• Cұхбаттар
  • 14 Қаңтар, 2021

Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Райымбек ауданының әкімі: МІНДЕТТЕР ҮДЕСІНЕН КӨРІНЕМІЗ

1997 жылы Райымбек ауданы ­таратылып, Кеген ауданына қосылған болатын. «Оңтайландыру» деген науқанның дұрыс жүргізілмегенін ­айтып, сол кезде-ақ мәселені терең талдай білетін қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері дабыл қақты. ­Ауданды қайта ашу туралы ұсыныстар үкіметтен асып, Президент әкімшілігіне дейін көтерілді. Осының нәтижесінде жиырма жылдан соң, 2018 жылы ғана қайтадан бөлініп, өз алдына шаңырағын тіктеді. Қазақстан ­Республикасы Президентінің 2018 жылғы 31 наурыздағы ­«Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер ­туралы» №653 Жарлығымен Райымбек ­ауданы қайта құрылып, тұрғындардың талабы орындалды. Міне, осы екі жылдан астам уақытта қандай жұмыстар атқарылды? ­Ауданды ­дамытуда болашақтағы жоспар қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергеновпен сұхбаттасқан едік.

– Нұржан Кеңесұлы, Сіз ­Райымбек ауданы әкіміне тағайындалғанда алдыңызда атқарылуға тиіс қандай міндеттер тұрды?

Райымбек ауданының қайта құрылғанына екі жыл болса, менің әкім болып тағайындалғаныма бір жылдан асты. Облыс басшысы менің алдыма бірнеше нақты міндеттер қойды. Оның басы жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейін жақсартудан бастап, аудан орталығы Нарынқол селосының инфрақұрылымын дамыту, өзге де елді мекендердегі жағдайды ретке келтіру, білім, денсаулық сала­ла­рының сапасын көтеру сияқты тапсырмалар берген. Осы бағыт­тарда жұмыстар атқарудамыз. ­Аудан тұрғындары қанша дегенмен қиындыққа ұшыраған, жалпы жағдай мәз емес-тін. ­Аудан әкімшілігінен бастап, өзге де мемлекеттік мекемелердің ғимараттары бүлінген. Екі жылда солардың бәрін қалпына келтірдік. Осы жұмыстарға 2018 жылдан ­бастап республикалық және облыстық бюджеттен 18 ­миллиард теңге қаржы бөлінді. 2020 жылы ғана құрылысқа 8 миллиард қаржы қарастырылды. Ал 2021 жылдың ­басында құрылысқа 6 ­миллиард қаржы бөлінсе, жыл аяғына дейін 9 миллиардқа жетеді деп отырмыз. Бұл құрылысқа ғана бөлінетін қаржы. Өзге салаларға да осылай қаржы бөлінеді. Өйткені «Жол картасы» бағдарламасы биылғы жылы да жалғасын табатын болады. Осы уақытқа дейін су, жол ­тарту істерін қолға алсақ, енді Мәдениет үйлерін ­салып немесе қайта жөндеуден өткізетін боламыз. 2021 жылы екі ­ауылда спорт кешені салынатын ­болады. ­Аудан бөлінгелі бері көп балалы және аз қамтылған отбасыларға бюджет қаражаты есебінен 17 үй, демеушілер арқылы 33 үй сатып әпердік. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының бастамасымен аудан орталығы Нарынқол селосының көркеюіне қомақты көмек көрсетілді. Нәтижесінде 8 көппәтерлі тұрғын үйлердің шатыры ауыстырылды, 3 көшеге жарық шамдары ­орнатылды, 3 балалар ойын алаңы, 1 спорттық алаң салынды. Оның сыртында қоқыс ­жинайтын жәшіктер әкелініп, көшелерге қойылды. Биылғы жылы 2 спорт кешені, 2 мектеп, 2 Мәдениет үйі салынып, 1 Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, Сүмбе және Жамбыл ауылдарында Мәдениет үйлері салынады. Қақпақ ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Сарыжаз бен Шәлкөде ауылдарындағы ескі Мәдениет үйлері бұзылып, орнына жаңасын саламыз. Бұған облыстық және республикалық бюджеттен қаржы бөлінуде. Текес, Қайнар ауылдарындағы Мәдениет үйі де ағымдағы жөндеуден өтеді. Биылғы жылы ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай облыстық әкімшіліктен 61,8 ­миллион қаржы бөлініп, аудан әкімшілігі ­алдына ақынның үлкен ескерткіші қойылады. Ескерткіштің айналасын абаттандыруға 85 миллион қаржы бөлініп отыр. Бұрын Нарынқол ­ауылында саябақ болмаған. Біз саябақтың жобасын жасап, сараптамаға өт­кіздік. Оған жалпы 254 миллион қаржы бөлінетін болды. Бұл саябаққа болашақта Бердібек Соқпақбаевтың атын берсек деген ойдамыз. Себебі 2024 жылы Бердібек атамыздың 100 жылдығы болады, соның қарсаңында баққа сол кісінің мүсінін қойсақ деген ой бар. Қарасаздағы Мәдениет үйі мен Мұқағали мұражайы да жөндеуден өтеді. Бұған қосымша Қарасаз ауылына абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы құрылысы басталған спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы биыл аяқталады. Қазіргі таңда аудандық Ішкі істер бөлімі ғимаратының қасынан уақытша ұстау изоляторының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ол да биыл аяқталады.

– Әңгімеміз мәдениет, ­руханият ­саласына ойысты ғой, аудандағы бірқатар Мәдениет үйлеріне жергілікті жерден шыққан ақын, композитор, өнер адамдарының атын беру жөнінде ұсыныс бар екен. Мәселен, ақын Еркін Ібітановтың атын Қарасаздағы Мәдениет үйіне беру жөніндегі халықтың ұсынысы тиісті орындардан қолдау таппапты, соған тоқталсаңыз.

Бұл мәселені облыстық, республикалық ономастикалық орындар шешеді. Біздің ұсынысты солар өткізбеді. Осы мәселемен жақында облыстық ономастика комитетінде болғанмын. Биыл қайта ұсынып көріңіздер деген. Республика бойынша 150 тұлға бар екен, сол тізімге кірмей қалыпты. Осындай бір қасаң ресми кедергілер болып тұр. Бірақ біз Еркін ағамыздың атын өткізу үшін аяғына дейін жұмыс істейміз. Сонымен қатар композитор Мәкен Алиасқарұлының ұрпақтары да ұсыныс жасап келуде. ­Текес ауылындағы Мәдениет үйіне атын сұрауда. Сосын қаламгер, соғыс ардагері Әлнұр Мейірбеков атамыздың атын Сарыжаздағы кәсіптік-техникалық колледжге берсек деген ұсыныстар ­жасалуда. Бұл екі ұсыныс та өте ­орынды, сондықтан ол қолдау табады деп ­ойлаймын. Мұқатай Жылқайдаров деген ақын ағамыз Сарыжаз ауылында туып, Кегенде өскен екен. Ол кісінің атын есте қалдыру шараларын да қарастырудамыз.

– Аудан ашылғалы екі жылда қанша әкімшілік, әлеуметтік нысан, тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді?

2018 жылдан бері  жоба құны 1,8 миллиард теңге болатын 4 мектеп, жоба құны 519,8 миллион теңге болатын 2 балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Мұнымен қоса ауданға жұмыс істеуге келген қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Нарынқол селосынан 20 жалдамалы тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталып, 2018 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Өткен жылы тағы да Нарынқол, Жамбыл, Қайнар, Қақпақ, Қарасаз, Сарыбастау, Сүмбе, Текес ауылдарында 8 тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттері салынып, учаскелік полицейлер қоныстанды. Бұдан бөлек, 83 коммуналдық тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталып, соның 33-і пайдалануға берілді. Әкімшілік ғимараттарға келетін болсақ, сервистік әкімдік ғимараты мен республикалық мекемелер орналасатын ғимарат күрделі жөндеуден өтті.Халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық әкімшілік ғимараты, прокуратура ғимараты жаңадан салынып, ҰҚК-нің ғимараты қайта жаңғыртылды. Осы өткен жылы аудан орталығында мемлекеттік қызметкерлерге арналған 8 қызметтік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ал биыл Т.Мұсақұлов, Көмірші, Көксай ауылдарындағы 3 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Аудан қайта құрылғалы бері 1800-ден астам адам көшіп келді. Бұның көбі кезінде жұмыс іздеп Алматы қаласының маңына кеткен ауыл азаматтары және ауданға жұмыс істеуге келген жас мамандар. Өткен жылдың желтоқсан айындағы есеп бойынша ­аудан тұрғындарының саны 39 500 адамға жетті.

Аудан қайта құрылған кезде барлық салада мамандар жетіспейтін. Қазір мемлекеттік мекемелерге жұмыс істеуге келген азаматтар саны 500-ден асса, оның ішінде жас мамандардың саны 300-ді құрайды. Келген мамандарға әлеуметтік қолдау да көрсетілуде. Атап айтқанда, «Дипломмен ауылға» жобасының аясында 103 маман тұрғын үй сатып алса, 202 маман көтерме жәрдемақы алды. Алайда әлі де ­хирург, инфекционист, нарколог, жалпы тәжірибелі дәрігерлер және ағылшын тілі, математика, физика, химия пәнінің мұғалімдері жетіспейді.

– Райымбек ауданының табиғаты көркем. Аң, құсқа бай аймақ. Туризмнің дамуы қалай болып отыр?

2020 жылы статистикалық көрсеткіштерге сай ауданға демалуға 1680 турист келді. Оларға 17,0 млн теңгенің қызметі көрсетілді. ­Райымбек ауданында бүгінгі күнге 7 демалыс орны және 2 аңшылық шаруашылығы жұмыс істейді (Ойқарағай, Сафари Тау Шелек, Шоғансай, Қарасай, Бес Найза, Хан Тәңірі және Ақкөл демалыс орындары). Алматы облысының Кеген және Райымбек ­аудандары бөлінген кезден бастап, облыс басшылығы ­Райымбек ауданының инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстарын ­бастады. Мәселен, Кеген-Нарынқол тас жолынан бастап Байынқол шекара бекетіне дейінгі 27 шақырым аумақ, яғни облыстық маңызы бар тас жолдың құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда Шоғансай, Ақкөл бағытындағы ­демалыс орындарына келушілер саны үш есеге өсіп отыр. Сонымен қатар туристердің көптеп келуіне ­байланысты аталмыш жолдың бойынан жол жағасында сервистік қызметтер көрсету үшін жер телімін сұраған кәсіпкерлер саны ­артуда. Бұдан бөлек, Сарыжаз ауылынан бастап Қарасаз ауылына дейінгі 24 шақырым, Қайнар ауылынан бастап Қақпақ ауылына дейінгі және Қақпақ ауылынан Текес ауылына дейінгі 25 шақырым болатын облыстық маңызы бар тас жолдар орташа жөндеуден өтті. Бұл жұмыстардың барлығы ауданның көркем табиғатын тамашалауға туристерді тарту үшін ұйымдастырылды. Райымбек ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарының бірі туризм екенін ескерсек, тұтастай алғанда ауданның дамуындағы негізгі проблемалық мәселелердің бірі кепілдік тұрғысынан екінші деңгейдегі банктердің сенімсіздігі. Бұл өз кезегінде жаңа туристік объектілерді салуда және қолданыстағы туристік нысандарды кеңейтуде қиындықтар туғызады. Мысалға алсақ, жұмысын жаңадан бастағысы келген немесе бар бизнесін одан әрі ұлғайтқысы келген кәсіпкерлерге үлкен көлемде несие алуға мүмкіндік жоқ. Себебі аудан Алматы қаласынан шалғай орналасқандықтан қаржы орталықтары кепілдікке ұсынылған мүліктерді нарықтық бағадан өте төмен бағада бағалауда. ­Сонымен қатар аудан орталығын Алматы қаласымен жалғайтын республикалық маңызы бар тас жолдың жағдайы нашар. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл сөзсіз жаңа демалыс аймақтарын салу үшін инвесторларды тартады және туристік фирмалар мен туристердің қызығушылығын тудырады. 2021-2022 жылдары Жамбыл ауылдық округінің аумағынан экотуристік нысанның құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Қазіргі уақытта орын алған қиыншылықтарға қарамастан ­ауданда туризм саласын дамытуға кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Райымбек ауданының негізгі ­айналысатын кәсібі – ауылшарушылығы Экономикамыздың өсіп-өркендеуіне ауылшаруашылығының қосып отырған үлесі қомақты. Ауылшаруашылығы мемлекеттің азық-түлік және шикізат тәуелсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар сала. Ауданның негізгі бағыты ауылшаруа­шы­лығы болғандықтан, мал және егін шаруашылығын дамыту негізгі міндетіміз. 2020 жылғы жалпы ауыл­шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша жылдық жоспарымыз 32 млрд 393 млн теңгені құрады. Аудан ­бойынша егістік жердің көлемі 40 193 гектар. Барлық дәнді дақыл 10 184 гектар. Әр гектарына шаққанда 23 ­центнерден өнім алынды. Сөйтіп, 23 321 тонна өнім жиналды. Картоптың әр гектарынан 215 центнерден өнім алдық. Қақпақ ауылдық округінен картоп шаруашылығын дамыту мақсатында «Үш Қақпақ» сервистік дайындау орталығы құрылды. СДО-на 13 бірлік трактор, 19 бірлік ауылшаруашылығы техникалары алынды. Жалпы алынған техникаларға кеткен қаражат мөлшері – 165 млн теңгені құрады. Ауданымызда өткен жылдың аяғында мал басы төмендегідей болды. Ірі қара 54 135 бас, қой-ешкі 246 315 бас, жылқы 35 309 бас. 2018 жылмен салыстырғанда дәнді-дақыл үш, картоп жеті, ірі-қара алты, қой-ешкі үш, жылқы төрт пайызға өскені байқалады.

– Ауданда алтын, көмір кен орындары бар екені белгілі. Олардағы өндіріс көлемі қандай деңгейде?

Ауданда «Ойқарағай» көмір кешені бар. Қазіргі уақытта «ТЭК Беркут» ЖШС көмір өндіру жұмыстарын жүзеге асырады. Бұл кешеннен жылына қырық мың тонна көмір өндіріледі. 33 адам тұрақты жұмыс істейді. Өткен жылы ­ауданда алтын кенін өндірумен айналысатын «МарумЖарГолд» ЖШС қаржылық қиыншылықтарға байланысты уақытша жұмысын тоқтатты. Оның орнына «BTO Gold Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алтын өндіру жұмыстарын бастап, қараша айында 470,0 млн теңгенің өнімін өндіріп, 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Биылғы жылы жобалық құны 450,0 млн теңгені құрайтын алтын өңдейтін фабриканың құрылыс жұмыстарын бастайды. Алтын кенін өндірумен айналысатын «Нарын Голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алтын өңдейтін фабриканы қайта жаңғыртудан өткізіп, нәтижесінде 105 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биылғы жылы «Конаев и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобалық құны 1,6 млрд теңгені құрайтын шағын ГЭС-тің құрылыс жұмыстарын жоспарлауда.

– Әңгімеңізге рақмет.

 Сұхбаттасқан

Нұрболат СҰЛТАНҒАЗИЕВ

1670 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы