• Қоғам
  • 07 Қаңтар, 2021

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ҰСТЫНЫ

«Күллі әлемді бір тарының қауызына сыйдырған» ауыр жыл да күнтізбеден ауысты. Індетті толық еңсере алдық па, адамзат баласының тарихы бағыт-бағдары мен ұстанымы өзгере ме – бүгінгі күні ел мен жерді толғантқан басты тақырыптардың бірі осы. Оған қоса, төрімізге шыққан 2021 жыл қазақ жұртына да бірталай айтулы күндерімен енбек. Ең маңыздысы, тәуелсіздігіміздің отызыншы жылына аяқ бастық. Қуандық, өкіндік, мұңайдық, ренжідік, шаттандық... Қалай болғанда да отыз жылда тамырымызға үңілдік, өткенімізге қайырылдық, болашаққа жоспар құрдық. Алдағы уақытта да тәуелсіздігіміздің мәңгі болуын Тәңір нәсіп еткей! 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында ­«Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл ­толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мем­лекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз» деуі көп нәрсені аңғартқандай. Неге дейсіз бе? Себебі, шынымен де, осы отыз жыл ішінде қазақ елінің бары мен жоғы анықталды, өкініші мен қуанышы електен өтті...

Отыз жылдың белесінде жүріп өткен жолымыз туралы алдағы нөмірімізде талай жазатын боламыз.

Ал былтырғы жыл бір Қазақстан үшін емес, адамзат үшін де үлкен сынақ болғаны белгілі. «Басты байлық – денсаулық» екенін анық ұғындырған ауыртпалық, әлемдік пандемия жер шары тұрғындарына жаңа сын-кедергілердің бетін ашты. Өткен жыл бізге жақын­дарымыздың қадірін сездірді. Осы күнге дейін COVID-19 вирусынан дүниежүзі бойынша 86 млн 400 мың адам ауырып, 1 млн 870 мың адам қайтпастың кемесіне мінді. Қазақстанда шамамен 205 мың адам коронавирус жұқтырып, оның екі жарым мыңнан астамы осы індеттен көз жұмды. Бұл адамзат баласына келген үлкен сынақ, ауыр жүк екені белгілі. Алдағы уақытта бұл жолдан қалай шығамыз, қалай сабақ аламыз – бәрі де бола­ша­ғымыздың бағыт-бағда­рын ­ай­қын­дап бермек. Сынақ дегенде еске түседі, 2021 жыл қазақ үшін зұлматты жылдарды да еске салатын даталы күндерімен келе жатыр. Оның бірі – 1921-22 жылдардағы аштықтың жүз жылдығы болса, екіншісі – Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы. «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұл­­маттың кесірінен қырылып қал­мағанда, халқымыздың саны қа­зір­­гіден әлденеше есе көп болар еді...

Биыл әйгілі Желтоқсан оқи­ға­сына 35 жыл толады. 1986 жылы өрім­дей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» дейді Мемлекет басшысы өз мақаласында. Өткенді ұмытпау – парыз. Ал ауыр жылдардың уын татқан, өлім құшқан бабалар, әкелер жолын, арман-мұратын ұмытпау – бүгінгінің міндеті.

Жарық көргеніне 30 жыл тол­ған ұлт басылымы «Ана тілі» газе­тінің әуел бастағы міндеті, мақ­саты мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту, мәртебесін биіктету екені анық. Бұл орайда Мемлекет басшысының: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір аза­ма­­тының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде, қазақ тілін әлі жете меңгермеген ­отандастарыма үндеу тастағым келеді» деуі талай қазақтың жүрегін жылытты.

Иә, биылғы жылдан үміт көп. Жақсылықтарымен келсе, ел еңсесін биіктете түссе деген тілек бар.

Ойымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» мақа­ла­сын­дағы сөзімен қорытын­дыла­ғымыз келеді:

«Тәуелсіз ел болу оны жария­лаумен немесе мемлекеттің ір­ге­тасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақта­ла­мыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.

Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қас­терлі Тәуелсіздігіміз барша жұр­ты­мыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!»

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

1817 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы