• Тұлға
  • 07 Қаңтар, 2021

УАҚЫТ ҚҰРЫШТАЙ ШЫҢДАҒАН…

Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Тату-тәтті бармысыңдар,
армысыңдар, адамдар!»
Мұқағали

Қазақ: «Өмір – аққан су» десе, ұлы Абай: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» дейді.
Айналып келгенде, осынау қазығы берік екі ойдың да төркінінде адам, заман, ғалам дейтін жұмырбас пенденің санасының тынышын алған, жібек жіптей сусып қолға ұстата бермес Мәңгілік дейтін дүниелік құбылыстың жұмбағы мен жаратылысын тану, талдау, бағалау жатқаны даусыз.
Осы жолдарды жазып отырып, адамзат ­тарихына өзінің күнгей-көлеңкесімен сіңіп бара жатқан ­жиырмасыншы ғасырды ойладым. Күні кеше ғана Екінші дүниежүзілік соғыстың қан-қасабынан арып-ашып, қажыған, бірі аяғын, бірі қолын беріп, жан-дәрмен оралған әкелерді, жарының жолын күтіп, сағыныш сарғайтқан аналарды, қара қағазды жүрегінің тұсына басып, соғысты қарғаған әжелер мен жалғызының жолын күтіп, белі бүкірейіп, басы жерге жеткенше үміті мен сенімін жерлемей жүріп, өмірден өткен аталарды, сол сурет пен сол өмір қиындығын көріп жүріп, ерте есейген, бозбала шақпен де ерте қоштасқан ағаларды ойладым. Бірте-бірте алыстаған жиырмасыншы ғасырдың қойнау-қолтығынан алуан-алуан ой қолын созып, сәулелі, нұрлы сезім шуағын шашқандай болды.
Өзгерген өмір мен өрісі бірде кеңейіп, бірде тарылған мына жерүсті тіршілігінің қорығына қамалып отырып, қайыпберен мінезді уақыттың ақ жал толқындарымен алысып, «келместің кемесімен» ұзап бара жатқан таныс, бейтаныс адамдарымды елестеттім.

Әріпбай Алыбаев есімді қайрат-жігері мұқалып, жасып көрмеген, қайсар мінезді қайраткер тұлғаны ойладым. «Келместің кемесіне» мініп, мына жер бетіндегі жалғанмен қоштасқан, өкінішке қарай, өткен шақпен еске алатын, өткен ғасырдың өркенді істерінің құ­лағында жүрген, халқына қадірі асқан Әріпбай ағамызды еске алғанымда, есіме жиырмасыншы ғасырдың ел жадынан көшіп кеткен кезеңдері түсті. Бала күнімізде үлкендерден көп еститін отызыншы, қырқыншы жылдардың қоңторы қазақ ауылдарының суреті мен өзіміз шет жағалап көрген ауыр жыл­дардың арқаны аяздай қаритын қиындықтары көз алдымнан тізіліп өте бастады.
Халқымыздың намысына қайрақ болып, төзім мен сабырға суарылған сол аға буынның арасынан өзінің табандылығымен, тиянақтылығымен, талапшыл­дығымен айрықша дараланып, ел басқару ісіне ерте араласқан Әрекеңнің өмірбаянына көз жүгірткен кез келген ойы сергек адамның аңғарар бірінші ақиқаты – тұғырлы тұлғаның қай­наған өмірдің ханбазар ортасынан шыққаны. Қыршындай кезінен жоқшылық пен тапшы­лықтың зардабын көріп, біліп, сезіп жүріп өскен қыр бала­сы­ның халықшыл, көпшіл болып өсуі, қолындағы барын үйелмелі-сүйелмелі отбасымен бөлісіп жүріп, қалыптасуы, ағайын-туысымен, жолдас-жорасымен, Алаш елінің бетке ұстар адал мінез, ақжүрек аза­маттарымен келісіп жүріп жетілуі – тектіліктің, беттілік­тің, іскерліктің, еңбекті ба­ғалай білер азаматтық мінез-қа­лыптың ­нышаны еді.
Иісі қазаққа аты мен заты әйгілі ондаған Алаш бітімді тұлғаларды берген Аспантау өңірі кіндігін кескен Әріпбай Алыбаев шыр етіп дүние есігін ашқан 1926 жылдың қаңтары қылышынан қаны тамған қиын кезең болды. Алаш арыстарының басы жадыға ілігіп, жер-жердегі, ауыл-аймақтардағы, қазақшалап айтқанда, ел басшылары мен ел көсемдерінің атылғаны атылып, атылмағаны ­итжеккенге айдалып жатқан жылдар кіндігін кесіп, бесігін тербеткен сары баланың көзін ашып көргені – қазақ ұлтының қабырғасын ­санап, сүйегін жұқартқан осындай қиянат пен әділетсіздіктер! Он алтыншы жылы орыс патшасына оқ атып, отызыншы жылдары әнімен, күйімен, сөзімен қарсылық көрсеткен қалың елдің басына төнген нәубетті көріп өскен жеткіншектің басқаша ­болуы мүмкін емес еді.

(Басы 1-бетте)

 

Кешегі Қарқараның төрінде қара отқа қалың жылқысын өргізіп, Үш Меркінің басынан қыран құсын ағызған, Шәлкөденің шүйгініне қалың малын сүңгітіп, Лабасы мен Хан Тәңіріні, Қарадала мен Әулие Шоқыны жалғаған елдің басынан бағы көшіп, шекара асып, үріккенін көзімен көрген әлгі сары бала араға жылдар салып, мынандай жолдарды қағазға түсіреді:

«...Менің есім кіре бастаған кезде, төңіректегі ағайын-туыс, көршілер Қытайға көше бастады. Әкемді де үгіттеп, Қытайға қашалық деушілер болған. Әкем марқұм «Совет өкіметі кедей-шаруаның өкіметі, мені өлтірмейді» деп ілеспеген... Сөйткен өкіметі күздің қара суығында оны балағаттап, сабап, астындағы жалғыз атын тартып алып кеткені есімде. Жаяу-жалпылап қалған әкемізді аяп: «Неге кетпедің?» деп, үлкен ұлы Бірімтай сұрағанда: «Ағам Жақсат – ақылшымыз, балам, Әбдіхалық – ауданда прокурор. Ұятқа қалдырғым келмеді. Оларды ұятқа ­батырып, Кеңес өкіметінен қашқаным орынсыз ғой, қарғам» дегені әлі күнге дейін құлағымда...

1931 жылы біздің үй Жалаңашты қыстады... Не ішіп, не жегеніміз есімде жоқ. Көктемге салым тамақ таусылып, жадап-жүдеп, күзде сойған тананың терісін үйітіп, соны ­сорпа етіп іштік. Қар кетісімен әкеміз төменгі Ағанас жақтағы егістен масақ теріп, сабан арасынан дән жинауға кетті...» деген өмір үзіктеріне көз тоқтата отырып, ана дәуірдің ой мен сана төрінен көшіп бара жатқан шындықтарымен қайта жүздескендей болдым.

Иә.

Қазақ: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Күнгейі мен көлеңкесін жүрек-таразысы арқылы өткізе жүріп, сыпайы­лап айтқанда, тұтас бір елді экспериментке салып, ұлтсыздану кеңістігіне айналдыруға ұмтылған, өткенін өртеп, тарихын ұмытқы­зып жібере жаздаған қоғамның қойнынан шыққан шынайы ұлтжанды тұлғалардың қай-қайсысы да қатардағы бас маманнан аудан, облыс, республика басшылығына дейін көтерілген өз өмірлері мен өз тағдырларына сыни тұрғыдан қарап өскені ақиқат. Ел-жұртты ықтырумен, үреймен бағындырған тоталитарлық жүйенің жазусыз қағидасы қарсы тұрғандардың асау басын ноқтаға қалай сыйғызып, ой-санасын қалай қайырып отырғаны тарихтан белгілі. Атын естігенде жарты әлемнің тізесі қалтырайтын қатал, қатыгез жүйеге қарсылық таныту өз басыңды өзің жадыға қою екенін тағдырлары тәлкек болған ұлт арыстарының қасіретті, қайғылы жағдайлары айтады. Бір бүтін ұлтты қақыратып екіге қақ айырған заманға, төңкерісшіл қоғамға не айтуға болады? Ондаған ғасырлар бойы атадан балаға аманат болып сақталып келген ұлы жұртымыз қысқа мерзім ішінде «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетер бейшара күйге түскенін жан-жүрегімен сезінген халықшыл басшылар қатал жүйеге бағынудан өзге жолдың жоғын білді. Міне, қаршадай ұлдың буыны бекіп, қабырғасы қатпай жатып көрген өмірлік өнегесі де, қолқа жүрегін ­запыран болып қапқан ащы да болса ауыр ақиқаты осы еді. Еркін ой, еркін сөзі мен сұлу әні үшін итжеккенге айдалған жақын туыстары, Қапездің қол-аяғы байланып бара жатқан кескіні көз алдынан қалай кетсін? Айдалған бір Қапез ғана ма еді?! Он алтыда «қызыл қарын жас баланың қамын ойлап», Қарқараның қара шүйгінін қанымен жуған боздақтар қаншама? Жәмеңке мен Ұзақтың соңынан еріп, Қарақолдың қандықол түрмесінде «елім» деп ажал құшқан ел жақсылары хақындағы аңызға бергісіз ән-жыр, өлең-дастандарды тыңдап, түпкі мақсаты мен мүддесін жүрек түкпіріне тұмар қып, түйіп жүріп жетілген бозбала Әріпбайдың өсу, есею жолы өз дәуірінің өзгеше мектебі болғанын айтады.

Мен бұл әңгімелер мен осы сарындас ой-пікірлерді Әріпбай ағамызбен ара-тұра болған сыр-сұхбаттарда естіп жүрдім. Жаратылысынан бөстекі сөз, бөтен әңгімені ұната бермейтін, тәртіпке бағынып өскен ұлтжанды, күрескер ұрпақтың өкілі білгенінің көбін сыртқа шығара бермейтін. «Көрдік қой...», «Болды ғой...» секілді қысқа сөздерімен қайырып, өзін де, ортасын да қымтап отырушы еді. «Әй, біздің Әрекеңнің өлең жазатынын осы жұрт біле бермейді. Өйткені оны өзі білдіргісі келмейді...» деген сөзді ­замандас досы Сәкен аға Тәнекеевтен алғаш естігенде таңғалғаным рас... «Апыр-ай, Сәке, осы Замекең ­(Заманбек Баталханов ағамызды осылай дейтін, бірер жас үлкендігін сыйлап) екеуіңіз менен бір күні шынында да ақын жасап алып жүрерсіздер...» деп қысылыңқырап, қызара қашқақтағаны есімде. «Біздікі жәй ермек қой. Мына Ұлекеңнің (өмірлік жары Ұлжан апайды осылай айтушы еді) көңілін аулау ғой... Нағыз ақын Абай! Қасым!.. Мұқағалилар ғой!..» деп, әңгімені Мұқағали поэзиясына бұрып әкеткені жадымда.

Әріпбай ағаның эссе-толғаныстар, мақалалар жазып жүретінін бұрын да білуші едім. Бірақ... Өлең жазатынын сол күнгі отырыста алғаш естідім. Оның үстіне, біздің қалам­герлер қауымында, ақындық пен әкім­дікті қатар алып жүрген ағалар аз болғандықтан ба, билікте жүріп жазумен айналысқандарға аса «оң қабақ» таныта бермейтін психологияның бары рас... Әріпбай ағаның «Мен өзімді ақын санамаймын» деп кесіп айтқан сөзі көңіл төрінде ауық-ауық бұлаңытып жүрген күндердің бірінде қолыма ағаның «Тамаша қызық көп жылдар», «Замана толқындары», «Өмір өткелдері», «Ұлыдан ұлағат» дейтін кітаптары тиді. Өмірінің ұзақ кезеңдері билікте өткен, әрі «табанды хатшы», «қатал басшы», «ұстанымы мықты ұйымдастырушы» деген араға сақтық пен салқындықты қатар салатын ел ­аузында кең тараған анықтамалардың иесі болған тұлғалы басшының кітаптарын қолыма екіойлы болып алғанымды жасырмаймын. Сосын оқи бастадым. Сөз саптауы, сөйлем құрауы маған ұнады. Жүйелі, жатық, қазақи үлгідегі баяндаулар...

Шығыс Қазақстан, Павлодар секілді өндірісі басым, қандастары­мыздың арасалмағы да тым аз іргелі облыстарда екінші хатшы, ­Алматы ­облысында салалық хатшы, бірнеше ­аудандарда бірінші хатшы, Талдықорған облысында бірінші хатшы, Министр болып қызмет ­еткен айбыны мықты, айдыны кең, есімі ­республика жұртшылығына жақсы ­таныс тұлғалы басшыны бұлай еміреніп жыр, тебіреніп эссе-толғаулар жаза қояды деп, ойлай қойған жоқпын. «Апыр-ай, Сәкен аға біліп айтқан екен-ау» деген ойға келдім.

Эссе... Мақала... дегеннен шығады... Әрекеңнің Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев хақындағы замана биігіне көтеріліп отырып, барынша кең тыныспен, кемел пайымдаумен жазылған көлемді мақаласын бір деммен оқып шықтым.

Оқып шығып, авторға телефон соқтым.

«Аға, Димекең туралы тереңнен тартып, тебіреніп жазған екенсіз... Риза болып отырмын...» дедім.

«Рақмет, Нұреке. Бұл сөзіңізді кімнің пікірі деп қабылдаймын сонда? Жазушылар одағының басшысының сөзі деп пе, әлде інінің ағаға айтқан қолпашы деп қабылдайын ба?» деді...

«Екеуінің де пікірі деп қабылдаңыз, аға!» дедім.

«Рақмет! Рақмет, шырағым! Димаш ағамызға қандай теңеу айтылса да жарасатын ұлы адам ғой... Ол кісі қиын, күрделі кезде ел бас­қарды. Кемеңгерлікпен басқарды. Орталықтың да көңіл-ауанын дәл тауып, Қазақстанды дамудың кең жолына алып шықты. Мәскеудегі шовинистер мен кертартпалардың бетін шебер қайтарып отырды. Өндірісімізді өркендетті. Өрісімізді кеңейтті. Әдебиетіміз бен өнеріміздің дамуына жол ашты. Димекеңнің алдында қарыздармыз... Сол кісі ұлт кадрларын шертіп жүріп, таңдап жүріп тәрбиелеген. Біз секілді тау-таудың қолтығында өскен қазақтың қара баласы аз ба?! Тағдырымыз не болар еді?! Нұрсұлтан Әбішұлы секілді кемел тұлғаны тап басып танып, Теміртаудан Алматыға алдырғанның өзі көрегендік емес пе?! Ордалы жұртымыз аман болсын! Тәуелсіз Қазақстанды әлем елдерінің алдыңғы легінен көруге жазсын! Қазақстан бар болса, біз бармыз. Біздің болашағымыз бар!» деп еді ағамыз. Әшейінде сөзге сараң, аса шешіліп пікір айта бермейтін Әрекеңнің сол күні ағыл-тегіл сөйлегені есімде.

Өмір... Уақыт... Ұрпақ... дейтін ұғымдарды ойладым. Әрекеңнің телефонда айтылған әлгі эссеге бергісіз тебіреністі сөзін тыңдап тұрып, осы кісінің өзінің қаламынан туған «Сөйленбеген сөз» деген қоғам дамуы мен замана қалыбы, халық тағдыры мен ұлт болашағы хақындағы көлемді мақаласындағы мына сөздері жадымда жаңғырды. «Заманында партия, комсомол, профсоюз жиналыстарында, басқосуларда аз сөйлемеппіз. Бірақ неге екені белгісіз, осы кезде бір сөйлегім келіп тұр. Ол неліктен екенін өзім де білмеймін. Мүмкін біз сияқты зейнеткерлерді күнделікті болып жатқан жиналыс, жиын, тағы басқа шараларға шақырмайтындықтан ба екен, әлде ешқайда делегаттыққа, депутаттыққа сайланбағандықтан ба екен, болмаса зейнеткерлердің еңбегі сіңген тарихи маңызы бар мерекелерге шақыруды біржолаға қойғандықтан ба екен, әйтеуір, сөйлегім келеді де тұрады» депті мақаласында Әрекең.

Шын сөз! Бүкпесіз айтылған адал сөз!

Бірде Әрекең оңаша бір кездесуде өзі тәрбиелеп, жетектеп жүріп жеткізген бір азамат туралы айтты. «Ол жігіт менің ғана сенімімді сүрінтіп, орта жолда тастап кеткен жоқ. «Осы жігіт атқа қонса, туған жұртының да бағын өрге сүйрер» деген қалың елдің сенімі мен үмітін де орта жолда шаң қаптырып кетті» деді реніш білдіріп. Аты-жөнін мен сұрамадым. Ол кісі айтпады. Көпті көрген, көппен жұмыс жасасқан тәжірибелі жанның ұстамдылығына іштей сүйсіндім. Кейін білімдар тұлға, білікті басшының осы бір ойын «Замана толғауы» дейтін мақаласынан оқыдым. «Өмірде адамға батылдықты да, батырлықты да беретін Сенім деген күш бар. Сенім адамға кең ойлылықтан, мол түсініктен, адалдықтан пайда болады. Сенімнің ең бастысы – табиғатқа сену. Жарық дүниеге, көк аспан, заңғартау, ағынсу, толқынды теңіз... Тағысын-тағы тұрақты ұғымдар – Сенімнің көзі. Бұлар ешқашан Сенімді алдамайды. Бұдан кейін дінге сену, адамға сену, басшыға сену, ағайынға сену, балаңа сену деген тағы бар. Осының ең үлкені – Басшыға сену. Басшысына сенген жауынгер жауын жеңбей қоймайды. Қарапайым халыққа сенім мен табыс қажет!» депті Әрекең.

Мен «Егемен Қазақстанда», Қазақстан Жазушылар одағында басшылықта жүргенде кешегі ұлт әдебиетінің алыптары мен арыстарын көрген аға буын-ардақтылармен қалай сырласып, пікір алыссам, солардың ақыл-кеңесіне құлақ асып, ден қойсам, оңтүстік астананың қақ төріне жайғасқан киелі шаңырағымызда ұлтымыз бен ұлысымыздың ел болып, ірге бекітуіне, мемлекет, қоғам, халық өміріне қойын-қолтық араласқан ардақты ақсақалдарымызбен де солай жиі-жиі бас қосып, сырласып жүрдім. Әр кездесуден соң қазыналы қамбадан шыққандай қуанушы едім... Солардың әрқайсысымен өткен сәт, сағаттар қаз-қалпы жадымда. Өкінішке қарай, олардың көбі бүгін арамызда жоқ...

Иә...

Өмірден өздері өткенімен, артына өлмейтұғын сөзі мен ісін қалдырған парасат, пайымдары терең, мінезге бай, ойласа, ойдың төрінен, сөйлесе, сөздің өрінен көрінер сол марқасқа ағаларымның бейнелері көз алдыма елестейді. Әрқайсысы өз дәуірінің оты мен суына қатар түсіп жүріп, құрыштай шыңдалған тұлғалар еді ғой!.. ­Алматы дейтін ұлы шаһардың жиын-тойларының, алқалы кездесулерінің сәнін кіргізіп, мәнін ашатын Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Салық Зиманов, Қасым Қайсенов, Сағадат Нұрмағамбетов, Хамит Ерғалиев, Әзілхан Нұршайықов, Дмитрий ­Снегин секілді ел ағаларының орындары уақыт өткен сайын үңірейіп бара жатқандай көрінеді маған. Осы топты өздерінің қоғамшыл, көпшіл халықшыл қалыптарымен байытып, толықтырып отыратын Қ.Бижанов, З.Баталханов, С.Тәнекеев, Ж.Балапанов, Қ.Ұлтарақов, Б.Қыдырбекұлы, М.Әлдербаев секілді екі дәуір тізгінін тең ұстап, қазақ қоғамының қалыптасуына өз үлесін қосқан тұғырлы тұлғаларды – үлкенге аға, кішіге іні бола жүріп, ұлтты, ұрпақты тәрбиелеудің өзгеше үлгісін орнықтырған ел ағаларын қалай ғана еске алмауға болады?!

Иә...

Әрекеңе бұл өмірде сүйсінгендер де, сұқтанғандар да аз болған жоқ...

Бүгін осы мақаланы жазып отырып, абзал бітімді, қайсар жанға қатысты екі оқиға есіме түсті. Екеуі де ел басқарған ағаның екі дүниенің барын бүкіл жан-тәнімен сезінген ерлікке пара-пар соңғы сәт-сағаттарынан хабар айтады. Өмірінің естен кетпес көріністерін баяндайды.

Біріншісі... «Өтпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ» деп басталатын мына жарық дүниемен қоштасқан соңғы хаты (ұлдары Жақан мен Серікте болуы мүмкін). Бақұлдасу үлгісінде жазылған хаттан өрлік пен ерлік нышанын аңғармау мүмкін емес еді. Бүгін... Ертең... Өмірден өтерін ескерте отырып, ақыреттік міндетті кімдер, қалай атқаруы тиіс екені жазылған бір беттік хатты оқып отырып, арқам шымырлап еді...

Екіншісі... Қайраткер басшымен қоштасуға арнайы Өскеменнен ұшып келген жаратылысынан батыр болып туған, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев ағамыздың досымен қоштасу сөзі. Көзінен алтытарам жас парлап тұрып: «Әріпбай Алыбаев дейтін ірі қазақтың мәңгілік өмірі басталды. Қазақ елі, соның ішінде Шығыс Қазақстан жұртшылығы Әрекеңді жүрегінде сақтайды. Азаматтың есімін ел есінде қалдыратындай шаралар атқарылуы керек! Алматы қаласы, Алматы және Павлодар облыстары да осы шараға ­атсалысатынына сенемін» деп еді.

Бошай КІТАПБАЕВ,
Социалистік Еңбек Ері

Әрекең Павлодарға ауысып кеткен 1964-1965 жылдың қысында қар қалың түсіп, мал қыстатуға, оның ішінде жайылымдағы қой шаруашылығына қолайсыз болды. Шығыстың Марқакөл, Күршім, Тарбағатай, Зайсан, Ұлан аудандарында отарларға жолды қар басып, жем-шөп жеткізілмей, соңғы үш жылда өсіп қосылған 300 мың бас қой үш айда қырылып қалды. Өзім басқарған колхоздың малы аман болғанымен, соңғы жылдардағы тез өскен қой малының қырылуына жаным ашып, басшылардың шара көрмей, өздері қол қусырып жылы кабинетінде отырғанына ызам келіп, бір күні Павлодарға, Әрекеңе телефон шалдым. Аман-сәлем айтысқан соң ол кісіге қыстың қиын болып жатқанын, басшылардың шара қолданбай отырғанын айттым. Әрекең де Павлодарда қыстың қиыншылықпен өтіп жатқанын, техникамен күндіз-түні жол тазартып, әрбір мал қыстағына жем-шөпті жеткізіп беріп жатқаны, соның арқасында былтырғыдан мал шығынының азайғандығын, сүттің артығырақ өндіріліп жатқанын айтты. Мен енді кеудемді кернеген ызамды: «Сіз үш жылда қосып кеткен 300 мың бас қой үш айда қырылып қалды, ешкім жылы кабинетінен шығып шаруашылықтарға көмек көрсетпеді» дедім. Әрекеңнің бар айтқаны: «Обал-ай, халыққа қиын болған екен. Әрқайсысы бір-бір шаруашылықты көтеріп алатын өндіріс орындары бар еді ғой» деп жанашырлығын білдірді. Менің ішім одан ары ашығандай болды. Осы бір ауыз сөзден азаматтың ел үшін елжіреп, халықтың байлығы үшін қиналып тұрғаны алыстан сезіліп тұрды.
Әріпбай Алыбайұлы село құрылысы, ауыл мәдениетіне көңілді көп бөлетін басшы болды. Қазіргі қала типтес Алдабергенов ауылы, сол кездегі барлық ауыл құрылысына мұрындық болды. Оған ұқсас Қапал совхозының орталығы, Арасан колхозының орталығы, «Семиречие» колхозының орталығы, Панфилов ауданындағы Киров атындағы, Октябрьдің қырық жылдығы атындағы колхоздың орталығы, «Еңбекші» совхозының орталығы, тағы сол сияқты талапты басшылар басқарған жерлерде қала типтес ауыл құрылыстары салынды. Орта мектепсіз, ауруханасыз, почтасыз, мәдениет сарайынсыз, сауда орталығынсыз, наубайханасыз, асханасыз, тұрмыс қажетін өтейтін комбинатсыз бір ауыл немесе село қалмады. Мектеп құрылыстары көктемде басталып, бірінші қыркүйекте өткізілетін тәртіп орнаған болатын. Кейбір шаруашылықтарда спорт комплексі, жүзу бассейні салынып, ыстық-суық су құбырлары әр үйге кіре бастап еді. Қазақта «Бәрін айт та бірін айт, азаматтың жұмсаған күшін айт, бітірген ісін айт» деген қағида осындайда айтылған-ау деп те ойлайсың.

 

Жансейіт МОЛДАСАНОВ,
Социалистік Ецбек Ері

Халқымыздың қадірлі азаматы, ардагер бауырымыз Әріпбай Алыбайұлының есімі – бізге үлкен мерей, зор абырой. Ер азамат еңбекте сыналып, қоғамдық өмірде, бүкілхалықтық елеулі істерде бағы ашылады десек, осы талаптың үлгісі біздің Әріпбай бауырымыз екендігіне көңіліміз сеніп, көзіміз жетіп келеді. Мен өз басым бабаларымыздың жақсы қасиеті Әрағамызға да жұғысты болғанына толық сенімдімін.
Әрағаның әкесі Алыбай: «Әкеміздің көк қаршығасы біздің шаңыраққа қонған. Ол осы отаудың киесі болған соң қонады емес пе?!» деп ризашылық білдірсе керек. Арғы бабамыз Тайлақ бидің де осындай киесі болғанға ұқсайды.
Алыбай қарияның зираты Жайдақбұлақ деген шалғынды жерде. Ана бір жылы Әраға қарияның басына үлкен белгі қойды, ел жақсыларынан бата алды. Осы Әрағаның Жақсат есімді әкесінің ағасы болды. Елде сөз бар. Оның өзі де өнегеден, тәжірибеден туса керек. Міне, сондай тәмсілдің бірін айтайын: «Тапқыр болсаң – Оразай болыстай бол; сұлу болсаң – Жақсаттай бол; әділ болсаң – Молдақаштай бол». Оразай біздің өңірдің атақты, абыройлы кісісі. Ұзақ жылдар болыс билік жүргізген. Молдақаш та от ауызды, орақ тілді би болса керек. Ал Алыбай мен Жақсат бір-біріне сыйлы туыс адамдар. Алыбайдың көріпкелдігі де бар екен. Қайсыбір оқиғаларды алдын ала болжап, өзінше ой қорытып, тіршілік қамын берекелі жайғастырып отырады.

Заманбек БАТТАЛХАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері

Алыбаевтың мамандығы ­зоотехник. Сол мамандықты өте жоғары бағалап, малдың басын өсіру ғана емес, оның ­сапасын арттыру жоғары өнім беретін, малдың басын көбейту, оның өндірісін ғылыми негізінде жүргізу, малдың барлық түрінің өндірісін механикаландыру жұмысына ерекше назар ­аударуды ұйымдастыра білді. Малдың жем-шөбін үнемдеп, оның жемдік сапасын арттыру, мол өнім алуды, оның өзіндік құнын кемітуді мақсат еткен басшы бола білді.
Әріпбай Алыбаев малдың жағдайын білікті маман ретінде өте тыңғылықты білді. Әсіресе қойды жайып бағуды, ­жайылымды үнемдеп пайдалану, көктеу, қыстау, жайлау және күздеуін нақтылай ажырата білуді ұйымдастыра білді.
Талдықорған облысында сондай қуаңшылық жағдайда қойдың басын 3,5 миллионнан асырды. Малшыларды жылы үймен қамтамасыз етті. Ауыл-селоларда бірнеше аурухана, мектеп, клуб, т.б. мәдени ошақтарын салдырды. Суармалы егістікте қант қызылшасын сапалы егіп, оның өнімін арттырды. ­Облыста 3 үлкен қант зауыты салынды. Жұмыста қатал бола білген ол ауылшаруашылық кадр­ларын тәрбиелеп өсіруде ірі жұмыстар атқарды. Облыстың атақты зиялы адамдарын есте қалдыру үшін ескерткіш, тағы басқа мәдени орындар салдырды. Мысалы, Талдықорған қаласында Ілияс Жансүгіров пен Мұхамеджан Тынышпаевқа мұражай, атақты ақын Сараға ескерткіш, тағы басқа тарихи орыңдар салдырды.
Әріпбай Алыбаев халық алдында ірі партия, қоғам қайраткері екенін таныта біліп, елдің құрметіне басшы ретінде бөленді.

Еліне сеніп, жұртына сүйініп жүріп, Әрекең өмірден өтті.
Елі-жұрты жанындай жақсы көретін досы Әріпбай Алыбаев есімі мен ісінің жұрт жадынан өшпейтініне иманындай сеніп жүріп: «Әрекеңнің есімі ауыл, мектеп, көшеге қашан беріледі? Ер еңбегін бағалау керек! Ел емеспіз бе?» деп арыстандай ақырып жүріп, Бошай Кітапбаев ағамыз да мына жарық жалғаннан өтті.
Мұқағалидың сөзімен айтқанда, «келместің кемесіне» мініп, өз мінездері мен өз дәуірлерін арқалап бірте-бірте ұзап бара жатқан ардақтыларымыздың арасынан Әріпбай Алыбаев есімді тұғырын уақыт өзі шыңдаған кесек бітімді, қайраткер тұлғаның да туы желбіреп, ұзап бара жатқанын көргендей болдым.

1408 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы