағыдай» гитара мен ұрмалы аспапта ойнайтын төрт жігіт және бір қыз әнші (Ёко Кон) болған ғой. Ендеше Шәріп өзін ұйқысыз түн, күлкісіз күндермен қинап үйреніп алған бас-гитара ансамбльдің жалпы рокты стиль ретінде айқындап тұратын негізгі жанрлық белгі – beat-бит ырғағында жұмыс істеуіне мүмкіндік берген десе лайық.

«Шәріп осындай қайтпас қайсарлығына қоса, ерекше харизмасы бар жігіт еді» дейді оның көзін көргендер. Көпшілікпен тіл табыса кететін жұғымдылығы, жастарды төңірегіне үйіре білетін қабілеті үшін факультет комсомол комитетіне мүше болып сайланған, футболдан бірінші разряды бар спортшы. Факультеттегі «Самал» ­жастар клубының хатшысы, студенттік шараларда миниатюра-скетчтерде ойнап, актёр ретінде де танылған. Бойшаң, келбетті жігіт. «Үш ноянның» алқауында жүрген, талғамы жоғары Құрманайға мұндай сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің – Д’Артаньянның ұнауы әбден мүмкін-тін. ­Солай болды да. «Каждый из дос­мука­са­нов­цев был интересен и талантлив ­по-своему, но она ­выбрала именно Шарипа» (Ғалия Шымырбаева). Жоғарыдағы мақаласында Досым мен Ұлықпан да Құрманайды «Жігіттердің бәрін бірдей көретін, реті келгенде еркелеп қоятын» дей келіп, одан әрі: «Сөйтіп жүргенде бойы бәрі­мізден биік, көрікті, әрі спортқа әуес Шәріп досы­мыз екеуі бірін-бірі ұнатып, ара-кідік оңаша сыр шертісіп жүргенін аңғармаппыз» деп, бір сыр­дың ұштығын шығарады. Бұған қарағанда, Құрманай алғаш «Сағындым сеніні» Нүректе шыр­қаған кезде махаббат мүптәләсіне душар болып үлгерген болса керек. Жалпы қазақ қыздары сезімін сөзбен айтқаннан гөрі, әнмен жеткіз­генді дұрыс көреді ғой. Әннің өте шынайы шы­ғуына сеп­тес­кен субъективті жағдай да осы болуы мүмкін.

Қыз мұраты – кету. Ақыры екеуін де алып-ұштырған сезім Нүректен оралғасын үйлену тойы болып ресімделеді. Той сол 1971 жылғы 3 шілде күні өтті. Соның алдындағы неке қию рәсімі кезінде Құрманай қазақ шешелерінің «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген ұлағатына бағып, Шәріптің фамилиясын алады, содан бастап өнер жолында Омарова дейтін жаңа нәмімен танылады. Кейбір мәліметкөздерде атақты «Той жыры» Шәріп пен Құрманайдың бас қосуына әдейі арнап шығарылған делінеді. Әрине, бұл қате – «Той жырын» Досым мен Ұлықпан содан бір жыл бұрын, яғни 1970 жылғы 10 қазанда, Мұрат Құсайынов пен Сәбираның үйленуіне бірнеше сағат қалғанда шығарған да, ән кешіне шағынаудандардың біріндегі «Ласточка» кафесінде алғаш рет орындалған. «Қазақтелефильм» студиясы 1971 жылы «Дос-Мұқасан» жайлы киноочерк түсіруді бастайды да, «Той жырын» Шәріп пен Құрманайдың тойында ансамбльге арнайы орындатып, телефильмге енгізеді. Тойдың Шәріп туған Жамбыл облысындағы Талас ауданының Тамды ауылында жалғасқан бөлігінде қосымша кадрлар түсіріледі. Сол кадрлардың бірінде қымыз сапырып отырған кейуана – Шәріптің әжесінің: «Қарақтарым-ау, сендерді түсінсем бұйырмасын. Азаннан кешке дейін жұмыс-жұмыс деп шапқылайсыңдар, кешке концертке дайындыққа кетеміз дейсіңдер, сонда қай уақытта өмір сүріп үлгересіңдер?!» деп таңғалып, жұртты күлдіретіні бар. Кейін сол әжелері екеуінен туған шөберелерін бақты.

Әрбердесін «Той жырының» қай тойда алғаш айтылғанында тұрған ештеңе жоқ. Заманында атағы Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен жайылып, тіпті ресейлік «Москвичи» ансамблі мен Александр Серовтай белгілі әншінің репертуарына енген бұл әнсіз өтетін той қазақта кемде-кем шығар және «Мендельсонның той маршының қазақшасы» делінетін осынау суперхит «Жар-жар» орнына шырқалған жас отаулардың, – барлығының демей-ақ қояйық, – көпшілігінің шаңырағына бақ, босағасына береке болып үйірілгені зайыр ақиқат. Биыл, яғни 2020 жылы шыққанына жарты ғасыр толып отырған «Той жыры» Шәріп пен Құрманайдың да ақ отауына бақ-береке дарытқан жолашар ән болды: бұл кезде оқуды бітіріп, политехтің аспирантурасына түскен, әрі институт комсомол комитетінің хатшысы болып сайланған Шәріпке институт басшылығы Ленин даңғылы бойындағы (қазіргі Достық) аспиранттар жатаханасынан бір бөлме береді. Сол тұста олармен бірге тұрған Ұлғанымның айтуынша, орысша оқығанымен қазақы дәстүрде тәрбиеленген, мінезі жағынан да адам жатырқамайтын Құрманай әлгі шымшықтың ұясындай мекенжайдың нағыз қожайын әйеліне айналады. Үйлерінен қонақ арылмаған. Әсіресе «Достардың» бас қосатын, шай-су ішетін көңілді бір орны. «Сонда Құрманай тал түсте тай жығып жейтін жігіттерге тайдың етінен бір де кем түспейтін мағыналы-мәнді бір тағам әзірлеп беріп ырзалайды екен. Жусай, қызанақ қосып мол қып қуырылған жұмыртқа еді ол» дейді Ұлғаным. Құрманай шетелге концерттік сапармен шыққанда рецептісін алып келген. Ол аз ғана саналы ғұмырында өнерінің, «Дос-Мұқасанның» арқасында жер шарын аралап, талай жердің дәмін татқан ғой. Германияда күнде беретін желкек қосқан шұжыққаннан, Бодлер елінде – Парижде, Лионда, Гренобльде, Дижонда болғанда «теңіздің сүюі» дейтін бақалшақты ұлу тағамынан әбден запы боп, ақыры бір күні әлгі қуырмыш [жұмыртқаны ұшыратып, ұнатып қалады. Ең қызығы, Ұлғаным сипаттаған тағамның бұл түрі тіпті де француз мәзірі емес, өзіміздің түркінің ежелгі ертеңгілік асы. Әзери түркілерде «шакшука» деп аталады. Кейбіреулер оның шығу төркінін Мағриб елдеріне, ­Израильге апарып тірегенімен, түркі тағамы екенін тез, жылдам, яғни шақ-шұқ әзірленеді дейтін аты да көрсетіп тұр ғой. Әзербайжан шақшұғы әуелгі қалпында жұмыртқаға қызанақ, жуа, сарымсақ, тұщы бұрыш қосып, аскөкпен дәмдеп жасалады. Мағриб, яһуди елдерінде құрамы біраз басқашарақ, дегенмен жұмыртқа қоспағандағы негізі – матбұғасы өзара жуық екені Құрманай пайдаланған ингриеденттерден көрініп тұр. Қысқасы, ол шақшұқтың Францияның ас мәзіріне бұрынғы отар Мағриб елдері арқылы жеткен түрін алып келген.

«Дос-Мұқасан» кәсіби ұжымға айналған 1975 жылға дейін көркемөнерпаздар ансамблі ретінде өнер көрсеткен. Соған орай ансамбль мүшелері негізгі мамандықтары бойынша қызметтен қол үзбеген. Құрманай да 1971 жылы ҚызПИ-ді бітіргесін сонда оқытушы болып қалып, кубалық студенттердің дайындық курсына орыс тілінен сабақ береді, ал келесі, 1972 жылы (кейбір деректерде 1973 жылы) политехникалық институттың жалпыинституттық орыс тілі ­кафедрасына ауысады. Сөйтіп, құжат ­бойынша таза «досмұқасандық» атанып, тұңғыш қызы Аида, одан соң Дана дүниеге келгеннен кейін де өнерден, ансамбльден қол үзбейді. Ансамбль құрамында 1971 жылы Ташкентке, Польшаға, 1972 жылы Францияға сапарлайды. 1971 жылы «Алло, біз таланттарды іздейміз» конкурсына екінші рет қатысу мүмкіндігіне ие болады, алайда – көп айтыла бермейтін факт! – «Дос-Мұқасан» ол жолы конкурстың финалына өтпей қалады (сірә, көркемөнерпаздар ансамблінің кәсіпқой ұжым деңгейінде өнер көрсетуі көлденең түссе керек).

Құрманайдың шығармашылық жолындағы өзіндік бетін табуға талпынған тынымсыз ізденіс уақыты да осы кезең. Бұл жылдары оның репертуарындағы әндерден бізге белгілісі, яғни күйтабақтарға енгені – «Жанарым» және «Ты – моя мечта». Екеуі де поп жанрындағы жеңіл мелодиялы туындылар. Мұрат Құсайынов әуенін, Бақытжан Жұмаділов сөзін жазған соңғы әнді Бақыттың өзі айтпай, Құрманайға бергеніне қарағанда ән Құрманайдың дауысына көбірек келіңкіреген. «Ты – моя мечта» оның дуэтпен (Мұрат Құсайыновпен) айтқан алғашқы әні болуы керек. Дуэтпен (Тасхан ­Нарбаевамен) орындаған екінші әні – әуенін Досым Сүлеев, сөзін Мұхтар Шаханов жазған «Бақытқа ­барар жолда». «Ты – моя мечта» жоғарыдағы «Сағындым сені» сияқты кезінде Құрманайдың орындауында телевизиялық фильм-концерт үшін арнайы таспаға тартып алынған екінші ән (оны «Достар» 2002 жылы «Алматы – менің алғашқы махаббатым» фестивалінде орындады). Тұтас алғанда бұл ән Құрманайдың әншілік жолындағы «Сияет в вышине...», «Сезон ­любви», Лили Иванованың репертуарынан алынған болгар әні, Арно Бабаджанянның «Письмо» және Оскар Фельцманның «Никогда» әндерімен бірге мәдениетіміздің ұлттық интегративтік моделін жасауға қосылған үлес, жақсы бір олжа деу ­керек. Өкінерлігі, бізде эстраданың осы бір жағы ескеріле бермейді. Қайткенде де орыс халқының ән мәдениеті, әсіресе ондағы Алтын Орда дәуіріндегі түркі ықпалы, оны жалпы Шығысқа, соның ішінде қазаққа жақындата түседі, ­сонымен бірге орыстың классикалық эстрадасы біз үшін Батыс пен Шығыс дейтін екі қиыр дүниені жалғастырған алтын көпір екенін де мойындауға тиіспіз.

Сол сияқты Құрманай Әжібаева-Омарова сөз болғанда ескерілмей жүрген тағы бір ән бар. Ол – белгілі «Алматы түні» композициясы.

Ұлттық кітапхананың күйтабақтар қоры Интернетте орналастырған бейнекөріністе бұл ән «1968 жылы Ташкентте «Мелодия» фирмасы шығарған грампластинкаға Қазақстанның халық артисі Бақытжан Жұмаділовтың орындауында жазылған» делінген. Түбірімен қате дерек. Иә, ол жазбада әнді Бақытжан ансамбльдегі жігіттердің қосылуымен орындайды, бірақ бұл – мерзім жағынан кейінгі орындау. Неге десеңіз, 1968 жылы «Дос-Мұқасанда» Бақыттың аты түгіл заты да жоқ – ол ансамбльге 1971 жылдың көктемінде, ҚазМУ-дың «Прометей» ансамблінен ауысып келген. Әннің әуенін Досым Сүлеев 1972 жылы, Мәскеуден Алматы жайлы телефильм түсіруге келген киношылардың тапсырысымен шығарған (бір қызығы, «Той жырындағыдай» мұнда да Досым әуенді Тұманбай Молдағалиев өзінің сұрауымен жазып берген мәтінге қарап отырып, жылдам шығарып тастайды). Телефильмге алғаш Бақыт ансамбль қостауымен айтатын аутентті нұсқасында енсе керек, бірақ келесі, 1973 жылғы ансамбльдің гигант-дискісіне «Алматы түні» Бақытжан мен Құрманайдың орындауында жазылған. Мұның себебін кейін Мұрат Құсайынов айтты. Ол 2014 жылы «Жеті ән» тележобасында жас әнші Бақыт Тұрман аталған композицияға жасаған кавер-нұсқаға баға бере келіп, «Алматы түнін» екі дауыспен айту керек, сонда ән ашылады» деді. Осы сөз – сөз. Ол кезде «подпевка» деп аталатын бэктің алқауымен екі дауыста айтылатын бұл әнді тыңдаған шақта, әсіресе біздің буын жалын оранып, сағым құшқандай боламыз. Не деген әуен, не деген сезім, не деген өлең! Иә, адам естен тана ғашық болатын нағыз арман қала еді-ау ол кезде Алматы. Қала емес, бау-бақ еді. «Самалға кешкі шомылып, / Арманның оты жанады./ Менің де жастық өмірім, / Көшеде кетіп барады...»

Ал, енді осынау сыршыл балладамен шет жер алғаш Құрманайдың орындауында танысқанын бүгінде көпшілік біле бермейді. Әңгіме былай.

«Дос-Мұқасан» 1973 жылдың жазында Минскіде өтетін кеңестік әндерді кәсіби орындаушылар мен ВАА-лар арасындағы Бүкілодақтық конкурсқа қатысатын болып шешілді. Шешім конкурстың басталуына бір апта қалғанда қабылданғандықтан әзірлігі жоқ ансамбль мүшелері жанталасып қалады. Осы аралықта конкурстың екі күніне арнап «Той жырынан», қазақша бір халық әнінен және Левашовтың «Соловьи России» дейтін әнінен тұратын ­репертуар әзірленеді. Қазақ телевидениесінің насихат бөлімінде істейтін Тасхан ­Нарбаеваны бэкке, ал Алматы консерваториясының соңғы курсында оқитын тенор дауысты Нұртас Құсайыновты жеке дауыстағы әнші ретінде ­ансамбльге қосады. Конкурсқа қатысушылардың «Дос-Мұқасаннан» басқасы кәсіпқой орындаушылар. Ал «Достар» мәдениет министрі жасап берген жалған анықтамамен «кәсіби ұжым» болып жүр. Минскіде сарапқа салынып жатқан келер жылғы Берлиндегі жастар мен студенттердің фестиваліне берілер жолдамадан дәметпейді, атақты «Песняры», «Самоцветы», «Весёлые ребята», «Кобза» тұрғанда оған тамақ та ісірмейді, бар ойлары – бір шауып қалу. Минск жіп иіру комбинатының Мәдениет үйінде өткен конкурстың бірінші турына қазақстандық ансамбль үйден әзірлеп әкелген жоғарыдағы үш әнді ұсынды. Жаңадан ажарланған «Той жыры» мен «Соловьи России» бірден өтті, бірақ жарыс комиссиясы тізімнен қазақша халық әнін сөзге келместен сызып тастады. Мә, енді не істеу керек? Жөппелдемеде баяғы «Алматы түні» ойға орала кеткені. Комиссия оған қарсы болмағасын кім орындайдыға келгенде таңдау әу баста бэк үшін келген Құрманайға (ол кезде бэкті алдын ала жазып қою деген жоқ) және жеке дауыста Левашов әнін шырқауы тиіс Нұртасқа түседі (бұған қарағанда Бақытжан Минскіге бармаған сияқты, әлде бойы келіңкіремеді ме, ол жағы бізге белгісіз). «Алматы түні» Құрманайға бұрыннан таныс ән болғанымен Нұртас үшін мүлдем тың дүние. Не керек, ол әнді бір түнде үйреніп шығады. Нұртастың кейін «Құрманай екеуміз жақсы дуэт құрадық» деуіне қарағанда, оның субтондағы пианодан крещендоға еркін жететін лирикалық теноры бірінші дауыста, ал Құрманайдың қою бояулы меццо-контральтосы екінші дауыста бір-біріне үйлес түскен тәрізді. Сөйтіп, «Алматы түні» осы орындауда алғаш рет шет жерге танылады (конкурстағы әндер социалистік лагерь елдерінің Евровижні есепті беделді Интервидение үшін арнайы жазып алынған). Ең басты нәтиже – аяқасты орындалған «Алматы түнінің» арқасында «Дос-Мұқасан» 10-маусымда қаланың Спорт ­сарайында өтетін конкурстың екінші күніне жолдама алды. Сол финалда Нұртас «Соловьи России» әнін орындап, жюри төрайымы ­Александра Пахмутовадан мақтау естіп, нәтижесінде «Дос-Мұқасан» алға белорусьтық «Песнярыды» жіберіп, украиндық «Кобзамен» және «Москвичимен» бірге үшінші орынды бөлісті (екінші орын берілмеген, тіпті «Ялла», «Самоцветы», «Поющие гитары» ансамбльдері де жолда қалған). Осы төрт жеңімпаз алдағы Берлин фестиваліне Совет Одағынан баратын делегацияның құрамына ұсынылады. Нұртастың кейінгі «Бұл орын «Достардың» Берлин фестиваліндегі жеңісіне негіз болып қаланып, ансамбльдің одан арғы тағдырын айқындап берді» деген пікіріне ұйысақ, мұнда Құрманайдың да елеулі үлесі бар екенін айта жүруіміз керек.

Осылайша, Берлинге барар жол ашылды. 1973 жылдың шілде айында өткен ­жастар мен студенттердің дүниежүзілік оныншы фестивалі бойынша Құрманайға қатысты бір ғана дерек сақталған, яғни оның белгілі американ әншісі, әрі революционер Дин Ридпен қосылып ән шырқағаны айтылады. «Қызыл ковбой» атанған солшыл Дин әлгі 1973 жылы Герман Демократиялық Республикасына келіп, Берлин түбіндегі Цойтен қалашығына қоныстанған еді (арада он үш жыл өткенде сол Цойтен көлі маңынан өлі денесі табылады, ресми қисын: өзіне-өзі қол салған). «Дос-Мұқасан» жайында қызықты мәліметтерге толы кітап жазған Бақытжан Жұмаділовтың суреттеуінше, Дин Берлин фестивалі күндері өте көңілді жүріп, айрықша белсенділік танытқан: арнаулы ­пойызбен келген совет делегациясын қарсы алған салтанатты жиында «Достармен» қосылып «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін, фестивальдің бірінші күні фестивальға қатысушылардың біріккен концертінде Вагнердің «Бейбітшілік жайлы әнін» немісше шырқайды, ертесіне «Калинка» кафесіндегі кеңес делегациясы клубының ашылу салтанатына қатысып, онда да ән айтады. Арада бес-алты күн өткенде ансамбль мүшелерімен Александрплацта қосылып және ән салады. Солардың біреуінде Дин, – Бақытпен иық тірестіріп шырқағанындай, – Құрманайды да жанына алып тұрып, өзінің визиттік куәлігіне айналған «Бэла чаоны», бәлкім кейінірек «Достардың» репертуарына енген Вагнер әнін шырқаса керек. Мәселе онда емес. Мәселе Берлин фестивалінің арқасында «Достардың» дәл сол жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атануы. Сыйлық 1974 жылы ансамбльге өнердегі 1973 жылғы табысы үшін, турасын айтқанда, дүниежүзілік фестивальде топ жарып, «Песнярымен» қатар алтын медаль және лауреат атағын алып қайтқаны үшін берілген. Ансамбльдің сол жылғы, екі дүркін лауреаттық құрамы мынадай еді: Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Шәріп Омаров, Юрий Лим, Құрманай Омарова, Бақыт Жұмаділов, Тасхан Нарбаева, Нұртас Құсайынов және жаңадан қосылған инженер Асқар Жанкүшіков.

Байқасаңыздар, осы тізімде Мейірбек ­Молдабеков жоқ. Мұны оның сол жылы Мәскеу авиация институтының аспирантурасына түсуімен түсіндіруге болар еді. Онымен бірге Хамит Санбаев та ел астанасына аспирантурада оқуға кетеді. Негізінде Досым, Мұрат, Хамит пен Мейірбек бес жыл бір бөлмеде жатып оқыған студенттік достар. Қазақша айтқанда, «қанды көйлек», айнымас достар. Солардың екеуінің бөлініп кетуі Досымға қатты батады да, ол ұзамай Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне «Жан досым» дейтін ән шығарады. Және де Құрманайдың ­дауысына лайықтап шығарады. Солай болғандықтан да ән алғаш рет Құрманайдың орындауында Мәскеуде, Хамит пен Мейірбек қатысқан бас қосуда шырқалған. Композитор әнді өзі басқаратын ансамбльдің көмегімен өте нәзік ажарлаған. Әсіресе екінші шумақтан соң, әннің әндетпе бөлігі мен кеудесі аралығында келетін ерекше сазды ионикалық (электроргандық) интродукциядан кейін үшінші шумақты бастап кеп жібергенде кім-кімнің де жүрегі еріксіз шым ете қалады (осы тәсілді ­«Достар» «Сағындым сені» композициясында да ұтымды қолданған). Бір тыңдарман жазғандай, бүткіл өміріңді үш-төрт мүйнеттің ішінде елгезектен өткізгендей боласың. Әнші қашанғыдай бұл жолы да жүрегін салып айтқаны соншалық, оны тыңдап отырған Досымның көзіне жас келіп қалады. Кейін бір сұхбатында ол: «Әндерімнің ішінде өзіме ең ұнайтыны – Құрманайдың орындауындағы «Жан досым» деді. Айтса айтқандай, бұл ән «Достардың» бейресми гимні сияқты.

Әдетте Мүслім Магомаев орындайтын «Ноктюрн» қашықтан шырқалатын сүйіспеншілік гимні делінеді. «Ноктюрн» бұл күйінде жалғыз, ал Құрманайда қазірде жиі айтылатын әлеуметтік қашықтықты сақтап шырқалатын жақсы көрудің ұран-әні екеу. Олар – «Сағындым сені» және «Жан досым». «Ноктюрнды» Арно Бабаджанян, Роберт Рождественский және Мүслім Магомаевтың зор таланттары туғызса, «Сағындым сені» мен «Жан досымды» Ескендір Хасанғалиев, Бәкір Тәжібаев, Досым Сүлеев, Тұманбай Молдағалиев және Құрманай Әжібаева-Омарованың зор таланттары туғызған.

«Жан досым» «Дос-Мұқасанның» құрыл­ғанына 40 жыл толуына арнап 2008 жылы шыға­рылған CD-ге енді. Ютубта аудиоформаттан бейнекөрініске көшірілген нұсқасы бар. Осы күнге дейін бұл әннің Роза Ерназарованың орындауындағы бір ғана кавері белгілі. Оның өзі көпшілікке аса мәлім емес. Әннің орындауға қаншалықты қиын екенін осыдан да аңғаруға ­болады. Мұның себебі, сүйсек құлай сүйетін, сенсек қалтқысыз сенетін, күншілдіксіз ­бауыр, алғаусыз дос бола білетін заманнан өтіп кеткенімізден бе, әлде адал достықтан шығып, амал достықтың, сүйек көрсе ырылдасып кетер ит достықтың заманына келіп жеткенімізден бе, ол жағы маған беймағлұм. Білетінім, Құрманай «Сағындым сеніні» айтқандағыдай, «Жан ­досымды» да дауысына ғажайып бір сыршылдық араластырумен қоса, алыстан талып естілетін, құлаққа еміс-еміс шалынатын әлдебір ноталық дыбыстар береді. Сырт қарағанда тыңда да, ­сында да бірге болатын дос жайында, сол арқылы, журналистердің тілімен айтқанда, қазір де өзектілігін жоғалтпаған ахиреттік достық ­жайында сыр шертіп тұрғандай болғанымен, одан да бөлек, басқа да бір сыр ұқтырғысы келетіндей. «Дос-Мұқасан» сайтындағы бір материалдың авторы дәл осы жағдайды ағатсыз танып, «Ол осы сәтте басқалармен мәңгіге қоштасып тұрғандай болып көрінеді» деп қисындапты.

III

1974 жылдың жазында «Дос-Мұқасан» комсомол лауреаты атанған оқиғадан кейін ансамбльді кәсіби өнер ұжымына айналдыру мәселесі көтерілді. Политехтен алынып, мәдениет министрлігінің қарамағына – «Қазақконцерт» бірлестігіне берілетін болды. Бұл жағдай ансамбльде кімдер қалады, кімдер кетеді деген мәселені де айқындай кетті.

Осы жерде «Дос-Мұқасанның» тарихы әу ­баста жатақханадағы бірнеше дос жігіттің өздерінше жиналып, бірігіп ән шырқауынан басталғанын айту жөн. Сол 1968 жылы институттың джаз-квартеті боп құрылғанда да ешқайсысы алда кәсіби музыкант боламын деп ойламаған да, жоспарламаған да. Тағдырлары солай болды. Пешенелеріне ұлттық эстрадада төңкеріс жасауды жазды. «Есейдік, егдейдік, енді бір жағына шығатын уақыт та келіп жетті, – депті Шәріп Омаров кейінгі бір сұхбатында. – Не бәріміз бірге сахнаға кетіп, басыбайлы эстрадамен айналысуымыз, не өмірден өз жолымызды табуымыз керек болды».

Шәріп ол кезде Алматы қалалық комсомол комитетінің хатшылығына ауысқан, ал бастығы болса дыңдай жастар жетекшісінің сахнада жалбақ шаш жігіттермен бірге ­гитара безілдетіп тұруына түсінбестік көзбен қарайды, бірақ Шәріп бұған елең қылмай, қатаң партиялық тәртіп пен өнердің арасынан өзінше «конспирациялық» ұнасым шығарады да, 1975 жылдың өзінде ансамбльге қатысуын жалғастыра береді. Соның алдында, яғни 1974-тің жазында Досым ансамбльден шығып, Мәскеу болат және қорытпалар институтының аспирантурасына оқуға кетсе де Шәріп қозғалмаған, тек бір жылдан соң ғана кету жөнінде ақи-тақи шешім қабылдайды. Сөйтіп, бұрынғы құрамнан Мұрат, Бақытжан, Нұртас қана қалады. Жаңадан он шақты жігіт келіп қосылып, құрам толыққа жуық жаңарады. Кәсіби ұжым болғаннан кейін «Достар» бұрынғы бағытын өзгертіп, жаңа арна табады. 1980 жылдардың аяқ шенінде өзіммен «Горизонт» – «Өркен» газетінде бірге істеген Арсен Баяновтан («Дос-Мұқасанның» 1975-1985 жылғы құрамында барабаншы болған) осының жайын сұрағанымда, ол: «Е, 1975-тен бастап «Достар» екіге бөлініп кетті ғой, шартты түрде алғанда онда екі «фракция» болды» деп күліп, бір сырдың шетін басып өткен. Кейін сол әңгімені газетке бажайлап жазды да. Бұл инсайдерлік хикаядан ұғатынымыз – ансамбльде бір топ ештеңені де өзгерткісі келмеген, бұрынғы фольк-рок бағытын жалғастыра беруді діттеген, ал екінші топтың бүйрегі сол кезде танымал болып тұрған роктың хард, психоделика, джаз-рок сияқты заманауи стильдеріне бұрады. Бұл ыңғайды сол 1975 жылы Мұрат Құсайыновтың Кеңес Одағындағы алғашқы да бірден-бір психоделиялық рок музыка – «Бетпақ дала» аспаптық рок-композициясын жазуынан да аңғаруға болады. Назар аударар бір жағдай, Досым «ғылым мен ән – екі жағалау» десе де, «өнерде қалуыма анамның бір сөзі тоқтау салды» десе де, ғылымға ауысқанымен, жоғарыдағы Шәріп сияқты, ансамбльден біржола кеттім деп ойламаған. Жалпы өзіңді бір уландырып алғасын өнермен қоштасу оңайға түспейді. Осы жағдайды 1974-те, Мәскеуде аспирантурада жүріп берген бір сұхбатында Досым: «Оқуымды бітіргесін институтқа, әлбетте, онымен бірге «Дос-Мұқасанға» да ораламын, себебі, ән – менің өмірімнің жан серігі ғой» деп, өзі де бажайлап айтқан. Бірақ кейінгі және бір интервьюінде аңғартқандай, ансамбль кәсіби ұжымға айналғаннан кейін гастроль қуалап, ізденіске, репертуар жаңартуға уақыты қалмауынан стилі бұзылды деп есептеп, әуелгі ойынан айныған сияқты. Олай болмай, Досым қайтып келгенде Шәріп те бұрынғы орнынан табылуы әбден мүмкін еді. Кім біледі, сол тұста ­«Бумеранг» деген атпен джаз ансамблі, «Арай» деген ­атпен классикалық эстрада ансамблі ­болып, бір уақытта екі сахнада өнер көрсеткен Тахир Ибрагимовтың тобы сияқты «Дос-Мұқасан» да рок музыканың екі бағытын да қатар алып жүргенде әлгі құрамда Құрманай да баяғысынша өнерін жалғастыра берер ме еді.

Біздіңше, Шәріптің ансамбльден кетуі Құрманайдың да өнермен қоштасуының елеулі себебіне айналған. Иә, елеулі себебі, бірақ басты себеп деп те айта алмас едік. Саясатта «уақытылы бастау – уақытында тоқтау» деген сөз бар. Саясатта көбінесе ер адамдар жүретіндіктен соларға қарата айтылған әңгіме. Сол сияқты әйел адамдардың да уақытылы тоқтайтыны болады. Әйел заты болуына байланысты. Себебі саясатта да, өнерде де қыз бала ер адамға қарағанда уақыттың дегеніне көбірек бағынады. Көріпкел Ванга кемпір бірде Лили Иванованың болашақ тағдыр жолына бал ашып отырып, «Шырағым-ай, сен баршаны күн сәулесімен жылытқандай жылытасың, бірақ жан баласы сені жылыта алмайды, себебі тағдырың әнмен байлаулы екен» депті. Лили бірнеше рет тұрмыстанған, бірақ пұшпағы қанамаған адам ғой. Ал Құрманай – отбасылы. Күйеу күту, бала тәрбиесі дегендей әйел адамның таусылмайтын да қоймайтын қыруар шаруасы бар. Осыған байланысты шамалы үзіліс бола қалса әйел кісі сахналық форманы жоғалтып алады. Кәсіби сахна тиіп-қашып айналысатын көркемөнерпаздық емес. Ол сахнадағы қате-кемшілікке төзбейді. Кәсіби ұжымда жұмыс режимі айрықша: онда арнайы жасалатын концерттік бағдарламаны күніге пысықтап, уақытпен санаспай тер төгіп, дайындалып отыру қажет. Мұндайды Құрманайдың жүрегі аса қалай да бермейді, ол о баста кәсіби әнші болуды армандамаған, кейін, атағы шыға бастағанда да мұны алдына мақсат етіп қоймаған. Сіңлісі Ұлғанымның айтуынша, бар ойы көңілі қалаған мамандығын – оқытушылықты жалғастыру болыпты. Оның үстіне білдей ­жауапты қызметкердің әйелінің гастрольдетіп, секектеп ән салып жүруін сөкеттік санаған сияқты. Күйеуімен сында да, шыңда да бірге болып, қосағымен қоса ағаруды діттейтін, елге көрік, ерге серік қазақ әйелінің ежелгі тәрбие түсінігі.

Шәріп бар жерде Құрманай бар, Шәріп жоқ болса, Құрманай да жоқ. Сондықтан ол ері 1988 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіргесін Мәскеуде әуелі комсомолдың орта­лық комитетінде, партия орталық комитетінің халықаралық бөлімінде жұмыс істеген кезде де оның жанында болады, сондағы бір жоғары оқу орнында сабақ береді. Шәріп 1990 жылы қайта құруды аяқтап елге оралып, республика Жастар комитеті төрағасының бірінші орынбасары боп тағайындалғанда музасы оның қасынан табылады. Опера және балет театрында 1990 жылы күзде берілген «Дос-Мұқасанның» қайырымдылық концертіне Шәріп қатысты, ал Құрманай көрінбеді, есесіне араға екі жыл салып Тәуелсіздік сарайында қойылған ансамбльдің жиырма бес жылдық мерейтой концертінде ұзақ үзілістен кейін сахнаға шығып, «Сағындым сені», «Жан досымды» және жаңадан бір ән – Мұрат Құсайынов Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазған «Ғашық жүректі» орындап, тыңдармандардың сағынышының сарығын басқандай болды. Сапасыз телекамерамен реверберациясы кемшін залда түсірілген әлгі концерттің бейнетаспасындағы битрейт те болғандай нашар, соның өзінде де Құрманайдың сирек меццо-контральтосы өңін, әрін жоғалтпай, бұрынғыша қарап тұрғаны байқалады.

Келесі, 1993 жылы қаңтарда Құрманай құрамында Шәріп те бар ансамбльмен бірге Шымкент қорғасын зауытының шақыруымен оңтүстік өңірге келіп, шымқалалықтардың алдында өнер көрсетеді. Бұл оның сахнаға соңғы рет шығуы болды. Келесі 1994-тің жазында денсаулығына онкологиялық ақау ілініп, ем-дом қабылдау үшін ауруханаға түседі. Сол тұста Мұрат Құсайынов жаңадан шыққан бір әнін қосылып орындау жөнінде ұсыныс айтқан екен, «Жарайды, ауруханадан шыққасын жазайық» депті. Соған қарағанда әкетіп бара жатқандай ауыр дерті болмаған. Бірақ көп кешікпей, сол жылғы 2 шілдеде кенеттен қайтыс болып кетеді. Білетіндердің айтуынша, қан құйған кезде медбикенің қатесінен қанына В гепатитінің вирусы түскен. Ағзаға парентеральдық жолмен, толық залалсыздандырылмаған медициналық құрал арқылы тап болатын бұл вирус бауырдағы жіті гепатит, цирроз, бауыр обыры кеселіне апарып соғады. Фредди Меркьюри де СПИД-тен емес, әлгі В гепатиті вирусынан қайтыс болыпты дейтін дерек бар. Қалай болғанда да, дәрігерлер араша тұра алмаған.

Мистика дерсің: қазанның 2-ші жұлдызында дүние есігін ашыпты, оныншы шілдеде үйленіпті, бұл жалғанда небәрі қырық төрт жыл жасап, тағы да сол шілденің 2-ші жұлдызында бақи дүниеге көшіпті. Бар қызық көрген түстей боп, ыстық жасқа айналып, аурухананың көпшігіне тамған...

«Досмұқасандықтар» Құрманайды Кеңсай зиратына дейін «Жан досым» әнімен шығарып салды. Чехия мен Словакияда елші болып жүрген жерінде инсульттан қайтыс болған Шәріп те 2008 жылы қосағының қасына келіп жатты. Бұл күнде екеуінің басында үш тал ағаш өсіп тұр. Кейбір материалдарда «үш қызы еккен екен» деген ыңғайда әңгіме айтылып қалады. Неге олай дейтіндерін білмедік. Білетініміз, екеуінің қос қауырсыны – Дана мен Аида арнайы музыкалық білім алған: Дана Мәскеудегі Гнесиндер атындағы музыкалық училищеде, Аида сондағы Орталық музыка мектебінде оқыған. Қазірде Дана жеке кәсіпкерлікпен айналысады, Аида болса анасы қайтқаннан кейін бір кезде әке-шешесі тиындап қаржы жинап алып берген скрипкасын қабына салып тастаған да, содан бері қол тигізбеген. Қысқасы, ғұмырынша даңқ қумаған, атақ іздемеген, ізет-үрметке қызықпаған аналары сияқты музыка екеуіне де түпкілікті мамандық бола алмаған.

Осының өзі ойландырады. Осы біз ­музы­каны, әнді өзгертпесек, түрлендірмесек, құйқылжытпасақ отыра алмаймыз. ­Сонымен жұртты таңғалдырып, тіпті қолдан келсе шалқаларынан түсіргіміз бар. Бірақ олай әуреге түспей-ақ, әнді кәдуескі өз қалпында, тек жүрекпен айтуға да болады ғой. Өтеуіне, бодауына ештеңе сұрамастан. Атақ-мансап, мемсыйлық яки даңқ дәметпестен. Құрманай сияқты. Әлде мен қате айтып отырмын ба?..

Досым Сүлеев кейінгі бір сөзінде «Дос-Мұқасанның» атақ-даңқы өздерін өз ауқымынан алысқа жібермегенін айтыпты. Бұл уәждің Құрманайға да қатысы бар деп есептеуге болады. Бірақ біле-білсек, ансамбльдің құрамындағы ер адамдар кейін өз салалары бойынша бір азаматтың басына жетерлік еңбек етіп, соған сай несібеге де ие болды ғой – араларынан бірнеше ғылым докторы, академик, беделді мекемелердің басшылары, қоғам қайраткерлері шықты. Ал үш қыз – Құрманай, Дариға мен Тасхан жөнінде олай деп айта алмайсың. Үшеуінің де таланты жігіттерден кем түспейтін, әсіресе Құрманайдың өнері. Кезінде «Дос-Мұқасанның» жігіттері де мұны сөзсіз мойындап, кейінірек: «Егер ол жеке дауыста өнер көрсеткенде әлемдік деңгейдегі жұлдыз бола алар еді, бұған оның вокалдық мүмкіндігі толық жететін еді» деген.

«Құрманай ұжымдық ән айту көбірек құнтталатын ансамбльдің әншісі болғаннан кейін өзінің бұл қабілетіне тоқтау салып мүмкіндігінің көбін жеке ән айтудан бұрын Дарико, Тасханмен қатар бэк айтуға жұмсады» делінген жоғарыдағы сайт материалында. Қазақша қайырғанда, соншалықты дауысы, өнері бола тұрып, дауысы жоқтарға дауыс берген, дауысы барларды одан әрі зорайтқан. «Ансамбль дегеніміз жеке дауыста ұжым болып ән салу» деп уәждейді осы орайда Бақытжан Жұмаділов «Дос-Мұқасан» жөніндегі кітабында: «Біз өзіміздің бүкіл өзімшілдігімізді, құшыр-құштарлығымызды осы бір ғана қағидаға жеңдірдік. Бұл дұрыс болды ма, бұрыс болды ма, оған төрелік айту менің құзырымдағы іс емес. Бәлкім Құрманай анадай даусымен шынымен де халықаралық эстрада деңгейіне шығып кетер ме еді, қайтер еді, егер оның алдына негізінен бэкте тұру міндеті қойылмағанда. Кім біледі, егер 1970 жылдары Семейдің бір түкпірінен келген жас дарын Роза Рымбаева жеке әншілік жолға түспей, өзі ұмтылғандай, бір өнер ұжымына тап болғанында, дүниежүзі оның орындауында «Әлияны» да, «Атамекенді» де естімес пе еді, оның құрметіне Мәскеудің төрінде жұлдызды таңба аталмас па еді, қайтер еді!?»

Солайы солай ғой, бірақ тарих доңғалағын кері айналдыра алмайсың – Құрманай дәл сол тұста бэкте Дарико мен Тасханның нәзік дауыс­тарына өзінің ғажайып сирек дауысын қосып, үшеуі бірге алабөтен руладтарды төгуі тиіс болды. Өйткені «Дос-Мұқасан» басында таңдап алған Батыс саунды бойынша алдыңғы планға әнші қыздар емес, жігіттер шығуы тиіс еді. Басқаша айтқанда, ер үстемдігі, ер адамдардың гегемониясы, қазірде мұны «еркектердің шовинизмі» дейді. Ол кезде рок музыкада басқаша болуы мүмкін емес деп саналған. Алайда арада өткен уақыт ол пікірдің қате екендігін дәлелдеді – сол 1980 жылдардағы эстрадада психоделиялық рок стилінде шырқаған контральто Грейс Слик, блюз-рок стиліндегі меццо-сопрано Джеймс Джоплинсіз, экстрим стильді альтернативті роктағы О Риордан, Дария Ставрович яки лири­ка­лық рокта шырқайтын Лара Фабиан, Севара На­зархан секілді әйел әншілерсіз бүгінгі рок музы­каны көзге елестете алмайсың. Сөз жоқ, Құр­манай «Дос-Мұқасанның» құрамында жүріп, сонау 1970 жылдардың өзінде-ақ, қайта құрудан көп бұрын жастардың төл мәдениетімізге, дәс­түрімізге, тілімізге оралуына бет нұсқап, ­санада қопарылыс жасау ісіне өлшеусіз үлес қосты.

Егер Шәріп бір кезде әйелі Лариса ­Мондрусты Эдди Родзеннің джаз оркестрінен шығарып алып, Москонцертке алып кеткен Эгил Шварц сияқты Құрманайға жеке продюсерлік еткен жағдайда оның тағдыры басқаша болар ма еді. Соның өзінде де Құрманайдың жалпы қазақ эстрадасына, «Дос-Мұқасанға» сіңірген еңбегі жігіттерден мысқалдай да кем емес. Мұны ылғи да айтып, жазып отыруымыз керек. Сонымен бірге осы дәуірде ән өнерімізге, эстрадамызға үлкен толқын боп келген Құрманай Әжібаева-Омарова, Дариға Тұрсынова, Тасхан Нарбаева, Айжан Тәженова, Роза Ерназарова, Марфуға Жүнісова, Баян Сағымбаева, Зеберше Оспанова сияқты талантты қыз әншілерімізді жоғалтып алдық. Уақытында үлкен сахнаға шығара алмадық, шығарсақ та ұзақ ұстап тұра алмадық. Тоғаға тіл болғандай-ақ талант иелері еді, әттең, қыз бала болуынан кесел келді. Содан да бұлар тағдырмен тартыспады, таланттының талаптысы бола алмады. Несін айтасың, бұлардың бойында нәзіктік те, қарапайымдылық та, осы екеуімен астасқан біртүрлі бір сырлы мұң – қазақ қыздарына тән бүткіл игі, көркем қасиеттер жинақталған-тын. Біздің, яғни қазіргі жас ұрпақтың әке-шешелерінің, ата-әжелерінің қайтып келмес, белгі бермес ғажайып дәуірінде нендей жақсы нәрселер болса, солардың бүткілін әлгі қыздарымыздан табуға болар-ды. Осындайда орыстың атақты актрисасы Фаина Раневскаяның бір сөзін қайталап, «А я еще помню порядочных людей. Бог мой, как я стар!» деп бар дауысыңмен айғай салғың келеді-ақ.

«Алла берген қабілетті пайдаланбасаң, оны қайтып алып қояды» деген бір тосын сөз бар. Сенгің келмейді-ақ. Әлде сенген жөн бе?!

IV

«Құрманай кеткен соң жылжарым уақыттай өз-өзіме келе алмай, есеңгіреп жүрдім, – деп жазады Бақытжан Жұмаділов. Ақыры мұның аяғы «Сен кеткен соң» дейтін әннің жазылуына алып келеді. Өте ауыр, күйікті ән. Сирек айтамын. Мұрат куә, бастап айтылғаннан көзге жас үйіреді. Несін айтасың, Құрманайдың қазасы бәрімізге де ауыр соққы болып тиді ғой...».

«Досмұқасандықтар» 1995 жылы Құрманайды еске алу концертін де ұйымдастырмақшы болған. Бірақ соның орайы келе қоймаған сияқты. Есесіне бертін, 2008 жылы Сұлтан-Махмұт атындағы Павлодар университетінің сол кездегі ректоры, жаны жайсаң, рухани азамат ­Ерлан Арынның бастамасымен мүсінші Ескен Қырғабаев қоладан құйып жасаған сәулеттік композицияда Құрманай бейнеленген – университет ауласындағы гүлзарға орнатылған ескерткіштің алдыңғы жағында «Дос-Мұқасанды» 1967 жылы Баян-Аулада бастап құрған төрт жігіттің мүсіні, кейін тұрған барельефте соңыра қосылған, ішінде Құрманай да бар алты музыканттың бейнесі. Ал 2017 жылы Атырау қаласында жаңадан ашылған ретро-саябаққа «Дос-Мұқасанға» арнап орнатылған ескерткіштегі алтаудың бірі Құрманай. Микрофонмен ән салып тұрған сәті бейнеленген. Одан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласында бір көшеге Құрманай Омарованың аты берілген.

Мұның бәрі жақсы-ақ. Іс басындағы азаматтарға рақмет. Сонымен бірге Құрманайға қатысты үлкен бір шаруаның басы қайырылмай жатыр. Ол – әншінің әр жерге шашылып кеткен музыкалық мұрасын бір жерге топтап, қалпына келтіретінін келтіріп, коллекция ­жасау. ­Алдымен «Сағындым сені», «Жан ­досым», «Бақытқа барар жолда», «Ты моя мечта», ­«Жанарым» секілді жеке дауыстағы нөмірлерді, бэктегі орындауларын жинау (бұл пластинкалар қазірде коллекционерлер арасында орта есеппен 100 евро көлемінде бағаланады, бірақ Ұлттық кітапхананың күйтабақ қорында міндетті ­даналары сақтаулы тұр). Сосын, «Дос-Мұқасан» жөнінде түсірілген фильм-концерт, киноочерк, телефильмдердегі орындауларын бір жерге топтап, битрейтін келтіріп, дыбыстық жаңғырту жұмысын жүргізу қажет. Ең соңында, кезінде Құрманайдың репертуарында болған, бүгінде қолда жоқ «Алматы түні», «Есіңе ал», «Асыл арман», «Мұңайма», «Шақырады көктем», «Письмо», «Никогда», т.б. әндерді іздестіріп табу. Осы аталған шаруаның үдесінен шығу – біздің азаматтығымызға, елдігімізге сын. «Қой да ақсағымен мың болады» дейді қазақ. Яғни атақтылардың, тұлғалардың өздері үлкен істерді көзге онша түспей, бойын жасырған бәйге атындай болып жүретін қарапайымдарға, дәлірек айтқанда, қарапайым қаһармандарға арқа сүйеп барып жасайды деген ұлағат бұл. Одан да тереңдесек, тарихта, өнер тарихында бірінші, екінші... орын деген болмайды. Онда әрқандай тұлғаның өз орны болады. Сол орнына сай құрметтеледі, қадір тұтылады. Құрманай көзінің тірісінде ресми атақ-құрметке ілікпей кетті. Осыдан бірқатар жыл бұрын Беларусь филармониясы Владимир Мулявиннің бірінші әйелі Лилия Кармальскаяға елу жасқа келген мерейтойына орай арнаулы Алғыс хат тапсырды. 1974 жылға дейін «Песняры» құрамында көркем ысқыру жанрында өнер көрсеткені үшін. Ал біздің Құрманайдың былтырғы жетпіс жылдығы атаусыз қалды. Википедияда да, ­Уикипедияда да ол туралы материал жоқ. Бірақ қазір, Ютубтың арқасында мыңдаған адамдар Құрманай Әжібаева-Омарова деген ғажайып дауысты әнші өткенін естіп, оның есімін қайтадан ашып ­жатыр. Сөйтіп, апамыздың өкіметтен берілер атақ-дәреже, теңге-танасыз-ақ халықтың құрметіне бөлене бастаған жайы бар. Жуырда осы лекке Димаш жайында хабарлар беріп, сол арқылы жалпы қазақ мәдениетіне қызыға назар аудара бастаған Горинов секілді ресейлік блогерлер арқылы Құрманай өнерімен танысқан өзге ұлт өкілдері де қосыла бастады. Кейбіреулері Құрманайдың өмір жолы ­жайында мәлімет таба алмай, артынша «Талантты тірісінде танымай, өлген соң жоқтау бірқатар халықтың, соның ішінде өзіміздің де басымызда бар жaағдай ғой, дегенмен, Құрманай сияқты ғажайып талантты осыншалық елеусіз қалдыруға бола ма екен?!» деген ыңғайда астарлы таңданыс та білдіріп жатады. Намысың келеді. Осы олқылықтың орнын аз-кем болса да толтыру мақсатымен үшбу мақаланы жаздым. Жарқын сөздердің аржағына жасырынған шын өмірді, шынайы ғұмырды көпке танытар уақытты алдан күтейік, ИншаАлла деп.

5961 рет

көрсетілді

110

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы