• Қоғам
  • 07 Қаңтар, 2021

АҚ ӨМІРІ – АЛТЫН

Ақ өмір несі тәйірі дерсіздер. Қаралы яғни қара өмір болса, ­ендеше, ақ өмірдің де болғаны ғой. Қаралы өмір қайғы-қасіретке толы, өксік ғұмыр болса, түбінде адам жанының тәнінен ­ажырауына өлімге әкеледі.
Адам баласы жарық дүние есігін ашқаннан кейін, бақытты балалық шақты басынан кешіп, ақыл-ойы, адами санасы, ерік-жігері толығып, кәмелет жасына келіп, отбасын құрып, ұрпақ сүйіп, асарын асап, жасарын жасап, жүз жасамаса да, Алланың берген жасын жасап, ұрпағының алдында өмірден озып жатса, оның еш ағаттығы жоқ. Ал екі сәбидің 28 жасар жас анасы өмірден озса, не өмір сүргісі келмесе ше? Әрине, бұл үлкен қайғы, орны толмас қасірет емес пе?

Сіздерге түсінікті болу үшін әңгімемді әріректен ­бастайын. Менің есімім Айжан. Көп жыл орта мектеп қабырғасында ұстаздық еттім. Алып бара жатқан дәулетім де жоқ. Екі сәбидің анасы, өмір сүргісі келмейтін һәм өмірінің кез келген сәтте үзіліп кету қауіпі бар 28 жастағы Әйгерім – менің жалғыз қызым. Қызым мен екі немерем, Бекзат пен Камила өмірімнің мәні де мағынасы. Осыдан бір жарым ғана жыл бұрын қызым мен екі ­немерем қуанышымның, бақытымның қайнар бұлағы іспеттес еді. Қызығы мен қылығына тоймайтын боп жүретінмін. Аяқ астынан бәрі бір сәтте түпкілікті өзгереді деп кім ойлаған…
Қызым үшінші бөпесіне аяғы ауыр болатын. Уақытылы дәрігерге көрініп тұрды. Құдай қаласа, күзге қарай ай-күні ­толып, үшінші немерем дүниеге келеді деген тәтті сезім құшағында уақыт сусып өтіп жатты. Ол кезде мен жұбайыммен Нұр-Сұлтанда тұратынмын, ал қызым Әйгерім сәбилерімен Павлодар облысының Ақсу қаласында өзінің сән салонынан нәпақа табатын.
2019 жылдың 24 қыркүйегінде «қызыңыз Әйгерім Павлодар қаласы ауруханасында жан сақтау бөлімінде хал үстінде жатыр» деген суыт хабар алдым. Шыбын жанымды шүберекке түйіп, шұғыл Павлодарға жеттім. Бірақ дәрігерлер туған анасы болсам да, жан сақтау бөліміне кіруге рұқсат етпеді. Дәрігерлердің ­айтуынша, қызым уақытынан ерте босанған, белгісіз себеппен бүйрегі жұмыс істемей қалған. Осылай, қызым дәрігерге өз аяғымен барып, айналдырған бір тәулік ішінде сәбиін шала-­жансар дүниеге әкеліп, өзі комаға түсіп қалған. Жалғызымның өмірін сақтап қалу үшін оған өз бүйрегімді беруге келістім.
Өкініштісі, бүйрегімізден ауыстыруға қажетті сәйкестік табылмады. Өмір мен өлім арпалысқан төрт тәуліктен кейін, қызымды жан сақтау бөлімінен шығарды. Қолының қан тамырларына катетер қойып, жасанды бүйрек ( гемодиализ) қызметіне көшірілді. Қысқасы, айналдырған бес-алты күнде, ауруханаға өз аяғымен келген 28 жасар сап-сау қызым, бүйрегі жұмыс істемейтін, 1 топ мүгедегі болып қалды. Анасы маған, екі сәбиіне қамқор болмақ түгілі, өзін-өзі күте алмайтын мүгедекке айналды. Дәрігерлер тарапынан жіберілген қателік бөлек әңгіме.
Күйеуімді Нұр-Сұлтанда қалдырып, қызымды күтіп, немерелеріме қамқор болып, тәлім-тәрбие беру үшін қызымның күтушісіне айналдым.
Шындығында, жасанды бүйрек, яғни гемодиализ дегеніміз өлместің кері. Гемодиализге душар болған адам ешқашан ауруынан айығып кете алмайды. Өле өлгенше гемодиализге тәуелді. Елімізде гемодиализге тәуелді мүгедектер арасында өлім көрсеткіші өте жоғары. Айналдырған алты ай ішінде арманы асқақ алтындай қызым өмірге деген құштарлықтан айрылған, «анашым, өмір сүргім келмейді» дегенді үздіксіз қайталай беретін еріксіз беймаза жанға айналды. Құр сүйегі мен сүлдесі қалды. Гемодиализбен қызымның өмірі ұзаққа созылмайтындығын түсінгендіктен басымдағы жалғыз пәтерімді сатып, Алматы, Нұр-Сұлтанда білікті нефролог дәрігерлерге қаралып, ем іздедік. Қызымның денсаулығын түзеймін деп бармаған тау, баспаған жер қалмады. Білікті мамандардың айтуынша, тек бүйрек ­ауыстыру арқылы ғана өмірін ұзартуға болады. Республикалық бүйрек ауыстыру тізіміне тіркелдік. Бірақ Қазақстанда квотаға сәйкес жылына 30-40 мүгедекке бүйрек ауыстырылады екен. Ал деректерге сүйенсек, 7000-ға жуық науқас бүйрек ­ауыстыру кезегінде тұр. Мемлекеттік квотамен бүйрек ауыстырамын деу үмітсіз шайтанның тірлігі. Бұл процестің өзі соңғы жылдары трансплантация жасайтын дәрігерлер үстінен қозғалған қылмыстық іс ықпалынан тіптен тежеліп қалғандай.
Ендігі қалған бір ғана жол, шетел асып, ақылы бүйрек ауыстыруға қол жеткізу. Сондықтан алдымен жалғызымның өмірін сақтау үшін «Aq omir – Аltyn» атты қайырымдылық қорын құрдым. Құдай сәтін салса, қайырымды жандардың көмегімен алдымен қызыма һәм осындай ауыр жағдайға душар болған мүгедек жандарға қол ұшын созу.
Ендеше, кез келген мүгедек жанның өмірі ақ, жарқын ­болып, жалғасын таба ма, әлде қара жамылып, қайғы-қасіретке душар болып, өмірмен ерте қоштаса ма, сіз бен бізге ­байланысты, қайырымды жандар. Жалғыз қызымның өміріне араша болыңыздар. Алланың атымен сұраймын.
«Ақ өмір – Алтын» қайырымдылық қорының есеп шоты:

Заңды тұлғалар үшін:
АО ДБ «Альфа-Банк»
БИК ALFAKZKA
KZ659470398993155577
«Aq omir altyn» қайырымдылық қорының
директоры Шоқпарова Айжан Багадатқызы

Жеке тұлғалар үшін: Kaspi gold
№ 4400 4301 6787 6959
+77024840772

1232 рет

көрсетілді

75

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы