• Әдебиет
  • 01 Қаңтар, 2021

Ақсақ қыз (Әңгіме)

Аурухана төсегінде жата-жата еңсесі езіліп, мүгедектер арбасында отыра-отыра әбден зәрезап болған Маржан бүгін протез аяқ кимек. «Төрт мүшесі сау, төрт құбыласы тең адам бақыт дегеннің не нәрсе екенін түстеп танып жарытпасы анық. Жер басып жүру дегенің теңдессіз бақыт екен-ау. Қалай білмегенмін? Cол бақыт құшқандармен иықтаса алар күн туса ғой шіркін». Бір сәттік қуанышын демде күдік алмастырып: «Өз аяғымдай болу қайда-а, бірақ жасандының аты жасанды емес пе» деген сұрқайы ойлар қаумалап, тұңғиығына тарта жөнеледі. Маман дәрігердің жылы лебізі үміт отын үрлегендей көзінен қуаныш ұшқындайды бірде. «Шетелде әкеңнің тапсырысымен жасалған. Өз аяғыңнан кем болмайды».
Сол жасанды аяқпен алғаш бойын тіктегенде аяғын апыл-тапыл басқан сәбидей қалт-құлт етіп денесін әзер игергені рас. Бірақ бұл жай көпке созылмады. Әлсіздігін жеңуге тырысып бақты. «Қайтсем де жүруім керек» деген ішкі талпынысы жігерін қайрап, тек алға жетеледі. Бұдан былай жүруге жаттығу күні бойы айналыстан тиісті жұмысына айналды. Бірде Мөлдір үйінің іргесінен өтіп жатқан орталық көшеге түсіп, иін тірескен халық нөпіріне қосылды да, алға қарай кете барды. «Екі аяғымнан тік тұрғызып тағы бір мүмкіндік берген Аллаға тәуба».

Айналасына самарқау көз тастап қояды. Қала көшелерінде сол баяғы көрініс. Ілгері-кейін қайшыласа зымыраған сан түрлі автокөліктер, ары-бері сабылған адамдар. Бірінің екіншісімен ісі жоқ. Өзін қызықтыратын ештеңе қалмағандай көңілі күңгірт тартты. «Өмірдің тарам-тарам жолдарынан өз соқпағына түсіп, тіршіліктің керек-жарағын тірнектеуге тыраштанып безектегендер басқаның қайғы-қасіретін қайтсін». Кенет жолдың арғы қапталында өзгелерден оқшауырақ бағдаршамның жасылын күтіп тұрған таныс жүз жылы ұшырағандай анықтап көз салды. Күйеуі. Ол жалғыз емес еді. Қолтықтаған әлде келіншек, әлде бойжеткен, әйтеуір біреуі бар. Қыз жүзін ары бұрып, күйеуіне бірдеңені айтып, наздана қарайтын сияқты. Жүрегі кеудесін бұзып сыртқа шығып кетердей атқақтай соқты. Көз алды тұманданып, бұлыңғыр тартты. Басы айналғандай ма, әлсіздікті сезінді, енді-енді жайлана бастаған көңілін мына көрініс ойран-асыр етті. Көпшілік арасынан сытылып, былай таман жол шетіне қарай ойысып, сол арадағы жуан терекке арқасын сүйеп, терең тыныстады. Жанарынан ағыл-тегіл моншақтаған жас бетін жуып, омырауына құйылып жатты. Осы сәт өкпе тұсынан «Маржа-а-н!» деген дауысқа жалт қараған. Ойлы қара көздері кеңейе түскен аққұба, әдемі келіншек тұр қасында. Жанары шарпысып қалды. Бетінде тарам-тарам боп жүлгеленген жасты құрғатуды қажет деп таппаған Маржан:

– Есенкү-ү-л! – деп екі қанатын жая ұмтылды. Есенкүл де қарсы жүріп кеп құрбысын құшақтады. Маржан Есенкүлдің бауырына жылу іздегендей тығыла түсіп, іш-құсасын білдіре ұзақ өксіді.

– Маржан, басың­нан өткен жағ­дайыңды естігенмін. «Болған іске болаттай берік бол» демей ме, даналар. Менің де кеңесім сол. Қойдым. Маржан шағын сөмкесінен қол орамалын шығарып, көзін, бетін сүртті.

– Мені қайдан тауып келдің? – деді Есенкүлге.

– Көлікпен өтіп бара жатып көріп қалдым. Сау адамның тұрысы емес-ау деген күдік қолды-аяққа тұрғызбай осылай қарай жетеледі. Көлігімді сол тұсқа қалдырып кеттім.

– Алғысым шексіз өзіңе.

– Ебіл-себіл болуыңа себеп не?

– Осы әзірде ғана сатқын күйеуімді көріп қалдым.

– Сатқы-ы-н?

– Сау кезімде алдымда құртша жорға­лай­тын күйеуім кеселге ұшыра­ғаннан кейін менен сырт айналды. Сүйіктісін тауып та үлгергені жаныма шаншудай қадалуда.

– Демек, үлкен есеппен үйленген.

– Қызметке әкемнің арқасында жеткені есінде жоқ. Екі баланы да ойламағаны ғой.

– Ымм...

– Есенкүл, тапталған намысым ашу-ызамды келтіріп, аналардың екі­жүз­ді­­лігін әшкерелеуім керегін санама себез­гі­леткендей. Тәуекел дария кеш­тіретіні рас екен. Дәл қазір ештеңеден тайынар емеспін.

– Не істемек ойың бар?

– Әлгілердің соңынан қуып барамын. Менің үйімде сайран салуға жол бермеймін. Көлігіңмен сонда алып ­баршы, өтінемін.

– Барайық. Бірақ ашуды ақылға жеңдіре білмесең, денсаулығыңа кері әсер етуі мүмкін екенін ескергейсің.

–Дұрыс айтасың.

Екеуі көлікке қарай беттегенде анадайдан Маржанның күйеуі Аслан төбе көрсетті.

– Олар осылай келе жатыр. Жолдың арғы жиегінде күтейік. Мен көрінбейін, – деп Маржан құрбысының тасасына бой жасырды. Есенкүл екеуін көзінен таса еткен жоқ. Міне, олар жақындай түсті. Тығыршықтай денелі жігіттің екі езуі екі құлағында. Аяғын санап басулары еш алаңсыз жайбарақат, орнықты жағдайды көрсеткендей.

–Маржан, қасындағысы бір кездегі жан досың Марал, – деді Есенкүл.

Енді ғана таныдым. Жай басып кеп Маржан жолын бөгеді.

– Асла-а-н, – деді еркелеген нәзік үнмен. Жігіт селк етті. Қарсы алдында аппақ тісін көрсете ақсия күліп тұрған Маржанды көргенде сасқалақтағаны сонша, ақ сары өңі бір қызарып, бір қуарды. Сүйіктісінің қолтығынан қолын тартып ала қойды. Маржанға бастан-аяқ көз жүгіртті. Даусы дірілдеп:

– Маржан, жаным, қалайсың? – деп келіншекті бетінен өпті.

– Көріп тұрғаныңдай жақсымын. Осы сәт Марал досы ұйқыдан оянғандай:

– Маржан, – деп ұмтылып еді, оны көкірегінен итеріп жіберіп:

– Іштен шыққан сұр жыландай ирелеңдемей, баршы, – деді зілдене.

– Ардан біржола безген екен десем, ұяттың жұқанасы қалған сияқты бетіңде, – деді күйеуіне.

– Балалар қайда?

– Атасы мен апасының қасында.

– Балаларды ауылға апарып тастап, менен іргеңді аулақ салып, ғашығыңмен еркін бой жазған сәтіңе куә боларымды ойламадың, сірә?

– Қайдағы ғашық?

– Балапандарымды сағындым. Бүгіннен қалдырмай жеткізетін бол.

– Жеткіземін, уайымдама.

– Сонан соң коттедждің кілтін әкеліп бер. Егер маңдай теріңді тамшылата қиналып тұрғызған үйің болса жынойнақ жасайтындарға жалға беріп, табыс көзіне айналдырмас ең.

– Оны қайдан шығардың?

– Тыңда! Мен айтсам, бірдеңені біліп айтамын. Тисе терекке, тимесе бұтаққа демеймін. Адам жіберіп, бірнеше мәрте тексерткенмін.

 – Тексерушілер дұрыс ақпарат ­бермеген.

– Заң жүзінде ажырасып, алиментке беремін.

– Маржан, кешірші. Ажырасқым келмейді.

– Менің үйімде, әкем орналастырған қыз­метте емін-еркін көңіл көтеру қолай­лы. Ажыраспасаң қасыңдағыға қалай үйленбексің?

– Оған неге үйленуім керек? Оның күйеуі бар.

– Өтірікті де адам иланатындай қисынымен айтсаңшы. Табансыздығың, тайғанақтығың, екіжүзділігің жыныма тие бастады. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтеріп, нағыз ер азамат сияқты ағыңнан жарылсаң... мүмкін... ойланар едім.

– Маржан, балаларымнан айыра көрме. Кешіре алсаң, кешір.

– Адам қиын-қыстау кезеңде танылады. Бұрын танымай келіппін. Мына бейшаралығыңды көңіліме сіңіре алмай, сен үшін ұялып тұрмын.

– Маржан, қандай бейшаралығымды көріп тұрсың? Бұрынғы сол Асланмын.

– Сенімен сөз жарыстыруға зауқым жоқ. Машинамды да әкеліп қоясың осында. Кілтін қолыма ұстатасың. Енді өзім жүргіземін.

– Дегенің болсын.

– Қызметіңде қалар-қалмасың да екі талай. Әкем опасыздығыңнан бейхабар. Енді шындықты жасырмаймын.

– Маржан, бәрі сен ойлағандай емес... Марал сөзге араласып еді, Маржан сөзін аяқтатпай тыйып тастады.

– Мен арқылы әкемнен көрген көмегіңді ұмыта қоятын жөнің жоқ еді. Жақсылығымды жамандықпен қайтардың. Сен... опасыз... аяр, мені туған күніңе шақы­рып, сусынға ұйықтататын дәрі қо­сып беріп, апатқа ұшырап, өлгенімді тіледің.

– Маржан, не айтып кеттің? Ойыңнан шығара берме өйтіп.

–Нағыз шындық – тілге тиек етіп тұрғаным. «Арамзалығың үшін сені сотқа беруім де мүмкін».

Маржан айтарын айтып боп, Есенкүлді қолтықтап жөнеле берді. Былай шыға бере Есенкүл:

Маржан, Маралдың сусыныңа ұйық­тататын дәрі қосып бергені рас па? – деді.

– Рас. Қанның құрамын тексергенде анықталды.

– Айтарға сөзім жоқ.

–Біздікіне барайық Есенкүл. Апаммен таныстырып қояйын.

Есенкүл кеткеннен кейін Маржан төсегіне жата кетіп ойға шомды.

Уақыт өткен сайын алыстай беретін қайталанбас жастық шағының есінде қалған үзік-үзік суреттері, көріністері көз алдынан өтіп жатты.

Маржан ауқатты отбасында туып-өсті. Ішкені алдында, ішпегені артында дегендей байлықтың шалқарында балықтай жүзіп бұлаңдап өсіп бойжетті. Бәрі... бәріне, тіпті қастерлі ұғым ретінде дәріптелетін құндылық атаулыға байлықты өлшем етті. Сөйтіп жүріп, мектеп бітірді. Жоғары оқудың да есігі Маржанға айқара ашылды.

Есенкүлмен алғаш бір бөлмеде тоқайласты. Қызға бастан-аяқ тыжырына көз жүгірткен Маржан жыланша жиырылды. Суқаны сүймегенін бет әлпетінен-ақ байқатқан. Бөлмелесіне ұнамағанын Есенкүл де сезді. Есенкүлдің бір аяғын сылтып басатын кемістігі бар еді.

Кемтарлығымен қоса кедей қызбен қатар жүріп-тұруды бойына мін санаған сыңайлы. Үлде мен бүлдеге оранып, «өзінде бармен өзге ұрған» сәнқой бойжеткен бақыт дегенді байлықтың баламасы деп ұқты. Және өзін бақыттылар сапына қоятын. Бірінші курста-ақ әкесі оған қымбат көлік сыйлаған-ды.

Есенкүл көп сөйлемейтін, ықпалды­лардың ырқына қоғадай иілу әдетінде жоқ, біртоға, есті қыз. Сабаққа алғыр. Алдында құрақ ұшып жарамсақтануды әбестік санайтын мінезі Маржанды шапқа түрткендей жындандыра түсті. Оны сырттай өз атымен емес, «ақсақ қыз» деп атайтынды шығарды.Маржанның қолтығына тығылушылар да Есенкүлді ­солай атай бастады. Бірде достарына: «Анау біздің бөлмедегі ақсақ қыздың суреті оқу озаттарының қатарында тақтаға ілініпті» деп, сампылдай сөйлегені сабақ беретін ұстазының құлағына шалынып қап, ескерту алғаны бар.

Маржанмен жеке сөйлескен ғалым-ұстаз: «Байлық – жуса кетіп қалатын қолдың кірі. Өмірде мәңгілік өзгермейтін ештеңе жоқ. Ертеңін бүгінмен өлшеу ағаттық.Байдың кедейленіп, кедейдің байып кетуі әбден мүмкін, Сен «ақсақ қыз» атандырған Есенкүл іштен солай тумаған. Келеке, мазағыңның нысанасына айналған қыздың бұндай күйге қалай душар болғанын білсең, жылар едің». Бетіне қатты айтқан сол ұстазын соңғы кездері жиі есіне алатын болып жүр.

Бірде сабақтан енді ғана келіп бөлмеге енген Есенкүлмен әлденеге көңіл күйі болмай отырған Маржан байланыса түсті.

«Тарпылдатпай аяғыңды көтеріп бассаң нең кетеді? Тарпаң жүрісіңнен-ақ жүйкені жұқартып біттің ғой!» деді оған ішіп-жеп қоярдай түнере қарап.

– Көтеріп басуға аяғым жаралмайтынын біле тұра, неге өшің бардай шүйіле бересің, – деді Есенкүл ашуға булығып.

– Сені мүгедек қылған мендей-ақ шаптығасың ғой. Дауыс көтеретін кім едің?

–Мүгедек болмаймын деп Құдаймен келісімшартқа отырып пе едің? «Күлме досқа, келер басқа» дегенді қаперіңде ұстағайсың. Сен тым асып барасың. Әр нәрсенің де шегі бар. Айылыңды осы арадан жия қоймасаң: «Көп асқанға бір апат, кесірліге бір кірәпат» болары анық деді де, бұрылып жүре берді. Есенкүл сол күні-ақ бөлек бөлмеге ауысып, кесірлі бойжеткеннен іргесін аулақ салған. Жаңа қонысының байырғы тұрғындары соңғы курс студенттері екен. Олар диплом жазу үшін пәтерге шығып кеткендіктен, Есенкүл бөлмеде өзі ғана. Әлгіндегі Маржанның өктемсуі, мүгедектігін бетіне басуы жанын күйзелтті. Көз жасына ерік берді. Жылап жатып ұйықтап кетіпті. «Есенкүл, орныңнан тұр. Мойыма. Бәрі жақсы болады» деген анасының дауысынан ұйқысы шайдай ашылды. Апасының алдына алып айналып-үйіріліп, бетінен құшырлана сүйетіні есіне түсіп, жанарынан мөлдір тамшы сорғалай жөнелді. Өгей шешесіне қаршадай қыздың жүріс-тұрысы да, өзі де, сөзі де жақпады. Әкесінің көзін ала беріп қағып жіберіп, итеріп қалып қақпақылдың тасындай қағыстыратын.

Бес жастағы кезі. Байқаусызда бір шыныны сындырып қойғаны үшін шапалақпен жағынан салып жіберіп, шырылдап жылағанына да қарамастан, сыртқа қарай қолынан дедектетіп жетелей жөнелді.

– Қораның төбесіне шық, – деді сатыағашты көрсетіп. «Тырп етуші болма!» деді зекіп. Қимылсыз ұзақ отырудан жалыққан бүлдіршін ұйықтап кетіп, төбеден құлап кетеді. «Аяғым-ай!» деп жан дауысы шыға безілдеп жылап жатқаны үстіне, бақытына қарай әкесі кеп қалғаны. Қызын жерден көтеріп алып, не болғанын сұрап біледі. Үйіне кірсе, әйелдің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, бейтаныс келіншекпен ішімдік ішіп қызара бөртіп отыр екен. Адамға тән мейірімнен жұрдай қатыгез әйелмен бір шаңырақ астында ­мынадай жағдайдан кейін өмір сүру мүмкін емесін сезінген әке әйелімен біржола қоштасады. Сол күннен бастап аудандық, облыстық білікті мамандарға қаратып, ұзақ емдетеді. Өкінішке қарай, Есенкүл аяғын сылтып басатын боп қалады.

...Маржан оқуын бітірісімен табысы мол қызметке орналасады. Әке дәулетінің арқасында қол жеткізген коттеджі, өзін жақсы көретін күйеуі, қымбат көлігі, ұлы мен қызы бар.

Сол күні жан досы Маралдың туған күнінен келе жатқан. Күйеуі іссапарда, қалада жоқ еді. Рөлге отырып, ызғыта жөнелді. Кенет, көзіне ұйқы тығылып, қалғып кетті. Көлігі жол жиегіне қарай кілт бұрылып, әлденеге қатты соғылды. Көзі­нің оты жарқ етіп, қап-қараңғы түнек­ке жұ­тылып кете барды. Қай уақыт екені белгісіз көзін ашса, ақ халатты дәрігер басына төніп отыр екен. Тітіркендіргіш дәрі иіскет­кен болу керек. Қасында денесінен бөлек жатқан өз аяғын көріп, есінен танып қалды.

Маржан ауруханада ұзақ жатты. «Бәрі бітті. Болашағым бұлдыр, күңгірт. Бүйтіп қасірет шеккенше апат үстінде жан тәсілім еткенім дұрыс еді. Алла Тағала көресісін көрсін деп тірі қалдырған ғой». Тағдыр тауқыметі жанын жегідей жеп, қайғының қара дауылы әбден сілікпеледі. Дөңгелек жүзі суалып, екі жағы пышақ жонығандай сорайып, адам танығысыз өзгерді. Әншейінде өліп-өшіп тұратын күйеуінің өзінен теріс бұрылуы Маржанға дүние төңкеріліп кеткендей әсер етті. ­Отбасы жанашыры отағасының мүттәйімдігі келіншектің адамдарға деген сенімін жоғалтуға жеткізді.

 Басы аман кезінде қасынан бір елі қалмайтын достары көп еді. Солардың көбі-ақ отбасының өзекті мәселелерін шешерде Маржанның көмегіне жүгінетін. «Маржан, бәлен жерде танысың бар ма?Күйеуімді жұмысқа ­орналастырайын деп едім. Маржан, інімді бір жерге іліндіріп берші» деп тыным бермейтін. Басына іс түсіп, екі дүние ортасында жатқанда солардың бірі де есігінен сығалаған жоқ. Сығалау былай тұрсын телефон шалып, хал сұрауға жарамады.

Соңғы кездері Маржанның есінен Есенкүл шықпайтын болды. «Күлме досқа, келер басқа демеп пе едім» деп табалап тұрғандай көрінеді. Өзінде жоқ артықшылық Есенкүлдің бойынан мен мұндалағанда ішінен қызғаныштың қызыл иті шабалана тұра ұмтылар еді. Есенкүлдің өмірді тереңірек түсінетіні, әр нәрсенің қисынынан алдағы беталысы қалай өрбитінін, соңы немен тынарын болжай білетін ақыл зеректігі, ұшқыр ойлылығы таңдандыратын. Төсегінде мамандығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әр алуан ғылыми әдебиет оқып жатқанын көргенде, «Кітап не теңі екен?» деп тыжырынып, теріс айналатын.

Есенкүл университетті үздік бітірді. Кейінгі өмірінен хабарсыз.

Бір кезде қатар жүруден намыстанып, суқаны сүймейтін сол Есенкүл бүгін ең жақын адамы секілді. Жан қалауын да, ауырған жерінің емін де Есенкүл табатындай әйтеуір оған деген көңілі алабөтен. Адам осылай да өзгереді екен-ау, Есенкүлсіз таң атып, күн шықпайтындай сезінген Маржан күйеуі Бақыт екеуін сенбі күні түске асқа шақырды. Бөлмеге бас сұққаннан-ақ, қабырғадағы кітап сөрелеріне назар салған Бақыт: «Маржан бай кітапханаң бар екен, кітаппен араларыңнан қыл өтпестей тату екеніңді байқатқандай» деді жымиып.

– Өкінішке қарай, кітаппен кешірек басыма іс түскеннен кейін ғана достастым.

– Оқасы жоқ, ештен кеш жақсы.

– Кітапсыз адамның өмірі бос депті бір ойшыл. «Кітаппен дос бол, кітаптың жомарт беттері. Көзіңді тосар адал дос одан жоқ тегі» деп Расул Ғамзатов атамыз тегін айтпапты.

– Бақыт та кітапқұмарлардың бірі, – деп Есенкүл күйеуіне аялай қарады.

Астан соң Бақыт рақмет айтып, кетуге рұқсат сұрады.

– Сіздер асықпай әңгімелесе беріңіздер. Мен балаларға барайын.

– Есенкүл, қанша балаларың бар? – деп сұрауды естен шығарыппын ғой.

– Екі ұлымыз бар. Кеше Бақыттың атан-анасының үйіне қалдырып кеткенбіз. О кісілер қала сыртындағы ауылда тұрады. Немерелерін көріп тұрмаса, көңілі көншімейді.

– Есенкүл, – Маржан әңгіме ­ауанын басқа арнаға бұрды, – алдыңда кінәлімін. Саған жасаған қиянатым есіме түссе, кірерге тесік таппаймын. Назаңа ұшырадым. Жер басып жүргендердің бәрінен биікпін деп есептедім. Ақыры, тым асқақтығым салдарынан мынадай күйге ұшырадым. Кешір мені. Есенкүлдің алдына басын иді. Жанарынан мөлдір тамшы құйылып жатты. Есенкүл орнынан ұшып тұрып, Маржанды екі иығынан құшақтады.

– Бұның не, Маржан? Ол жайды әлдеқашан ұмытып кеткенмін.

– Жүрекке түскен жара жуықта жазылмайды. Ұмытылуы да мүмкін емес.

– Жастық шақ қателікке ұрындыратын кезең ғой. Тәкаппар едің. Бірақ қайырым­ды болатынсың. Басқаларға көмектесіп жүретінсің.

– Мені бұлай бағалайтыныңды білмеппін.

– Кезінде қатты ренжігенім рас. Бірақ кек сақтап, жамандық тілегеннен аулақпын.

– Рақмет, Есенкүл. Сен болмасаң қай­тер едім? Ішкі сырымды кім тыңдайды менің?

– Айтпақшы, күйеуің балаларды алып келді ме?

– Алып келді. Бақшаға бергенбіз. Таңертең әкетіп, кешке қарай жұмысынан соң әкеліп жүр. «Басқа тепсең кетпеймін. Маралмен ешқандай байланысым жоқ. Кездейсоқ кездесіп қалып, өткен-кеткенді еске алып келе жатқанбыз. Оның саған қастандық жасағанынан хабарсызбын» дейді. Тіпті не істерімді білмей далмын.

– Тағы бір мүмкіндік бергенің жөн.

– Қабырғаммен ақылдасып көрейін.

– Балаларды туған әкесінен ажырату, қиянат.

– Есенкүл, алдыма үлкен мақсат қойып отырмын, – Маржан жадырай сөйледі.

– Қандай? – Есенкүл елең етіп, құрбы жүзіне таңырқай қарады.

– Опасыз жігіттердің арбауына түсіп алданып, құрсағындағы баладан құтылудың жолын іздейтін қыздар мен тастанды балалардың, панасыз аналардың мүддесін көздейтін бір іс ашсам деймін.

– Мынауың керемет қой, Маржан!

– Қаракөз бүлдіршіндердің шетелге сатылуын болдырмауға, санамыздың артуына теңізге тамған тамшыдай үлесс қоссам, өзімді бақытты сезінер едім. Бұл арман ғана. Арман нақты іске айналу үшін әлі көп еңбектенуім, жүгіруім, миды істетуім керек.

– Дұрыс айтасың. Бақыт заңгер ғой. Сұрағыңа жауап беруге әрқашан дайын.

– Рақмет. Сенің қолдайтыныңды ішім сезген.

– Мұндай ізгілікті істі қалай қолдамасқа?!

Маржан мен Есенкүл тұңғыш рет сыр ақтарысып, ұзақ отырды. Досының көңілін аулаған Есенкүл жұмысы бастан асып жатса да, асығыстық танытпады.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы

 

407 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Қос кітаптың тұсаукесері өтті
Келесі мақала ҰЛТ ПРОЗАСЫНЫҢ БАСТАУЛАРЫ – ҒАЛЫМ НАЗАРЫНДА

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №3

21 Қаңтар, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

ANATILI №3

PDF нұсқа