• Тіл
  • 06 Қаңтар, 2021

ТІЛ БІЛУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Бәріміз де уақытқа тәуелдіміз. Ешкім де одан асып кете алмайды. Заман ағымына сай уақыт талап ететін қажетті дүниелер болады. Соның бірі – кейінгі кезде көп айтылып жүрген үш тұғырлы тіл.

Осы мақаламды жазар алдында үш тілділік туралы көп ойландым. Өзге замандастарым тәрізді мені де көп тілділіктің бізге беретін пайдасы қаншалықты деген сауал мазалайды. Осы орайда ата-бабамыздың өткен тарихына көз жүгіртетін болсақ, әлемде екінші ұстаз, ұлы ғұлама Әбу-Насыр әл-Фараби 76 ұлттың тілін білсе, өр рухты дауылпаз Махамбет пен қазақтың біртуар ұлы Шоқан Уәлиханов та бірнеше тілді меңгерген.

Жалпы біздің ұлтымыз табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш. Кеңес заманында орыс тілі – заманның талабы болды. Орыс тілін үйреніп, орыстардың өзін жаңылыстыратын жағдайға жеттік. Ендігі алдағы белес – ағылшын тілін меңгеру. Біздің мақсат – сана­мызға ағылшын идеологиясын сіңіріп, ағылшын болып өмір сүру емес, олардың тілін үйрену.

Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – озық білімді жастарды, яғни еліміздің келешегін тәрбиелеу. Елге мықты қорған болып, оған лайықты қызмет ету үшін жан-жақты дамыған тұлға болуымыз қажет. Елдің елдігін де, бірлігін де айқындайтын тіл екені белгілі. Үш тұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Бірнеше тілді білген азамат өз елінде де, шетелде де бәсекеге қабілетті тұлға болады.

Ескерер жайт – өз ана тілін аяққа таптау тексіздің ісі. Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілді жетік білу – үлкен жетістік.

Егемен еліміздің аумағында әрбір ұлт өз тілінде еркін сөйлеп, еркін өмір сүре алады. Дегенмен, олар тұрғылықты, негізгі ұлттың ана тіліне құрмет көрсетуге міндетті. Біздегі билік үш тілді үйреніп, қолдану ­аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілдің бірінші болып ­дамуына қадағалау жүргізеді. Мемлекет басшылары мен қоғам қайраткерлерінің айтуынша, үш тұғырлы тілдің арқасында еліміз тіл саясатының оң нәтижесін көре де, көрсете де алады.

Мемлекеттік тіл қоғам өмірінің маңызды салала­рында: басқаруда, ақпараттандыруда, білім беру жүйесінде, ғылым мен техникада, қоғамдық ғылымдар аясында, жаратылыстану ғылымында, экономикада, бұқаралық ақпарат құралдарында, саяси-мәдени ұйымдарда, театрда, Қазақстан Республикасы аумағында өтетін республикалық және халықаралық жиындарда қолданылу аясын дамытып келеді. Егер атқарылған қызмет өз нәтижесін берер болса, туған тіліміз – дәстүрге сай, тұрақты, тілдік нормасын берік ұстанған, жалпыхалықтық тілден мәңгілік тілге айналмақ.

 Раушан ЖІГІТОВА,

М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының

жалпы заң пәндері кафедрасының

оқытушысы, полиция майоры

1439 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы