• Қоғам
  • 07 Қаңтар, 2021

СЕНАТОРЛАР БІЛІМ САПАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Динар Нүкетаева, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Сұлтанбек Мәкежанов, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсенбинов Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне жұмыс сапарымен ­барып, оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысып, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми-өндірістік орталықтардың басшыларымен, оқытушы-ғалымдармен кездесті.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­­верситетінің басқарма төрағасы – ректор, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов қонақтарға ­университетте атқарылып отырған ауқымды жұмыстар барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сенаторлар аграрлық сала мамандарымен бірге Мемлекет басшысы айқындаған міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ауылшаруашы­лық өндірісіне IT-технологияларды енгізу, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пай­далану, инвестиция тарту және ауылшаруашылығына білікті мамандар даярлау ісін дамыту мәселелерін талқылады.
Жұмыс сапары аясында Сенаторлар Нидерланды корольдігінің Вагенинген университетімен жұмыс жөніндегі институттың және Францияның Монпелье университетімен бірлескен сүт және сүт өнімдерінің референттік зерт­ханасының ашылу рәсіміне қатысты.
Қазіргі уақытта Вагенинген уни­верси­тетімен жұмыс жөніндегі институтта «Ветеринариялық-тағам қауіпсіздігі және технологиясы», сондай-ақ «Өсімдіктер мен технологиялар туралы ғылым» бағдарламалары бойынша 100 маман ­даярлануда. Референттік зертхана сүт және сүт өнімдерінің сапасын талдаумен айналысады. Онда ауыл кәсіпкерлері өндірген өнімдерінің сапасы бойынша сертификат ала алады.
Депутаттар, сонымен қатар агроөнер­кәсіптік кешеніндегі үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеуді іске асыратын Халықаралық Агротехно­логиялық Хаб жұмысымен танысты. Оның құрамында – 7 ҒЗИ, 49 зерттеу зертханасы, АҚШ, Нидерланды, Италия, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, ­Малайзия, Қытай, Ресей, Беларусь және т.б. ғылыми орталықтармен ынтымақтасатын әлемдік деңгейдегі 18 халықаралық зерттеу орталығы бар.
Бүгінгі күні университет АҚШ, ­Еуропа, Тынық мұхит аймағы елдерінің жоғары оқу орындарымен қос дипломды 11 бағдарламаны сәтті жүзеге асыруда. Жер және климаттық хабтар құрылуда. Осы жобалардың барлығына әлемнің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының жетекші ғалымдары тартылуда.


ҚР Ауылшаруашылығы министр­лігінің ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми-өндірістік орталық­тарының ғалымдарымен бірлесіп, ­«БайсеркеАгро» Агрохолдингімен нақты ықпалдасу негізінде ғылыми жобалар бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізілуде.
Қонақтар «Назарбаев білім және ғылым» орталығында болып оның құра­мындағы «Елбасы кітапханасы», «Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы, «Рухани жаңғыру» гума­ни­тарлық зерттеу­лер орталығы, «О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гу­манитарлық білім және тәрбие институты», «Достық» студенттік ­ассамблеясы жұмысымен танысты.
Осы танысулардан соң Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенатының ­де­пу­таты Нұртөре Жүсіпке жолығып, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­верси­теті­нің қа­зіргі таңда білім беру ісіндегі атқа­рып отыр­ған ізденістері туралы ойын біл­ген едік.
– Негізі бұл оқу орны тарихи білім ордасы. Өзінің тоқсан жылдан астам тарихында талай тұлғаларды тәрбиелеп шығарды. Талай агроном, ветеринар, экономист, инженер осы оқу орнын бітіріп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі шаруашылықтарда қызмет етіп, кейін аудан, облыста әкім болып, Үкімет құрамына кірген тұлғалар да шыққан. Мен мұнда көптен бері болмап едім, көп жаңалықтары бар екен. Әсіресе білім беру ісінде жаңа технологияларды барынша енгізіпті. Бұл ретте шетелмен байланыстарды мейлінше дамытыпты. Жапония, Нидерланды, Белоруссия мемлекеттерінің ауылшаруашылығы саласындағы озық оқу орындарымен байланыстары жақсы жолға қойылыпты. Соның нәтижесінде магистранттары мен докторанттары ғылыми жаңалықтар ашуда екенін байқадық. Мәселен, Қайсар Қазыбайұлы деген докторант қысқа уақыттың ішінде тәжтәжалға қарсы екі вакцина шығарған. Оны өзінен бастап, әріптестері ектіріп, оң нәтижесін байқаған. Бұл үлкен жетістік.
Осындай жетістіктердің нәти­жесінде 2020 жылдың 23 қазанында Үкімет Қаулысымен Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситетіне «Ұлттық зерттеу уни­верситеті» мәртебесі берілген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша оқу орнының ғалымдары 800-ден астам мақала жарияласа, олардың 26%-ы Thomson Reuters және Scopus компанияларының дерекқорына кіреді. Университет Web of Science жариялау қызметі бойынша ғылым көшбасшысына айналған.
– Жүйелі жұмыс нәтижесінде университет 9 халықаралық және Ұлттық рейтингте лайықты орынға ие болдық. Өткен жылы университет үлкен серпіліс жасап, 60 сатыға көтеріліп, 591 орынға шықтық. Ендігі мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингі бар әлемдік деңгейдегі университет деңгейіне көтерілу, – деді, университет ректоры Тілектес Есполов.
Жұмыс сапары барысында сенаторлар университеттегі ауылшаруашылық техни­каларымен де танысты. Онда 50 түрлі, 70 техника қойылыпты. Университет ұстаздары техникалардың мүм­кін­діктерімен таныстырды.

997 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы