• Тұлға
  • 01 Қаңтар, 2021

АБАЙ МҰРАСЫНДАҒЫ МӘҢГІЛІК МӘСЕЛЕЛЕР

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне басшылық жасаған үш жарым жылды өмірінің ең мәнді кезеңі деп санайтын танымал журналист, қаламгер Болат Жүнісбеков өз оқырмандарына бала жасынан жүрегіне жақын тақырыбы төңірегінде «Абай сәулесі» және «Абайдың ақын ұлдары» деген екі көлемді де күрделі еңбекті тарту етті. Қазақ әдебиетінің қоржынын қалың қатпарлы ойлы дүниелермен байытқан Болат Жүнісбековтің бұл еңбектері ұлттық руханиятымыздың кеңістігін кеңейтіп бүкіл адамзат баласына киелі сөз өнері арқылы ақыл-парасат еккен ғұламаның ақыл сәулесі туралы сөз қозғайды. Бір ұлт пен ұлыс деңгейінен көтеріліп бүкіл әлемдік рухани құндылықтарға, адамзаттық ақыл-ой кенішіне өлшеусіз қазына байлық сыйлаған біздің алып классиктеріміз жүрегі соғып тұрған әрбір жан үшін, әрбір ұлт өкілі үшін қаншалықты қымбат екенін бүгінгі көзі қарақты пенде жақсы білсе керек. Қандай азаппен, қатерлі қиындықпен ғұмыр кешсе де бүкіл саналы өмірлерін бір ғана бағытқа сарп етіп, адамзатпен жағаласып, жеңілмей келе жатқан, тоғышарлықпен алысып, өздерінің ақыл-ойымен санаға сәуле, жанға жылу беріп, халқының қамын жеген қайсар кемеңгерлер – Абай, Шәкәрім, Мұхтар, т.б. сынды тұлғаларымызды ұлықтаған екі кітап та қазаққа аса қажет және құнды дүние.

Қоршаған ортамен терең қарым-қатынас орнату арқылы адамзаттың тәжірибесі мен ақыл-ойы толысып, күрделі нәрселерге көңіл аударып, кемелдікке келуі кәміл. Болат та Абай тақырыбына ұзақ ізденістің, өзін-өзі жетілдірудің, тынымсыз оқып-тоқудың нәтижесінде келді. Оның Абай туралы бірнеше жылдардан бері жүйелі түрде тебіреніп, толғанып, жанкештілікпен жазып жүруінің жемісі – «Абай сәулесі».

«Абай сәулесі» – Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Омарханұлының шығармашылығы, олардағы мәңгілік құндылықтар мәселесі туралы зерттеулер мен ­эсселер, новеллалар жинағы. Кітапқа Болаттың ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының асыл мұралары ­жайында әр жылдары жазылған ­туындылары топтастырылыпты. Жинақтағы көсемсөз жанрындағы шығармалар олардың өмірі мен еңбектері ­туралы еркін ой тұрғысынан жаңаша көзқарасты пайымдатады. «Абай ізімен ­немесе «У»дан ұрттап, «отАсу»да «Абай сәулесімен ояну» атты алғы сөзінде автор Абай ізімен ақиқаттың, өнердің ғасырлар бойы тұйықтан шығар жолды іздестіріп келе жатуы тегін емесін, сол сан сауалдың жауабын іздеп аңтарылғанда «Абай сәулесі» адасқанға жол, тоқырағанға ой беріп, көкірек ашады деген ой түйінін ұсынады.

«Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды» деп Мұхтар Әуезовтің «Абайдың өнері һәм қызметі» деген алғашқы мақаласында-ақ әлемге жар салуы тегін емес-ті. Тағы да сол «Абайдың сәулесі» – ел көсегесін көгертер кемеңгердің, адамзаттың ақыл-ой кеніші болар данышпанның дүниеге келгенін дәлелдеді емес пе?! Олай болса, Болат та қателеспепті. «Абайдың сәулесі» арқылы өзінің өмірлік, өнерлік ұлтқа қызмет ету ұстанымын айқындап, дұрыс бағытта келеді екен.

Бұған дейін автордың Абай ­аманаты және ұлы ақын ізімен жазған «У» атты роман-эссесі, «отАсу» роман-­дилогиясы мен «Шуақ» новеллалар мен әңгімелер жинағы, сондай-ақ «Алаш-Алжир» екі томдығы мен «Алжир.Қорқынышты түстей», «Неповторимое многоцветье» кітаптары жарық көрген. «Абай туралы естеліктер» жинағының құрастырушысы әрі редакторы болды. Жазушының алғашқы үш кітабы да өзі өскен және өмір сүріп отырған қоғамдық орта мен айналасына деген көзқарасының айнасы деуге лайық. «Абай сәулесімен» Ақиқат пен Әділет нұрын сезініп, Адамдық шуағына ­шомылып, осыншама мол шығармалар жазу, кейіпкерлерінің, ең бастысы өзінің ішкі дүниесіне үңіліп, өмірден, өнерден ой іздеу қолындағы қаламына құрметпен қарайтын қаламгерге тән қасиет болса керек. Әр адам есейе келе ой үстінде жүретін, айналасына пікір айта алатын жандарға жақын жүруге, оның мықтылығын мойындауға бейім болатын сияқты. Болат та бала кезінен Абай атасының даналық дәрістерінен тағылым алып, тәрбиеленіп, ұлылықтың уызына қанып, қазақтың құнарлы, қазыналы сөз байлығынан білім жинағаны оның жазған дүниелерінен байқалып отырады. Әрбір ой, сөйлемін «Абай сәулесімен» шуақтандырып, шабыттандырып, олардың астарындағы тамырынан, терең толғаулы ойларынан түйін түйіп, ғылыми, әдеби, көркемдік тұжырымдар жасауы, сөз жоқ, бағалы байламдар.

Ұлт пен ұлыстан ұзап кеткен «Абай сәулесі» бүкіл адамзатты өзіне табындыратын ұлы күш. Бұл өмірде бәрі де өлмек, мәңгілік ештеңе де жоқ. Бір-ақ нәрсе – әдебиет, өнер, «Абайдың сәулесі», ұлылардың ұлағаты, кемең­герлердің кітаптары, Абай мен Мұхтардың мұралары ғана мәңгілік. Болат осы түсінікті оқырманына өзінің толғамдары, Абай сөздерімен сәулеленген сезімдері арқылы саралап, салмақтайды.

«Абай сәулесі» жинағы «Күншуақ (зерттеулер мен эсселер)», «Жаншуақ «новеллалар мен әңгімелер)» деген екі бөлімнен және «Ақиқат ізімен (түйінсөз)» дегеннен тұрады. Мұндағы ғылыми талдаулар да, әдеби сипаттамалар да «Абайдың сәулесі» негізінде нақышталып, баяндалады. Мұқағали ақынның:

«АтысУ, аңдысУ мен таласУдың,

Санасу, табысу мен жарасудың,

Мінезін мынау адам баласының

Білсем деп құпиясын аласұрдым» дегеніндей, үлкен әріппен белгіленген «У», бір ғана әріпке өмірдің барлық жақсы мен жаманының философиялық ойларын, азап үшін жаралған адам­заттың экзистенционалдық мәселелерін жүйелеп, жинақтап көркем проза жазу да Болаттың қаламгерлік ерекшелігін, қолтаңбалық қырын танытса керек. Әлі әзірге қазақ әдебиетінде бір ғана әріпке «У», соншама мазмұн-мағына беріп, тереңдік танытып, тақырыптық дәрежеге жеткізген бірде-бір шығарма жоғы да өтірік емес. Тағы да бұл таптырмас тәсілді тәжірибеге ендіреді. «У»-ды оқып, ой қумауыңыз мүмкін емес. Бір әріптің тасасындағы талай толғақты толғамдар, астарлы ойлар сіздерді қаншама сана қақтығысына соқтырары да сөзсіз. Дауы мен дауылы көп бұл жалғанда ой қумай, «У» ішпей өту мүмкін бе?

Дана бабасының өсиетіне адал ­Болат: «Қазір өз басым уақытты ­аяймын. Мұны өзімді аяғандық десе де болады» дейді бір сөзінде. Бұл ойлы адамның сөзі. Бұл – өмір, өнер, «У», «Абайдың сәулесі» секілді адамның ғұмыры, оның мәні мен мағынасы, болмыс мәселесін философиялық тұрғыдан пайымдайтын жанның, ар-ождан, ақыл, «шындық деген не?» деген сұрақтың жауабын іздеп өзімен-өзі алысып өтетін жанның сөзі. Бұл адамның қайда істейтініне емес, халық тағдыры үшін қабырғасы қайысып, не істеді, қалай еңбек етті деген сауалға жауап беретін жанның сөзі. Бұл орайда Болатта бір кісіге лайық ұялмай ұсынар өмірбаяны бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген 1980 жылдан бері сол кезеңдегі Семей облыстық ­«Семей таңы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, кейін тәуелсіз еліміздің тұңғыш Парламентінің үнжариясы «Халық кеңесі» газетінде бөлім ­редакторы, халық депутаттарының Алматы қалалық кеңесінде баспасөз хатшысы, қалалық Тіл басқармасында басшының орынбасары, 17 жылдан астам уақыт Алматы қаласының Ішкі саясат саласында, Алматының Тілдер басқармасында орынбасар, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында орынбасар, Ішкі саясат департаментінде директор, Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды мұражай кешенінің директоры, ал кейін «Астана» сурет галереясының директоры болып қызмет еткен.

Міне, қаншама жылдар бойы тәуелсіз еліміздің ірі лауазымды, жауапты қызметтерінде жүрсе де «Абайдың сәулесінен» ажырамай, ақын шығармашылығы аясында өзін-өзі шыңдаумен, тынымсыз ой кешіп, «У» жұтып, шабыт алып шаршамай-шалдықпай еңбек етуі мансаптың емес, нағыз шығармашылықтың иесі екенін танытады. Тегі мықты, ұлылар мекенінің түлегі Болат Жүнісбеков Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне басшылық жасаған үш жарым жылды өмірінің ең мәнді кезеңі деп санап: «Абайға қызмет ету – алты Алашқа қызмет жасау. Осыдан ардақты міндет бар ма?!» деп толғануы да қызыл сөз үшін айтыла салған сөз емес. Осы ұлы ақын шаңырағында еңбек еткен жылдары нағыз шығармашылық жұмыспен жанкештілікпен айналысып, бірнеше ғылыми танымдық еңбектер жазып, бірнешеуін құрастырып, жарыққа шығарып, бұрындары әдеби ортаға беймәлім болып келген мұрағаттық мәтіндермен оқырманды қауыштыруы да қуантарлық жайттар. Мысалы, Абай мұражайының баға жетпес қазына­сы саналған Әрхам Кәкітайұлы, Тұ­рағұл Абайұлы, Көкбай мен Төлеу ақындардың естеліктері жинақталған «Абай туралы естеліктер» жинағының жарыққа шығуы ұлт руханиятына қосылған үлкен олжа. «Абайдың сәулесімен» рухтанған оқырман жұрт асыға күткен бұл асыл мұра қазақ әдебиеттану ғылымы, оның ішінде абайтану саласына да қаншама құнды деректер мен ақын өміріне қатысты тарихи мәліметтер тарту етті. Жинаққа енгізілген естеліктер, негізінен, бұрын еш жерде жарияланбаған, ал бірлі-жарым жарық көргендері ішінара қысқарып кеткен немесе одан бергі 20 жылда ұмыт болуға айналған жазбалар болатын. Ұлы ақын тұлғасының сан қырын адамгершілік, адалдық пен әділеттілік тұрғысынан сомдап, ұрпаққа аманат ету де елін сүйген ердің ісі. Болаттың Абайды танытудағы табанды еңбегі осындай ұжымдық еңбектерді білгірлікпен ұйымдастырып, басшылық жасауымен де жақсы танылып, бағаланады.

Сондай сүйекті де сүбелі еңбектің бірі – «Абайдың ақын ұлдары» атты көлемді жинақ. 600 бетке жуық күрделі еңбектің маңыздылығы туралы бір мақалада таратып айту мүмкін емес.

...Қайым Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттерінен» кейін сол бір өнерлі де өнегелі ұрпақтың – «Абайдың ақын ұлдарының» жаңа ғасырда оқырманмен, бұл бірінші, бірақ соңғы кездесуі емесі және ол әңгіменің барған сайын мазмұнды да тартымды бола түсері кәміл».

 Жалпы мазмұны бай, тың мәтіндері мол бұл жинақ, сөз жоқ, қазақ әдебиетіне қосылған құнды қазына. Абайдай алыптың тұрмыстағы қарпайым тіршіліктері адамды қалай қызықтырса, оның ұрпақтарының мұрасымен, өмірімен танысу да өте керекті, танымды дүние.

Танымал журналист, жазушы Болат Жүнісбековтің Абай шығар­ма­ларындағы ұлттық құндылықтар, мәңгілік мәселелер, адами қасиеттер «Абайдың сәулесімен» ұғындырылып, ұрпақ санасына өз сәулесін түсірері сөзсіз.

 Гүлзия Пірәлі,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы

666 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ФОЛЬКЛОР МЕН ТҮРКІТАНУ – ҒАЛЫМНЫҢ ҚОС ҚАНАТЫ
Келесі мақала УАҚЫТ ҚҰРЫШТАЙ ШЫҢДАҒАН…

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы