• Тұлға
  • 31 Желтоқсан, 2020

ФОЛЬКЛОР МЕН ТҮРКІТАНУ – ҒАЛЫМНЫҢ ҚОС ҚАНАТЫ

Шерубай Құрманбайұлы,
ҚР ҰҒА академигі,
филология ғылымының
докторы, профессор

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген (1968-1973) Шәкір (Шакимашрип) Ыбыраев 1974-1976 жылдары Мәскеудегі КСРО Ғылым Академиясының М.Горький атындағы Дүниежүзі әдебиет институтының стажер-ізденушісі болып, 1976-1979 жылдары КСРО ҒА Шығыстану институтының түркология бөлімінің аспирантурасында оқыды. 1979 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін елге келіп, 1980-1989 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің доценті болды. Шәкір Ыбыраев отандық әдебиеттану ғылымының, кешенді ғылым түркітанудың дамуына аянбай еңбек сіңіріп келе жатқан ірі ғалым. Ол ғылыми ортада сырбаздығымен, сабырлылығымен танымал, ішкі мәдениеті жоғарылығымен ерекшеленіп, тіпті оқшауланып тұрады. Не айтса да, не жазса да тереңнен толғап, нағыз ғалымға тән парасат-пайыммен ой қорытып, тұжырым жасайды. Бойынан бір ақсүйектік аңғарылып тұрса да, тәкаппар емес, өзін өте қарапайым ұстайды. Оны қашанда ұстамды, ойлы қалпында көресіз. Ректор, директор, халықаралық ұйым президенті сияқты лауазымды қызметтер атқарғанда да асқан-тасқан, айналасына жоғарыдан қараған кезін көрмеппіз, қазір де солай. Классикалық академиялық мектептен өткен ғалым, халқының ізгі қасиеттерін бойына сіңірген ұлт зиялысы ақырын жүріп анық басып жетпісіне жетіп отыр.

ДӘРІСКЕР ДОЦЕНТ

 1986 жылы филология факуль­тетіне оқуға түскенімізде 1-курстың ба­сында Шәкір ағай бізге «халық ауыз әдебиетінен» дәріс берді. Жүріс-тұрыс, киім киіс, өзін ұстауы мен сөз саптауынан мәдениеттілігі, зиялылығы көзге бірден шалынатын жас доцент аудиторияға кірген сәттен-ақ бәріміздің назарымызды бірден аударды. Оның сабағын: «Кәне, киіз кітабымызды ашып көрейік» деп, шағын журналына қарап, студенттерді түгендеуден бас­тайтыны әлі көз алдымызда. Ал дәрісін бастап, фольклордың жанрларын, ертегілердің түрлерін, батырлар жырларын талдап, жіктеп-жіліктеп түсіндіре бастағанда аудитория ұйып тыңдап, тып-тыныш бола қалатын. Дәріскердің жағымды, әуезді қоңыр дауысы, баяндау мәнері баурап алатын. Ал оның сабағындағы келтірілген деректер мен дәйектері, табан тірейтін ғылыми дереккөздері мен ол ғылыми тұжырымдарына сүйенетін ғалымдар еңбектері өте бай болатын. КСРО ҒА-ның академигі, әйгілі әдебиеттанушы В.М.Жирмунскийдің, академик А.Н.Веселовскийдің, фольклортанудағы салыстырмалы-типологиялық әдістің және мәтін теориясының негізін қалаған ғалым В.Я.Пропптың, саяхатшы-фольклортанушы ғалым Б.Н.Путиловтың, теориялық фольклортанудың ірі маманы Е.М.Мелетинскийдің, әдебиеттанушы В.А.Келтуяланың, көне эпос сырына үңілген ­Ж.М.Лебе­де­ваның атын да алғаш рет осы Шәкір ағайдың аузынан естідік. Ол, әсіресе, В.М.Жирмунский мен В.Я.Пропп атын жиірек атап, еңбектеріне көбірек сілтеме жасап отыратын.

Орыс ғалымдарын айтпағанда отандық ірі фольклортанушылар Ә.Қоңыратбаев, академик С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов есімдері мен еңбектерін де бізге таныстырған Шәкір ағайымыз. Қырымның қырық батырын, «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» жырларын жырлап, олардың хатқа түсіп, біздің заманымызға жетуіне себепкер болған атақты Мұрын жырау Сеңгірбекұлының есімін де сол сабақта естігенбіз.

Дәріскер айтылған ойды қоштап, онымен келіскен жағдайда: «әлбетте», ал ойын түйіндеп, қорытындылар сәтте: «демек» сөзін, бұрынғы пайымдаулардан өзгеше өз ойын айтқысы келгенде: «шынтуайтқа келгенде» тіркестерін жиірек қолданатын. Мұны жас дәріскердің стильдік ерекшелігін айқындайтын детальдардың бірі десек болды.

Оның алғашқы дәрістерін тыңда­ғаннан кейін-ақ студенттердің «жап-жас болып мына ағай қандай білімді» деген таңданыстарын жасырмағаны да жадымызда қалыпты. Оның болмыс-бітімі бір жағынан ҚазМУ сияқты маңдайалды оқу орнында жұмыс істейтін маманның қандай болуы керегінен хабардар етіп тұрса, екінші жағынан өзі дәріс беріп жүрген жастардың кімге қарап ой түзеп, ­мамандану қажеттігін де көрсетіп тұратын еді. Бәрімізді білімділігімен сүйсіндіріп, оған қарап бой түзеп, үлгі алғымыз келіп жүрген дәріскеріміз сол кезде отыз бес-ақ жастағы жігіт екен ғой.

Жас ғалым-педагогтың айтқан ойы мен сөзі, кейбір сөз саптау мәнері сырт көзге оны өз жасынан әлдеқайда ересек көрсететіндей де көрінетін. Соны байқаған бізбен оқыған топтастарымыздың бірі оған «өзі жап-жас болғанмен сөзі кәрі» екен деген сипаттама беріп еді.

Осы курс басталарда «Фольклор» деген ертегі, аңыз, батырлар жыры ғой» деп қана ойлаған біздің түсінігіміз, курс аяқталғанда мүлдем өзгеріп, фольклортанудың тамыры тереңде жатқан ғылым екенін пайымдай бастадық. Бізге халық ауыз әдебиетінің қазыналы сарайының есігін ашып, оның іші толған байлық екенін ұқтырған Шәкір ағайымыз болды. Мәскеудің академиялық ғылыми мектебінен өтіп келген жас ғалым, дарынды доцент біздің қазақтың халық ауыз әдебиетіне деген қызығушылығымызды оята білді.

Филфакта Шәкір ағай өткізетін «фольклор үйірмесі» болды. Сол үйірмеге 1-курста Ләйла Асқарова, Сәбит Ахметов, Айгүл ­Шыныбекова, Талғат Ожанов және осы жолдардың авторы да қатыстық. Ағайымыздың дәрісінен қанаттанған біз сол үйірмеге өз қалауымызбен, шын ықыласымызбен барып едік. Біздің арамыздан фольклортанушы шықпаса да, жалпы ғылымға бет бұруымызға, ұлтымыздың фольклорының қадір-қасиетін ұғынуымызға дәріскеріміздің себепкер болғаны анық.

Ғалым-педагогтардың жетістігі мен еңбегінің нәтижесін бағалайтын олардың ғылыми атақ-дәрежелерінен, мемлекеттік марапаттарынан, шыққан кітаптары мен «Скопус» сияқты жоғары рейтингті журналдарда жарияланған мақалаларынан өзге де өлшемдер бар. Соның бірі – оларға шәкірттері тарапынан берілген баға. Кез келген қызмет сапасын сол қызметті тұтынушылар анықтайды. Бұл тұрғыдан қарағанда ЖОО оқытушы-профессорының жұмысы оның қызметін пайдаланған студенттер тарапынан бағаланса, өте әділ болады.

Біздің курстастардың ашқан «курстастар» деген чаты бар. Оған жазуға уақыт болмаса да, анда-санда көз жүгіртіп өтеміз. 91-жылғы түлектердің сол чатында ұстаздары жөнінде жазғандарының арасында Шәкір ағайлары туралы мынадай жазбалар бар екен:

Арқалық университетінің аға оқытушысы Ш.Әуезова: «Шәкір ағайдың сабағын ұйып тыңдаушы едік. Негізі ағайдың лекциясын бірде-бір студент жібермейтін еді ғой. Ағайдың даусы әлі құлағымда» деп жазса, Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тасшағыл орта мектебінің мұғалімі Айгүл Құбашева Шәкір ағайдың 1989 жылғы 3 шілде күні филфак жатақханасында кезекшілік атқарғанда журналға: «Жатақханада кезекшілік өткіздім. Бәрі де тыныштық. Студенттер даярлық үстінде. Ешқандай келеңсіз көріністер көзге түспейді. Барлық қабаттарда студенттердің жүрісі сирек, олар бөлмелерінде. Ибраев Ш. (қолы)» деп өз қолымен жазып, қолын қойған жазбасын 31 жыл бойы сақтап келеді екен. Ол журналда студенттік жатақханада кезекшілік атқарған біздің басқа ағай-апайларымыздың жазбалары да болғаны анық. Бірақ 3-курс студенті солардың арасынан бір-ақ бетті, Шәкір ағайының қолтаңбасын ғана алуды қажет деп санапты. Ал ҚазҰУ-дың доценті А.Шыныбекова ағайдың оқыған лекцияларын ең үздік, ең нақты да жүйелі оқылған дәріс деп санап, сол дәрістер жазылған жасыл дәптерін сонау 1986 жылдан бері сақтап келеді екен. «Шәкір Ибраевтың лекция дәптері менде әлі бар. Лекциясын қатты ұнаттым. Шегелеп беретін, айтқандары мида толық сақталатын» деп жазыпты ол. 35 жыл сақталған студент дәптері арқылы доцент Ш.Ыбыраевтың 1986 жылдың 11 қазаны мен біздің курсқа «Қазақ халқының ауыз әдебиеті туралы ғылым» (11.10.1986) «Ауыз әдебиеті» (24.10.86), «Новеллалық ертегілер және сатиралық ертегілер» (3.12.86), «Қазақ эпосы» (15.12.1986) сияқты дәріс өткізгенін қайта есімізге түсіріп, шолып өттік.

Біздің курста оқыған оның бір кездегі студенттерінің алды бүгінде алпыстан асқан, соңы елуді еңсерген азаматтар, өздері де сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп жүрген мамандар. Бұл пікірлер – көпшілікке арналып газетке жазылған мақала немесе теледидардан жұртшылық көріп отыр ғой деп әсіреленген әдемі сөз де, көзге айтылған мадақ та емес, құрдас-курстастардың өз арасында болған, чаттағы шынайы жазбалар. Сондықтан олар ҚазМУ доцентінің, біздің Шәкір ағайымыздың орда бұзар отыздан асқан шақтағы ғылыми-педагогтік бейнесін боямасыз берер деген ойдамыз.

Бұл чатта сабақ берген оқытушы­лар­дың бәрін жаппай мақтаған жазбалар жазылады екен деп қалмаңыз. Онда: «С. ағайдың лекциясында дым жаза алмаушы едім. Лекциясының басы бар, …аяғы жай әңгіме», «Пәленше ағайдың не айтып тұрғанын түсіну қиын еді. Жақсы ғалым болғанымен, лекция оқи алмайтын еді» деген сияқты бағалаулар болды. Ал доцент Ш.Ыбыраев туралы оның пәнінен төмен баға алған студенттер де ондай бір ауыз сөз жазбапты. Өйткені дәріскер доцент Шәкір Ыбыраев өз пәнін жетік біліп, тыңдаушыларына сапалы қызмет көрсетті. Одан бері арада 35 жыл өтсе де ол туралы тек жақсы сөз айтылуының бар сыры осында жатыр.

