• Тұлға
  • 07 Қаңтар, 2021

ҮШ КЕЗДЕСУ

Бірінші кездесу

1982 жылдың қыркүйек айының соңғы күндері еді. Алматы әдеттегідей жаздың ыстығынан әлі де болса арыла алмаған кезі-тұғын. Баспа және полиграфия істері жөніндегі комитетке қарасты «Кітап жаршысы» газетінде аға редактор болып қызмет істеп жүрген кезім. Жұмыста отыр едім, телефон шыр ете қалды. Жарым Құралай екен: «Сайлау, ­Медеуге қарай кетіп бара жатқан жол бойындағы «Самал» деп аталатын кафеге тез арада жет. Шыңғыс аға ­Айтматовпен кездесу өткізіп жатырмыз» деді. Таксиімді ұстай сала, Медеу жақтағы «Самал» кафесіне тартып отырдым. Таксиден түсіп, кафеге келдім. Олар бір топ адам сырттағы дастарқан басында отыр екен.

– Ассалаумағалейкүм, Шыңғыс аға, – деп қос қолымды ұсындым.

– Уағалейкүмассалам, – деп қолын берді. Алақаны жұп-жұмсақ, ыстық екені бірден сезілді. Тұла бойыма от жүгіріп өткендей әсер алғанымды байқадым. Қасындағы бос орындықты көрсетіп, Шыңғыс аға маған ишарат білдірді. Өзара жақсы әңгіменің ортасына түскенімді бірден сезіндім.

Қарсы алдымдағы жас жігіт ­бұ­рыннан маған таныс – Болат ­Есекин деген азамат. Ортаазиялық Ай­мақт­ық Экология орталығының жаңа сайланған директоры болатын. Оң жағын ала отырған жары – Гүлнар Нұрғалиева, одан кейін отырған менің жарым – Құралай Кәрібаева, Болаттың сол жағында айбынды ана мен жас қыз отыр.

Болат бірден:

– Шыңғыс аға Төрекулович, қасыңызға келген ағамыз – Құралай Нуханов­наның жары, сіздің ­жо­лыңызды қуып келе жатқан ақын-журналист Сай­лаубай Тойлыбаев, – деп орысша таныстырып өтті.

Одан кейін қарсы алдымда отыр­ған ана мен жас қызды маған ­таныстырды. Ақтоты Райымқұлова, қасында отырған анасы екен.

Жайылған дастарқаннан дәм тата отырып, қызу әңгіменің ортасына түсіп кеттім. Әңгіме арқауы – әлемдегі экология жайлы, оның үстіне Орта Азиядағы мемлекеттердің экологиялық хал-ахуалы. Шыңғыс аға өз ойын ортаға салып, болып жатқан проблемалар жайын терең қозғады. Бұл кісі неге экология мәселесін қозғап отыр ­десем, Шыңғыс Төреқұлұлы осы Орта Азиялық Аймақтық Экологиялық Орталықтың басқару Кеңесінің Президенті екен. Жазушы ретінде Шыңғыс ағаның кез келген шығармасында экологиялық проб­лемалар баса жазылып, алғышарт ретінде көтеріліп отыратыны да сондықтан болса керек. «Жәмила», «Қош, Гүлсары!», «Ақ кеме» повестерімен қоса «Жан пида», орыс тілінде жарық көрген «Тавро Кассандры», соңғы жазылған «Когда падают горы» романдарында экология мәселесі терең жазылып, адам мен табиғаттың арақатынасын ашып, айқындап суреттейтіні де сондықтан. Әрине, арасында әлем әдебиетіне байланысты әңгімелер де қозғалып отырды.

Бір байқағаным, Шыңғыс аға ­сабырлы да салмақты жан екен. Көбінде өзі сөйлеп қана қоймай, ортаға ой тастап, басқалардың да ой-пікірін тыңдауды жақсы көретінін сезіндім. Үні қоңыр қаздай әсерлі шығады. Сөзін жұтып қоймай, нақты жет­кізіп отырады. Тіптен өзінің қырғыз тілінде де әңгіме арасында сөйлеп, толықтырып отыратыны, ана тілін жоғары бағалайтынын байқатты.

 Екінші кездесу

Алматының іргесіндегі «Қарғалы» шипажайында Ортаазиялық Аймақ­тық Экологиялық Орталықтың бас­қару Кеңесінің үлкен жиыны болып, сол жиынды төраға ретінде ­Шың­ғыс аға жүргізді. Орта Азиядағы бес мемлекеттің экологияға қатысы бар министрлері мен сол елдерден келген өкілдер бас қосыпты. Оған қоса Ақпарат құралдарының журналистері де шақырылған екен. Кеңейтілген дөңгелек үстел басында әр елден келген өкілдер экология саласындағы өз проблемаларын ортаға салу үшін жиналғандарын баса назарға ала отырып айтты.

Басқосудағы ортақ әңгіме қызу тал­қыға ұласты. Әр республикада­ғы ше­шілмей жатқан экологиялық мәселелер айтылып, соның шешу жолдарын жан-жақты қарастырды. Арал мәселесі, Семейдегі поли­гонның әсері, сонымен бірге таби­ғаттағы тылсым күштердің болып жатқанын айтса да жеткілікті. Кезін­дегі Алматы апортының бүгінгі хал-ахуалы, оның тұқымы мен сорт­ының сиреп, жойлып бара жат­қаны сөз болды. Әсіресе Алматы қаласының проблемаға айналған таза ауасын қалай тазартып, қалпына келтіру мәселелері айтылды. Жиында Шыңғыс аға белсенділік танытып, көп мәселенің түйінін шешуге болатынын баса назарға салды.

Басқосу толық аяқталып біткен соң, Шыңғыс ағамен жеке қалып, бір-бір құтыға құйылған кофемізді іше отырып, әңгімеге кірістік.

– Қазақстан ақын-жазушылары арасынан етене араласқан қалам­герлеріңіз кімдер? – деп сұрадым.

– Әуелі – Мұхтар Әуезовтен бас­тайын. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхаң «Жәмила» повесімді тұңғыш рет жастар газеті «Лениншіл жас» газетінің бетінде жариялауға қол ұшын берген сүйікті жазушым. Осыдан кейін менің жазушылық өмірімде жаңа бір бетбұрыс басталды. Жазушылық жолға түсуіме жол ашылды. Мен үшін Мұхаңның ұлылығы, таным парасаттылығы айрықша еді. Бұл ешқашан ұмытылмайтын, ұмытуға болмайтын жағдай. Одан кейін қазақтың қарымды қаламгері – Қалтай Мұхамеджановты айтар едім. Біздің бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» драмалық шығармамызбен қоса «Ана – Жер-Ана», «Арманым, Әселім» пьесаларым, «Ақ кеме» повесімді қазақ тіліне аударған жазушы Қалтай болатын. Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қазақтың біртуар дарынды тұлғасы Әбіш Кекілбаевты осы қатарға қосар едім. Шығармаларын сүйіп оқитын жазушым. Орны бөлек жақсы көретін тағы бір жазушым – Шерхан Мұртаза. Бұл жазушымен де тығыз байланыста болдым. Өйткені менің «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларымды қазақ оқыр­манына жеткізген шебер жазушы. Тағы бір айтарым, қазақтың тарланбоз ақыны – Мұхтар Шаханов. Қырғыз елінде елшілікте қызмет істеп жүрген сәттерінен жақын араласып, дәмдес болып жүрген бір жағы інім, бір жағы досымдай болған азамат. Біздің бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабымыз жұртшылықтың көңілінен шыққан тәуір дүние болды. Кейін де көп сыншылар шығарманың ерекшелігін атап, ­жазып та ­жатты. Бұл қуанарлық жайт еді. Одан кейінгі жас жазушылардың арасынан оза шапқан ­талантты ­жазушы-драматург Рақымжан ­Отарбаев. Оның шығармаларымен Қырғыз елшілігінде қызмет істеген жылдарынан бері жақсы таныспын. «Абай соты» драмасын қырғыз сахнасына шығаруға менің ық­палым болғанын жасыра алмаймын.

Жалпы мен бұл жерде қазақ ақын-жазу­шыларын бір-бірінен бөле жарып айтып тұрғаным жоқ. Көбінің шығармаларымен жақсы таныспын. Өйткені төскейде малы, төсекте басы қосылған «қазақ-қырғыз бір туған» деп бекер айтпаса керек-ті. Шыңғыс ағаның мына бір сөзі есімде қалып қойыпты: «Биз дүйнөну өзгөрттук, бизди дүйнө өзгөртту» деген сөзі. Түсінген адамға философиялық терең ой, терең мағына жатыр.

Дәл осы сәтте менің қолымда Шыңғыс ағаның Мәскеуден басылып шыққан орыс тіліндегі шығармалар жинағының 7 томдығы бар еді. Сол мезетте кітапты ұсынып, Шыңғыс ағадан қолтаңба ала қойдым. Қолтаң­басын жазып болып Шыңғыс аға:

– Сайлаужан, мына қолымдағы қаламды өзіңе сыйға тартамын. Шығарма­шылық табыс тілей отырып, жазарың таусылмасын, қарағым, – деп қолыма ұстатты. Кейіннен толғанып жүріп, «Қастерлі қыл қалам» деген өлеңімді жаздым.

Сол кездесуден кейін дүниеге ұлым келіп, атын Шыңғыс деп қойдық.

 Үшінші кездесу

2005 жыл. Тұңғышымыз ­Наз­гүл­дің ұзату тойының дайынды­ғымен жүр едік. Осы тойға Шыңғыс ағаны да шақырдық. Ол кезде Шыңғыс аға Люксембургте Қырғыз Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқаратын. Шыңғыс аға шақыртуымызды қабыл алды. Той жақсы өтті. Алғашқы сөзді академик, Мемлекеттік сыйлық­тардың лауреты Еділ Ерғожин айтты. Одан кейінгі сөз Шыңғыс ағаға берілді. Шыңғыс аға жақсы тілек айтып, екі жасқа батасын берді. Ертесіне Шыңғыс ағаны Люксем­бургке шығарып салдық. Бұл Шыңғыс ағамен соңғы кездесуіміз екенін біз білген жоқпыз.

 Сайлаубай Тойлыбаев,

ақын, халықаралық «Алаш»

сыйлығының иегері

968 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы