• Руханият
  • 31 Желтоқсан, 2020

ҚҰНДЫ ЖОБА АЯСЫНДА

Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Дала фольклорының антологиясы» он томдығының, «Ұлы даланың көне сарындары» үш томдығының 2-томын, сондай-ақ «Ежелгі дәуір әдебиетінің» бес томдығының 2, 3-ші томдарының тұсауын кесті. Аталған томдықтар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында дайындалған.

Тұсаукесер рәсіміне жобаның құрастырушылары, редакциялауға атсалысқан ғалымдар, редакторлар мен әдебиет саласының сарапшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен сөз алған институт директоры Кенжехан Матыжанов жобаны мамандар аса зор жауапкершілікпен орындағанын айтып өтті.

«Жобаның орындалуы барысында алыс-жақын шетелдердегі әріп­тес ғалымдармен тығыз қарым-қатынастар жасалды. Бірнеше құрастырушы мамандар Чехия, ­Мажарстан, Словакия, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерге іссапармен барып, түрлі кездесулерге, ғылыми отырыстарға қатысып, пікірлесіп, тәжірибе жинақтады және ұлттық фольклорды насихаттау жұмыстарын жүргізді. Әсіресе Түркияның Эгей университетінің Түркі әлемін зерттеу институты, ­Ресей ғылым академиясының Орыс әдебиеті институты, Татарстан ­Республикасы Ғылым академиясының Г.Ибрагимов атындағы Тіл және әдебиет ­институты, Өзбекстан ­Республикасы Ғылым академиясының Тіл, әдебиет және өнер институты, Қырғыз ­Республикасы Ғылым ­академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты, Ресей ҒА Уфа зерттеу орталығының Тарих, тіл және әдебиет институты және Қарашай-Шеркеш ғылыми-зерттеу институтымен шығармашылық байланыс­тар ­орнатылды. Ал ­аудио нұсқасын ­дайындау барысында халқымызға ­танымал өнер майталмандары, өнертану мамандары да қатысып, елеулі үлестерін қосты. Бұл жұмыстарға 35 жыршы, 25 әнші-термеші қатысты» деді Кенжехан Матыжанов.

Бұл туындылар – халықпен бірге жасасып келе жатқан үлкен мәдени, тарихи тағлымға толы танымдық рөл атқарушы рухани күш. Бұрынғы дәстүрлі қоғамда ол әдебиеттің, өнер мен педагогиканың қызметін атқарды. Сол себепті ұлттың дүниетанымы, философиясы, этикасы, эстетикасы, тарихы айшықты да анық көрініс тапқан.

Шара барысында «Дала ­фоль­кло­рының антологиясы» он том­дығының жауапты редакторы, филология ғылымының кандидаты Тоқтар Әлбеков, «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының жетекшісі, өнертану ғылымының кандидаты Айнұр Қазтуғанова, «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» жобасының жетекшісі, филология ғылымының кандидаты Төреәлі Қыдыр баяндама жасады.

Жиында алдымен таныстырылған «Ежелгі дәуір әдебиетінің антология­сының» екінші және үшінші ­томдары жөнінде жоба жетекшісі Төрәлі Қыдыр қысқаша айтып өтті. ­«Бабалар сөзі» жүз томдық сериясы ғылыми басылым болғандықтан, жоба жетекшісі онда жинақталған эпостық мұралар, халық прозасы мен өлеңдері, ғұрыптық фольклор, шағын жанрлар, ғибраттық құндылықтар, т.б. өзгеріссіз қолжазбалардың негізінде ұсынылып, кей шығармалардың бірнеше нұсқалары ұсынылғанын атап өтіп, жобаның жүзеге асырылуы барысына ерекше тоқталды.

«Еңбекте фольклорлық мұралар мен халықтың көне сарындарының бүгінгі қоғамдағы орны, жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы жан-жақты ашылып, олардың таңдаулы үлгілерін заманға лайықты форматта жарыққа шығару мәселесі қозғалды. Институт ғалымдары бұл құжатпен терең танысып, жан-жақты зерттеп, сирек қорлардағы қолжазба мұраларды зерде елегінен өткізді. Барлық қолжазба мұра жүйеге түсіріліп, мәтіндер іздестіріліп, сараланды. Бұл жұмысқа еліміздің белгілі ­фольклортанушылары, жетекші ­мамандары да жұмылдырылып, бірнеше ­семинарлар, ғылыми бас­қосулар ұйым­дастырылды. Нәти­жесінде фольклорлық шығарма­лардың ­таң­даулы үлгілерін 10 томға жинақтап, оларды бүгінгі аудиторияға қолжетімді ету мақсатында цифрлық нұсқаларын (электронды және аудио нұсқаларын) баспаға қатар дайындаудың, ­сондай-ақ жинаққа енген мәтіндердің таң­даулыларын орыс (3 том), ағыл­шын тілдеріне (3 том) аудару жұмыстарының жоспары бекітілді» деді жоба жетекшісі Тоқтар Әлбеков.

Ал «Ұлы даланың көне сарындары» атты антологияның 2-томының шығарылуына білікті кәсіби мамандар, күй өнерін тарихи-теория­­­лық тұрғыдан зерттеген күйтанушы-ғалымдар, көне аспаптар­дың сақ­талуына ерекше үлес қосып жүрген белсенділер жұмылдырылып, домбыра күйлерінің аймақтық дәстүрлерін жалғастырған күй шеберлерінің тәжірибесі мен білімі ұштастырылған. Бұл туралы жоба жетекшісі былай дейді:

«Антологияның 2-томы «Дәуірлер көшіндегі күй сарындары» атты кіріспе мақаладан, редакция алқасының сөзінен, «Аспаптық көне сарындар» мен «Дәстүрлі күй өнері» деген бөлімдерден, ескертпелерден тұрады.

«Аспаптық көне сарындар» атты бөлімге – шаңқобыз, саз сырнай, сыбызғы, жетіген, қобыз, үш шекті домбыра сарындары жинақталған. Антологияда фольклорлық аспаптар күйлерінің үздік үлгілерінің ішінде халық күйлерінің «Қыз мұңы» (шаң қобыз), «Балжыңкердің желісі» (саз сырнай), «Ертіс толқыны» (сыбызғы), «Қоңыр қаз» (қобыз), «Нар идірген» (шертер), «Толғау» (үш ішекті ­домбыра) және т.б. туындылар іріктеліп алынды. Сондай-ақ ­2012-2014 жылдардағы іссапар кезінде Қытай және Моңғолия республикаларын мекендеген қазақ диаспорасы­нан жазылып алынған сыбызғы­шы­лар Еңбек Абдоллаұлының, ­Арыстан Абдоллаұлының, Самырық ­Боғ­даханұлының, Жұмағазы ­Бейіл­­ханұлының өнерлері таныс­тырылса, отандық сыбызғышылар Болат Сарыбаевтан бастап, Шанақ Ауғанбаевтың, Талғат Мұқышевтің орындауындағы күйлер берілді» деді Айнұр Қазтуғанова.

Сонымен бірге «Дәстүрлі күй өнері» бөлімінде халық күйлері мен кәсіби күйші-композиторлардың туындылары: Арқадан – Тәттімбет, Тоқа, Әшімтай, Шығыс Қазақстаннан – Байжігіт, Хұсайын Малшыбайұлы, Бейсенбі, Жетісудан –Байсерке, Қожеке, Қаратаудан – Сүгір, Сыр, Ақтөбе өңірлерінен – Әлшекей, ­Досжан, Мырза, Қазанғап, Бөкей ордасынан – Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Маңғыстаудан – Абыл, Есір, Есбай, Өскенбай күйлері мен олардың ізбасарларының туындылары ұсынылған.

«Ұлы дала жауһарлары» сериясы­ның басты мақсаты – ұлы даланың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін жинақтап, жүйелеп, зерттеп, жас ұрпақ назарына ұсыну, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштерін неғұрлым толық жарыққа шығару екені белгілі. Осы орайда «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» жобасының жетекшісі Төреәлі Қыдыр былтыр жарық көрген антологияның бірінші томына исламға дейінгі әдеби жәдігерлер қамтылса, екінші томына Қарахандықтар дәуірінде жазылған әдеби жәдігерлер енгенін атап өтті.

«Биыл елімізде 750 жылдығы кеңінен аталып өткен Алтын Орда билігі тұсында бірнеше шығармалар жазылғаны белгілі. Антологияның үшінші томына осы дәуірде жазылған діни-дидактикалық жәдігерлерді енгізгенді жөн деп санадық. Себебі Алтын Орда тұсында түркілік рух пен ислами құндылықтар тұтастанып, түркі мұсылман дүниетанымын қалыптастырған болатын. Насируддин Рабғұзидың «Пайғамбарлар қиссасы», Махмұт Кердеридің «Жұмақтардың ашық жолы», Исламның «Мұғинул-мүрид», Хусам Кәтіптің «Жұмжұма» секілді туындыларымен бірге, осы дәуірде жазылған, бірақ авторлары белгісіз «Кесікбас кітабы», «Сиражул-қулуб» және «Китәби Әбу Ләис Са­мар­қанди» атты шығармалар да енгізілді. Осы жәдігерлерді жете түсіну үшін томның соңына діни ұғымдар мен атаулардың сөздігі де берілді.

Қарахандықтар мен Алтын Орда билігі тұсында жазылған жәдігерлер, тек қазақтың ғана емес, барша түркі халықтарының рухани мұрасы екені анық. Қарахандықтар тұсындағы жазба ескерткіштер түркі мұсылман жұртының мақтанышы болса, ­Алтын Орда дәуірінде жазылған әдеби жәдігерлерде Орталық Азия, Еділ-Бұлғар және Кавказ түркілерінің де үлесі бар екені анық. Екі томды дайын­дауда бауырлас түркі ағайындардың пікірлері ескерілді» деді ол.

Осы орайда айта кетейік, «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының тұсауын ­филология ғылымының докторы Сейіт Қасқабасов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сауық Жақанова, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас ­редакторы Дәурен Қуат ­кессе, «Ұлы даланың көне ­сарындары» антология­сын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев, Мәдениет саласының үздігі Әбділхамит Райымбергенов, «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясына» қатысты ­Еуразия ғылыми-зерттеу ­институты директорының орынбасары Суат Бейлур мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының директоры Асқар Тұрғанбаев тұсаукесер рәсімін жасады. Антологиялар 10000 данамен басылып, Қазақстанның барлық кітапханаларына тарайды.

Салтанатты іс-шарада ­К.Маты­жанов және институт ұжымы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Сейіт Қасқабасовты 80 жылдық, осы институттың бұрынғы қызметкері, фольклортанушы ғалым Бақытжан Әзібаева мен жазушы, әдебиеттанушы ғалым Нұрдәулет Ақышты мерейтойларымен құттықтап, сый-сияпат жасады.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

2003 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы