• Қоғам
  • 07 Қаңтар, 2021

БҮГІНГІ ОНОМАСТИКАЛЫҚ КЕҢІСТІК

Жазира Ағабекқызы,
филология ғылымының кандидаты,
Назарбаев Университеті

Ономастика – атауларды зерттейтін тіл білімінің саласы. Грек тілінен аударғанда «ат қою өнері» деген мағынаны білдіреді. ­Алайда оның мазмұны мен зерттеу объектісінің көлемі өте ауқымды. Ономастиканың негізінде мемлекет пен халықтың тарихы, әлеуметтік өмірі, саяси-экономикалық жағдайы, психологиясы мен менталитеті, салт-дәстүрі мен ырымдары жатады. Шекараларды анықтау мен жер бөлінісінде де атаулардың атқаратын ақпараттық қызметі жоғары. Бұл мақалада жер аумағы жағынан әлем бойынша алғашқы ондықта орналасқан, сан түрлі табиғи географиялық объек­тіге бай, отаршылдықтың түрлі тәсілін басынан өткерген Қазақстан ономастикасының бүгінгі ахуалы мен шешілуге тиіс мәселелер туралы ой қозғалады.

ТОПОНИМДЕР

 Кез келген мемлекет аумағында табиғи географиялық нысандармен бірге халық қолымен жасалған, тұрғындар қажеттілігіне пайдаланатын жасанды географиялық нысандар бар. Қазақстанның жер көлемінің үлкен болуы және бірнеше географиялық аймақта орналасқандықтан ондағы табиғи нысандар көп және алуан түрлі. Республикада олар атқаратын қызметіне қарай төмендегідей топталады: аудан, қала, жалпы елді мекендер (кент, ауылдық округ, ауыл және т.б.), құрамдас бөліктер (көше, даңғыл, шағын аудан, саябақ, көпір және т.б.), жалпы объектілер (ЖОО, АОО, білім, мәдениет, спорт және т.б.). Ғылыми зерттеулерде Қазақстан жерінде сексен бес мыңға жуық ірілі-ұсақ өзен мен қырық сегіз мыңға жуық көл бар екені айтылады. Жалпы үш миллионға жуық топонимдер анықталып отыр. Халық санының өсуі, мемлекеттегі экономикалық өзгеріс пен халықаралық байланыстардың кеңеюі түрлі нысандардың пайда болуына әсер етті. Олардың түрлері мен атқаратын қызметі де көбейді. Соған сәйкес атаулардың да көбеюі заңды құбылыс. Бұған екі жыл бұрын ғана облыс орталығы мәртебесіндегі Шымкент қаласы республикалық деңгейдегі қала статусын иеленіп, шағын қала болып отырған Түркістан қаласы облыс орталығына айналғандығы, онда жүздеген географиялық ны­сан­дардың бой көтеруі дәлел бола алады.

Құрылыс мемлекет жеріне тұрғызылып, оны пайдаланушылар мемлекет халқы болғандықтан оның атауына да Үкімет тарапынан жүйелі бақылау болғаны дұрыс. Өйткені атаудың негізінде тіл, ­таным, болашақ ұрпақтың ­санасы мен қалыптасатын көзқарасы ­жатады. Қазіргі уақытта ономас­тика салаларын қарастыратын құжат бар болғанымен, түрлі Заң мен ­кодекстерде шашырап жүр. Кейбір баптары қазіргі заманға сай қайта қаралуды қажетсінеді.

Ономастика мәселелері ­ ­Қа­зақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының бірнеше ­тарауларында негізделеді. Кісінің аты-жөнінің жазылуы, елді ­мекен атау­лары мен жалқы есімдер ­туралы және осының жанында көрнекті ақпараттарда тілдің қолда­нылуы туралы айтылады. ­Сонымен қатар тілді құқықтық қорғауға ­байланысты ономастикалық комиссияның жұмысы, ономас­тика жұмысының критерийлері көрсетіледі.

«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңында да ­Ономастика комиссиясының әкімшілік-аумақтық бірліктердегі атқара­тын қызметі мен атау берудегі ­кри­­терийлері жазылған. Геогра­фия­лық нысан түрі өте көп. Бірақ оларға атау берудегі жүйе біркелкі емес. Ауыл, кент, ауылдық округ, көшелер, мектеп, аурухана, ­дема­лыс орындары, бекет, қала мен облыс орталықтарына берілетін атаулардың барлығы зерттеліп, зерделеніп, тек мемлекет тарапынан ұсынылып, берілмейді. Ауыл, көше, кент сияқты объектілерге атау беруде жергілікті халықтан ұсыныс түсіп, соның нәтижесі арқылы жоғары органдарға жіберіледі. Мектептерге атау беруде сондағы оқып жатқан балалар немесе олардың ата-аналарының емес, сол ұжымның пікірі маңызды болады. Қазіргі жаһандану мен нарықтық экономика барлық саланы қамтып жатқанда бір ауылдан келесі ауылға, бір ұжымнан екінші ұжымға көшіп жүру процесі жылдам ­дамиды. Бір жерде тұрақтап қалу ­азаюда. Осындай уақытта «жергілікті халықтың пікірі ­бойынша атау беру» ­деген қағиданың қажеттілігі жоқ. Оның үстіне атау берудің балансы сақталмай қалу мүмкін. Жергілікті жердегілер тек өз айналасындағы немесе жерлес­терінің атауларын берумен айналысу процесі де белең алады. Егер атау беруді орталықтандыру жүйесі қалыптасса, атаулар арнайы стан­дарт бойынша берілсе мемлекет территориясында сауатты, тілдік нормаға сәйкес жазылып, практикалық қолда­ныста оңай әрі тиімді болатын еді.

Жалпы Қазақстан аумағына қарай, ондағы саяси-әлеуметтік, демографиялық ахуалдың жағ­дайында мемлекет тарапынан оно­мастикамен айналысып оны қадағалап отыратын арнайы Агент­тік немесе комитеттің болуы қазіргі заманда басты қажеттіліктердің бірі. Оның құрамында арнайы ономастикамен айналысатын ғылыми орта болуы қажет. Дамыған, территориялары үлкен мемлекеттердің тәжірибелерінде бұл мәселелер бір жолға қойылған. Олар ономастикаға тек тіл тұрғысынан ғана қара­май, географиялық объектіні ­игеру ­тарапынан да назарға алып ­отырады. Екі мемлекеттік тілі бар Канадада «Географиялық атаулардың тұрақты комитеті», АҚШ-та «Географиялық атаулар бюросы», Англияда «Географиялық атаулардың тұрақты комитеті» мен «Британдық географиялық қоғам», Германия мен Украинада «Географиялық атаулардың Ұлттық комитеті» айналысады. БҰҰ ­жанында да географиялық атаулар жөніндегі сарапшылар тобы жұмыс жасайды.

 АНТРОПОНИМДЕР

 Қазіргі әлемдік ­антропонимия­да «Ономастикадағы сән» ­пробле­ма­сы талқылана бастады. Яғни лингвистикадан еш хабары жоқ адамдардың өзі аты-жөнінің мағыналарына, олардың жазылуы мен рәсімделуіне мән беріп, түрлі зерттеулер жүргізіліп жатыр. Адам өзінің жеке идентификаторларын дұрыстауға көңіл бөлуде. Қоғам жеке идентификаторлардан тұратындықтан кісіні атау да қоғамдық мәселе болып саналады.

Қазір Қазақстан Республикасында кісіні атаудың бірнеше формасы қолданылады: «тегі (жұрнақтармен) – әкесінің аты», «тегі – өз есімі», «тегі (жұрнақтарсыз) – өз есімі – әкесінің аты». ҚР Неке және отбасы кодексінің 194-тармағында олардың орын тәртібіне дейін айтылған. Бір мемлекетте тұратын азаматтарды атау формасы да бірізділікке түсуі қажет. «Ұлты қазақ азаматтарды» атау мен «басқа ұлт адамдарын» атаудың формасы ­немесе рәсімделу үлгісі түрлі болмауы тиіс. Бұл ұлттарды кемсіту немесе олардың құқығын таптау емес, керісінше, біртұтастықты, бірлікті, халықтар арасындағы теңдік пен ынтымақтастықты арттыруға себін тигізеді. Адамзат ­қарым-қатына­сы арасындағы мәдениеттілікті көрсетеді.

Әлем мемлекеттерінің тәжіри­бесіне сүйенетін болсақ, көп ­елдерде мемлекеттегі азаматтарды атау, олардың аты-жөндерін беру туралы арнайы құжаттар, атаулар тізімі, тілдік нормаларға сәйкес ­жазылуын қадағалайтын органдар жұмыс істейді. Мысалы, ­Исландия Заңы бойынша кісі есімі тек исландық әліпби әріптерінен құрылып, әкесінің атына «-dóttir» «– қызы» немесе «– son»=« – ұлы» деген сөздермен қосылуы міндеттеледі. ­Португалияда да әліпби мәселесі есімдерде қатаң қадағаланады. Тілдік грамматика толық сақталуы тиіс. Фин елінде «Есімдердің актісі» бар. Финдік есімдерден басқа ­аттарды қоюға болмайды. Данияда елдегі азаматтардың есімдерін Копенгаген Университетіндегі аттарды зерттейтін департамент қадағалап отырады. Швецияда есімдердің тізімі бар. Балаға қоюға болмайтын есімдерді де сол ­Декларацияда көрсетеді. Германияда баланың қоғамдағы орнына құрмет көрсету мақсатында қоюға болмайтын есімдердің тізімін жариялайды (Гитлер, Усаме бен Ладен, т.б.).

Қазақстанда балалардың келе­шегін ойлау, қоғамға еркін араласуын қамтамасыз ету мақсатын­да есім беру мен оның сауатты, тілдік нормаларға сай ­жазылуын қамтамасыз ететін арнайы Құжат қабылдану заман талабы ­болып отыр. Бұған негіз болатын құжаттар да бар. «Балалар құқығы туралы» Заң мен «Балалар құқығы туралы Конвенцияны» негізге ала ­отырып, сәбилерге мағыналы да әсем есімдер беруді құжаттау керек.

 АТАУЛАРДЫҢ МАЗМҰНЫ

 Елдегі ономастикада бірізді­ліктің болмауы ретсіз, шұбалаңқы тілмен, сауатсыз қойылған топонимдер, эргонимдер (іскер адамдар бірлестігі атаулары), менсонимдер (тағамхана атаулары), гемеронимдер (басылым орындарының ­атаулары) сияқты халықпен тығыз байланыста болатын объекті ­атауларынан байқауға ­болады. Ресейдің өзі өткен ғасырдың соңын­да Ленинград атауын өзгертіп тастаса да, елде әлі «көсемнің» атындағы көшелер толып жатыр. Тіпті Ленинград ауылшаруашылық колледжі бар. Петрдің, Павелдің ұрпақтарын құрметтеу мақсатында берілген атаулардан көз жаңылады. Ономастикада бір елдегі бір объектіге берілген атау сол елде басқа тілге аударылып берілмеуі керек. Қазір елдегі топонимдерде ондай тіл нормаларына сәйкес келмейтін жағдай көп.

Республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары елдің айнасы деп есеп­тейтін болсақ, көздің жауын алар кейінгі үлгіде салынған тұрғын үй кешендері мен ойын-cауық орындары «таундар» мен «ситилерден» көз аша алмай қалған. Бір ғана ел астанасының басты көшелерінің біріндегі тағамхана атауларына зерттеу жүргізгенде 93,4 пайызы ағылшынша, орысша, французша немесе мағынасы көмескі және жазылуы мүлдем түсініксіз атаулар болып шықты.

Бизнес санаттағы тұрғын үй кешендерінің шет тілінде ­аталуы, шет тілді атаулардың қымбат тағамханаларға берілуі де халық­тың арасында психологиялық тұр­ғыдан жағымсыз әсер тудыруы мүмкін. Тіпті халыққа қазақша хабар таратын телеарналар мен білім орындарына да қатысты ­атаулар шұбарлана бастады. ­Қазақ­стан елді мекендеріне соңғы шық­қан Заңнамалық актілерді ­тү­сіндіруді, халықпен талқылайтын бағдарламаның «Prime Time», ҚР БҒМ Ғылым комитетінің онлайн жобасының «Gylym Talks» деп ­аталуы да мекемелердің мемлекеттік тілге деген көзқарасынан хабар береді. Президент Қ.Тоқаевтың қазақстандық компаниялардың атау­лары да қазақ тілінде болуы ­керек екенін ескерткені елдегі бар­лық атауға байланысты айтылса керек.

Сыртқы жарнамалардың, ­бизнеске қатысты, жеке кәсіпкерлер өнімдерінің ­атауларын ономастикадан алшақ қарап, оны басқаруды тек жекеменшіктің еркіне бере салу тілге, елге деген құрметтің жоқтығын білдіреді.

 МӘСЕЛЕ МЕН ШЕШІМ

 Жалпы тіл білімінде жалқы есім жалпы есімге қарағанда көп және қолданылуы жиірек болатыны ­туралы ғылыми тұжы­рым жасалған. Осыған орай, тілдегі атаулардың жазылуы мен рәсім­делуін бірізділікке түсіру арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылатып, қолда­нысқа енуін арттыруға болады.

Қазіргі Қазақстандағы қатталып тұрған ономастикалық мәселелерді жолға қою үшін атқарылатын іс-шараларды ұсынамыз:

– атаулардың мемлекеттік тілде жазылуының стандартын жасау және шет тілдеріндегі транслитерациясын біріздендірудің арнайы құжатын бекіту;

– көрнекті ақпараттар мен бар­лық объектілердің атауы бір жерден – мемлекет тарапынан қорғалып, оларды бақылап отыратын арнайы орган құру қажет;

– қолданыстағы отаршылдық саясаттың әсерінен пайда болған атаулардың барлығын «жергілікті халықтың пікірін ескеру» қағи­да­сымен емес, «легализациялау» әді­сімен өз тарихи атауларына немесе қазақ тіліндегі атауларға ауыстыру;

– лингвистикалық суверенитет пен тіл тазалығын реттейтін, транс­шекаралық топонимдерді тіркеу мен ретке келтіру жұмыс­тарын бір жүйеде жүргізу үшін Ономастика туралы заң қабылдау.

1467 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы