• Әдебиет
  • 07 Қаңтар, 2021

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚСЫН ЫСТЫҚ ЛЕП...

Марат МӘЖИТОВ            

                    Пірдің соңы Бекет,

                                Ердің соңы Есет.

(халық аузынан)

 БЕКЕТ АТА

 Замана қилы-қилы өткен екен,

Бірде жел, бірде дауыл жеткен екен.

Өрен жүйрік тұлпарлар із қалдырып,

Замана бұрқасынын төккен екен.

 

Қолына найза ұстаған батырларым,

Ақ алмас жарқылдаған ақындарым.

Өтіпті Маңғыстаудай ұлы жерде,

Шешендер ел тыңдаған ақылдарын.

 

Бұл жерде ғасырлардан белес қалған,

Бұл жерде сан заманнан елес қалған.

Маңғыстау ояу далам, аян далам,

Бұл жерден арамзалар аласталған.

 

Маңғыстау құт дарыған киелі жер,

Ағытқан домбыраның тиегін жер.

Аттырып қара алтынды қойнауынан,

Байлығын адамзатқа иеді жер.

 

Маңғыстау әулиелер пір тұтқан жер.

Маңғыстау өзге жұрттар ынтыққан жер.

Әулие үш жүз алпыс осы өлкеде,

Пір болып, Қыдыр болып бұлқынтқан жер.

Бұл өлке сегіз арыс адайдыкі,

Шашылған найза ұшында талай мүлкі.

Замана кеудесінен итергенмен,

Кетпеген езуінен арай күлкі.

 

Тағдырдың жүрген талай жетегіне,

Бірде жай, бірде асау көтеріле.

Пір Бекет жебеушісі тарыққанда,

Ал сонда ырыс толар етегіне.

 

Пір Бекет аты өзгеше, заты өзгеше,

Жазылған ғасырларда хаты өзгеше.

Санасы адамдардың сарқылмайтын,

Қарасаң Бекет жайлы бата өзгеше.

 

Ер Бекет адамдардың санасында,

Пір Бекет қазағымның даласында.

Аңыз боп, арман болып ұшып жүрген,

Атаның батар күн мен таңы осында.

 

Әулие тірісінде болған Бекет,

Он бесте әулиелік қонған Бекет.

Санасын санасыздың оятам деп,

Біліммен соқтырады қорған Бекет.

 

Сіңірген өн бойына даналықты,

Пір Бекет ғажайып боп жаралыпты.

Таң ата Мәдинаның азанында,

Кешкісін атажұрттың намазында,

Ал, кәне, есептейік аралықты...

 

Халқына қарлығаштай су сеуіпті,

Білімін бұл ғаламның еңсеріпті.

Пір Бекет ажал жетіп көз жұмғанда

Түбегі Маңғыстаудың теңселіпті.

 

Семсерін жауға қадап жорықтарда,

Пір Бекет жебеу болар тарыққанға.

Өз жерін ұстап қалды Адай жұрты,

Қыспағын заман бұлты танытқанда.

 

НАР АҒА

(Нұрмұхан ОРАЗБЕККЕ)

 Сұлуларды билеткен,

Бесті асауды үйреткен.

Шашақты найза қолға алып,

Жау тисе елге – күйреткен,

Нар ағасың.

 

Ойланып, сөз сөйлеген,

Ағылып жатыр ой деген.

Семсердей болған қызыл тіл,

Ұлты үшін тепшіп-терлеген,

Сөз ағасың.

 

Толғанып, толқып жүресің,

Сиректеу аз-мұз күлесің.

Арпалысып, ойменен,

Оңаша отау тігесің,

Ой ағасың.

 

Орманына ойдың жете алмай,

Астасып, аймен кете алмай.

Тереңнен тартқан шығырды,

Бір өркеш қара атандай.

Теңселіп кетсе, қара жер,

Тұтқасын ұстап жатардай,

Алып ағасың.

 

Тізгінін берсе еліңнің,

Өмірін берсе жеріңнің,

Темірдей тәртіп орнатып,

Босаған жерін беліңнің,

Асқақтап, асу далаңды,

Сәндендіріп қалаңды,

Жасайтын істер керім мың,

Тұлға ағасың.

 

Сізді көріп, мақтанам,

Сөйлесіп, сізбен шаттанам,

Сіз қайрауы жеткен шарболат,

Ғұмыр берсін, сізге де,

Ғұмыр берсін, бізге де,

Жаратқан Ие, Хақ Тағалам...

(Бұл өлең 2002 жылы жазылған)

 

НҰР-СЕЗІМ

(Маңғыстаулық қарындасқа)

 

Жаудырап қара көзің қас қақпаған,

Көзіңді көрген жанға ас батпаған.

Дариға-ай, өр жаныңды ұққандардың,

Арманы биік болар асқақтаған.

 

Тұп-тұнық мөлдіреген қарашығың,

Жаныңның көрсетіп тұр бар асылын.

Төгілген қолаң шашың иығыңнан, –

Қарашы өн бойыңа жарасуын.

 

Күлкісі сыңғырлаған бал-бұлақтай,

Қыпша бел бұраңдайды тал-құрақтай.

Үңілсең су бетіне ей, қара көз,

Қалар-ау, ғашық болып айдын ақпай.

 

Таңдағы арайланған нұр ма десем,

Гүлсің ғой, қызғалдақты қырдағы әсем.

Шабытты ақын тосын кез болса егер,

Ей, сұлу, жан сезімін тыңда бір сен.

 

СЕЗІМ БОЛЫП,ЖАЯР МҰҢ

 

Сүйдім сені сезіммен,

Сүйдім сені жүрекпен,

Сүйдім сені сөзіммен,

Сүйдім сені тілекпен.

Ақ бетіңді аймалап,

Ыстығымды түсірдім.

«Мендей сүйді, қай қазақ»

деп сезімді ұшырдым.

 

Бас айналып мастықтан,

Ләззатыңнан іштім мен.

Көз ілдірмей ғашық тән,

Түндер бойы құштым мен.

 

Сезім болып, жаяр мұң,

Су боп еріп кетпекпін.

Бір өзіңмен аяулым,

Арманыма жетпекпін.

 

***

Сүйе алмаса, ерге сын,

Сүйгендіктен айтам-ау!

Бір өзіңді көргесін,

Аппақ айдай қалқам-ау!

 

О, Жасаған, қайтемін,

Не десең де мен көндім.

Улы дерттің айт емін,

Көрсін десең, ертеңін.

 

Шырқ айналып қазықта,

Босатпады қыл шылбыр.

Көсілтіп-ап, жазыққа,

Сосын, сосын, күрсіндір.

 

Десем: Маған сын айтпа,

Алла біреу, адам көп.

Өзіңді-өзің мұңайтпа, –

дейді сұлу маған кеп.

 

Терең-терең дем алып,

Тереңге мен сүңгідім.

Жан бергендей, жан алып,

Жүз күн болды, бір күнім.

 

Санамда от жарқылдап,

Алып-ұшты бір жаққа.

Көңіл шіркін, талпынбақ,

Әлде, әуез, ырғақ па?

 

Қоржыны бос көңілім,

Көтерсейші денемді.

Деп тұрғанда өмірім,

Махаббатқа кенелді.

 

***

Қалды ма, әлде жаның жараланып,

Жүрсің сен жазғы кеште дара неғып.

Көзіңнің мөлдіреген жанарынан,

Бойымды ыстық жалын барады алып.

 

Қарайсың, неге маған күдіктеніп,

Тұрдың ғой, аңтарылып, жүріп келіп.

Жазықсыз жанмын мен де, беу, қарындас,

Жақында, тілдесейік, үрікпелік.

 

Неге сен дірілдейсің, қорықтың ба,

Немесе көңіл суып, торықтың ба?

Сезбесең жүрегімнің пәк екенін,

Ей, қалқам, көкірегімді жарып тыңда.

ТӨРТ ШУМАҚ

(Есенғали Раушановқа)

 

Қақыратып қатпар-қатпар мұздарды,

Жырларымен Есенғали мұз жарды.

Атомнан да қуатты екен, өлеңі,

Том-том кітап болмаса да көлемі

Су боп ақты, теріс полюс ызғары.

 

Апыр-ай, ә, неткен қайрат, неткен күш,

Мәңгі мұздар дала болды, теп-тегіс.

Алма ағашы гүлдеп тұрды, сол жерде,

Қыр қызғалдақ гүлдеп тұрды, сол жерде,

Таңғажайып болды-ау, шіркін, біткен іс.

 

Талай ақын өтіп еді, бұл жерден,

Талай дүлдүл кетіп еді, бұл жерден.

Шыдай алмай, мәңгі мұздар жұтына,

Мәңгі мұзға атса өтпейді бытыра,

Өлең-атом мұзжарғышын кім көрген.

 

Сан ақынды оқып едім, тамсанып,

Сан ақынды оқып едім, ән салып.

Семсер жыры Есенғали ақынның,

Кетті менің көкірегіме жол салып.

 

 

Көңіл сыры

 

Сен бе едің, сағындырған сәулем менің,

Таба алмай, бір өзіңді әурелендім.

Ұзақ жол сияқты боп көрінгені,

Осынау қол созатын, әудем жердің.

 

Шіркін-ай, толассыз бұл неткен ағын,

Өзімнен-өзім шалқып мақтанамын.

Әлде бір нұры ма екен, түндегі айдың,

Әлде бір шабыты ма, пәк даланың.

 

Керенау жоқ қой, сірә, қылықтарым,

Шабытсыз жасағам жоқ, жорық қамын.

Әйтеуір, кездестіріп, сәулем сені,

Өмірден осы шығар, бір ұтқаным.

 

***

Өткеніме өкінішпен қарадым,

Айып етпе, дос мені.

Бетін аштым, өзектегі жараның,

Жуып кетті, бет-жүзімді жас тегі.

 

Ойлар мені бүйірімнен түрткілеп,

Мазамды алды, қайтпекпін?

Толқын сезім, көкірегімді тепті кеп,

Сана тұман, шыдай алмай жалп еттім.

 

О, Құдірет, бір өзіңнен жасқандым,

Сөніп, семіп, кеткенім бе, бұл қалай?

Ала бұлттай, Арман атты асқарым,

Жер бауырлап, шөгіп қалды, жалған-ай!

 

САҒЫНЫШ

(Теңдікке)

 

Көкжиекке көз жүгірттім сен бе деп,

Менің бағым өзгелерден кем бе деп.

Арманымды ақша бұлтқа іліп-ап,

Өзің жайлы жыр толғадым термелеп.

Өзің жайлы ертегі айттым ертемен,

Арқа желі тұрса да ұрып желкеден!

Кескілескен көп ойлардың ішінен,

Бір ой менің өзегімді өртеген.

 

Самал есіп сипап сенің бетіңді,

Күн де, түн де нұрға шомған секілді.

Мен жүргенде алыс-алыс жолдарда,

Менен гөрі сағыныш қой өтімді.

 

Өрнегі ойдың текеметтің түр-түсі,

Өзіңді ойлап, жүрген шығар бір кісі.

Сағыныштың оты жанса алаулап,

Иығыңа қонар келіп жыл құсы.

 

Әуелейді, айдын көкте ақша бұлт,

Ақ мамықты өн бойынан ақтарып.

Сағыныштың отын саған жіберіп,

Кеттім өзім басқа жаққа аттанып...

 

ОРЫНБОРДЫҢ ШӘЛІСІ-АЙ!

 

Орынбордың қыздары-ай,

Иығында ақ шәлі.

Жүрек шіркін сыздады-ай,

Таппағандай басқаны.

 

Ақ шәлісі қыздардың,

Аппақ нұр ғой, аппақ нұр.

Көлеңкесінен ызғардың,

Сол ақ шәлі сақтап тұр.

 

Сыңғырлаған күлкісі-ай,

Күйіп-жанып барамын.

Ал қыздардың түр-түсі-ай,

Шамдарындай қаланың.

 

Ай-хай, шіркін, ақ шәлі,

Желмен бірге желпінген.

Ақ шәліден басқаны,

Көз алдыма келтірме.

                               

АСЫЛ ЕРДІҢ БАЛАСЫ...

(Камал Сейітжанұлы Смайыловтың ­рухына)

 

Кешегі мен бүгінді жалғастырып,

Сөз сөйлейді, мінберден парластырып.

Дереккөзін әлемнің күнбе-күнгі,

Жүргендей бір жанына жолдас қылып.

 

Ақ пен қара кеудесін дүбірлетіп,

Ойын айтты, уақыттан бұрын жетіп.

Ай туғанда ақ қағаз сырласы боп,

Қарсы алатын күн көзін күлімдетіп.

 

...Нақты сан боп сөйлейтін егісіңде,

Малға толы ен жайлау өрісіңде.

Мол байлығы жерасты кендерінің, –

Ақша болып сөйлейтін ел ішінде.

 

Қарапайым Кәмекең күнде көрген,

Сөйлеп кетсе, сөз алып, мінбелерден.

Алмас қылыш секілді жарқылдайтын,

Таңғалушы-ед, достары бірге жүрген.

 

Азаматтың өзі еді, өнегелі,

Ғалым еді, білімі терең еді.

Қайраткерлік жарасқан өн бойына,

Парасатты, пайымды өрен еді.

Ғаламторы жоқ кездің ғаламторы, –

Кәмекем-ай, зердең тым бөлек еді.

                                                (2003 жыл).

 

АҚАН СЕРІ

МОНОЛОГЫ

 

Жұртым шалғай болғасын ара қашық,

Неге келдім осы асқа қара басып.

Өзің жоқсың, шаңдағың топпен бірге,

Шауып жетті-ау, мәреге араласып.

 

Құс қанатты тұлпарым, құлагерім,

Жан жолдасы, сырласы ұлан ердің.

Шала-жансар боздағым сен жатқан соң,

Осы жерде келеді тұра бергім.

 

Ой, пірім-ай, не қылдым бұл жалғанға,

Барша жұрттың арманы ұрланған ба?

Қандай ғана тіршілік, ей, Ақаным,

Жауыздықтың дүниесі тұрғанда алда.

 

Құлагерім, жүрегім, құс қанатым,

Шабысыңмен ұзақ жол қысқаратын.

Көкшетаудың бұлбұлы сері атанып,

Шабыт алып өзіңнен ұшқан ақын.

 

Құлагерім, дүлдүлім, жан жолдасым,

Өлтірді ғой, күшіңе таңғалғасын.

Айбалтасын оқтаған жауыз көзді,

Аңғармады қалайша қайран басым.

 

Қашан болар күндері ынтымақтың,

Сай-сүйекті, о дүние, сырқыраттың.

Малы барға бақ-дәулет үйіп беріп,

Кедейлерге сәулеңді жылтыраттың.

 

Бұлбұл едім, халқыма сайрайтұғын,

Сазды әніммен құстарды арбайтұғын.

Қорлығына шыдамай жауыздардың,

Елден бездім, қаңғырып болмай тыным...

1310 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы