• Тұлға
  • 07 Қаңтар, 2021

КӨК ПЕН ЖЕРДЕГІ ЕРЛІК ЖОЛДАРЫ

МОДУЛЬДЕР ЖӘНЕ ҚИЫН ТҮЙІСУЛЕР ХИКАЯСЫ

 Ғарыш пен ғарышкер туралы жалпылама хабары мен тиіп-қашты түсінігі бар көп оқырманның қатарында жүрген кезіміз болатын...  Сол тұста Талғат Мұсабаев та бірінші ғарыш ­сапарынан (01.07 – 04.11. 1994 ж.) оралған. «Жұлдызды қалашықтағы» (Мәскеу) оқшаулану рәсімінен кейін Алматыға араға уақыт салып келді. Ғарышкермен Ғылым Академиясының былғарысы күмпиген диваны тіресіп қойылған тымырсық бөлмесінде отырып сұхбат­тасқанымыз есімде қалыпты. Жан тол­ғанысы өзгешелеу, қызу сезімді Талғат Амангелдіұлымен әңгімелесу сол күні маған өте жеңіл түсті. Тегі мұны дәріс-әңгіме дегенім жөн шығар. Сәлден соң мен де бейне ғарыш кемесінің бортинженерімен бірге апатты модульдің ішінде бар ауыртпашылық пен адам айтқысыз қиындықты теңдей бөлісіп жүрген жандай сезіне бастадым...

Әдетте, ғарышкерлер кеңістікке шыққан бетте сондағы Жер шарын шыр айналып ұшатын орбиталық «Мир» стансасына барып түйіседі. Ол станса жерден әрбір уақыт кезеңінде ғарыш кемесі арқылы жеткізілген модульдердің құрамасы – бірі ­лаборатория, бірі асхана, бірі демалатын орын дегендей, айқыш-ұйқыш біріккен конструкциялық құрылым. Осынау модульдер құрамасына жетіп ойдағыдай түйіскен  бортинженер Талғат Мұсабаев мінген «Союз ТМ-19» (командирі Юрий Маленченко) кемесінің соңынан жоспарға сай екі тәуліктен соң азық-түлік, су, ғылыми тәжірибеге қажетті құрал-жабдықтар тиелген  жүк-көлік-қатынас кемесі келіп жетеді.

Әскери-барлау мен ғылыми-зерттеу ілімдерін мансұқ еткен кеңестік-ресейлік «Мир» ғарыш ­стансасына (1986-2001 ж.ж) «жерліктердің» ­апталап, айлап, жылдап  қоныстанып, тоқтаусыз барып-келіп жататын 90-шы жылдардың басы. Ыдыраған кеңес өкіметі мен тәуелсіздік алған барлық бұрынғы республикалар ақпараттық технологиялардан – былайша айтқанда компьютерден құралақан, түгі жоқ кезең. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, атақты әскери сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровтың «Дыбыстан жылдам ұшақтарды америкалықтар ­компьютер арқылы ­ұшырып-қондырып жүргенде, біз бәрін де қолмен атқарып жаттық» дейтіні бар емес пе?! Сондай «қолмен басқарылып» жүрген күрделі ғарыш аппаратының тозығы жетіп, «шаршай» бастаған тұсы екен. Горбачевтік «қайтақұрудың» екпінімен не бары үш жылға арналып жасақталған «Мир» орбиталық стансасының қызмет өтілі 13 жылға созылып бар жатқан.

«Ғарышты басқару орталығы (ҒБО) «Союз ТМ-19» экспедициясының  ұшуын басқарудың математикалық жаңа нұсқасын жасаған» дейді Мұсабаев. Өкінішке орай, сол бағдарлама «Прогресса М-24» жүк кемесі стансаға 150 метр жақындағанда сыр берді. Салмақсыздық жағдайында секундына 7,7 км жылдамдықпен ұшатын ғарыш стансасына сондағы жүк кемесінің алғашқы түйісуге жақындаған сәтін көз алдымызға елестетейік: «Оқиғаның бұлай боларын күтпегем. Жүк кемесі түйісетін негізгі отсектен жанай ауытқып келіп мен отырған модульге соғылды. ­Модуль ғана емес, күллі станса дір етті. ­Содан... көз алдымда екі ­аунап түсіп, кеңістікке кетті. Егер жанай келмей тікелей соққанда, мен отырған ­модуль стансаға түйіскен жерден үзіліп, ішіндегі мен де ғарыштың микро-қоқыс бөлшегіне айналып кете ­баратын едік?» «Қорықпадыңыз ба?» «Әрине, қорқынышты. Алайда біз, ғарыш кемесіне жайғасқан сәттен ­бастап, басымызды бәйгеге тігетіндер тобынанбыз ғой. Бағдарламаға бағынбай кеткен жүк кемесі Жер шарын қайта айналып келгенше күттік...» Екінші кезекте де қиыс кеткен жүк кемесін тек үшінші ретте телеоператорлық басқару жүйесі арқылы түйістірген бортинженер Мұсабаевтың ғарышта жасаған бұл бірінші ерлігі еді.

Алда экипажды бұдан да күтпеген оқыс оқиға тосып тұрған....

 ҒАРЫШТАҒЫ ТАС-ТҮНЕК,

БАЙЛАНЫССЫЗ БЕС ТӘУЛІК

 Жүк кемесін стансаға әупірімдеп жалғаған Маленченко мен Мұсабаев және Жерге қайтып кеткен бұрынғы экипаждан қалып қойған дәрігер ­Валерий Поляков стансадағы тірлігін тәп-тәуір бастаған сықылды да еді. Осы екі ортада кемеден тыс ашық кеңістікке екі мәртеден шығып үлгерген кеме командирі мен бортинженер, сырттағы төтенше жағдайдан туындаған ақау-тетіктерді жөнге келтіріп, антенна-қанаттарын құлаштап жайып үлгерген.

 «Бәрі де құрамында Александр Викторенко, Елены Кондакова, неміс ғарышкер-зерттеушісі Ульф Меирбольд мінген «Союз ТМ-20» экипажының «Мир»-мен түйіскен (06.10.1994 ж.) күнінен басталды. Стансадағы жұмсалатын энергетикалық қуат күші бірден екі есеге артты. Бәрі  Ұшуды Басқару Орталығының (ҰБО) сауатсыз іс-шараларының кесірінен орын алған оқиғалар. Төтенше жағдайда ғарыш кемесі орбиталық стансадан ­автоматты режимде бөлініп Жерге бағыт алуы тиіс. Өкінішке орай, біз шырт ұйқыда жатқанда апатты дабыл қағылды. Тас қараңғы. Стансадағы күннен қуат ­алатын «Блок 800» аккумуляторлық ­батареясы түгелдей істен шыққан...»

Мұсабаев шапшаң түрде ашық кеңістікке киетін скафандарындағы аккумуляторды іске қосып ақаулы тетіктерді іздей бастайды. Уақыт ­оздырмай Маленченко да дәл осындай ғарыштық костюмдегі аккумуляторын іске қосады. Қуат көздері болмағандықтан отсектердегі ауа ­тазартылмай, салмақсыздық жағдайында ұшып жүретін қалдықтарды сорып алатын ­аппарат тоқтайды, ғарыш­керлердің терең ­тыныс алуы қауіпті. Тек қана суық тамақ ішуге тура келді. Ең қатерлісі, Жермен – ҰБО-мен байланыс жоқ. Тас-түнектегі айқас бес күнге созылды. «Мир» орбиталық стансасының барлық бұрышында, отсектерінде соншама жыл жиналған металл сынықтары мен жабдық қалдықтарына сүріне жүріп, 80 килограмдық үлкен аккумуляторларды пультке жақындату да оңайға соқпады. Кеңестік-ресейлік ғарыш тарихында бұрын-соңды мұндай тосын оқиға кездеспеген. Талғат Мұсабаевтың қазақстандық бағдарламаға сәйкес алып шыққан әуесқой радиостансасы осындай қысыл-таяң сәтте, алдымен Алматымен, одан соң Мәскеумен сөйлесуге жарады. Талғат Мұсабаевтың Рига азаматтық авиация институтында бірге оқыған курстасы Олег Кианның радиостансасы шын мәнінде кәдеге асты. Ұшуды Басқару Орталығының сондағы шексіз қуанышында ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес-тін!

Тозығы жеткен осы кемеде алғашқы күннен көзсіз ерлік жасағандар ­туралы «Роскосмос» ғарышты басқару орталығы кейін тіркеген тарихи құжатта «Өзге экипаждар алты айда атқармаған күрделі істі Юрий мен Талғат төрт айда тап-тұйнақтай етіп аяқтап шықты. Ғарыш тарихында алғаш рет, алғаш рет...» деген қанатты сөз қалды.

Ғарыш зерттеуге құлай берілген Талғат Мұсабаев түпсіз кеңістікке жасаған бірінші сапарынан кейін экипаж командирі ретінде екінші рет ұшуға бел байлады. Өйткені алда  Тоқтар Әубәкіров бастаған «Қазақстан-ғарыш» жобасы ғылыми зерттеулері бағдарламасының үшінші сатысы кезек күтіп тұрды. Алайда қазақ ғарышкері үшін ендігі жерде Қазақстанның атынан ұшуға мүмкіндік мүлдем жоқ еді. «Роскосмос»  талабы – ғарышқа қайта ұшқысы келсе, қазақ ғарышкері ­Ресей азаматтығын алуы тиіс! Талғат Мұсабаевтың өзі тосыннан қойылған азаматтықтың этикалық нормаларды мойынсұна алмай, екіұшты ойда жүрген. «Сен қазақсың, қазақ болып қаласың, бірақ Қазақстанның қолға алған ғарыш бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыру үшін бұл шарттарды орындауға тиіссің» деген Елбасының бірауыз сөзі Мұсабаевтың ғарыштық екінші сапарына – кеме командирі ретінде ұзақ мерзімге ұшуына жол сілтеді.

Ғарышта барлығы 341 тәулік  09 сағат 46 минут 41 секунд болған Талғат Мұсабаев ашық кеңістікке 8 рет шығып, 43 сағат 46 минуттык көрсеткішке қол жеткізді. Бір ғана экспедициялық сапарда ашық ғарыш кеңістігінде 24 сағаттан астам  уақыт өткізгені үшін оның есімі Гиннестің рекордтар кітабына енді.

 

ТУРИСТ ТИТО МЕН

«№1 ТӘРБИЕШІ»

ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ

 Тұңғыш ғарыш турисін – америкалық миллиардер Деннис ­Титоны кеңістікке алып шығу біздің талантты ғарышкерімізге бұйырды. Іріктеу комиссиясының шешіміне сай таңдау – ең таңдаулылар арасында бірінші болғандықтан да Талғат Мұсабаевқа түсті. Үшінші сапардың да өз жауапкершілігі басым-тын.

Бұл арада америкалық туриске қатысты НАСА мен «Роскосмос» арасында  «қырғиқабақ» қатынастары туралы айтпаса тағы болмайды. Ақтық демі таусылып Тынық мұхитына батқан «Мир»-дің орнын бүгінгі таңда Халықаралық Ғарыш Стансасы (International Space Station – ISS ) бас­қан. Жобаға әлемнің  23 мемлекеті қатысады. АҚШ Конгресі біріккен бұл жобаға о бастан (1993 ж.) қарсы (215 қарсы, 216 жақ) екенін айта келіп, соған қарамастан америкалықтардың стансада басымдыққа ие екенін және айта кеткеніміз жөн шығар. Оның үстіне, ресейліктердің ХҒС-ын салуда Америка жағынан несие алып қойғаны бар... 60-шы жылдардағы екі еларалық бәсекелестікке ұмтылған. Ғылыми сарапшылар бірауыздан стансаға адам ұшырудан гөрі навигациялық, метеорологиялық, әскери мақсаттағы жер серіктерін ұшыру, тіпті роботтық техниканы пайдалану әлдеқайда қаржылық үнем жасар еді дейді. Көлемі футбол стадионындай  (109м х 73м х 27м), салмағы 417 тонна стансада өзге елдермен салыстырғанда басымдыққа ие байырғы екі бәсекелестің арасын қазір ғарыштық беларқа темір фермасы ғана бөліп тұр. Америкалықтар сол себепті де, ресейліктердің ғарыштық менеджменттегі жасаған «туристік тосын сыйын» дұрыс қабылдай алмай дал болған.

...Ұшардың аз алдында жүрегі сыр берген Тито «тәрбиешісі» Талғат Мұсабаевтың дәрігерлік көмегімен жөнге келеді. Одан Халықаралық ғарыш стансасына енген бойда басын люкке ұрып оңдырмай жарақаттап алған ­Денниске тағы да тәлімгері Мұсабаев асқан біліктілікпен медициналық көмек көрсетеді. Ғарыш кеңістігінде орын алған төтенше жағдайда көрсетілген дәрігерлік көмек, ол – фантастика! Жерге аман-есен оралған бетте АҚШ-тың ғарышкер-азаматына айналған Деннис Энтони Тито жаны қысылғанда екі мәрте дем берген, аман сақтап қалған  Талғат Мұсабаев туралы ет-жүрегі елжіреп, «Бәрі де менің №1-ші тәрбиешім, тәлімгерім Талғаттың арқасында жүзге асты!» деп  Жер-жаһанға жар салды.

Осы орайда.... Қазақстанның ғарыш бағдарламасына сәйкес әрі Мәскеудегі ғарышқа ұшу орталығының толық құқықтық мүшелері ретінде 2008 жылы қазақстандық әскери ұшқыштар  Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетовтың есімдері алдағы жылғы ұшу бағдарламасына енгізілген. Шешуші сәтте «ауылы аралас, қойы қоралас жатқан» «Роскосмос» қазақстандық бір ғарышкердің ұшуы үшін 30 миллион АҚШ долларын талап етті. Ол ғарыштық тұңғыш ­турист, америкалық миллиардер ­Деннис Титоның ұшу сомасынан (20 миллион доллар) да асып түсті. Ақыр аяғында 2009 жылы «Қазғарыш» басшысы – генерал Талғат Мұсабаев «қаржы тапшылығына байланысты Қазақстан үкіметінің ғарышкерін ұшыру мәселесін күн тәртібінен алып тастайтыны» туралы батыл мәлімдеме жасады. Уақыт жылжып өте берді. Көзі қарақты оқырманның бәлкім, есінде де болар, Қазақстан делегациясының құрамында Қытайға барған сапарында «Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаев  қытайлардың қазақ ғарышкерлерін ғарышқа ұшыруға бек дайын екені ­туралы бір қызық әңгіме айтып қалды...

Көп кешікпей, яғни 2015 жыл­дың 2 жұлдызында Айдын Айымбетов ресейлік ғарыш кемесімен Халық­аралық ғарыш стансасына он күндік сапарға жол тартты. Келісім бойынша ХҒС-на бұл сапар қазақ ғарышкері үшін 1 миллиард 100 миллион рубльге түскені де ашық айтылды. Алғашқы екі ғарышкеріміз де қазақстандық ғылыми тәжірибесін кеңестік-ресейлік «Мир» ғарыш стансасында өткізген болса, Айдын әлемнің 14 мемлекетінің қаражатымен салынған ХҒС  стансасында  ұлттық ғылыми тәжірибе бағдарламасын жалғастырып қайтты.

Айтылмаған, айтылмайтын ғарыш сыр­лары мен құпиялары көп. Бірақ Талғат Мұсабаев сынды қазақ баты­рының табанды іс-әрекеті сала­ның қай қалтарысында болсын әркез мен мұндалап тұратыны және шындық.

 «KAZSAT» ҚАЙТАРҒАН

40 МИЛЛИОННЫҢ

ҚҰНЫ-АЙ, ШІРКІН!..

 Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш ­саласына қатысты тарихының жаңа парағы 2006 жылдың 18 маусымы күні ашылды. Осы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық тұңғыш «KazSat» жер серігі ұшырылды. Аса маңызды тарихи салтанатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты. Қараша айында «KazSat» жер бетіне жиілетіп телехабарлар тартып, жедел интернет-коммуникациялық қызмет үлгілерін көрсете бастады. 2007 жылдың аяғында да қазақстандық жер серігіне жоспарланған жұмыстың 70 пайызы жүктеліп, ақаусыз әрі  қалыпты жұмыс істеп тұрды. Соған қарамастан, келер жылдың басында, анығырақ айтқанда 2008 жылдың 10 қаңтарында «KazSat» аппараты алғаш рет ұшу ­орбитасынан ауытқып, коммуникациялық байланысында іркіліс пайда бола бастады. Сол кезде Қазақстан операторлары жер серігімен он сағат бойы байланысқа шыға алмай әжептәуір әуреге түсті. Қазақтың өзі- өз болғалы «тұңғыш» деп жария еткен жер серігі ғарыштағы қызметімен аяқ астына осылайша қош айтысты.

Үкіметтік дәрежеде құрылған арнайы комиссия қазақстандық күллі елдің назарын өзіне аударып үлгерген жер серігінің бойындағы бар техникалық кінәратын зерттеп қана қоймай, халықаралық сақтандыру компанияларынан өтемақы қайтарып алу жайын табанды түрде талап ете бастады. Германия, Франция, ­Англия, Америка Құрама Штаттары және ­Жапония секілді ірі мемлекеттердің атын жамылған барлығы 23 сақтандыру компаниясы комиссия назарына ілінгенімен, бастапқыда бойларын ала қашып, сөзбұйдалыққа салды. Ұзаққа созылған дәлелдеулер  мен ақиқаттар айқасының ақырында  ­Лондонда өткен ақтық мәжілісте, яғни, 2011 жылдың тамызында, тиын санаған сақтандырушылардан Қазақстан жағы 40 миллион АҚШ долларының үстінде  жер серігінің шығыны үшін өтемақы қайтарып алды.  

Көп кешікпей, Қазақстандағы  ғарыш саласын игерудің негізін қалаушылардың бірі – Халық Қаһарманы, Ресей Батыры, ғарышкер-ұшқыш, авиация генерал-лейтенанты, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Аманкелдіұлы Мұсабаев алғашқы жер серігіміздің қысқа өмірі туралы өзінің пікірін кәсіби тұрғыда ашық білдірді. Сөзді бұлталақтатпастан бірден жер серігінің ғарыштағы қызметінің мерзімінен бұрын аяқталуына Қазақстан ­Республикасы Ұлттық инновациялық қоры мен Ресей Федерациясының  Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибесіздігі елеулі түрде әсер еткенін жариялады.

Қазақстан мемлекеті алғашқы жер серігінің сәтсіздіктері үшін  сақтандыру қаражатын қайтарып алардың аз ғана алдында кезекті «KazSat-2» ғарыштық жобасын әзірлеп қойған екен. Тіпті «шешінген судан тайынбас», сол тұста Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігінің «KazSat-3» жобалаушыларына халықаралық байқау жариялағаны туралы да жан-жаққа хабарланып  үлгерілді. 2011 жылдың  16 шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан рет саны бойынша екінші кезекпен қазақстандық «KazSat-2» жер серігі аппараты ғарышқа ұшырылды. Араға үш жыл салып, яғни 2014 жылдың 28 сәуірі күні «Байқоңыр» космодромының №81 алаңынан «Протон-М» зымыран тасығышына тиелген «KazSat-3» жер серігі аппараты орбитаға шығарылды. Атап өтер бір жайт – қазақстандық ғарыштық бұл аппарат 176 миллион АҚШ долларына сақтандырылған. Бүгінгі таңда әлемдік әйгілі ғарыштық 25 елдің қатарынан ойып тұрып өз орнын тапқан Қазақстан Республикасы өз жер серіктерінің қызметін де, қызығын да көріп отыр деп толық айта аламыз.

Сандық және жер серіктік теледи­дардың «Қазтелерадио» АҚ ұлттық операторы OTAU TV жерсеріктік теледидарының абоненттері отандық «KazSat-3» жер серігі аппаратының қызметін хал-қадерінше пайдаланып келеді. Көрермен SD, сондай-ақ HD арналарының ерекше мүмкіндігін иеленіп отыр. Ғарыш кеңістігінде Жер шарын айналып ұшып жүрген жер серіктерін Нұр-Сұлтан маңындағы «Ақкөл» республикалық ғарыштық байланыс орталығы бақылап отыр. Ол ол ма, қазақстандық ғылыми жинақтау кешені Қазақстан ғарыш аппараттары мен жер серіктерін жасау мен оны пайдалану ісінде де бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Аумақты бұл шаралардың барлығында да Талғат Мұсабаевтың қолтаңбасы тұр. Көк пен жердегі ол жасаған өрлік пен ерліктің шынайы үлгісі.

***

Ғарыш сапарынан міндеттелген тапсырмаларды ойдағыдай орындап, Жерге аман-есен оралған қазақтың үшінші ғарышкеріне ­Айдын ­Айымбетовке Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев  «Халық Қаһарманы» атағын әдеттегідей өз қолымен тапсырды. Салтанатқа даңқты ғарышкерлеріміз – Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев қатысты.  Ғарышкерлер Президентпен қатар тұрып суретке түсті. Телеарнаның алғашқы төте жазбасынан  Нұрсұлтан Әбішұлының «Енді үшеуің бірге суретке түсіңдер!..» деген жайдары дауысын естідік.

Алдында ғана Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның әлем ­бойынша ғарыш кеңістігін бағындырған азаматтарының саны үшеуден кем емес 9 елдің  бірі болғанымызға назар аударған еді. Президенттің ­бейнекамера алдында ғарышкерлерге жасаған әлгі ұсыныс-ишарасын «Сіздердің істеріңіз болашақта халықаралық ғарыштың ынтымақтастық аясында жалғасын табады. Сондықтан да алдағы қызметте ынтымақтаса жұмыс істеңіздер» ­дегенге астарлы ғибратқа саяды-ау деген терең ойда қалдық...

 Талғат СҮЙІНБАЙ

АЛМАТЫ

 

4751 рет

көрсетілді

213

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы