• Әдебиет
  • 01 Қаңтар, 2021

ҰЛТ ПРОЗАСЫНЫҢ БАСТАУЛАРЫ – ҒАЛЫМ НАЗАРЫНДА

Қазақ әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар ғалымдардың бірі, ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың ұсынысымен ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының зерттелуін тақырып етіп алған Зинол-Ғабден Бисенғалидің алғашқы зерттеу еңбегі тәуелсіздікке дейінгі кезеңде жазылып, жарияланды. Әдебиет тарихын зерттеу мен дәуірлеудің кеңестік кезеңдегі қағидатына сәйкес, үлкен бес дәуірге бөлгенін білеміз. Соның ішінде ХХ ғасыр басындағы әдебиет ­(1900-1917 жж.) деп арнайы қарастырылатын болғандықтан да жас ғалым ұлттық ­проза жанрының жаңа ғасыр бастауындағы қалыптасу тарихын, өзіне тән даму ерекшеліктерін айқындауға белсене кірісіп, осы кезеңдегі көркем әдебиет тынысын зерделеген еңбек жазып шықты. Мұның ішінде көзі қарақты оқырманға, ғылыми-әдеби қауымға бұрыннан таныс туындылармен қатар, әлі де болса әдеби-ғылыми айналымға толық түсіп үлгермеген, тіпті авторы да, шығармасының аты-жөні де беймәлім болып келген әдеби жәдігерлерімізді анықтап, айқындап, түрлі себептермен жете көңіл аударылмай келген көркем прозаның үлгілерін елеп-­екшеп, соның ішінде, «Айқап» журналының сандарынан хронологиялық тәртіпті сақтай отырып, қазақ қаламгерлерінің осы саладағы өзіндік ізденістерінің ерекшелігін, жетістігі мен кемшілігін саралап, көкейтесті мәселелердің басын ашып беруге ­атсалысты.

Кәсіби прозаның қалыптасып, дамуының алғышарттары, ізашарлары секілді бұл дүниелердің де өзіне тән көркемдігі, жүріп өткен жолы, қоғамдық өмірімен байланыстылығы, дәуір шындығын көркемдік тұрғыдан игерудегі әр қалам иесінің өзіне ғана тән тәмсіл-тәсілі, мәнер-машығы бары анық. Зерттеушінің әлі жазу-сызу тәжірибесі қалыптасып үлгермеген, көркемдік тәжірибесі кемшін, көркемдік деңгейі әрқилы прозалық туындылардың ара-жігін, жанрлық-идеялық, тақырыптың ерекшелігін, ізденістері мен іркілістерін айқындап, өзара салыстыру, ғылыми жүйеге түсіру, мәні мен маңызын тұжырымдау бағытындағы ізденісінің нәтижелі болуы ғалым үшін – үлкен абырой болса, ғылым үшін – зор табыс болмақ. Зинол-Ғабден Бисенғалидің осынау ғылыми маңызы зор, жауапты, қиын да күрделі істі мейлінше ғылымға тән тиянақтылықпен, ыждағаттылықпен атқарғанын, әлі де атсалысып келе жатқанын білеміз.

Зерттеушінің «ХХ ғасырдың басындағы қазақ прозасы» еңбегі жарық көрген уақытта (1989) кеңестік идеологияның тегеуріні бәсеңдемей, ықпалы өз дегенін жүргізіп тұрған шақ болатын. Сол себепті ағартушылық-демократиялық бағыт ұстанғандардың үні болып есептелетін «Айқап» журналының бетінде жарияланған жазба прозаның алғашқы үлгілері зерттеу нысанына алынған, сол арқылы өткен ғасыр басындағы көркем прозаның туу, қалыптасу тарихы, әдеби-ғылыми сипаты талданғанын баса айтар едік, байқар едік...

Әсілінде, зерттеуші-ғалымның бір «Айқаптың» өзінен, айналасынан, төңірегінен өткен ғасыр басындағы қоғамдық санадағы, рухани саладағы, әдебиет майданындағы үлкенді-кішілі өзгерістерді, қоғамдағы ілгерілеушілікті, соның ішінде, қаламгерлік ізденістерді бір арнаға сыйғызып, көркемдік ойлау дүниетанымымыздың дәреже-деңгейін айқындауға қосқан үлесі қомақты-ақ.

Алдымен «Айқаптың» әдебиетті дамытудағы айрықша маңызына тоқталып, дәуір тынысын сездіруге қолдан келер көмегін аямай-ақ кіріскен қаламгерлердің ерен еңбегін атап өтеді. Одан әрі журнал бетінде жарияланған проза жанрындағы әдеби-көркем дүниелерді хронологиялық тәртіппен жүйелеп, әр туындыға арнайы тоқталып, идеялық-көркемдік, тақырыптық-мазмұндық, жанрлық-стильдік ерекшеліктеріне көңіл бөліп, жеке-жеке талдайды. Көркем прозаның әлі жетілмеген, балаң үлгілері қатарынан көрінген туындыларды елеп-екшеп, көркемдік талап деңгейінен шыға алатын шығармаларды іріктеп, оларды әңгімелер, жолжазба очерк­тер және аудармалар деп үш топқа бөліп қарастырады.

Ғалымның әңгіме деп айдар тағып, топтастырған дүниелерінің бәрі бірдей көркем проза табиғатына, талабына жауап бере алмасы анық. «Көңілдегі көрікті ойдың, ауыздан шыққанда сүреңі қашар» деп Абай айтқандай, ойдағыны, санадағыны қағазға түсіруге келгенде өзіндік машақаты мен мехнаты барын сезінгенмен, түсінгенмен, оны шеберлікпен, көркемдікпен игеруге келгенде қаламның қиналысы, автордың тәжірибесіздігі анық байқалады. Ұлттық жазба әдебиеттің бастауына көз жіберсек, үйрену, шыңдалу мектебі, уақытпен келетін тәжірибе жоғын ескерсек, туындаған мәселенің мәнісін түсінетініміз аян. Зерттеуші әңгіме жанрындағы көтерілген басты тақырыптарды, оны жеткізудегі ­автор ұстанымын, идеясын саралап, қандай да бір көркемдік әдістерді, баяндау стилі мен суреттеу барысындағы ілкі ізденістерді қалт жібермей, оралымды ойды аңғаруға тырысады, келісті сюжеттің құрылымына ден қояды. Диалог пен монологты қолдану­дағы ерекшеліктерін, табиғат көріністерін суреттеудегі сәтті ізденісін, шымыр құрылған композициясын ғылыми тұрғыда зерделеп, ғылыми-әдеби айналымға түсірудің, алып келудің мәселелерін күн тәртібіне қояды. «Айқаптағы» әңгімелердің басты арнасын, тақырыбын, идеясын жүйелеп, көркемдік, шеберлік тұрғысынан кемшін тұстарын айқындап, оның себептерін ғылыми негізде тұжы­рымдайды.

Көркемдігі солғын, идеясы бұлыңғыр, кезеңдік сипаты ­басым шығармалармен қатар, сол кездің өзінде-ақ шығармашылық қарым-қабілетімен ерекшеленген С.Торайғыровтың ­«Ауырмай есімнен жаңылдым», Б.Майлиннің «Болған іс» секілді алғашқы, тырнақалды туындыларындағы тілге ұсталығы, кейіпкер психологиясын берудегі, сюжетті дамытудағы өзіндік ізденістерді зерттеуші тарапынан тыс қалмайды. Бір жағынан, аталмыш авторлардың кәсіби прозадағы алғашқы ізденістеріне ғылыми тұрғыда баға берілсе, екінші жағынан, «Айқаптың» көркем әдебиетті, әңгіме жанрын жолға қоюда, насихаттауда, ­жариялауда өзінен кейінгі басылымдарға жолбасшы, ізашар болғанын аңғартады. Шеберлік үрдіс, көркемдік әдіс тұрғысынан да кейінгі қаламгерлерге үйрену мектебі, үлгі-өнеге алаңы болғаны да жасырын емес. Журналда жарияланған жолжазба очерктердің, аудармалардың да өсер әдебиетке өріс, үлгі тұтам деушілерге үйрену мектебі болғаны анық. Сапасы сан алуан, стилі әр қилы очерктердің көркем белгілерімен қатар, танымдық, деректік, елшілдік сипатының да маңызы зор екенін ескертеді. Баяндау стилінің жатық, көрген-білгендерінен ой түюге, пайым жасауға келгенде айтары анық, жазу стилі, құрылымы-құрылысы, ой жүйесі, сөз саптауы жүйелі жазбалардан заман тынысын, дәуір үнін, кейіпкерлерінің сана-сезімін, дүниетаным көкжиегін де аңғартатын тұстары баршылық.

Мәселен, «Айқап» журналының 1913 жылғы 5-санында жарияланған М.Кәшімов­тің «Әулие ата мен Шымкент арасы» очеркіндегі жазушы стилі, баяндау тәсілі көркемдік үдесінен көрінетінін аңғарып, автор шеберлігінен хабардар ету үшін шығармадан үзінді келтіріп, назар аудартуы да бейжай қалдырмайды.

«...Жолға шыққан екі адам болып, көрмеген жердің ой, шұңқыры көп дегендей өз еліміздің алыс қалғандығы, оның үстіне таныстардан да айрылғанға көңіл жұқарып келе жатқанда елде жүргенде, Алатау, Қаратау деп естігенде, жердің шеті ме деп таңғалатұғын Алатау һәм Қаратауды көреміз, һәм Алатаудың басы аппақ қар, етегі қоңыр ала болып көрінеді. Қаратаудың басының мұнарланып мұңайып тұруы біздің көңілімізді тағы жұқарта түссе де, күмістей жарқырап, сарқырап аққан арықтың сулары шуақ болып тұрған күннің көзі бізді жұбатып аяңдап келе жаттық».

Зерттеу еңбекте, сондай-ақ ­Қ.Ғабдолрах­манұлының «Омскіден Алтайға саяхат», М.Кәшімовтің «Әулие Ата шаһарында ­русско-киргизский школ», «Шабдан батырдың асы», «Қытай қазақтарының ­жайынан» очерктеріне арнайы тоқталып, ұлттық прозаның даму үдерісіне үн қоса алғанын саралап, көркемдік, танымдық, тәрбиелік қырларын зерделеу арқылы аңғартады. Сонымен бірге журнал бетінде аударма саласына да көңіл бөлініп, орыс, батыс және шығыс әдебиетінің тамаша туындыларын қазақ оқырмандарына таныстыру қолға алынды. Сөйтіп, өз халқын дүниежүзі әдебиетінің үлгілерімен таныстырды. Зерттеуші журнал бетінде жарияланған аудармаларға, соның ішінде, прозалық туындыларға жеке-жеке тоқталып, ол туындылардың қазақ қоғамына қажеттілігін, әдеби үдерістің дамуына әсерін айқындап, бірқатар еңбек атқарды. Зерттеуші сапасы түрлі деңгейдегі, көлемі әр қилы аудармаларды сараптай келе, олардың ұлт мүддесімен үндес келетінін, ал классикалық туындылардан жасалған аудармалардың ұлт әдебиетінің ілгерілеуіне де ықпалы болған деп тұжырымдайды.

Өткен ғасырдың бастауында тарих табал­дырығын аттап, жаңа өмірдің жаршысындай болып руханият әлеміне өзгеше құбылыс болып енген жаңа жанрдың бірі роман болғаны даусыз. Қазақ қаламгерлерінің тың жанрды игерудегі сәтті-сәтсіз ізденістері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Әуезов бастаған талай зиялылардың, әдебиет жанашырларының, зерттеушілерінің назарына ілігіп, көңілін аударғаны да белгілі. Одан бергі уақытта романның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, алатын орны, маңызы мен мәні турасында том-том зерттеулер, кітаптар жарияланды. Қадау-қадау мәселелері іргелі монографиялардың зерттеу нысанына айналып, ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына үлес болып қосылды. Жанр әдебиетіміздің жетекші саласына айналды. Дегенмен, жаңа ғасыр көкжиегінде дәуір тудырған бұл жанрдың тәуелсіздік кезеңінде ұлттық мүдде, жаңаша бажайлау тұрғысынан зерделеу, ақтаңдақ болып келген туындылардың бүгінгі әдебиеттану ғылымы тарапынан жүйелі, кешенді зерттеу өзекті болғаны ­даусыз.

Бұл зерттеу еңбектің алдына қойған мақсат-міндеті жайында әдебиет зерттеушісі З.Бисенғали төмендегідей тұжырым ­жасайды: «ХХ ғасыр басында жазылған, 1928 жыл соңына дейін жазылған, жарық көрген көптеген романдар жүйелі түрде осы дәуір әдеби үдерісі мен тарихы аясында толық қарастырылған емес. Сондықтан да бұл зерттеу – осы бағыттағы алғашқы еңбек. Оның зерттеу нәтижесі мен қорытындылары әдеби тарихи деректер, жүйелі, салыстырмалы, тарихи-генетикалық, объективті-аналитикалық талдаулар негізінде алынды. Теориялық байламдар солардың әдеби процестегі алгоритмдік байланыстар өрнегіне талдаулар арқылы жасалынды». Зерттеуде ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы тарихи-әлеуметтік жағдай, тарихи-қоғамдық санадағы өзгерістер нәтижесі, оның роман жанрының дамуына әсер-ықпалы, ол туындылардағы тақырыптық-идеялық, көркемдік ерекшеліктер, әрбір қаламгердің өмір құбылыстарын игерудегі мәнер-машықтары, әдіс-тәсілдері, ұстаным-қағидаттары жан-жақты талданып, жүйелі, кешенді зерделеніп, ғылыми маңызы айқын түйін-тұжырымдар жасалған.

Ғалымның өзі атап көрсеткендей, бұл жанр төңірегіндегі сан алуан, әр қилы зерттеу-зерделеулерді, пікір-пайымдауларды ғылыми негізде жүйелеп, бір арнаға тоғыстырып, өзара салыстыра-салғастыра отырып, роман дамуының ортақ заңдылықтарын, жанрлық-типологиялық ерекшеліктерін, реалистік, психологиялық сипатын, бейнелеу амалдары мен характер сомдау болмысын саралау арқылы «Роман не зат?» (Ә.Бөкейхан) екенін айқындау. Қазақ романының тарихын жүйелеп, бастау-бұлағын, ағыс-арналарын түгендеп, көркемдік нәрі мен рухани маңызын, әдебиеттану ғылымындағы орны мен мәнін саралау – зерттеудің ғылыми ­сипатын танытып, өмір болмысын айқындап тұр. Яғни роман туралы ілгерілі-кейінді жазылған еңбектердің қатарында өзіндік орны бар, ғылыми маңызы сүбелі зерттеу.

Жиыны 14-15 романды (1928 жылға дейін жазылған) зерттеу нысаны етіп ала отырып, әрбір туындыны жеке-жеке талдап, көтерген проблемасына тоқталып, әр қаламгердің әдіс-тәсілін, көркемдік ізденісін, күрделі жанрды игерудегі өзіндік қолтаңбасын көрсетуді мақсат тұтқан. Жаңа әдебиет жасаудағы әрбір сәтті-сәтсіз қадамы, тақырып игерудегі талпыныстары мен идеялық шешімдері, қоғамдық сананы оятудағы қозғаушы күші мен кейіпкер санасындағы өзгерістердің эволюциялық әрекеті мен дүниетанымындағы қабылдаулар әсері де нақты талдаулар негізінде жүзеге асырылып, ортақ мәселелері жүйеленіп, біртұтас сабақтастықта қарастырылған. Тұңғыш роман «Бақытсыз Жамалдан» бастап «Адасқандарға» дейінгі аралықтағы туындылар ғылымның зерттеу нысанына алынып, жоғарыда аталған жайттардың көрініс табуын айқындап, түйінді тұжырым, байыпты байлам жасайды.

Әсіресе, ғалымның әдеби-ғылыми айналымға кеш қосылған алаш ұранды әдебиет өкілдерінің туындыларын талдау жасап, қағажу көрген шығармалардың шынайы болмысына, көркемдік мәніне терең бойлайды. Атап айтқанда, М.Дулатовтың, Ш.Құдайбердіұлының, Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің, т.б. «ұлы әңгімелері» өз кезеңінде қоғамдық санаға қозғау салғанымен, кеңестік идеология әдеби айналымнан алып тастағанын білеміз. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттерін ашып айтуға еркіндік туған сәттен алаштекті қаламгерлердің әдеби-шығармашылық мұрасын, соның ішінде, романдарын дендей, тереңдей зерттеуге мүмкіндік туды. Осы тұста жазылған З.Бисенғалидің «XX ғасыр басындағы казақ романы», «Қазақ прозасы. ХХ ғасыр басы: Жаңа роман жолында» атты зерттеулері өткен ғасырдың алғашқы ширегінде жазылып, жазба әдебиеттің дамуының алғашқы кезеңін қалыптастырып, аяғынан тұруына зор үлес қосқан жаңа романдарды талдап, көркем әдебиеттің дамуындағы орнын, жүз жылдан аса тарихы бар роман жанрының мәселелерін көркемдік-теориялық тұрғыдан, дүниетанымдық-эстетикалық талап деңгейінен зерделеп, жан-жақты қарастырғанын білеміз.

Мәселен, «Бақытсыз Жамал», «Қилы заман», «Ақбілек», «Қартқожа» сынды туындылардың жазушы дүниетанымы тұрғысынан қалай зерделенгені, ұлттық сана мен психологиялық өзгерістерді бейнелеудегі шеберліктері, дәуір шындығын көркемдік шешіммен астастырудағы қаламгерлік ұстанымдары, азатшыл идеясы мен бостандық рухын суреттеудегі сезімталдығы, көркемдік әдіс пен бейнелеу амалдарының сонылығы, шынайылығы жан-жақты қамтылып, жаңа тұрпатты туындылардың рухани қазынамызға қосылған сүбелі үлесін айқындайды. Дәстүрлі әдебиет арнасында дамуды бастан кешкен жанрды әр қаламгердің қал-қадерінше игеріп, тұтас әдебиетті дамытуға өзіндік ықпалын саралайды. Әсіресе, ғалымның жазушы дүниетанымының шығармашылық ізденістегі орны жайлы М.Әуезовтің «Қилы заманын» арқау ете отыра ­пайымдауы, таптық көзқарас, коммунистік идеология ықпалының Ж.Аймауытовтың «Қартқожасынан» көрініс табуы, «Ақбілектегі» кейіпкерлерге саяси сананың ықпал етуін суреттеуі, Ш.Құдайбердіұлының «Әділ-Мариясындағы» өзгеше көркемдік тәсіл, авторлық көзқарас тұрғысынан зерделеуі, т.с.с. мәселелерге айрықша назар аударып, көңіл бөледі.

Нақтырақ тоқталсақ, әдебиеттанушы ғалым З.Бисенғали өз зерттеулерінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Әділ-Мария» романы XX ғасыр басындағы қазақ романының жанрлық, стильдік, көркемдік тұрғыдан дамуына айрықша ықпалы болғанын жан-жақты тоқталып өтеді. Шәкәрімнің романына Шыңғыстаудың бөктерінде өткен оқиға арқау болғаны белгілі. Шәкәрім поэзиясының, шағын прозалық туындыларының негізгі тіні болып келетін философиялық пайымдау­лардың бұл романда да айрықша көрінетінін байқаймыз. Өмір құбылыстарын өзінше түйсініп, түйін-тұжырым жасау Шәкәрімнің шығармашылығына тән ерекшелік ­десек, артық айтқандық емес. Осы жайттарды профессор З.Бисенғали роман жанрын игерудегі өзгеше қадам, соны тәсіл екенін аңғартып, «Шығарма құрылымында бірін-бірі толықтырып, қатар өрілетін екі өрім бар. Бірі – трагедияға ұшыраған жастар өмірі, тағдыр тарихы да, екіншісі – сол тарихтың әр тұсына үңіле қарап, мәңгі өмір, табиғат туралы толғаныста отырған автор» деп тұжырымдайды.

Автордың кейіпкер болмысын таны­тудағы, характер психологиясын ашудағы, адамның жан әлеміне үңілудегі, өмір құбы­лыстарының сан алуан иірімдерін өзгеше танытудағы суреткерлік әлеуеті, шеберлік машығы мейлінше оқшау, дара сипатты болып келетіні де зерттеу өзегіне айналған. «Жазушының тақырыпқа бірден өзге көзбен, талдай, тереңдей қарауы, оның әлеуметтік, философиялық астарларын аңғаруға ұмтылуы, ақтара бейнелеуге талпынуы нақты уақиға, фабуладан шығуды қажетсінеді. Бұл – жаңа үлгіге жол. Шәкәрім жаңа пішін іздейді. Біз үшін маңыздысы – қаламгердің ХХ ғасыр басындағы қазақ романы тарихында өмірлік уақиғалар мен адамдар тағдырын философияға бөлей баяндайтын жаңа түр іздеуінде» деп тұжырымдайды ғалым. Зерттеушінің Шәкәрім романының көркемдік сипаты, ғылыми маңызы, әдеби мәні, философиялық құндылығы тұрғысына қатысты пайымдаулары оның қазақ әдебиеті тарихындағы орнын анықтауға да септігін тигізеді.

Қорыта айтқанда, әдебиеттанушы ғалым Зинол-Ғабден Бисенғалидің Қазақ әдебиетіндегі проза жанрының туып-қалыптасу тарихын, көркем әдебиеттің өсу, кемелдену жолындағы үдерісін, романның даму заңдылықтарын, ерекшеліктерін, өзіндік дәстүрін жан-жақты қарастырған зерттеулері әдебиеттану ғылымындағы өзіндік орны бар еңбектер.

Шоқан Шортанбаев,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің аға оқытушысы

472 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Ақсақ қыз (Әңгіме)
Келесі мақала ЕРКІНДІК – ЕЛ БАҚЫТЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №3

21 Қаңтар, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

ANATILI №3

PDF нұсқа