• Мәдениет
  • 31 Желтоқсан, 2020

ТЕАТРДАҒЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАР

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жас­өс­­пірімдер театрында үш күн қатарынан мерекелік шаралар ұйымдас­ты­рылып, жыл қорытындыланды. Алғашқы күнінде Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» қойылымының 10 жыл ішінде 150-ші рет қойылуы өтті. Аталған шараға Қырғызстан Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Кайратбек Жакыпов пен Қазақстандағы қырғыз ­этно-мәдени бірлестігінің өкілі Сүйінбай Абылкасымов қатысты. Шара ­аясында 10 жыл бойы осы қойылымда өнер көрсетіп келе жатқан артистерге ерекше құрмет көрсетілді.

Екінші күні өзбекстандық Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» қойы­лымының 10 жылда 100-ші қойылуы аталып өтті. Бұл шараға Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы бас консулы Аброр Фатхуллаев пен ­Алматы қаласындағы Өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Абдулла ­Исматуллаев қатысты.
Аталған екі күнде де екі елдің музы­калық аспаптары ойнап, арнайы көрме де ұйымдастырылды.
Айтулы мерекенің үшінші күні Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық балалар мен жас­өс­пірімдер театры медицина қыз­меткерлерінің құрметіне «Абзал жанға алғыс» атты іс-шара өткізді. Күллі әлемге келген короновирус індеті ­ке­зінде жанкештілік танытып, ел үшін қыз­мет еткен ақ халаттыларға арнап М.Ладоның «Адам-зат» қойылымын қойып, дәрігерлерге алғыс айтты.
«Адам-зат» пьесасын қазақ тіліне тәржімалаған – Құжырғали Төлеуішов, қоюшы режиссері – Данияр Базарқұлов. Қойылым әдеттегі көріп жүрген спектакльдерден мүлде өзгеше. Адамзат, қоршаған орта, пендешілік, тағы басқа тұла бойымызды күн сайын шырмап алатын жайттарды көз алдыңызға әкеле отырып, сан алуан сұраққа жауап іздеуге шақырады. Бұл кәдімгі бұйығы жатқан ауылдағы екі отбасының басындағы күйбең тіршілік. Бақуатты тұратын қожайын мен оның қорасындағы үй жануарларының айтыс-тартысы көрсетіледі.


Қойылым режиссері Данияр Базарқұловтың айтуынша, спектакльдің түпкі идеясы – түсік жасатуға қарсылық. «Қойылымның ерекшелігі – формасында. Эмоция шектелген, ойға құрылған. Адам қандай жағдайға тап болып, шарасыз, дәрменсіз күй кешсе де, ешқашан тіршілік иесін өлтіруге құқы жоқ. Себебі Алла құрсаққа нәресте бітірсе, ол періште дүниеге келуі керек. Сондай-ақ ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас та сөз болады. Өкініштісі, қазір біз бір-бірімізді тыңдамаймыз, естімейміз. Кез келген түйткілді ақылға салып, шешуге болатыны жайында, әр адамның таңдау еркі өз қолында екенін біле бермейміз. Міне, көрермен қойылым астарынан осыны аңғарады» дейді режиссер.
Айта кетейік, шара соңында ­Ғ.Мүсі­репов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы пандемия кезінде елге күндіз-түні қызмет еткен ақ халатты абзал жандарға ­ерекше құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын ­жасады.

А.ҚУАТОВА

418 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ҚҰРМАНАЙ
Келесі мақала «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі»

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №3

21 Қаңтар, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

ANATILI №3

PDF нұсқа