 КӨРНЕКТІ ФОЛЬКЛОРТАНУШЫ

 Біз үшінші курста оқып жүрген 1989 жылы Шәкір аға ҚР Ғылым академия­сына жұмысқа ауысып, 1995 жылға дейін сондағы Қолжазба орталығын басқарды. Кейіннен 1995-2001 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болды. Бұл кезеңде ол педагогтіктен гөрі ғылымға көбірек ден қойып, негізінен бірыңғай ғылыми-шығармашылықпен ­айналысты. Ғылыми-ұйымдастырушылық, басшылық жұмыспен қатар мәскеулік ғалымдардың мектебінен өткен, кәсіби даярлығы мықты Ш.Ыбыраев өзінің ғылыми-шығармашылығының өзегі болған фольклортану саласындағы ізденістерін тереңдете түсті. Ол қолжазба қорындағы қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, «Ақ сандық, көк сандық» (1988) атты жинақ шығарды. «Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы» (монография. –Алматы: «Ғылым», 1993. –297 б.), «Поэтика огузского ­героического эпоса». (монография. – Алматы: «Ғылым», 1997. –128 б.), «Бастау. Қазақ халқының фольклоры туралы зерттеулер». (–Алматы: «Баспалар үйі», 2009. –160 б.) сияқты іргелі еңбектер, көптеген ғылыми мақалалар жазды.

Фольклортанушының аталған әр еңбегінің өзіндік орны бар. Олардың әрқайсысын жеке-жеке сөз етуге болады. Дегенмен, солардың арасында оның «Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы» атты монографиясының алатын орны айрықша. Бұл зерттеу – ғалымның эпос табиғатын жан-жақты ашып, терең ғылыми талдау­лар жасаған іргелі еңбегі. Зерттеуде батырлық жырлардың жанрлық түрлерге жіктелуінен бастап, қазақ эпосының поэтикасы мен типоло­гиясы, тарихи поэтика, байырғы эпос пен қаһармандық жырлар, эпостағы уақыт пен оның түрлері, эпикалық кеңістік, эпикалық дәуір, эпикалық уақыт, эпостың сюжеті мен көркемдік тәсілдері кеңінен қарастырылып, ғылыми құндылығы жоғары әрі тың тұжырымдар жасалады. Еңбекте көне мифтерден, батырлық ертегілерден, байырғы жырлардан бастау алатын қаһармандық эпостың жеке жанр ретінде қалыптасуы тарихи шындықпен, санадағы өзгерістермен тығыз байланыста қарастырылады. Ғалым батырлық жырлардың одан бергі рулар аясындағы уақыты мен рулар бірлестігінің дәуіріндегі түрленуі жырлар мәтінін салыстыра отырып талдап, олардың арасындағы тарихи сабақтастықты және уақыт пен кеңістік туғызған өзгешеліктерді анықтайды. Мифтік және ертегілік уақыттың қаһармандық уақытпен алмастырылуы өте нанымды дерек-дәйектер, нақты мысалдар арқылы дәлелденеді. «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Құбығұл» сияқты көне дәуір жырлары оқиғаларының ноғайлы дәуіріне телінуін әр дәуірдің өзіне тән сипаттарын қатаң ескере отырып айқындауынан фольклортанушының жыр табиғатын тап басып тани білгендігін көруге болады. Ғалымның батырлық жырлар қаһармандарының мифтік кейіпкерлермен араласа қатар жүріп, қалыңдық іздеуін, олармен соғысуын байырғы эпостар оқиғаларының бергі дәуірлер жырларына көшкенінің айғағы ретінде келтіруі де оның эпос сырына терең бойлай отырып жасаған өте маңызды тұжырымдарының бірі.

Фольклортанушы ғалым осы еңбегінде эпостың көркемдік жүйесін өте жақсы аша білген. Ол сюжет құрылымын әулиеден бала сұрау, шілдехана, той, түс көру сияқты ұлт танымымен тығыз байланысты мотивтер арқылы таратып береді.

«Біздіңше, мотивтің сюжетке дейінгі қызметі эпостың тілдік, стильдік, көркемдік бейнелеу құралдарының деңгейімен тікелей байланысты. Оның өз құрылымдық жүйесі бар және ол сөйлем, көркемдік бейнелеу құралдары баяндау тәсілдерімен қарайлас. Мағынасы жағынан мотив сюжет аясында жинақталады да, құрылымы бойынша поэтикалық тіл деңгейінде сипатталады. Оның бұл ерекшелігін поэтиканың екі деңгейі – сюжеттік және тілдік деңгейді бір-бірімен жалғастырып жатқан аралық компонент болуынан деп түсінеміз» деген пайымға келген ғалым, батырлық жырдың поэтикалық табиғатын танудың ең бір нәзік тұсын аңғара білген.

Автор одан әрі мотив-суреттеу, мотив-мінездеме, мотив-ситуация, мотив-сөз, мотив-әрекеттің жырлардағы қолданысын, атқаратын рөлін нақты мысалдар арқылы көрсетеді. Мәселен, ол теңеудің мотив-мінездемеде, ұлғайту мен әсірелеудің мотив-әрекетте, ал ауыстыру, астарлау, алмастырудың мотив-сөзде жиі қолданылатын айқындайды. Бұл тұжырымдарының бәрін батырлық жырлар мәтінінен алынған мысалдармен дәйектеп отырады.

Көрнекті фольклортанушы ғалым Ш.Ыбыраевтың сөз болып отырған еңбегінің жетпістен астам батырлық жыр үлгілерін зерттеп-зерделеу негізінде жазылуының өзі оның мәлімет көзінің мейлінше мол, зерттеу нысанына қатысты қамтыған ауқым аясының өте кеңдігін көрсетеді. Ғалымның бұл еңбегі қазақтың батырлық жырларының көркемдік болмысын тануға қосылған елеулі үлес екеніне күмән туғызбайды. Оның бұл еңбегімен танысқан кез келген әдебиеттанушы ғалым оған көз жеткізе алады. Біз әдебиетші, оның ішінде фольклортанушы болмағандықтан көктей шолып, жалпы баяндап отырмыз. Іргелес ғылым өкілінің өзіне бұл еңбектің халқымыздың батырлық жырларын тереңнен толғай отырып жазылған іргелі ғылыми-зерттеу еңбегі екені көрініп тұр. Ал еңбек мазмұнына тереңірек үңіліп, кәсіби тұрғыдан талданса, сарап деңгейіне сай ғалымының жаңалықтары, ғылымға қосқан тың тұжырымдары аз болмасына көп күмәніміз жоқ.

Ш.Ыбыраев ғылымдағы алғашқы ізденістерінен бастап ғылыми қауымға талантты фольклортанушы маман ретінде танылды. Ол кандидаттық, докторлық диссертацияларын да ­фольклортану саласы ­бойынша қорғады. Қазақ фольклорының, негізінен батырлық жырлардың қыр-сырын жан-жақты әрі терең зерттеуге арналған көптеген еңбектер жазды. Ғалымның әр ғылыми мақаласын, ­монографиясын оқыған зерделі оқырман оның жазған еңбектерінің ­санына сапасы сай келетін, әр сөзіне аса жауапкершіліктен қарайтын ғалымдар санатынан екеніне көз жеткізе алады.

Ол түркі әлемінде мойындалған ғалым. «Милли фольклор» ­(Анкара), «Біліг» (Анкара) халықаралық ғылыми журналдарының редакция алқасының мүшесі (Түркия), Халықаралық ­Фольклор комитетінің мүшесі (Мәскеу, 1992 ж.). Ш.Ыбыраев қазақ фольклортану ғылымына бергені көп, оның дамуына әлі де қосары мол ірі ғалым.

 ТАНЫМАЛ ТҮРКІТАНУШЫ

 Әдебиеттанушы ғалым ­Ш.Ыбы­раев­тың ғылыми ізденістеріне арқау болған саланың бірі фольклортану болса, екіншісі – түркітану. Фольклор мен түркітану оның ғылымдағы қос қанаты. Ш.Ыбыраев 2000 жылдардан бастап кейінгі жиырма жылдан астам уақыт аралығында түркітану саласына көп еңбек сіңірді. Ол 2000-2001 жылдары Түркиядағы Эгей университетінің профессоры, 2001-2004 жылдары А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры, 2004-2007 жылдары осы университеттің Ғылым орталығы директоры болды. Осы жылдары ол түркі елдерінің ғалымдарымен, ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, туыстас елдер арасын­дағы ғылыми ынтымақтастықтың нығаюына атсалысып, көптеген нақты істер атқарды. «Түрік дүниесі әдебиетінің тарихы» (Анкара, 2000-2007 жж. 30 том) академиялық көптомдық басылымның Қазақстан бойынша жауапты редакторы, редколлегия мүшесі, қазақ әдебиеті томдарының негізгі авторы болды. Атқарылған қыруар жұмыстың бел ортасында, басы-қасында жүрді. Осы кезеңде (2002-2007) ол, сонымен қатар Түркістан қаласында шығып тұрған Халықаралық «Түркология» журналының бас редакторы қызметін де қоса атқарды. 2004 жылдан бері Дүниежүзі түркологтары Ассоциациясының атқарушы директоры болды. Одан кейінгі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры (2007-2010) болған, Түркі академиясын басқарған 2010-2014 жылдары да, одан кейін де ол түркітану саласындағы зерттеулерін жүйелі түрде жүргізді. Әсіресе Түркі академиясының Президенті болған жылдарда түркітану саласындағы ғалымның басшылығымен атқарылған жұмыстар ауқымы өте кең болды. Жалпы осы академияның ғылыми ұйым ретінде қалыптасуына, іргесінің бекуіне ғалымның қосқан жеке үлесі айрықша. Жаңадан құрылып жатқан халықаралық ұйымның тізгіні оған жайдан-жай ұстатылған жоқ. Оның түркітанушы ғалым ретіндегі түркітілдес елдер арасындағы танымалдығы мен ғылыми беделі, ғылыми мекемелерді басқарудағы көп жылдық тәжірибесі де ескерілді. Ол сол сенім үдесінен шығып халықаралық ұйымның жұмысын жүйеге салып, барлық түркі елдерінің ғылыми орталықтарымен байланыс орнатты. Түркітану саласы бойынша белгілі түркітанушы ғалымдардың көптомдық еңбектерін, түркі тілдері халықтарының сөздіктерін шығарды. Бұл еңбектерді түркітанушылар кітапханасының ең бір құнды дүниелері десек қателеспейміз. 2014 жылдан ­бастап ғалым Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану кафедрасының ­профессоры. Тәжірибелі түркітанушы ғалым түркітану саласындағы ғылыми-зерттеулерін жалғастырып, шәкірттерін тәрбиелеп жатыр. Ғалымның «Түркі мәдениеті ұлы мәдениет болды. Еуропа өркениеті, араб өркениеті, қытай өркениеті ­деген терминдердің қатарында «түркі өркениеті» деген ұғымды да қолдануға тиіспіз. Себебі сонау сақтар дәуірінен бергі, тіпті империя құрған, көк түріктерге дейінгі мемлекеттердің ұлы мәдениеті болды» дейді түркітанушы ғалым. Түркі өркениетінің әлемдік ғылыми қауымдастықтық алдында мойындалуы, түркі тарихы мен мәдениетінің арғы-бергісін терең білетін Шәкең сияқты салиқалы ғалымдардың салмақты еңбектері арқылы ғана жүзеге асары анық.

2016 жылы Ш.Ыбыраев пен Қ.Келімбетовтің редакторлығымен «Түркология: дүнижүзі түркология­сының тарихы» атты ұжымдық моно­графия қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл еңбекте түркітанушылық зерттеу парадигмасының географиялық және хронологиялық аясы жан-жақты қамтылып, бірнеше ел түркологиясының тарихы жүйеленді. Мұндай іргелі еңбек істің басында беделді де білікті түркітанушы тұрғандықтан ғана жүзеге асты.

Ғалымның ғылымдағы, түркітану­дағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оған 1991 жылы ҚР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы, 2006 жылы «Түрік дүниесі қызмет сыйлығының иегері» (Түркия) сыйлықтары берілді. «Құрмет» орденімен (2009ж.) марапатталды.

Мерейлі жас биігіне көтеріліп отырған ғалымның, қазақтың ардақты азаматының отандық ғылымға, ел игілігіне ұзақ қызмет етіп, адал еңбегінің зейнетін көре беруін тілейміз.

2258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы