• Әдебиет
  • 07 Қаңтар, 2021

ЕРКІНДІК – ЕЛ БАҚЫТЫ

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ

 

Тәуелсіздік сан жылғы ұлы арманың,

Шапағаты, айрықша сыйы Алланың.

Еркін жазып қанатты, еркін самғап,

Қасиетті қолыңа ту алғаның.

 

Тәуелсіздік жарқырап атқан таңың,

Қуанғаның, күлгенің, шаттанғаның.

Болашаққа үмітті ұялатып,

Әр жүрекке сәулелі жаққан шамың.

 

Тәуелсіздік күн көзі, ай нұрында,

Бақытың да, бүгінгі байлығың да.

Тәуелсіздік сан жылғы күрес, майдан,

Тарихың, таланың, тағдырың да.

 

Ұлы далам, кең байтақ ұлан далам,

Сынға түсіп, қаншама сыналмаған.

Ата жаумен айқасты қаншама ерлер,

Ұлы жорық жолында ұрандаған.

 

Ұлы далам, киелі, қасиетті,

Қанша көрдің қырғынды, қасіретті.

Аңдыған жау, алакөз шапқыншымен,

Алысумен ғасырдан ғасыр өтті.

 

Не көрмеді жайсын жер, жасын дала,

Не болмады атажұрт басында да.

Арбасумен, алысу, айқаспенен,

Жиырмасыншы жеткенбіз ғасырға да.

 

* * *

Өткен күнге жасайтын көп алаңым,

Қарсы тұрар зорлыққа жоқ амалым.

Ең алдымен, біздің ел, халық көрді,

Жиырмасыншы ғасырдың зобалаңын.

 

Қатал ғасыр қатыгез қасарғандай,

Жақсылығын халқыма жасар қандай.

Төрткүл дүние тіреуін тітіреткен,

Төңкеріс те біз үшін жасалғандай.

 

Езу, жаншу, өктемдік ел есінде,

Еркіндіктің көрмедік елесін де.

Өз жеріңде өзіңді өгей еткен,

Орнағандай біз үшін Кеңесің де.

 

Таңдайына татқан аз малды қуып,

Белсенділер ауылға салды бүлік.

«Ұжымдасу», «Тәркілеу» дегендермен,

Тең жартысын халқымның алды қырып.

 

Талай түстік тағдырдың талауына,

Қаскөйліктің кездестік қамалына.

Алып кетті халқымның бар асылын,

Жалған атты «Жау» деген жамады да.

 

Жау боп шықты елде ерлер жүргені үшін,

Қасиетті халқын шын сүйгені үшін.

Азапталды, атылды сауат ашып,

Азын-аулақ оқи да білгені үшін.

 

Тамұқ тағдыр ұға алмай тылсымдарын,

Есімде әлі мың өліп, мың сынғаным.

Жалынымен жер бетін жайпап өткен,

Сұм соғыста қиылды қыршындарым.

 

Соғыс жайын ұқты ма, ұқпады ма,

Күн көсемнің жарлығын құптады ма.

Жанған оттың, жау беттен жауған оқтың,

Біздің ерлер бірінші шықты алдына.

 

Біздің ерлер бірінші таймай кіріп,

Жаудың оғы жіберді баудай қырып.

Жойды солай халқымның жас өскінін,

Соғыс деген сұрапыл салған бүлік.

 

Бұдан соң да сан көрдік зобалаңды,

Доптай болып тағдырым домаланды.

Қасиетті кең далам, тау, құмымды,

Қаптап кеткен полигон орап алды.

 

Бізге болды қанкөздің бәрі құштар,

Бұғауымен бұлтартпай бағып ұстар.

Ауыл, елдің жанында сынақ үшін,

Болып жатты атомдық жарылыстар.

 

Қадағандай сұм тағдыр сұсын қатты,

Халқым күнде азапқа түсіп жатты.

Аспан, жерді қуырып жанымыздан,

Ғарышқа да кемелер ұшып жатты.

 

Тауым балқып, құм, тасым қуырылды,

Қаңсыды өзен кескендей бұрымымды.

Аралымның тартылған табанынан,

Ақ тұз шығып аспанда суырылды.

 

Адам дертті, Жер дертті, ауа дертті,

Басымыздан сан азап талай өтті.

Басқыншының төбеде ойнақтаған,

Көкірекке көп ісі салады өртті.

 

Бар байлығым аузына тығындалды,

Ала алмадық Алладан бұйырғанды.

Асылымды күн сайын теуіп, таптап,

Алтынымды көк тесік тиынға алды.

 

Тілімнен де бездірді, дінімнен де,

Дәстүр, салтым, ән-жырым күйімнен де.

Желтоқсанда жендеттер тағы қырды,

Әділдікке жастарым жүгінгенде.

 

Топқа кірген ақ, адал көңілменен,

Қырды жасты Отаным, елім деген.

Жаным бар ма осылай егілмеген,

Қаным бар ма осылай төгілмеген.

 

Шыққандаймыз торлы көз тозақтан да,

Арып-ашып сан жылғы азаптан да.

Жиырмасыншы қаһарлы қанды ғасыр,

Болып шықты айрықша қазақтарға.

 

* * *

...Тоқсаныншы жылдары теңдік алып,

Өз-өзіне келгендей енді халық.

Көгімізде көк байрақ көтерілді,

Жерімізге көп күткен келді жарық.

 

Қуаныштан нұр енді кеудемізге,

Еркіндіктен күй енді пернемізге.

Қолын созып көрсетті қолдауларын,

Сан құрлықтан сан түрлі ел де бізге.

 

Алла, пірім жар болсын, жебесін де,

Алақанда бар бағдар, белесім де.

Айбынды елдің, бүгінгі айбатты елдің,

Айдарынан еркіндік желі есуде.

 

Тәуелсіздік арқамды сүйегенім,

Бейбітшілік, тыныштық тілегенім.

Жаңа ғасыр көгіне жайып қанат,

Жайнап өсіп, жаңарып түледі елім.

 

Түлеп жатыр қырым да, қиырым да,

Бақыт, байлық нұр болып құйылуда.

Асқақтады мәртебем көтеріліп,

Туым биік тұр бүгін тұғырында.

 

Күш атасын қашаннан танытқан ба,

Шағын қала салынды, зауыттар да.

Қиналмайтын болды ел бұрынғыдай,

Газ бен жылу, ауыз су, жарықтан да.

 

Айта алмайсың, сан істің тауып атын,

Қанша мектеп, емхана салынатын.

Тартылған көл, теңіз де суға толып,

Асау өзен болды енді бағынатын.

 

Бейбіт елді нұрлантып тыныш жатқан,

Таң шапағын шашады шығыс жақтан.

Тәуелсіздік, еркіндік ел бақыты,

Еңсемізді көтеріп ту ұстатқан.

 

Тәуелсіздік бақытың тұрған күліп,

Ойың еркін, бүгінгі тұлғаң биік.

Тәуелсіздік көктегі шуақты күн,

Әр жүректі қуантқан нұрландырып.

 

Тәуелсіздік бүгінгі туым менің,

Туым үшін ешкімге иілмедім.

Тәуелсіздік сан жылдар аттан түспей,

Айқас, шайқас, мың өліп, тірілгенім.

 

Тәуелсіздік азат ел, ұлан далам,

Ұрыстарда ерлерім ұрандаған.

Тәуелсіздік тыныш таң, бейбіт өмір,

Төбемізден шуақты күн аумаған.

 

Дүбірлетіп байтақ жер, дүйім елді,

Жиырмасыншы еркіндік жылы келді.

Жарқын күндер жаныңды жадыратып,

Жүректерде қуаныш жиіленді.

 

 

Тәуелсіздік сөнбейтін шырақ жағып,

Бойымызға кеткендей қуат дарып.

Әр жүрекке от берген, жылу берген,

Тәуелсіздік көкте күн сияқтанып.

 

Асқақтатып арман мен үмітті алда,

Қуанышпен тұрамыз күліп таңда.

Тәуелсіздік туын нық, берік ұстап,

Ұлы тойды ұлы елім ұлықтауда.

 

Жүректерде жыр толқып, туады ән,

Шындық артық ертеңнің қиялынан.

Тәуелсіздік туын тік көтереміз,

Бүгінгі осы біздегі бір-ақ ұран.

 

Бейбіт елді нұрлантып тыныш жатқан,

Таң шапағын шашады шығыс жақтан.

Тәуелсіздік, еркіндік ел бақыты,

Еңсемізді көтеріп ту ұстатқан.

164 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ҰЛТ ПРОЗАСЫНЫҢ БАСТАУЛАРЫ – ҒАЛЫМ НАЗАРЫНДА
Келесі мақала ЖҮРЕКТЕН ШЫҚСЫН ЫСТЫҚ ЛЕП...

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №3

21 Қаңтар, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

ANATILI №3

PDF нұсқа