• Тарих
  • 24 Желтоқсан, 2020

ЕР ЕДІГЕ

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Едіге бидің Алтын Ордадағы тарихи орны» атты республикалық ғылыми- тәжірибелік конференция өтті. Оқырман назарына сол конференцияда оқылған өлеңді ұсынбақпыз.

Еділ мен Ертіс арасы,

Қаптаған түрік баласы.

Жейхун мен Сейхундария,

Ежелгі Тұран даласы.

Шығысы мынау Алтайда,

Батысы сонау Қырымда,

Солтүстігі Қызыл шәрі,

Оңтүстігі Тәшкен, Үргеніш.

Осынау байтақ өлкені,

Жайлап жатқан Ел едік,

Асу да асу бел едік,

Толқын да толқын теңіз бен,

Айдын да шалқар көл едік.

Асқар да асқар тау едік,

Шалғынды бақша-бау едік.

Өткелсіз өзен, су едік,

Қалың да орман,ну едік.

Күмбезі көкті тіреген,

Қақпалы шаhар, қала едік,

Ұшқан құс жетпес дала едік.

Жеті де ғасыр бұрында,

Үніміз жетіп Ұрымға,

Тіліміз жетіп Қырымға,

Айдарымыздан жел есіп,

Дұшпанның өзі кеңесіп,

Биледік жарты әлемді,

Өсіріп өжет өренді.

Сол тұста өмір кешіпті,

Батыр туған Едіге,

Қорған болып еліне,

Ержүрек болып өсіпті,

Шешендігімен би болып,

Шешілмес дауды шешіпті.

Тоқтамыс ханның қасында,

Тоқтатып талай жауларды.

Әмір Темір қасында,

Шешіпті небір дауларды.

Алтын Орда, Ақ Орда,

Халқыма болған бақ орда.

Өзі де билік жүргізген,

Ерек туған Едіге,

Еліне жұмақ орнатып,

Ерекше өмір сүргізген.

Ішпегенді ішкізген,

Жемегенді жегізген,

Арғымақтан ат сайлап,

Мінбегенді мінгізген.

Ел шетіне жау келсе,

Түре қуып айдаған,

Қастық қылған дұшпанның,

Қол-аяғын байлаған.

Жеті жұрт тілін меңгеріп,

Жеті қару сайлаған.

Қарсы келген дұшпанның,

Қабырғасын қақыратып,

Омыртқасын опырып,

Теңестіріп көрменен,

Жексен қылып жерменен,

Жеңбей Ерім қоймаған.

Отыз күн ойран сап келіп,

Қырық күн жеңіс тойлаған.

Ерек те туған Едіге,

Қорған да болған жеріне,

Қалқан да болған еліне,

Жусаннан болып аласа,

Бетегеден биік боп,

Көрік берген беліне,

Аққу мен қазды қондырған,

Айдынды шалқар көліне.

Атасы асыл ,әулие,

Баба Түкті Шашты Әзиз,

Тартпай да қоймас тегіне.

Дін исламға жүгініп,

Алладан медет сұраған.

Ноғайлы мен қазақтан,

Қарақалпақ-созақтан,

Түркімен, өзбек, қырғыздан,

Татар, башқұрт, түбі бір

Түркілердің бәрінен

Бір-ақ халық құраған.

Кешегі Дешті-Қыпшақтай,

Ұланғайыр жер бар ма?!

Алты Алаштың ұлындай,

Ұланасыр Ел бар ма?!

Бабалар босқа жазбаған

Ұлы жырдан кем бар ма?!

Жамандығын жасырып,

Жақсылығын асырып,

Едігені мақтайтын,

Алатаудай асқан төр бар ма?!

Ұрпаққа үлгі тұтарлық,

Едіге сынды Ер бар ма?!

Ер Едіге әруағы

Қолдаған ғой кешегі,

Шоқан менен Қанышты.

Бабаның аты өшпестен,

Қолдан бермей намысты,

Ұрпағымен қауышты,

Біздерменен табысты.

Түркі жұрты түгел боп,

Шайқалмасын шаңырағы,

Баршамызды қолдасын,

Ер Едіге әруағы!

 

Бауыржан ЖАҚЫП,

ақын

1622 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы