• Руханият
  • 07 Қаңтар, 2021

ҚОҒАМ. ПІКІР. ТАЛҚЫ

Құнды пікір, толғамды ой

Шерубай Құрманбайұлы,
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор:

Мемлекетіміздің болашақ дамуы мен ұлтымыздың құндылықтарын ұлықтауға қатысты ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» атты мақаласында көпшіліктің көңілінен шығып, көкейіне қонған тұстары аз емес. Солардың ең маңыздыларының бірі Президентіміздің жер туралы айтқан: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлт­тық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр» деген сөзі.

Мемлекетіміздің шекарасы, қазақтың ғасырлар бойы өсіп-өніп келе жатқан жері туралы кейбір бөтен пиғылды­лар тарапынан қаңқу сөздер айтылып жатқан тұста дәл осылай мәселенің басын ашып, анық жауап берілуі өте дұрыс болды. Мұны ел басшысының бүкіл халықтың атынан айтылған сөзі деп түсіну керек. Біздің ұлы бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жеріне біреу көз алартқанда ешқашан жерге қарап қалмаған. Сол дәстүр сақталды. Ел қалауы ескеріліп,  халық үні өзі өкілеттік беріп отырған ең жоғарғы лауазымды тұлғасы тарапынан анық айтылды, жетер жеріне жетті. Мақаланы оқығаннан кейін іштей толқып, елеңдеп отырған көпшіліктің көңілі біршама тыншып қана қоймай, бұл сөз жұртшылықтың жігеріне жігер де қосады деп білеміз. 

Екінші, Мемлекет басшысының: «Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Сонымен қатар шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы» деген пікірі де өте орынды айтылған.

Осымен орайлас Алтын орда туралы тарихи фильм түсіру туралы ұсыныс та құптарлық. Тәуелсіз елдің бай тарихы тайға таңба басқандай ғылыми негізделіп, айқын жазылып, кең таратылу керектігі еш дау туғызбауға тиіс. 

Үшінші, мақалада қозғалған маңыз­ды мәселенің бірі – мемлекеттік тілдің жайы. Президент «Еліміздің басты ны­шандарының бірі – мемлекеттік тіл» екенін еске сала келіп: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір аза­ма­тының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана ­уа­қытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» депті.

Ел басшысының мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматының парызы ғана емес, міндеті екенін еске салуы өте орынды. Өз мемлекетінің мемлекеттік тілін білу осы елде тұратын әр азаматтың міндеті болуға тиіс. Ел Президентінің «Мәселе – ниетте» деген пікірі орынды. Мақала авторының «...Қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді» деген пікірі санасы­ның саңылауы бар әр азаматқа үлкен жауапкершілік артатын, салмағы зіл батпан сөз. Ойлана алатындар ойланар деген үміттеміз.

Кей азаматтардың отыз жыл ішінде оянбаған ынтасын, түзелмеген ниетін тек мемлекеттік тілге деген қажеттілік туғызу, оның міндетті екенін заң жүзінде  көр­сетіп, ресми түрде талап ету керек екенін арада өткен отыз жыл бізге анық ұғындырды.

Мақалада бұл айтылғандардан өзге де көптеген құнды пікір, қадау-қадау ой айтылған. Мәселен, жаһандануға жұтылмаудың қамын жасап «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі» екендігінің, 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл  өткендігінің, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығының лайықты атап өтілу қажеттігінің айтылуы өте маңызды. Сондай-ақ мақалада білім мен технология, ғылым мәселесі де ­назардан тыс қалмаған.

Президенттің «Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс»  дей келіп, мақаласының соңында: Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін келтіруінің артында көп мән жатыр. Біздің бергі тарихымызда мемлекетшілдіктің, өз халқына қалтқысыз адал қызмет етудің  нағыз үлгісін Алаш зиялылары көрсетті. Олар өз халқының ізгі қасиеттерін қа­ны­на сіңірген, ұлт мәдениеті не­гізінде тәлім-тәрбие алған ұрпақ еді. Алаш қайраткерлерінің бойында халқымыздың өр рухы, қайсар мінезі болды. Сондықтан да олар елі мен жері үшін, ұлтының мүддесі үшін басын бәйгеге тікті. Осы мүдделер жолында табандылық танытып, өмірінің ақырына дейін күресті. Алаштың ардақты ұлдары аңсаған егемендікке, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Алайда сол тәуелсіздігімізді сақтап тұру үшін, жаңа сын-қатерлерге дайын болу үшін де озық білімнен өзге Алаш көсемі Әлихан айтқан мінез керек. Ол – ұлттық рухтан нәр алған мінез болуға тиіс.

Ел Президенті: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» депті.

Бұл құндылықтарды сақтау барша­мыздың қасиетті парызымыз, мүлтіксіз орындауға тиіс міндетіміз.

 

Ортақ мақсатқа бірігейік

Ләззат Сүлеймен,
Сенат депутаты:

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болған күннен бастап салиқалы, ашық саясат жүргізіп келеді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласымен де Мемлекет басшысы күрмеуі қиын мәселелерді еңсеру жолдары туралы батыл ойларымен бөлісіп отыр деп есептеймін.
Алғашқы назар аударғаным – жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізудің маңыздылығы туралы пікірі. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы, мемлекетімізді сақтау үшін біз жетістікті бағалай алатын, кемшілікке тура қарап, түзетудің жолдарын пайымдауға қабілетті қоғам болуымыз шарт.
Екіншіден, «азаматтарымыздың экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан қайыр жоқ» деп тікелей айтуы. Бұл бағытта қоғам күткендей шешім қабылдау маңызды. Ал нақты атқарылып жатқан істер де аз емес. Мысалы, елмен кездесулерде мұғалімдер отбасының қазіргі уақытта 600 мыңнан астам жалақы алатынын айтқанда, олармен бірге қуандық.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылығымен табысты өткен үш онжылдықтың берекесін бекемдеп, төртінші онжылдықта қуатты ел, жетілген ұлт болуды Қ.Тоқаев басты мақсат – ұлттық идея деңгейіне көтеріп отыр деп түсінемін. Мемлекет басшысы ол үшін саяси және экономикалық реформалар мен сананы жаңғырту үдерісін жалғастыру, ұлттың заманауи талаптарға бейімделген жаңа бірегейлігін қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Ал бұл биікке қазақстандықтардың, мемлекеттің, қоғамның бірлескен іс-қимылының нәтижесінде ғана қол жеткізуге ­болады. Мемлекет басшысының – елді сүю, жерді сақтау, қазақтың тілінде сөйлеу және әр азаматтың елдің дамуы мен өркендеуіне ­атсалысуы турасында айтқаны – тағдыршешті маңызға ие.
Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаевтың мақсаты – халық үніне құлақ асатын мемлекет, әділетті, зайырлы қоғам құру. Бұл біздің қоғамның да ортақ мақсатына айналуға тиіс.

Біз күткен сөз еді

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы мен үшін күтпеген бағыт, күтпеген сөз болды. Шындығында, бұл біздің жылдар бойы ойлап, талқылап жүрген мәселеміз. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуы және демографиялық реформа қажеттігі, бұл – ­алдымызда күтіп тұрған үлкен мәселенің бірі. Президент мұны өте жақсы әрі нақты, ұлтшыл азаматтардың күткеніндей етіп айтып берген. Желтоқсан мәселесіне жеке тоқталғаны және тарихқа, жерге, ұлттық құндылықтарға байланысты әрбір сөзі біздің 90-жылдардың басында көтерген ұрандарымызбен толықтай үндеседі деуге болады. Енді әңгіме осы айтылған сөздердің мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаларға, заңдарға айналуы. Себебі бізде жақсы сөз айтылады, жақсы пікір жарияланады. Бірақ оның жүзеге асырылуы, қоғамда өзінің орнын алуы, оның саяси реформаға не болмаса заңдық белгілі бір актілермен негізделуі кеш қалады немесе мүлде басқа бағытқа бұрылады. Маған, әсіресе Қазақстандағы қазақ халқы, ел Егемендігі туралы айтқан сөзі өте ұнады. Жақында менің «Тәуелсіздік қазаққа не берді?» деген кітабым шықты. Президенттің «30 жылдың ішінде біз қандай жетістіктерге жеттік?» деген сөзі дәл осы менің сұрағыммен үндесіп жатқан сияқты. Біз осыны ойлануымыз керек. Және соны ойлана отырып, шындығында осы 30 жылдықтан кейін қандай бағытқа бет бұратынымызды анықтап алуымыз керек. Менің ойымша, Президенттің мақаласы осы бағыттағы алғашқы қадам болды. Енді менің күтетінім бір-ақ нәрсе, биыл Тәуелсіздік үшін жан аямай қызмет істеген, тіпті өмірін қиған азаматтар мемлекеттің тарапынан лайықты деңгейде құрметтелер ме екен? Осының мемлекеттік саясатқа айналуын қалаймыз.

 

Төрт  құндылық тәлімі

Айдос Сарым,
саясаттанушы:

«Егемен Қазақстан» газетінде ­Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты кешенді, терең саяси-философиялық мақаласы жарияланды. Асықпай оқып шықтым.
Биыл тәу еткен Тәуелсіздігімізге отыз жыл толмақ. Әрбір саналы азамат үшін бұл ұлы мейрам. Мейрам болғанда дабыралатып, ат шаптырып, отшашулатып, ішіп-жеп, көкірекке кезекті «-жылдығы» дейтін медальді таға салатын мейрам емес. Орда бұзар жасқа келгелі отырған жаңғырған қазақ мемлекеттігінің шаңырағын шайқалтпай, ырыс-берекесін кетірмей, ел бірлігі мен жер тұтастығын сақтай отыра әрі қарай қалай, қай бағытта дамытамыз деп ойланатын, толғанатын кез, кемел кезең. Зымырап өте шыққан жиырма тоғыз жыл қаншалықты қиын, күрделі болса, алдағы қамал алар жасқа дейінгі уақыт та оңай болмайтыны қазірден бастап-ақ көрініп тұр.
Серті – салақ, анты – мазақ көршіміздің көңіл-күйіне, қоғамдық пікіріне қарап отырып біраз дүниені ұғынуға тиіспіз. Шындап келсек, қашан да, қай кезде де қазақты, Қазақ мемлекетін құтқарар, сақтап қалар, арқа сүйер төрт құндылық бар: тұнық тіл, терең тарих, тылсым табиғат пен тыңғылықты тыныс-тіршілік. Осы құдіретті құндылықтар турасында Президент жан-жақты таратып айтып беріпті.
Шындап келетін болсақ, қазақтың басты қорғаны, тірегі, тылы, ділі – туған тілі. Тілдің тазалығын сақтау, оны заманға сай дамыта білу, бизнес пен ғылым тіліне айналдыру, шын мәніндегі мемлекеттік тіл қылып, заңды тұғырына отырғызу – ұлттық, мемлекеттік мәселе. Тіл – ұлттық рухтың, сананың, ойдың алаңы мен мекені. Баяғыда Маркс еврейдің қасиетті кітабы Тораны «халықтың көшпелі мемлекеті» деп атаған екен. Осыған салсақ, тәуелсіздіктен айрылып, мемлекеттігімізді жоғалтқан кезде де қазақты қазақ еткен, біріктірген, топтастырған, жинаған қасиет пен құндылық – қазақ тілі екенін мойындауы­мыз керек. Ұлан-байтақ жерімізді, әлемдегі тоғызыншы аумақты айшықтаған да, ерекшелеген де осы тіліміз. Оймақтай ғана мемлекеттер ондаған, жүздеген диалектіге бөлініп жатады. Осыншама орасан жерде еш диалектісіз, жіксіз жинаған қазақ тілінің ұлы күші мен қасиетіне таңғалмасқа болмас.
Екінші құндылық – ұлттық жадымыз бен тарихымыз. Ел ыдырап, халықтың тоз-тозы шығып, рухы сынған кездері де аз болмаған. Мың өліп, мың тірілгенде де қазаққа сенім берген, рух берген, жауапкершілігін сездірген құндылық – тарихы. Тарихи сана қашан да тарихи жауапкершілікке итермелеген. Тарихи сана жекелеген адамның амбиция­сын ортақ мүддеге бағындырып, жұртты мұратшылдыққа, ұлттық ымыраға жетелеген. Тарихи сана әрбір ойлы, есті адамды саналы тіршілікке жүгендеген. Қазақтың бойында бар, гендік кодына жазылған аруақ пен ұрпақ концепциялары да осы тарихи санадан бастау алады. Қайда жүрсең де, кім болсаң да өзіңді ұзынсонар, үздіксіз шептің, қатардың ішінде жүру, мызғымас, айрылмас бөлігі ретінде сезіну кез келген адамға қосымша жауапкершілік, миссия артады.
Ұлттың қарсыласуы, резистенттік қасиет­тері, қуаты мен оны үнемдеу қасиеттері тарих­пен қатар табиғатқа да қатысты. Табиғат дегенде біз оны терең және толық түсінуіміз қажет. Қазақ табиғатына жері, суы, ауасы, тау-тасы, орман-желегі, хайуанаты, адамы кіреді. Бірін бірінен ажырату, айырып алу мүмкін де емес. Сан ғасырлар бойы қазақ халқы табиғатқа тырнағын батырмай келген мықты экологиялық санасы бар ұлт болған еді. Соның арқасында осынау орасан жердің иесі мен киесіне айнала білдік, осы жерге жасампаз атымызды бердік. Болашақ экономикасы, адам мен оның күш-қуатына негізделген жаңа экономика ең алдымен табиғи факторлармен шектеледі, лимиттенеді. Әр нәрсенің құны мен парқы бар, шегі мен шекарасы бар. Шексіз тек адамның ұшқыр ойы мен арманы ғана. Тарихи миссиямыз ең алдымен табиғатқа деген көзқарасымыз бен философиямыздың өзгеруін талап етеді. Адам құқы мен құнының артуы ең алдымен қазаққа тән экологиялық сананы жаңғыртудан, оны заман талабына сай дамытудан басталуы тиіс.
Өмір ешқашан орнында тұрмайды. Өмірдің басты заңы – тынымсыз тіршілік, тыңғылықты, пайдалы тіршілік. Қазақтың ­басты және айрықша қасиетінің бірі – тарих пен табиғаттың талаптарына, тығырықтарына бой алдырмай, бейімделе білуі. Қазақ төзімді, шыдамды халық қана емес, қазақ өте ақылды, рационалды халық. Рационалды сана жоғарыда айтқан тарихи және табиғи жауапкершіліктен бастау алады. Табиғат та, саяси тарих та эволюция заңдарына бағынады. Ал эволюция ең мықтыны, ең ақылдыны, ең сұлуды таңдай бермейді, ең бейімделгіш, ең мығым, кез келген табиғи өзгеріске дайын, тағдыр тәлкегіне әзір ағзаға ғұмыр береді, ұрпағын жалғастырғызады.
Жақында бір әріптесім «екі дуал концепциясы» туралы жақсы әңгіме айтты. Қазақты құртқан, дейді ол, екі дуал; бірін тым ерте құлатсақ, екіншісін тым ерте құра бастаған екенбіз. Сонда айтпағы мынау: ел болмай, мемлекет болмай, көптеген құндылығымызды шашыратып алған жағдайда рухани шекарамазды қорғаған дуалды ерте қиратқанымыз қателік. Есесіне, басқа мәдениеттен, ортадан келген модаға еріп, содан «культ» жасап, сыртқы дуалдың орнына әрбір адам, әрбір ­отбасы жеке-дара дуалдарды құрып әлек болған. Мемлекеттің шекарасынан гөрі, бір көшедегі көршіні бөлген «заборлар» маңызды заманға да кетіп қала жаздадық қой. Рас қой, шын ғой!
Президенттің мақаласын баршамыз асықпай оқиық. Оқығанда да оны дабыралатпай, мақтампаздыққа апармайық. Керісінше, ойға ой қосатын, ойды ой жетелейтін дүниелерге ұмтылайық. Осы отыз жылға жуық уақытта не бітірдік, неден жаңылдық, оған не себеп деген шыншыл әңгімені бастайық. Тек сынап-мінеп қана қоймай, қайткен күнде дұрысталамыз, дұрыс жолға түсеміз деген ­байыпты, ақылды сараптама жасауға тырысайық. Және де бір өтініш: бос айғайды, аттанды азайтсақ, ағайын. Айғайы көп ортада ақыл жоқ, эмоция басым болады, ой тоқтамайды, сіңбейді. Бізге эмоциядан гөрі сабырлы, салиқалы әңгіме, ұлттық компромисс, мәміле керек. Президент соның жақсы үлгісін көрсеткен.

 

 

2486 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы