• Қоғам
  • 06 Қаңтар, 2021

ЖЕКЕ ҚАРАЖАТЫҢЫЗДЫ БАСҚАРА АЛАСЫЗ БА?

Бүгінгі таңда кез келген адам үшін қаржысын тиімді басқара отырып, табысын еселеу, сондай-ақ қаржылық мақсатына жылдам жету – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Әлбетте, бұл мәселеге келгенде көп адамның қаржылық сауаты жетпей жататыны анық. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жуықта «Ұлттық аударма бюросынан» Томас Гарман мен Рэймонд Форгтың «Жеке қаражат» оқулығы жарыққа шықты. Қаржы саласында білім берудің әлемдік стандартын қалыптастырған бұл кітап мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылғанын айта кеткен жөн. Кітапты қазақ оқырманына барынша түсінікті ету мақсатында оқулық қазақстандық заңдар, кеңестер және кейстермен толықтырылып, бейімделді.

Көпшілік арасында «жеке қаражатты басқару дәулетті адамдарға ғана қажет» деген жаңсақ пікір бары жасырын емес. Авторлар бұл пікірдің шындыққа жанаспайтынын, қаражатыңыздың мөлшері емес, оны орнымен жұмсай білу әлдеқайда маңызды екенін алға тартып, ақшаны басқаруда кез келген адам білуге тиіс нұсқауларды ұғынықты тілде жеткізген. Кітаптың ұтымды тұсы да сол – қарапайым тілмен жазылған. Еңбекте жеке қаражатты басқаруда аса маңызды кіріс пен шығын есебін жүргізу, шығындарды қысқарту, ­бюджет жоспарлау сияқты негізгі мәселелерден бөлек, салық жеңілдіктерін қолдану, ағымдағы және жинақ есепшоттарын басқару, үй ­сатып алу үшін несие алу, ұтымды сақтандыру полисін таңдау, ­инвестиция ­салуды ­бастау, пай қоры мен биржа қоры ­немесе жылжымайтын мүлік арасынан тиімді инвестиция­лау жолын табу және зейнетке шығуды жоспарлау тақырыптары қамтылған. Бұл тақырыптың барлығына қатысты негізгі тұжырым өмірден алынған мысалдарға сүйеніп, мамандардың кеңесі арқылы түсіндіріледі. Ұтымды тұсы да – осы. Кітаптың тағы бір ерекшелігі, қалың жұртшылықтың еті үйренген оқулықтардағыдай теориялық мәтіннен гөрі күнделікті өмірде қолдануға болатын кеңес пен есеп бар. 17 тараудан тұратын оқулықтың әр тақырыбы қаржылық сауатыңызды арттыра түседі. Кейбір тарауларға Қазақстандағы жағдайға байланысты тақырыпшалар қосылса, өзгелерінде арнайы «Қазақстанда» ­деген айдар бар. «Қандай кеңес бересіз?», «Қазірден бастаңыз», «Сіз білесіз бе?», «Сандар сөйлейді», «Ешқашанда!», «Ата-әже өсиеті», «Қажет мобайл қосымшалар», «Қаржы веб-сайттары», «Жаманнан ­жирен, жақсыдан үйрен!», ­«Маман кеңесі», «Салық салдары», «Көңілге тоқыңыз!», «Ұғымдарды тексеріңіз», «Сандарға көз жүгіртсек...», «Кел, талқылайық!», «Есептеңіз», «Қаржы ­жоспарлау кейстері», «Өзіңізге жеке қаржы менеджері болыңыз», «Интернетте», «Жобаларды іске асыруға атсалысыңыз» сынды ­айдарлар әр тарауды түсініп қана қоймай, алған біліміңізді қорытуға жәрдемдеседі. Кітаптың электронды нұсқасын «Қазақстанның ашық университеті» мен «Қазақстанның ашық кітапханасы» порталдарынан оқып, танысуға болады.

  ЭКОНОМИКАНЫҢ БОЛАШАҚ БАҒЫТЫН БАҒАМДАП ОТЫРУ ҚАЖЕТ

 Қаржы, экономика тақыры­бындағы кітаптардың тілі ауыр, тек маман ғана тү­сінеді деп ойлайтындар бар. Ал бұл кітаптың ерекшелігі, мұндағы ақпаратты тек экономика факультетінің студенттері мен оқытушылары не қаржы мамандары ғана емес, қаржылай табысқа жетуді мақсат еткен кез келген адам оқып, берілген кеңесті қолдана алады. Себебі жеке қаражатты басқару туралы сөз қозғамас бұрын оқулықта қаржылық жауапкершілік, қаржылық қауіпсіздік, қаржылық әл-ауқат, береке, өмір сүру стандарты деген ұғым түсіндіріліп, экономиканың жеке адамның қаржылай табысына қаншалықты әсер ететіні көрсетіледі. Яғни қаржылық жоспар құрмас бұрын экономиканың болашақ бағытын да назардан шығармау керегі айтылады. Тағы бір айта кететін мәселе, адамның қаржылай табысты болуы оның қызметімен тікелей байланысты. Кез келген адамның армандаған жұмыс орны бар. Әлбетте, оған жету қиын болып көрінуі мүмкін. Бүгінгі ақпараттық технологиялар дамыған заманда жұмыс берушілердің де қоятын талабы күшейе түсті. Сондықтан кітаптың бір ­тарауы ­карьераны жоспарлауға арналады. Мұнда кәсіби дайындықты арттырудан бастап, назарға ілінетін түйіндеме жазу, ­интервьюге ­дайындалу, еңбекақы ұсынысын салыстыру сынды мәселелер қамтылады.

  АЛДЫМЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ

АНЫҚТАҒАН ЖӨН

  Қаржы жоспарын құру бір қарағанда оп-оңай дүние болып көрінуі мүмкін. Алайда жоспарыңыз дұрыс құрылмаса, ойлағаныңызға жетуіңіз екіталай. Бәріміз білім, қауіпсіздік, рухани өмір, денсаулық, бақыт, ішкі жан дүние үйлесімі, тәуел­сіздік, жұмысқа тұру, өзгелерге қол ұшын созу, отбасылық өмір, несие алу және көптеген өзге де мәселелерге баға беруде бір-біріміз­ден ерекшеленеміз. Жеке қаражат осы құндылықтарға негізделеді. Сондықтан қаржы жоспарын құрмас бұрын әр адам өзі үшін маңызды қаржылық құндылықтарды анықтап алғаны жөн. Құндылықтарымызды ақша жұмсау, жинақтау, инвестициялау және қайырымдылық жасау арқылы көрсетеміз. Бір тарауда осы қаржы ­жоспарын құрудан бастап, кіріс пен шығын есебі, қаражат есебі мен қаржылық жазбаны дұрыс жүргізудің жолдары сөз етіледі. Ал енді табыс салығын басқаруға қатысты ­тарауда америкалық және қазақстандық салық жүйесі салыстырылады. Көп адам табыс салығын жоспарлау мүмкін емес, ол автоматты түрде еңбекақыдан ұсталады деген пікірде. Шын мәнінде, табыс салығын есептеуде түрлі салық шегерімдері қолданылады. Айталық, медициналық шегерімді қолдана отырып, емханаға кеткен шығынды белгілі бір мөлшерде табыс салығыңыздан шегере аласыз. Мінеки, мұның өзі табысыңызды үнемдеуге үйретеді. Сондай-ақ оқырман қазақтандық заңдармен танысып, алған білімін күнделікті қолдануы үшін кейстер мен есептер ұсынылды.

 НЕСИЕ АЛУДА НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК?

  Қазіргі таңда бір адамның бірнеше банк картасын қолдануы үйреншікті дүниеге айналды. Мәселен, ол біреуін жиі, тағы біреуін анда-санда қолданса, ал тағысын бірнеше жыл бұрын ашып, ұмытып кетуі мүмкін. Осылайша, бірнеше жылда әр картасын қолданғаны үшін қомақты сома төлеуге мәжбүр болып жатады. Сол сияқты банк есепшоты мен депозитті дұрыс таңдамай, шығындалып жататындар бар. Кітапта есепшот таңдауда не карта ашқанда ескеретін жайт турасында арнайы тарау бар. Себебі бұл да қаржылық әл-ауқатыңызға әсерін тигізбей қоймайды. Расында ақша – көпшілік арасында көп талқыланбайтын жабық тақырыптың бірі. Көп отбасында туындайтын кикілжіңнің басты себебі де – ақша. Сондықтан қаржыға қатысты мәселені отбасы мүшелері ашық талқылауы тиіс. Кітапта жарыңызбен талқылау барысында ескеретін жайт пен балалардың бойында ақшаға қатысты сезімді қалыптастыру турасында кеңес беріледі.

Несие алу – қаржылай табысқа ­жетуде кедергі келтіретін көкейкестілігін жоғалтпайтын мәселенің бірі. Сондықтан несие аларда оның кемшіліктері мен артықшылықтарын бағамдау қажет. Банктің төмен пайыздық мөлшерлеме туралы жар­намалық хабарландыруынан бөлек, ескеретін шарт болады. Жағымды несие тарихын қалыптастыру да маңызды. Америкада FICO ұйымы қарыз алушының несие төлеу қабілетін арнайы балдық жүйемен бағаласа, Қазақстанда бұл қызметті несие бюролары атқарады. Қазір несие тарихын тазартамын деп өз қызметін ұсынатын алаяқтар көбейді. Осындайлардың құрбаны болмай, жеке несие тари­хыңызды тексеру, жаңсақ ақпарат кетсе түзету мәселесін үйрене аласыз. Соңғы жылдары жылдам түрде қарыз беретін микроқаржылық ұйым саны артып келе жатқаны жасырын емес. Бастапқыда талаптары ыңғайлы көрінгенімен, кейін сол қаржыны тіпті 10 есе қылып қайтаруыңыз ғажап емес. Ал мұның барлығы шарттары мен талаптарына мән бермеуден орын алып жатады. Осы және тағы да басқа жайт кітапта ерекше ескеріледі. Америкадағы тәжірибе мен Қазақстандағы жағдай сараланады.

  БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ЖЫЛДАМ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

 Тұрғын үй алу – қашанда маңызды­лы­ғын жоғалтпайтын тақырып. Сондықтан бұл тақырыпқа арнайы тарау арналған. АҚШ-та тұрғын үй алу алғышарттарынан бөлек, Қазақстанда баспаналы болудың 4 жолы ұсы­нылады. Мұнда әр мемлекеттік бағ­дар­ламаның тиімді тұсы мен кем­шілігі сараланады. Түсініктірек болу үшін, әр бағдарламаға мысал да беріледі. Сонымен бірге ипотека алуда көпшілік мән бермейтін жайт салыстырылады. Ипотекалық несиелердің математикасы жасалып, ипотекалық төлемге әсер ететін фактор талданады. Сонымен бірге үйді сату мәселесі де назардан тыс қалмайды.

САҚТАНДЫРУ:АРТЫҚШЫЛЫҚ ПА,ӘЛДЕ БОС ШЫҒЫН БА?

  Елімізде сақтандыру полистерін өз еркімен сатып алатын жандар көп емес. Тіпті мұны бос шығын деп мұрын шүйіре қарайтындар да кездеседі. Ал АҚШ-та сақтандырылмаған адамды табу қиын. Сақтандыруды америкалықтар үлкен артықшылық санайды. Мәселен, олар тек қана үйі мен көлігін ғана емес, басқа да бағалы жылжымалы мүлкін сақтандырады. Сонымен бірге кейбір маман иелері кәсіби жауапкершілікті сақтандыру полисін алып, кәсіби қателіктеріне байланысты шығындардан өзін сақтайды. Сол сияқты табиғи апаттардан да қорғану үшін арнайы сақтандыруға жүгінеді. Мүлік және жауапкершілік тәуекелін басқару деп аталатын тарауда полисті қалай дұрыс таңдау керегі, өтемақыны есептеу сипатталады. Қазақстандағы жағдай да беріледі.

Қазақстанда енді жүзеге асырылып жатқан медициналық сақтандыру мәселесіне де тоқтала кеткен жөн. АҚШ-та «Қолжетімді медицина» заңы аясында денсаулықты сақтан­дыру жақсы жолға қойылса, біздің елімізде бұл мәселелер енді қолға алынып жатыр. Үлгі ретінде АҚШ-тағы денсаулық сақтау жоспарының түрлері ұсынылады. Сондай-ақ Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың шарттары мен ерекшеліктері де берілген. Өмірді сақтандыру полисін таңдағанда да қиындық туады. Бұл полиске деген қажеттілік балаңыз өсіп келе жатқанда көбірек байқалады, өйткені қаржылай қолдау үшін ата-ананың біреуі, тіпті екеуі де табыс табуы қажет. Осы тақырыпты қамтыған тараудан әр адам қандай мөлшерде өмірін сақтандыра алатынын есептей алады.

 

Қаржы жоспарын құрмас бұрын, әр адам өзі үшін маңызды қаржылық құндылықтарды анықтап алғаны жөн. Құндылықтарымызды ақша жұмсау, жинақтау, инвестициялау және қайырымдылық жасау арқылы көрсетеміз. Бір тарауда осы қаржы жоспарын құрудан бастап, кіріс пен шығын есебі, қаражат есебі мен қаржылық жазбаны дұрыс жүргізудің жолдары сөз етіледі. Ал енді табыс салығын басқаруға қатысты тарауда америкалық және қазақстандық салық жүйесі салыстырылады.

 

  БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫ КЕЗ КЕЛГЕН АДАМ

ҮШІН ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

  Адам көп жағдайда жеке қаражатын басқаруда ақша жинаумен ғана шектелуі мүмкін. Алайда ол ақшаңызды қаржылық құралдарға инвестицияламасаңыз, оның құны ертең көк тиын болуы әбден мүмкін. Жасыратыны жоқ, инвестиция салуда қаржылық сауат жетпей жатады. Банк шотына қарағанда қайтарымы жоғары акция, облигация және пай қорына ­инвестиция құйған жөн. Осы ретте ­инвестициялау негіздеріне арналған бөлімде инвестициялық ұстанымды анықтау қажеттігі, инвестициялау тәсілі, инвестиция түрлері талданады. Бағалы қағаздар нарығы қалың жұртшылық үшін күрделі болып көрінуі мүмкін. ­Алайда осы кітапта ұсынылған инвестициялау стратегиялары үлкен инвесторға айналуыңызға көмектесері анық. Акция мен облигацияны таңдауда түрлі өлшемдер болады. Сол өлшемдерді ұтымды қолдансаңыз болғаны, тұрақты табыс әкелетін түрін таңдайтыныңыз анық. Биржада сауда жасау сәл күрделірек. Бірақ ол да уақыттың еншісіндегі дүние. Оқырман оқығанын бірден тексеруі үшін АҚШ-тың мемлекеттік қазынашылық облигацияларынан бөлек, Қазақстандағы қазынашылық міндеттемелер сипатталады. Инвестиция дегенде жылжымайтын мүлікті де қарастырамыз. Бірақ оның да заңмен бекітілген өзіндік ерекшеліктері бар. Сонымен бірге ­шетел валютасы, бағалы металдар мен коллекциялық заттарға инвестиция салуға болады. Алайда мұның сіздің қаржылық құндылықтарыңызға қаншалықты сай келетінін бағалау керек. Опциондық және тауарлық фьючерстердің артық­шы­лықтарымен де таныса аласыз. Тағы бір қызықты тақырып зейнет­ақыңызды жоспарлауға арналады.

Үлгі ретінде АҚШ-тың зейнетақы жүйесі беріліп, Қазақстандағы зейнетақы төлемдерінің үш деңгейлі құрылымы ­сипатталады. Сондай-ақ ерте зейнетке шығу жолдары көрсетілген.

Осынау кітапты әзірлеген шығармашылық топты таныстырып өткен жөн ­болар. Басылымды Қазақстанға бейімдеу тобының жетекшісі – «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы. БАҚ саласында 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан, халықаралық журналистика магистрі Риза Исаева аудармашы әрі редакторы болса, аудармасына Әсем Мұхамеджанова, Талшын Тоқыжанова, Арайлым Бергалиева сынды аудармашылар, редакциясына Назгүл Досқалиқызы қатысты. Еңбектің ғылыми редакторлары – экономика бойынша ­философия докторлары Гаухар Жәнібекова мен Райгүл Досжан.
Кітапты бейімдеуге отандық білікті ғалымдар мен тәжірибелі мамандар ­атсалысты. Атап айтқанда, қаржы кеңесшісі, «Vitis Advisors Group» ЖШС-ның бас серіктесі Ольга Эм, ұзақ жылдар бойы қаржылық және инвестициялық компанияларда еңбек еткен заңгер Анара Уракова, Қазақстанның еңбек сіңірген қаржыгері Айнұр Жұмаділова толықтырулар енгізіп, сараптама дайындады. Ал табыс салығын басқару тақырыбына қатысты тарауды және кітап бойынша салыққа қатысты ­айдарды бейімдеуге Бостон университеті заң факультеті салық бағдарламасының түлегі, салық жөніндегі кеңесші Айдар Масатбаев атсалысты.

Ақбота ИСЛӘМБЕК,
«Ұлттық аударма бюросының» редакторы,
«Жеке қаражат» оқулығының Қазақстанға
бейімделген нұсқасының құрастырушысы
әрі жауапты редакторы

1879 рет

көрсетілді

75

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы