• Білім және ғылым
  • 07 Қаңтар, 2021

КЕМЕЛ АДАМ – ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ – ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ

Ғалымқайыр МҰТАНОВ,
ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ ректоры

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тақырыппен маңызы мен мәні зор мазмұнды мақаласы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың үн қосқан мақаласын жариялап отырмыз.

КЕЛЕШЕКТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

 Өткен  жыл – халқымыз үшін ерекше жыл болды. 2020 жыл адамзат ақыл-ойының биігіне көтерілген ұлтымыздың ғұламалары Әбу ­Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына тұспа-тұс келуі рухани дамуымызда еліміз үшін  өте маңызды жаңа кезеңді айқындайды.

Әлемнің және еліміздің дамуына ықпал еткен коронавирус пандемия­сы жаңа дүниежүзілік дағдарысқа әкеліп отыр. Аталмыш індеттің жан-жақты зардабы әлем елдерінің бәрін шарпыды. Бұл қиындықты сарапшылар Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарымен салыстыруда. Пандемия  адамдардың мінез-құлқына, тіршілік ету қалыбына, еңбек ету ережелеріне қазірдің өзінде бетбұрыс әкелді. Сондықтан да әлем өте ірі өзгерістің алдында тұр. Гуманитарлық-технологиялық революцияның іске асуы ­күтілу­де. Яғни адамзат технологиялар­дың арқасында өз дамуының жаңа ­сатысына – техногуманизмге ­көте­рілмек. Техногуманизм гендік инженерия, нанотехнология, ­жа­санды ин­теллект, т.б. жаңа технологиялар негізінде адамды да, әлемді де өзгертпек. Осыған байланысты, жаңа бағытты дұрыс қабылдаған елдер дамып, басқалары солардың шаңын жұтпақ. Уақыт өткен сайын олардың арасындағы алшақтық тым алыс болатынын мамандар дәлелдеп отыр.  Әрі қарай әр елдің қалай дамитыны  дүниежүзінің ұстанған саясатына, қабылдаған іс-шара, жоспарларына ­байланысты. Осы орайда ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында  заман ағымына сай мемлекеттік деңгейде ел  дамуының екі маңызды бағытын  айқындап берді: бірі – ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, екіншісі – экономиканың жаңа құрылымын жасау.

Ендігі алда тұрған негізгі ұлттық деңгейдегі мәселе – осы екі бағытты біріктіру арқылы  Қазақстанның жаңа кезеңдегі даму моделін құру. Өйткені бұл бағыттар – бірін-бірі толықтыратын, сонымен қатар бірі біріне дем беретін бағыттар. Осы бағыттар санамызға серпіліс, дамуы­мызға серпін беретіні анық.

Дамуымыздың жаңа кезеңі бол­ған жағдайларды қоғамдық, әлеумет­тік-психологиялық, экономикалық тұрғыдан сана сүзгісінен қайта ­өт­кізіп, келешектің көшін түзеуімізді  қажет етеді. Бұған дем беретін және қозғаушы себеп – мерейтойлары аталып өткен ұлы бабаларымыздың рухтары мен ілімдері және әлемдегі қазіргі күрделі  жағдай.

 

Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне отыз жыл толып отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саяса­тының арқасында шекарамызды бекемдедік, ішкі бірлігімізді ­ны­ғайт­тық, жаңа астана салдық, әлемнің барлық елдерінде танымал болдық. Халық нарыққа бейімделіп, жоғары бәсекелестік талаптары бойынша өмір сүре бастады. Ендігі жаңа кезең­де әлемдік көштен қалмай, керісінше, ­Елбасымыз айтқан ең озық 30 елдің қатарына ену. Осы уақытқа дейін халықтың әл-ауқаты­ның көзі материалдық ресурстар болып келсе, қазіргі заманда бұл көз – білім мен ғылымға негіздел­ген, әртарап­тандырылған экономика болмақ.

Осындай ел дамуының жауапты кезеңдерінде елімізді тығырықтан алып шығар жол іздегенде біз ішкі құндылықтарымызға және жаңа мүмкіндіктерімізге жүгінетіндігіміз – табиғи нәрсе.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған әл-Фараби жылына қатысты мақаласында ел дамуының логикалық тізбегі көрсетілді. Ол тізбек ұлы ұстаздарымыз бізге аманаттаған, даму жолына бағыттайтын: кемел адам – қайырымды қоғам – қуатты мемлекет.

Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына арналған мақаласында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміз­дің тарихи жолын сараптай келіп, «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деп халқымыз үшін өте маңызды тұжырым жасады. Біз үшін тәуелсіздігіміз әрқашанда ең қасиетті, қастерлі ұғым болып қала бермек. Алдағы кезеңде де ауыр қиындыққа төтеп береміз деген сенімдеміз.

 

 КЕМЕЛ АДАМ

 Дамудың жаңа кезеңінде ең басты назар аударатын заман талабы – бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастыру.

Әр ұлттың бәсекеге қабілетті ­болуы оның әр өкілінің қабілетіне, кемелдігіне байланысты. Жеке тұлғалардың кемелденуі өздігінен келмейді. Ол алдымен іздену арқылы қажырлы еңбекпен жүзеге асады. Жеке тұлғалардың, қоғамның және тұтас ұлттың жоғары жетістікке жетуінің негізі қажырлы жасампаз еңбекте. Еңбекке деген белсенділік – кемел адамдарға тән қасиет. Тек тынымсыз еңбекпен ғана мақсатқа жетуге болады. Мысалы, еңбек мәртебесі Қытайда мемлекеттік идеологияға айналғанының арқасында ірі дүниежүзілік жетістіктерге жетіп отырғаны баршаға мәлім. Осы тұста Қытай коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Си Цзиннің «Бақытқа тынымсыз еңбек жеткізеді» деген халыққа үндеуінде: «Еңбек – ең кереметтердің, ең ұлы ізгіліктердің бірі... Қытай халқы ежелден-ақ жайдан-жай қол қусырып отыруға және өзгенің еңбегінен рақат, табыс табуға болмайтынын түсінген. Бақыт көктен түспейді және арман өзінен-өзі орындалмайды...Жаңа дәуір кім көп еңбектенсе, соның еншісінде» дегені бұл елде еңбектің мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі орнын нақты айқындайды. Шындығында, соңғы жылдары Қытай елі ғажайып жетістіктерге жетті, таяу арада әлемнің бірінші экономикасына айналмақ.

Әл-Фараби әр адамның жеке басындағы мінез-құлық пен қабілет-қасиеттерді жетілдіре отырып қоғамды да кемелдендіруді айтса, Абай «адам бол» деп халықты кемелдікке жеткізетін нұрлы жолды: «Мақсатым тіл ұзартып, өнер шашпақ, наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» деп, тап басып таныды. «Қалың елі, қазағы» отаршылдықтың соқыр тұманында адасып, не істерге білмей, жұрты жаутаң қаққан тұста, тұйықтан шығарар бағыт-бағдарды айқындап, қазақ ой-танымына теңдесі жоқ ғаламат қозғау салды, ұлы өзгерістер өрісіне бет бұрғызды.

Абай өз кезеңі және өзіне дейінгі кезеңдердегі кемелділікке жеткізер адамдық қасиеттер негізінде дәстүр, ата-баба салтымен бірлікте бола отырып, өркендеуіне көп көңіл бөлді. Кемелділіктің бір келісімі – адамдық парыз. Абай кез келген адамның парызды құрмет тұтып, не екенін түсініп, өмір бойы өзінің адамгершілігіне серіктес етуін қалайды. Парыз – адамгершілікпен астасып жатқан, тамыры бір кемелділікке жеткізер адамдық болмыстың бір сипаты. Абай түсінігіндегі парыз жекеге де, көпке де ізет және қызмет белгісі. Абай адам баласының білім алып, ғылым үйренудегі басты парызы – ұлтқа қызмет ету мүддесімен байланысты болуы керек деп білген.

Кемелдіктің басты белгісінің бірі – білімділік. Әл-Фараби: «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу» дейді. Ұлы Абай өзінің он үшінші қара сөзінде: «...Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез ­деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп нақты көрсетеді.

Ең бастысы, бүгіндегі міндет – ­әл-Фарабидің, Абайдың кемеңгер ойларын жаттап алуды мақсат тұтпай, өмірлік бағдар мен ұлттық идеологияның өзегіне айналдыруға ұмтылуымыз қажет деп санаймыз.

Олар адам тәрбиесі жөніндегі ойларын қоғамдық қарым-қатынастармен байланыстыра жеткізеді. Бізде материалдық құндылықтар мен ­рухани құндылықтардың бір-бірімен байланысын реттеу өз деңгейін­де болмағандықтан, арасы бір-бірінен алшақ. Сондықтан экономи­калық игіліктер мен рухани құнды­лық­тардың бір-бірімен үйле­сіміне жол ашатын халықтық жоба қажет деп санаймыз.

Елімізде материалдық игілікке кенеліп отырған бай-қуатты жеке тұлғалар жоқ емес. Бар. Болашақта олардың қатарында Билл Гейтс, Стив Джобс, Марк Цукерберг, Джек Ма секілді білім мен ғылымда, ­технологияда жаңалық ашып, интеллектуалды қабілетін коммерцияландыру негізінде байығандар да болады деп сенеміз.

Білім мен ғылым, технология – жаңа инновациялық экономиканың негізгі ресурсы. Білімге негізделген экономика, сонымен қатар материалдық емес ресурстар мемлекеттің өркендеуіне серпін береді. Ондай ресурстар рухани зияткерлік құндылықтарымызда. Ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып, заманның ауанына қарай үнемі жаңғырып отыратын рухани құндылықтарымызды ұлықтай білсек, кемел адамдар арқылы ұлтымыздың ­сапасы да көтерілетіні ақиқат.

 ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ

 Әл-Фараби ғұламаның «қоғам мем­лекетсіз болады, ал мемлекет қоғам­сыз бола алмайды» деген сөзіндеөте маңызды заңдылық жатқанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Кейінгі ғасырларда ойшыл Гегель де: «Мемлекет – қоғам қалыптасуының нәтижесі, көрінісі» ­деген болатын. Бұл тұжырым – мемлекеттің қуаты қоғамның қасиеті мен қабілетіне байланысты екенінің тағы бір дәлелі. Яғни қоғам қандай болса, мемлекет те сондай болмақ деген сөз.

Мемлекетті реттеуші, дамытушы күш қоғамда. Өйткені кез келген қоғамда әлеуметтік қатынастар жүйесін қолдайтын және өзін-өзі іштей ұдайы реттеу арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жасампаз дамытушы қабілет бар. Өзін-өзі реттеу арқылы дамудың табиғи үрдісі ғұлама айтқан ізгілікті, қайырымды қоғамға тән.

Қоғам дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда, бір-бірімен үнемі қарым-қатынас арқылы байланысқан адамдар тобы немесе мәдени мұраттары бір және бір саяси билікке бағынған, географиялық мекені ортақ әлеуметтік қауымдастық. Қоғам – адамдардың бірлескен өмірін қамтамасыз ететін әлеуметтік ұйым ретінде әдетте экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани салада өзінің іс-әрекетін жүзеге асырады. Алдыңғы үшеуінің қуаттылығы соңғы төртінші салаға, яғни рухани салаға тәуелді. Өйткені рухани сала адамдардың дүниетанымдық, мәдени, діни, құқықтық, саяси және басқа да көзқарастарын, сондай-ақ олардың көңіл-күйін, мінез-құлқын, өзін қоршаған орта, салт-дәстүр, әдет- ғұрып жөніндегі ұғым-түсініктерін біріктіреді. Сол себепті қоғамда қандай жоғары адами құндылықтар кең тарап, бойына сіңсе, соғұрлым қоғамның өзі де ізгілікте болатыны сөзсіз.

Қазір азаматтық қоғам туралы да жиі айтылады. Ол мемлекеттің дамуына тікелей ықпал ететін азаматтардың қауымдастығы. Ал азамат – белгілі бір қоғаммен, қоғам өмір сүріп отырған мемлекетпен құқықтық байланысы бар нақты адам. Мемлекет оған құқық пен еркіндік береді, ал азамат өзіне міндеттелген жауапкершілікті орындауы тиіс.

Әл-Фараби айтқандай, қоғамның жетілуі оның басшысының және әр мүшесінің бойындағы жоғары адами құндылықтарға ­байланысты. Шындығында, қазіргі уақытта елімізде дамыған азаматтық қоғам қалыптастыру үшін Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қоғам идеяларына қажеттілік туындауда. Ойшылдың: «Қайырымды қоғам – шынайы бақыт және оған жетудің жолдары туралы нақты білігі мен білімі бар әрі сол білігі мен біліміне сай әрекет ететін адамдар қауымдастығы» деген ұлағаты адамзат дамуы үшін бағдаршам болары сөзсіз. Әл-Мәдина әл-Фадила – адамгершілікке негізделген мем­лекеттің үлгісі. Әл-Фараби кез келген әлеуметтік деструктивтілік, зұлымдық пен қатыгездіктен арылудың бірден-бір жолы – қайырымдылықта екен­дігін айтады. Заманымыздың заңғар тұлғасы Олжас Сүлейменовтің: «Жақ­сы өмір ыза мен жек көрушіліктен арыл­ған халыққа тиесілі» деген сөзі де қайырымды қоғамның жасам­паздығын айқындайды.

Әл-Фараби ілімінде қайырымды қала надан қалаға, өнегесіз қалаға, алыс-беріс қала мен адасқан қалаға қарама-қарсы қойылады. Қоғамды ізгілендіру ­жолында ең маңызды іс – еліміздің ­дамуына орасан зиян тидіріп келе жатқан коррупцияны тоқтатып, оның қандай да болсын көрінісін қабылдамайтын, әрі қарай дамуына жол бермейтін орта қалыптастыру міндеті тұр. Алдымызға қойған мақсаттарға жету үшін қоғамдағы көп жасандылықтардан арылып, ұлы бабаларымыз аманат еткен ақиқатты мақсұт ету – барлығымызды ізгі жолға жетелемек.

Қазіргі ақпараттық еркіндік заманында қоғамның жергілікті деңгейдегі мемлекеттік сұрақты шешуде алатын орны ерекше. Мысалы, азаматтар әлеуметтік желілерде жер мәселесіне, Алматы қаласында заңсыз ағаш кесілуіне, әліппе мәртебесіне қатысты өз пікірлерін білдірді. Соның нәтижесінде көтерілген мәселелер тиісті жолмен шешілді. Демек, қоғамның белсенділігі мемлекеттің де халық үніне құлақ асуына тікелей ықпал етіп отыратындығының бір дәлелі осы.

Қоғамның әр саласы – қоғамдық-саяси, қоғамдық-кәсіби, үкіметтік емес ұйымдар және де соңғы кезде қарқынды дамып жатқан әлеу­меттік жүйедегі қоғамдастықтар өз жұ­мысында Абай мен әл-Фараби көрсеткен жоғары адами құндылықтарды негізге алып отырса, әрине, қоғамымыз әділ де қайырымды болатыны сөзсіз. Ұлы бабаларымыздың «кемел адам», «қайырымды қоғам» ілімдері тек қана бір ұлттың еншісі емес, олар бүкіл адамзатқа ортақ. Осы мақсатта Қазақ ұлттық университеті ЮНЕСКО-ның мәдениеттерді жақындастыру орталығымен бірлесіп Еуразия уни­верситеттерінің «әл-Фараби – Абай» халықаралық жобасын іске асыруда.

Ұлы бабаларымыз айтып кеткен ұлағаттарды жас ұрпақ бойына неғұрлым молырақ сіңірсек, соғұрлым ұлтымыздың болашағы да зор болмақ. Адам сапасын, оның білімі мен біліктілігін көтермей, қоғамды ізгілендірмей, қуатты мемлекет құрудың мүмкін еместігін уақыттың өзі көрсетіп отыр.

 

Гуманитарлық-технологиялық революцияның іске асуы күтілуде. Яғни адамзат технологиялардың арқасында өз дамуының жаңа сатысына – техногуманизмге көтерілмек. Техногуманизм гендік инженерия, нанотехнология, жасанды ин­теллект, т.б. жаңа технологиялар негізінде адамды да, әлемді де өзгертпек.

 

 ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ

 Мемлекеттің атқаратын қызметі әскери қорғаныс, құқықтық, әлеу­мет­тік, идеологиялық бағыттарда жүзеге асатыны белгілі.

Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынас эволюциясы әр қоғамның даму қабілетіне байланысты бірнеше кезең­нен тұрады: дара «мемлекеттік жүйе» – «мемлекеттік-қоғамдық жүйе» – «қоғамдық-мемлекеттік жүйе». Қазіргі уақытта біз елімізде мемлекеттік-қоғамдық жүйе қалыптасуына куә болудамыз. Бұл бағытта қоғамдық-саяси, қоғамдық-кәсіби, мемлекеттік емес ұйымдардың мемлекет дамуында рөлі артады. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына ­Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деген болатын. Ол міндетті жүзеге асыру үшін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы да халық үніне құлақ асудың, мемлекетті басқаруда қоғамның талап-тілектерін ескеріп, белгілі бір қорытынды жасап отырудың демократиялық жолы екендігі анық. Бұл платформаның халық үнін мемлекеттік билікке жеткізуге арналған ең тиімді ашық алаң ретінде қажеттілігі артуда. Бұл – жалпы мемлекеттік басқарудың жаңа дәуіріне аяқ басуының, мемлекеттік басқару институттары мен құралдары өзгеріп, заманауи шындыққа бейімделіп, азаматтардың, олардың қауымдастығының мүдделері бірінші орынға шыққандығының көрінісі.

Автоматтандырылған басқару жүйесі бойынша маман ретінде айтарым, ең жоғары деңгейдегі тиімді басқару жүйесі – ол өзін-өзі реттеп, дамытып отыратын жүйе. Осыған орай, басқарудың әр сатысында жергілікті органдарға, қоғамдық ұйымдарға мемлекет өз құзыреттілігімен бөлісіп отырса, көптеген мәселе дер кезінде өз деңгейінде шешілетіні анық. Бұл тәсіл мемлекеттік бюрократияға тәуелділікті кемітіп қана қоймай, мемлекеттік қызметкерлер санын азайтуға да мүмкіндік тудырады.

Мемлекеттік басқарудың тағы бір тиімді үлгісі – билік органдарын орталық­сыздандыру процесі.Ол мемлекеттік биліктің өзгеруінің, жергілікті биліктің құзыретін күшейту арқылы жүзеге аспақ. Көптеген дамыған мемлекеттерде күнделікті, маңызды әлеуметтік мәселелерді осы жергілікті басқару органдары тікелей шешіп отырады. Билікті орталықсыздандыруда бюджетті орталықсыздандыру да ерекше рөл атқарады, өйткені көптеген жергілікті проблемаларды шешудің тиімділігі қаржылық дербестікке байланысты.

Шетелдік тәжірибеде муниципалды немесе ресми билік ұйымдары әдетте тек өкілдік функция атқарып, жергілікті өзекті мәселелерді шешу кәсіби және қоғамдық ұйымдар құзырында болатыны белгілі.Нарықтық жағдайда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының негізгі функциясы – коммуналдық қызметтер жүйесі, сондай-ақ аумағында орналасқан әртүрлі кәсіпорындар арқылы жергілікті кешенді әлеуметтік-экономикалық ­дамуын қамтамасыз ету және тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыру. Бұл біздегі қалыптасқан дағды – тұрғындардың кез келген мәселе ­бойынша, алдымен әкімдікке жүгінетін әдетінен арылуға мүмкіндік тудырады.

Заман ағымына сәйкес мемлекеттік миссияның өзгеріп отыруын уақыттың өзі талап етіп отыр. Осы уақытқа дейін мемлекеттің миссиясы азаматтардың саяси-қоғамдық, әлеуметтік құқығын және еркіндігін қолдау және дамыту болса, қазіргі заманда, заман ағымына қарай адамның өзін-өзі жетілдіре отырып, өз қабілет-қарымын іске асыруына жағдай жасау, адам дамуына жаңа мүмкіндік тудыру. Халықтың күш-қуатын жасампаздыққа бағыттау.

Жаңа парадигмаға сәйкес, адам экономикаға емес, экономика адамға қызмет етуі тиіс. Соңғы уақытта көптеген елдерде Бақыт министрліктерінің ашылуы осы тұжырымға байланысты. Әр адам өз елінде бақытты өмір сүріп, өз мүмкіндігін іске асыру мақсаты ­басты бағыт болмақ. Сол себепті, мемлекеттік қызметтің басты көрсеткіші – тұрғындардың жайлы өмір сүруі, адамның өз қарым-қабілетін іске асыру мүмкіндігі, қауіпсіздігі.

Еліміздің әрі қарай қарқынды дамуына мемлекеттік қызметкерлердің алатын орнын ерекше атаған жөн.Кезінде әл-Фараби көшбасшыға лайық адамдардың бойында болуы керек кемінде 12 адами қасиетті атап көрсеткен еді. Қазіргі уақытта біздің қызметкерлеріміздің болмысынан сол қасиеттердің жартысы табылса, мемлекетіміздің дамуы бұдан да жоғары деңгейде болатынына сеніміміз мол. Халықтың мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, билікке баю үшін емес, ұлтқа қызмет ету үшін келетін болса, мемлекетіміздің болашағы жарқын, іргетасы берік болмақ.

Адамзат тұрмыс-тіршілігін, өмірлік қарым-қатынасын, қызметін түбірімен өзгертетін алапат индустриялық ре­во­люцияның қарсаңында тұр. ­Индустрия 4.0 революциясы ауқым­дылығы, күрделілігі жағынан бұған дейін адамзат тарихында болған барлық технологиялық өзгерістен асып кетпек. Бұл индустриалдық төңкеріс технологияның жылдам дамуына орай адамның әртүрлі мазмұндағы жаңа дағды мен талпыныстарды игеруі мен үнемі бейімделуін талап етеді.

Жеке тұлға, жаңа қоғам, ­заманауи мемлекет білім, ғылым, технология арқылы дамитынын озық елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Сөзімізге дәлел ретінде мемлекетінің дамуына зияткерлік тұрғыдан зор үлес қосып жатқан тұлғалары арқылы зор жетістікке жеткен Жапонияны, Қытайды, ­Сингапурды, Израилді мысалға алсақ та жеткілікті. Олар рухани табысын материалдық дамуға, ал материалдық құндылықтарын рухани құндылыққа тиімді пайдалану арқылы алға шығып отыр. Жоғары технологиялар мен биік рухани құндылықтар үйлесімділігі өте жақсы нәтиже беретіндігін Қазақ ұлттық университеті жасаған «al-farabi university smart city» жобасы дәлелдеді. Осы жобаның іске асуының арқасында ҚазҰУ әлемдік үздік 200 университеттің қатарына енгені көпшілікке мәлім. Халықаралық деңгейде университеттің осы даму үлгісіне қызығушылық артуда.

Биыл тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын атап өтпекпіз. Осы уақытта еліміз небір сын-сынақтардан абыроймен өтіп, әлем таныған ел екенімізді айқындадық. Егемен ел ретінде әлем мойындады.Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына арналған мақаласында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміз­дің тарихи жолын сараптай келіп, «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деп халқымыз үшін өте маңызды тұжырым жасады. Біз үшін тәуелсіздігіміз әрқашанда ең қасиетті, қастерлі ұғым болып қала бермек. Алдағы кезеңде де ауыр қиындыққа төтеп береміз деген сенімдеміз. Оған негіз – биік рухтағы қабілетті адамдарымыз, ізгілікті, қайырымды қоғамымыз, солардың негізіндегі біздің қуатты мемлекетіміз – Қазақ Елі!

2418 рет

көрсетілді

126

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы