• Тұлға
  • 07 Қаңтар, 2021

БАЛЬЗАКТЫ ЖҰБАТҚАН ҚАЛАМ

Өткен жылдың ақырында «Бальзак неге жылады?» деген сын кітабы жарық көрді. Қолыма алып қарасам, авторы – Жанұзақ Аязбеков, студент кезінде-ақ жалы күжірейген сыншы Сағат Әшімбаев жылы лебіз білдіріп, жолын ашқан қаламгер. Шұқшиып қарасам, әдебиет деген ұзақ керуенде бөгеліп қалған әдеби сынның жыртығын жамап, әдібін түзеуге тырысқан екен. Кітапқа атау болған бұл мақала бұрынырақ «Қазақ әдебиетіне» шығып, жұрт күбірлеп сөз қылған, бірақ ешкім де батып батыл пікір айта алмаған.
Иә, Бальзак неге жылады? Тосын тақырып. Ал жылаған французды қазақтың қызыл сары ­баласы қалай жұбатты? Гәп осында. Олжас Сүлейменовше ырғасақ, «әдебиет – спортшылардың тілімен айтқанда, «запаста» қалған» заманда мынау көкшіл кітап біз сияқты әдеби ойыншыларды «запастан» жасыл алаңға қарай құнжыңдатып қойды.

Иә, Бальзак кемелденген социализм кезеңінде көп оқылды. Оған автор ә ­дегеннен «Коммунистік саясат үшін Бальзак туындылары іздегенге – сұраған, көктегісі жерден табылған. Өйткені ол капитализмді көк есекке мінгізіп берді» деп баға береді. Иә, бізге «Абай жолы» да, «Қан мен тер» де қажет болды. «Горио атай» да жастықтың астында жатты. Ол коммунизмге бет бұрған адамзатқа бай мен байғұстың бейнесін, сом мен тиынның салмағын таразыға тартуы­мен құнды болды. Тургеневтің «Муму»-ындағы Герасим да осындай адам. Бірақ ол мылқау, қанағатшыл. Горио атайда да қанағат бар, бірақ көңілшек. Бальзакқа бас иген Л.Толстой, Ф.Достоевский, кеңестік М.Горький Горио атайды барынша ұнатып кетті. Оның еркек бола тұра ананың рөлін атқарған адамдығына бас иді. «Горио атайдың сезімі – түгелімен аналық сезім» деген Бальзак сөзін автор ­былайша түйіндейді: «...мұндай әке ­махаббатын сіз бұл пәниде ешкімнен таппайсыз, ешбір қисынға келмейтін абсолюттік инстинкт дейтініңізді сезіп, Гориосын алға сап оқушыны иландыруға ұмтылады». Иә, шалдың арманы – қолға қондырған қарлығаш-қыздарының қызығын көру, солардың әсем киініп, әтібірлі жүргеніне жаны марқаяды. Бұны сыншы: «Шалдың тұла бойын, ақыл-есін меңдеген осы бір гиперсезім кәдімгідей-ақ жаныңызды баурап алады. Бәтшағар Горио біздің қазекеңнің шалы болса, қыздарымды өсірдім, өндірдім, құтты орнына қондырдым, енді арғысын өз таланынан көрсін, өз тағдыры, өз бақыты үшін өздері күрессін, өздерін қорғасын дер ме еді» деп, өз халқының ұлттық болмысымен салыстырып өтеді. Кім қандай кітап оқымасын, мейлі ол Сартр немесе Мураками болсын, тіпті кеңестік Шолохов болсын, өзінің ұлттық болмысымен, өзінің күй-жайымен, ауылын, тіпті қора-қопсысын да салыстырып оқу – дағды. Әдебиет адамды ойландырып, салыстыру үшін жазылмай ма?

Қаламгер Бальзактың жылау себебін анықтау мақсатында оған бағытталған садақ-сөздердің себеп-салдарын дәлелдеуге барлық әдеби компоненттерді пайдаланады. Бальзактың арқасы бар, безгегі ұстайтын қояншық деп сөз қылғандарға «Бальзактың алапат жанкештілігі өз ортасында қызғаншақтарды зыр-зыбыл күйге түсіріп, өсек-аяң гулетті, жора-жолдастарының арасына ши жүгіртті» дей келіп, ұлы қаламгер келбетіне өз ұлтының мысалымен ара түседі. «Бәлкім, қазақтың қазіргі қарагер қаламгері Қуандық Түменбайдың «Қояншығындағы» Доғалақтың «Бұл кесел емес, өзіңді-өзің, қала берді айналаңдағыларды адалдықпен емдеу болар» дегенінің қисыны бар ма дейсің» деп, авторлық батыл байлам жасап, кесел сырына үңіле түседі.

Кезінде Горионы эгоист деп кінәлағандар да болды. Бұған автор қорықпай ара түседі. Өзімшілдік әркімде де бар екенін, бұл – адамзаттың Құдай сыйлаған табиғи қасиеті екенін алға тарта отырып, Шәкәрім тәмсілін мысалға алады. Жарасып-ақ тұр. ­Француз Бальзак кейіпкерінің іс-әрекеті қазақ Шәкәрімнің тәмсіліне әдемі қабысып тұр, адам мінез-құлқы мен табиғатын айқай даланың мысалы ашып беріп тұр. Бетіне ­шешек шығып, тыртық боп қалған қызын бір бай көзінде ағы бар соқырға қосып, бір күні ақты ­сылып тастайтын емшіге күйеу баласын жібермей қойыпты. Көңілінде көзі көре қалса, қызымды тастап кетер деген күмәні бар. Сонда досының: «Күйеуінің көзін аямаған, досының көңілін аяй ма?» деуі – таптырмас дәлел. Адам – ғажап жаратылыс. Ол бір сәт Жерде жүрсе, ілкі сәтте Көкте жүреді. Өзім бір мысал келтірейін. Қазақтың бір байы соқыр қызын жалшысына қосады. Жалшы некесі қиылған түні «Бетімді сүйші» деп артын тосады. Сүйіп алған соқыр жан-жары «Бетің қандай жалпақ еді?» деп тамсаныпты. Соқыр болса да байдың қызын алған жалшының бір күнде мейманасы тасып тұр. Адам – осынысымен Адам. Бальзак қаламының қасиетін қазақы мысалмен тәптіштеп түсіндірген авторға қалай риза болмассың.

«Дайын асқа тік қасықтар» «Бальзак – қарабайыр натуралист» деп оның стиліне тиісті, «алысып-жұлысып жүріп» (Жанұзақ) тоқсаннан астам том жазып, «ең ­бастысы – адам қасиеті мен ақшаны таразының екі басына тарта отырып, адам пәруайын тұрмыстың қалай билейтінін безбенге ­салады. Қаламгердің осындай түпкі ойына үш жүз бетке жуық, қалыңдығы табан елідей осы романның өзі-ақ айғақ» деп ақтау сөз айтады.

Ақша – өмір сүру қатынасы, бірақ ақша адал және арам боп екіге бөлінеді. Қырық жыл қап арқалаған Горио ақшаның қадірін бір адамдай біледі. Бірақ ол алдына ақша тапсам қыздарым жақсы өмір сүреді деген мақсат қояды. Айтқыштар Горионы фанатик деп те бағалады. Бірақ ол ақшаның қандай жолмен келетіндігін қыздарына айтып түсіндіреді. Бұл сөз өкіметтің де шамына тиіп кетеді. Әдебиет осындай «айта білуімен» құнды. М.Булгаков «Мастер и Маргаританы» жазғанда Сталин қолжазбаны оқып, «санаулы адамдар ғана оқысын» деп қол қойыпты. Олар Берия, Булганин, Ежов, Ворошиловтар еді. Кітап «халықтар әкесінің» көзі жұмылғаннан кейін жарыққа шықты. Жанұзақ мақаласында: «Байқасаңыз, Горио қанша қиналып ақшаға тарықса да, Бальзак оған банк тонатқан жоқ, кісі өлтірткен жоқ, пендеге қылаудай қиянат жасатқан жоқ. Тіпті кейде оны байлыққа әбден құныққан деп айтудың өзі күмәнді. Романнан қыздарына деген күйініш-ашыныс үстінде айтқаны болмаса, ақша жолындағы кесірлі іс-әрекетін көрмейсіз» деп дәйекті факті келтіреді. «Сезікті секірер», ел билегендер қорғанысқа бұрын көшеді. «Тық ­деген тауыққа тиіп», сөз құдіретінен қорқады. Біздің дәуірмен салыстырсаңыз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитеті ­деген мекеме бар. Соның керегі не? Билік сыбайластыққа ­тыйым салсын, «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермесін. Бальзак екі ғасыр бұрын осыны да меңзеп отыр.

Сонымен, Бальзак неге жылады?

Қыздарына бата беріп, оң жол тілеген Горио атай сол мезет естен танады. Бұның құпиясы – қояншық деген кесел. Бальзак өзін жазып отыр. Гоголь де, Достоевский де, ­Булгаков та өз кеселін жазған. Мына жерде де ақша табумен арпалыс Горио атайды қыздарына бата беріп болғасын естен тандырды. Бұл құбылысты сыншы былайша түсіндіреді: «Баласы үшін аң – орға, құс – торға түссе, адам екі аяқты саналы хайуан ғой. «Беремін батамды, бердім батамды екеуіңе» деді де, дереу есінен танды». Әрі шаршау, әрі кіршіксіз көңілдің көрінісі осы.

Бальзак жылапты дейміз, тағы бір француз Дюма да жылапты. Ол «Үш нояндағы» мүсәпір һәм қайырымды кейіпкері Портосты аяп өксіп отыр екен. Бұл, бір жағынан, нәзік те эстет елге тән көңілшектік пе дерсің. Бальзактың өзі де, кейіпкері де жан азабын бастан кешкен пенде. Жанұзақ осыны Гете мен Куприннің бастан кешкен жағдаяттары арқылы дәлелдей келіп, өзіміздің М.Әуезовтің «Абай жолын» жазудағы жан азабымен толықтырады. Сыншы ұлтшыл-ақ, 37-де өмір сүрсе итжеккенге айдалатынның нағыз өзі. Бізге осындай сауатты салыстырулар керек. Қалтай Мұхамеджанов «Әуезовтің маңдайын Сократтың маңдайы дейміз, ол – қазақтың маңдайы ғой» деп бір жиында айтып салды. Біз өзіміздің көрген азабымызды айнадан көретін уақыт жетті. Жанұзақ та жасқанбайды, төл әдебиетінің салмағын өзгелермен салыстыра келіп, әділ таразылайды, «Десек те, сонау ықылым заман ғасырлардан басталған сөз өнерінің қайнар бұлағына қарап көрсек, біздікі француздармен үзеңгі қағыстыра алатын, иық түйістіретін мөлдір де бірегей, шалқар да самиян, қазыналы әдебиет» деп жүгенді жасқап, «Француздар да мұқым дүниедегі секілді о баста фольклордан, ықылымдағы антикадан... арда емген халық» деп екі жұрттан жақындық іздейді. Қорқатын түк те жоқ. Біздің әдебиеттің бағы енді жанады. Бұған Стокгольмде өткен қысқа әңгімелер конкурсында экология тақырыбын қозғап, бәйге алған Қуандық Түменбайдың «Іңгә» деген әңгімесі дәлел. «Егер қазақ қоғамы техногендік дамуға ерте іліккенде бес ғасыр жырлағанымыз теңіздей шалқып, сонау мұқым дүниенің рухани мұхитына еншілесе барып құйылар еді-ау. Бұхарды да, Шортанбай, Сүйінбай, Маханбеттерді де француздар жатқа оқыр еді» деген сыншы пайымына ризалықпен иланасың.

Автор «Горио атайға» жасалған сыншылар шабуылын егжей-тегжейлі тиянақтайды. Оны король Лирге ұқсатып, «үлгісі шамалы шал» деп те түйреген. Бальзакты көргенде қоғадай жапырылатындар сыртынан «қара есекке теріс мінгізген». Бұл бізде де бар індет. Бұның «дирижері» – идеология. Осыны айта келіп, қоғам басып өткен бір басқыш – қазақтың маңдайына жазылған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдарын ашуға арналған Б.Тілегеновтің «Қара жел», Т.Сәукетайдың «Айқараңғы», «Желқайық», Қ.Түменбайдың «Бекеттегі бейкүнәлар», «Сотталған ­домбыра» шығармаларын мысалға алып талдайды. «Бұлар бағы жанбаған шығармалар» деп баға береді, әдебиетші зиялылардың үндеместігін бетке басады. Иә, ол кезде әр қаламгердің қасында «үндемес» жүрді. Авторға деген бір разылық – Бальзак шалдың көз жасын сүрте отырып, «өз үйі – өлең төсегін» естен шығармай туған әдебиетімнің түтіні түзу шықса екен деп тілеп отырады.

Бізде «Әдебиет – ардың ісі» деген ұлағатты сөз бар. Жанұзақ сол сөзге жүгінеді. Стефан Цвейгтің «Әдеби шығармашылық Бальзак үшін қажеттілік болған жоқ. Ол оны ешқашан алабөтен бір миссия деп есептеген жоқ» деген сөзіне: «Қателеседі! Бальзак таңдаған жолынан айныған жоқ! Бальзак әдебиет жолында басын бәйгеге тікті! Ол ғажайып қаламгерлік қасиет пен алабөтен шеберліктің, машықтың үлгісін жасап кетті. Егер тоқсан сегіз кітабының бәрі де бізше айтқанда түкке тұрмайтын болса, XX ғасырда әлемнің 200 елі өз тіліне аударып, том-том кітаптарын миллиондаған тиражбен басып, шығынданбас еді» деп ашынған көңілмен айғақ келтіреді.

Көлемі 50 беттей мақала – тұнып тұрған проблема. Ол Бальзакты алға ұстап отырып өз мұңын мұңдайды, өз ұлтының көз жасын сүртеді, сүрткенде кәнігі көз дәрігеріндей ­ауыртпай сүртеді. Қарашы, «Қалың жұртты ­былай қойғанда, әдебиет пен өнер төңірегіндегі интеллектуал қауымнан сұрап көріңізші, ­мысал үшін, Мүсірепов, Мұқанов, Майлин, Есенберлин, Нұрпейісов секілді классиктердің кесек романдарының кесек кейіпкерлері бүгінгі өмірдің пәлсапа толғаныстарында неге ауызға түспейді? Себебі мойын жар бермейді емес, пенделік қияңкестіктен ­мысымыз құрып, жүрегіміз дауаламайды» деп, өз сауалына өзі жауап береді. «Қорқақты қуа берсең ­батыр болады». Енді біз де ойланармыз, жүрекке түк пайда болар. Өйткені көріп тұрған көз бар екен.

Сонымен, Бальзак неге жылады?

Жазсам деп жоспарлаған 140 романнан үлгергені 90 екен. «Адамзаттың өзін-өзі күйретуші эгоизмінің бақ-шаясын түгел көрсете алмадым-ау» деп Бальзак шынымен-ақ өкіне егіліпті» (Жанұзақ). Ал оны қазақ қаламгері қалай жұбатты? Ол өз мұңын жер бетіндегі осы бір нәзік ұлттың болмысымен, әдебиетімен салыстыра келіп, қолына ­беторамал алып, француздың моншақ ­жасын ­сүртеді. «Төл әдебиетіміз еуропалық немесе жаһандық көркем әдебиеттердің түрлі бағыттары мен ағымдарын, құбылыс-құбылнамаларын бастан кешкен емес. Еміс-еміс жаңғырықтарын ғана сезді. ...Әдебиет тірі ағза, сол себепті де оған өрлеу де, тоқырау да тән. Классикалық, шедевр туындылар ежелден бері қиянаттың бесігі, ақша заманында туғанын еске алдық. Әйтсе де, тотықпайтын көркем ой, өлмес көркем сөзге қоғамдық формациялардың үстемдігі жүрмейді. Үстемдік тек уақыттың ғана еншісінде. Өйткені уақыт – асықтың да, жасықтың да соты» дей келіп, уақыт алдында өз үкімін шығарады. Сотта қаралаушы да, ақтаушы да болады. Үкім біреу-ақ. Әділ үкім ешқашан өзгермейді. Екі ғасыр бұрын өмір сүрген француз Бальзактың көз жасын осылай құрғатқан қазақ қаламгеріне неге тәнті болмасқа?

Мақала ғылыми емес, әдеби стильмен жазылған. Небір ойып түскен оңтайлы сөйлемдер, қазақы мәнерлер бар. Оқырманды қинамайды, «запаста» қалған оқырман да алаңға шыққысы кеп алабұртып отырады. Шәкәрім, Абай, Бұхар жырау сөздерін керек жерінде қиюластырып, ажарын ашып қолдана білген. Сөз соңында Құдай пендені жылатпасын, жұбатушы некен-саяқ дейміз.

Сондай-ақ 20 баспа табақ кітапқа енген түркітанушы-ғалым, журналист Қойшығара Салғарамен сұхбат майдан қыл суырғандай сауалымен қаламгер болмыс-бітімін аша түседі. Ал танымал прозашы Қуандық Түменбай шығармашылығы туралы мақала біраз жайдың бетін ашқандай. Әсіресе әдеби ортада динамиттей жарылған «Адам» атты әңгімедегі тән мен жан, рух тайталасын талдау көкейге сондай қонымды. Жарасқан ақын эпиграммасындағы «Адам» деп жазып әңгіме, Сотталып кете жаздадың» деген жолдарды енді түсінгендейміз. Шығармашылықта көрген құқай күндер өте келе әділ көз арқылы әділ бағасын алса, бұл да әдебиеттің әділеттілігі. Сондай-ақ Серікбай Оспанов, Ақылбек ­Шаяхметов, Жолтай Әлмаш шығармашылығы туралы мақалалар, Мұқағали Мақатаев туралы «Поэзия перғауыны» атты сұхбат, т.б. дүниелер жазылу мәнерімен құнды.

«Толқынды толқын қуады» (Мағжан). Әдеби сынның 80-жылдардағы толқынының бір өкілі – Жанұзақ Аязбековтің бұл кітабы – құнды дүние.  Оған «Ой толқындары» да қосылады. Бұл бір өзі айналасына сергек қарайтын сезімтал  сыншы екен. Әйтпесе, түу сонау Франциядағы сүйегі қурап кеткен Бальзактың көз жасын шәйі орамалмен сүрте ме?

Өзімізге де орамал керек.

Құдай адамды жылатпасын.

 Қаныш Ақордаұлы

 

1200 рет

көрсетілді

41

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы