• Білім және ғылым
  • 01 Қаңтар, 2021

БАЙЫРҒЫ ТҮРКІ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде белгілі түркітанушы ғалым Немат Келімбетовті еске алуға арналған «Байырғы түркі тілі мен әдебиетін зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми жиын өтті.
Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы ұйымдастырған конференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан Өзбекстан және Түркия елдерінің түркітанушы ғалымдары қатысты.
Жиында көне түркі тілі мен әдебиеті мәселелері талқыланды.

Онлайн-кон­фе­ренция­­ның ашы­луында Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­даго­ги­калық уни­верси­­тетінің ректоры Такир Ба­лықбаев, ҚР Стра­те­гиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төраға­сы, «Астана» халық­аралық қаржы орта­лы­ғының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Түркия мемлекеттік Tүрік тілі ­қо­ғамының президенті Гүрер Гүлсевин қатысып, сөз сөйледі.
Жиын барысында Ұлы ақын Абайдың 175 жылдық ­мерейтойына орай Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ғылыми қызметкерлері Шерубай Құрманбайұлы мен Мәрлен Әділовтің «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта Абай шығармаларындағы қазіргі қазақ әдеби тілінде кездеспейтін немесе өте сирек қолданылатын тілдік ерекшеліктер морфологиялық, фонетикалық және лексикалық айырмашылықтар тұрғысынан қарастырылған. Фонетикалық ерекшеліктер дегенде ұғыл, ұлық, тұғры, тұғралы, түзік және т.б. көне түрік және қазақтың ескі жазба тіліне тән фонетикалық ескіліктер зерттелді. Бұлар көне түрік және қазіргі түрік-моңғол тілдеріндегі деректермен салыстырылып, олардың ескі қазақ жазба тілі мен қазіргі қазақ тіліне қатыстылығы жайлы тұжырымдар айтылды. ­Сонымен қатар қазіргі қазақ әдеби тіліндегі сөздердің Абайдағы дыбыстық варианттары талданды. Оның ішінде айлану, ашау, беркіну, беркіту, бұлыт/бұлұт, біротала, езгү, есіту, жолғасу, инану, кезегендік (кезбелік), қары (кәрі), құры (құр сөз), нажағай, соңра, сүру (сүрту, жағу), тәңрі, тұл бой, ұжымақ, ұсап, шүйінші, ылай, ылау, т.б. түрінде құбылған немесе, керісінше, бастапқы формаларында қолданылған сөздер де бар. Фонетикалық ерекшеліктер тарауында кірме сөздерден «қазақы» формада жұмсалғандары да талданды, мәселен кірме сөздердің Абай тілінде амантау, асық, әжеттес, әз тұту, әм, бейіс, бұл (пұл), дұспан, еннатайына кәлкәусар, қаса, пышана, сұңғат, шылдахана, ылаж, ырза, ырас, закүншік, лапке, мәліш, бияншік, ваенной, сaлдaт, самародной, ыстаршын ысдраваймыслящий, ісшөт сияқты «қазақы» тұлғада өзгертіліп жұмсалуына назар аударылды. Кірме сөздердің әдеби тілдегіден өзгеше әрі бастапқы формасына жақын түрінде жұмсалуына мән берілді. Абайда шет тілдерінен, әсіресе араб, парсыдан енген сөздердің біразы сол тілдердегі негізгі тұлғалары сақталып қолданылған. Бұлар да қазақ тіліндегі нұсқаларымен салыстырылып зерттелді, мысалы: алал (адал), бихабар (бейхабар), ғафыл қалма (қапы қалма), ежтиһат (ыждағат), мағлұм (мәлім), махрұм (мақұрым), мү’мин (момын мұсылман), наме (нама), руза (ораза), таслим (тәсілім), хақ (ақы), хисап (есеп), т.б. Морфологиялық өзгешеліктер деп аталатын бөлімде қазіргі қазақ әдеби тілінде ұшыраспайтын (немесе өте сирек жұмсалатын) кейбір морфологиялық формалардың қолданылу мәселесі талқыланды. Мысалы, «мыш», «дүр», «тұғын/тұрған», «бірлән/білән, «дағы», «дек», «аның үшін/оның үшін, т.б. Лексикалық ерекшеліктер тарауында ақын шығармаларының сөздік құрамын актив-пассивтігіне және лексикалық қолданыстарының ерекшелігіне қарай көнерген сөздер, пассив лексика, этнографиялық ұғымдар, ақын тіліне тән қос сөздер, фразеологизмдер, мақал-мәтел мен афоризмдер деп қарастырылды. «Зерттеушілер ақын тілін көне ескерткіштермен салыстырып зерттеп, Абай тілінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдеді» дейді түркітанушы ғалым Мұрат Сабыр. Зерттеуші сөзін «кітап авторлары Абайдың тілдік тұлға ретінде қалыптасуын көне жазба ескерткіштерінде жатқанын көрсетті» деп жалғастырып, кітапты «түркология саласына қосыл­ған зор еңбек» деп бағалайды. «Абай тілінен шағатай әдеби тілінің элементтерін іздеу Кеңес кезеңінде «бос әурешілік» деп айтылып, ғалымдар ақын шығармаларындағы осындай тұстарды кең қарастырмаған еді. Қолымыздағы еңбек бұл олқылықтың орнын толтырды» деген пікір білдірді филология ғылымының докторы Қаламқас Қалыбаева.
Халықаралық отырысқа ф.ғ.д. Шәкір Ыбыраев, профессор ­Мехмет Өлмез (Түркия), ғылым докторлары Ташполот Садықов (Қырғызстан), Темірхан Тебегенов, Нодирбек Журақузиев (Өзбекстан), Елчин Ибрахимов (Әзербайжан) сынды түрколог ғалымдар көне түркі тілі мен әдебиетінің мәселелеріне қатысты ғылыми баяндамалар жасады.
Еске сала кетейік, көрнекті түркітанушы ғалым, белгілі жазушы, талантты аудармашы, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық Күлтегін, Франц Кафка сыйлықтарының иегері Немат Келімбетов бұдан он жыл бұрын 15 желтоқсан күні өмірден озған еді, алқалы жиын осы датаға орайластырып өтті.

Н.БАТЫР

1446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы