• Руханият
  • 14 Қаңтар, 2021

«ТҮРКІСТАН» – ЗАМАН ШЕЖІРЕСІ

Ел тарихы мен ел тағдыры. Егіз ұғым. Тағдырдан тарих туады. Тарихын тасқа жазған көне түркілердің төл ұрпағы – қазақ елінің басынан не өтпеді десеңізші! Бергі үш жүз жылдың өзінде шапқыншылықтан көз ашпаса да ата-бабасынан бермен келе жатқан ділі мен тілі, мәдениеті мен өнерінен айрылмады. Бірақ рухани мұрасын көзінің қарашығындай сақтаған халықтың материалдық мұрасы бүгінгі күнге сол күйінде жетпеді. Киелі даладағы көне өркениеттің ізі – қала-қорғандар, зәулім мұнаралар мен сәулетті сарайлар шапқыншылар зеңбірегінің дүмі мен уақыттың аяусыз соққысына төтеп бере алмады. Заман ауысқан сайын халқымыздың тұрмыс-тіршілігі де өзгерді. Бірақ тұрмысымыз өзгерсе де ата-бабадан мирас болып қалған елдік қасиет, ерлік мінез, қаны мен тілі өзгермеді. Сондықтан бүгінде түркінің кіндік жұртында отырған қазақ елі үшін жеріміз бен тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлер туралы кез келген құжат маңызды, кез келген дерек керек. Міне, жақында ғана баспадан шыққан «Түркістан» фотоальбомы –заман шежіресі іспетті құнды дүние.

ХІХ ғасырдың ортасына қарай патшалық Ресей­дің қазіргі Қазақстан мен Орта Азия аумағын отарлау саясаты күшіне енгені мәлім. Қазақ жері әкімшілік басқару бойынша үш генерал-губернаторлыққа бөлінді. Түркістан аумағына Жетісу, Сырдария облыстарымен бірге Қоқан хандығына бағынышты болған территория кірді. Отаршылдар бекініс салумен қатар, өздері отарлаған елді ассимиляциялау, жер байлығын иемдену үшін әкімшілік реформалар жүргізумен қатар, сол елдің тұрмыс-тіршілігі, тарихы, мәдениеті мен кәсібі жайында ­деректер жинауға мақсатты түрде кірісті. Осы мақсатпен көптеген әскери, этнографиялық экспедиция­лар ұйымдастырылды. ­Полковник Черняев, ­генералдар Перовский, ­Кауфман, ­Колпаковский жорықтары тарихтан белгілі. Өлкеде ­Ресей империясының билігі толық орнаған соң, Түркістанның бірінші генерал-губернаторы болып Константин фон Кауфман (1818-1882 жылдары өмір сүрген) тағайындалады. Генерал осы өлкені отарлау кезіндегі ресейліктердің ерлігін, шабуыл-шайқастарды, әскери шенділерді патшаға ­таныту, тарихта қалдыру мақсатымен «Түркістан» атты суретті альбом жасауға бұйрық береді.

Альбомды құрастыруға фотографтар, архитекторлар, әскерилер тартылады. Гео­графия­лық экспедиция құрамында болған әскери фотографтар Г.Кривцов пен Н.Нехо­рошев түсірген бұл суреттер 1865-1872 жылдары әзірленіп, баспадан шығады. «Түркістан» альбомы – өте көлемді энциклопе­дия­лық фото­құжат. Кітапта 1300 фотосурет және олар­дың сипаттамасы берілген. Альбом алты томнан, төрт бөлімнен тұрады: археология (екі том), тарих, кәсіпшілік, этнография (екі том). Орыс әскерінің жаулап алу шай­қастарымен қоса альбомға Түркістан өлкесіндегі ежелгі қалалар, қорғандар, ­ме­шіттер, олардың қирандылары, жергілікті қазақ, өзбек, тәжік, т.б. халық өкілдерінің фотосуреттері кірген. Біз үшін қазақ халқының ХІХ ғасырдағы тұрмысы, тіршілігі туралы бұл суреттердің тарихи-мәдени мәні мен маңызы өте жоғары. Ең алдымен, «Түркістан» ­альбомы – патшалық Ресейдің Қазақстан мен Орта ­Азияны ­отарлау тарихының ескерткіші. ­Альбомда хронологиялық тәртіппен жауланған мерзімі бойынша Ақмешіт, Тоқмақ, Пішпек, Түркістан, Әулиеата, Шымкент қалаларына қатысты шабуылдар, сызбалар бар. Сондай-ақ мұнда жаулап алу нәтижесінде Ресейге қосылған, әкімшілік басқару бойынша Түркістан генерал-губернаторлығына қараған Жетісу, Сырдария, Заравшан, Самарқан, Ферғана облыстары халқы­ның мәдениеті, тұрмысы, қолөнері, киімі, кәсібі бейнеленген. Патшалық билікке тартымды мәліметтер берген «Түркістан» аль­бо­мының бір данасы АҚШ Конгресінің кітап­ханасында болса, бір данасы Мәскеу қаласында.

Бұл фотоальбомға неліктен енді ғана қол жеткіздік деген маңызды сауалға келсек. Кеңес өкіметі тұсында қазақ тарихын зерттеу ісіне лайықты көңіл бөлінбегені белгілі. ­Альбом жөнінде атақты ғалым Әлкей Марғұлан, ­академик В.Массон зерттеулерінде ­аталып өткен екен. Бірақ ол кезде альбомның көшірмесін әкелу жөнінде сөз қозғалмаған. Тәуелсіздіктің ­отызыншы жылына қарай ғана аталмыш альбом елімізде жарық көріп отыр. Бұған бірден-бір себепкер болған жан – қызылордалық зерттеуші, этнограф, өлкетанушы Тынышбек ­Дайрабай. Құрас­тырушы автордың айтуынша, «Түркістан» альбомы жөніндегі ізденіске түрткі болған әйгілі Қорқыт бабамыз екен. Бұл жөнінде зерттеуші:

– 1990 жылдары Қорқыт туралы дерек іздеп жүріп Әлкей Марғұланның «Ежелгі аңыздар» деген кітабын қарадым. Онда бірнеше ­тарауда Қорқыт жөнінде айтылған. Сол кітапта Әлекең: «Қорқыт бейітінің алғашқы сүгіреті 1862 жылы шыққан Кауфманның «Түркістан» ­альбомында бар» деп жазыпты. Бірақ ғалым он жылға қателескен, альбом 1872 жылы шыққан. Мені бұл мәлімет қатты қызықтырып, кітапхана, ­архивтерден дерек іздеуге кірістім. Содан Ұлттық кітапханада «Туркестанские ­ведомости» газетінің тігіндісін парақтап ­отырып, 1889 жылғы мамыр айындағы ­санынан П.П. деген аты-жөні қысқартылған автордың мақаласын таптым. Сонда ­альбом туралы егжей-тегжейлі айтылған. Бір деректің ұшы табылғанға қуанған мен 2000 жылы 3 наурызда халықаралық «Түркістан» газетіне «Алтынның ізі табылды немесе Әлкей Марғұлан айтқан «Түркістан» альбомы» ­деген мақала жаздым. Бұл жаңалық оқырман қауымды дүр сілкіндірді. Бас редакторымыз Қалтай Мұхамеджанов, редактордың орынбасары Шәмшидин Паттеев альбомның маңыздылығын түсініп, ақыл-кеңесі мен жәрдемін аямады. Сөйтіп, Ұлттық кітапхана басшысы Р.Бердіғалиева және Ғылыми кітапхананың директоры К.Әбуғалиевамен бірлесіп, Санкт-Петербургтегі Ресейдің Ұлттық кітапханасына альбомның көшірмесін алу үшін хат жаздық. Музей директоры В.Зайцевтан жауап келген соң, көшірмені алдыруға қомақты қаражат керек болды. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Исахан Әлімжанов қол ұшын созды. Сонымен, Ресейден пойызбен сурет көшірмелері бар картон қағаздар салынған салмағы 25 кило алты қорап келді. Бұл көшірме қазір менде сақтаулы. Міне, Ә.Марғұланның бір ауыз сөзінің арқасында тарихи альбом елге жетті, – дейді.

Т.Дайрабай ағамыздың бұл еңбегін ­Қазақ­станның халық жазушысы, қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджанов «ерлікке пара-пар іс» деп бағалапты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, «Мәдени мұра» бағдарламасы туралы идея әлі ойға да оралмаған кезде қазақтың шашылып жатқан тарихын түгендеу – үлкен азаматтық іс. Альбомның Қазақстанға қатысты таңдаулы суреттері жинақталған топтаманы баспадан шығарудың өзі көп қажыр-қайрат пен уақытты қажет еткен. «Кітапты шығаруға қолдау сұрап ­министрлерге, депутаттарға талай хат жазылды. Бәрінің көмектескісі келеді, бірақ қаржы қолбайлау болды. Тек 2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен мемлекеттік тапсырыс аясында 3 мың данамен шығардық» дейді Т.Дайрабай.

Міне, енді «Түркістан» фотоальбомы қолымызда. Құрастырушы автор Т.Дайрабай суреттерді тарих, археология, кәсіпшілік салалары бойынша сұрыптап, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сипаттамасын жазған.

344 беттен тұратын көлемді кітап киелі де қасиетті Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ХІХ ғасырдағы суретімен ашылады. Көз алдыңызда ғаламат панорама: ежелгі сәулет өнері ескерткішінің алдыңғы жағынан түсірілген бұл суреттен көне рабат көрініс береді. Ғимарат қабырғалары Тұран өркениеті орталығының қадым заманнан зор шаһар болғанының айғағы іспетті. Бір заманда түркі ұлыстарының алтын бесігі, мәдениет пен руханияттың қайнар көзі болған Түркістан Ресей билігі келген ХІХ ғасырдың ортасында дағдарысқа түскен еді. Отаршылдар езгісіне тап болса да қасиетті қаланың қамал-қабырғалары, әулие кесенесінің ­айбыны уақыт сыны мен заман озбырлығына қасқайып қарсы тұр.

Альбомның алғашқы бөлімі этнографияға арналған. Мұнда ХІХ ғасырда Түркістанды мекендеген халық өкілдерінің түр-тұрпаты, киім-кешегі, мерекелері, спорт ­ойындары, музыкалық аспаптары бейнеленген. Әсіресе, қазақ қыздарының басындағы бөркі, сәукелесі, шолпысы мен алқа-сырғасы көзге оттай басылады. Есімдері қандай: Айжан, Тұнықай, Айым, Ханыгүл! Кимешек киген, қарқара тартқан әйелдер де дәп өзіміз көрген әжелердей. Ауқатты қазақтың отбасы, киіз үйдегі жасау-жабдығы, дүние-мүлкі сол кездегі тұрмыстан хабар береді. Қазақтың көші-қоны, жайлау мен қыстаудағы тіршілік, белдеудегі ат, бәйге, көкпар – бәрі-бәрі этнографиялық құндылықтарымыз. Әулиеата қаласында ат ­базары қызып жатыр, ар жағында көне Тараздың қорған-қабырғалары қарайып, күмбездері жарқырайды. Шымкенттің ­жасыл желекке толы көшелерінде атқа, есекке мініп бара жатқан қазақтарды киімінен танимыз. Сауда қатарында азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар әрқайсысы бөлек сатылып ­жатыр. Ташкент, Манкент, Сайрамдағы шығыс базарындай қайнап жатқан тіршілік. Сырдария өткелдері, толқып жатқан телегей теңіз Аралдың бетінде жүзіп бара жатқан ­кемелер...

Альбомның археологиялық бөлімінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жан-жағынан, ішінен түсіріліп көрсетілген. Оңтүстік қапталында қоналқалық ­жатын үйлер ұзынынан тізіліп салыныпты. Фотоальбомның іздеуге түрткі болған Қорқыт бабаның құлаған моласы осы бөлімде, сурет 1866 жылы түсірілген. Ар жақта дария жайылып жатыр. Су тасыған сайын моланы шайып, біртіндеп мүжіле келе кейін толық құлаған. Т.Дайрабайдың айтуынша, қазір де су қайтқан кезде жағадан әулие бейітінің қыш кірпіштерін табуға болады.

Әулиеатадағы әйгілі мазарлар, Бет­пақ­да­ла­дағы рабаттар, Сауран мұнаралары ХІХ ғасырда бастапқы кескін-келбетін жоғалт­паған. Самарқандағы Шир-Дор мен Тілла-Қари медреселерін ХVІІ ғасырдың ­ортасында әйгілі Жалаңтөс баһадүр ­салдырыпты. Қолбасшының дәулеті мен беделі асып-тасыған кезі екен, байлығын әскер ұстаумен қатар, Регистан алаңын қалпына келтіріп, сәулетті сарай, медреселер салуға жұмсаған. Қазір музейге айналған Шир-Дор (Арыстан қақпа) еңселі, қақпалары әшекейлі, күмбезі көп кесене екен. Тілла-Қари «алтынмен апталған» дегенді білдіреді. Бұл ескерткіштер бүгінде шығыс архитектурасының інжу-маржаны. Ғасырлар тезіне шыдас берген асқақ та көркем ғимараттарды салған Шығыс сәулетшілерінің шеберлігі таңдай қақтырады, бас игізеді. Кесенелердегі ою-өрнектер мен қасбеттегі ­жазулар қағазға салғандай қиюы келіскен, мінсіз әсем. Зерттеушілердің ­айтуынша, ол кездегі қыш тақталардың, бұйымдардың құрамы мен бояуын қазіргі заманда қайталау мүмкін емес. Бұл да бір өркениеттің озық деңгейінің белгісі.

Үшінші бөлім тарихқа арналған. Мұндағы әскери бекіністер, өлкені басқарған билік өкілдері, шайқастардың жоспары отарлау тарихынан хабар береді. 1860 жылғы Ұзынағаш түбіндегі ұрыс жоспарының сызбасы, 1864 жылы Шымкент қаласын қоршау мен шабуыл жасау жоспары тыңғылықты әзірленіп, жүргізілгені жергілікті халықтың отаршылдарға қарсы жанқиярлық соғысының, өліспей беріспегенінің дәлелі. Мина жарылысынан кейінгі Ақмешіт көрінісі – орыс генералдарының қанды жорықтарының нәтижесі, отарлау саясатының мәресіне жеткені... Альбомның соңғы «Кәсіпшілік» бөлімінде өндіріс пен қолөнерден дерек беретін суреттер жинақталған.

«Түркістан» фотоальбомын бізге жет­кізген Тынышбек Дайрабай ағамызға халықтың мәдени мұрасына деген ыстық ықыласы үшін алғыс айта отырып, осы еңбек ­жайында азын-аулақ ақпар беруге тырыстық. Халық тарихының тұтас бір кезеңі туралы мол мәлімет қамтылған альбом мамандар тарапынан лайықты бағаланып, ғылыми айналымда қолданыс табуы, тарих оқулығына енуі тиіс. Альбомдағы деректер – өткен заманның тілсіз куәгері, тарихи кезеңнің шежіресі. Бұл суретті құжат ата-бабамыздың мәдениеті мен тұрмысынан хабар бере отырып, отаршылдық кезеңнің ауыр шындығын паш етеді. ­Ендеше, тарихи-мәдени жетістіктеріміз бүгінгі және кейінгі ұрпақтың заңды мақтанышына ­айналсын. Ал жоғалтқан жәдігерлеріміз бен отаршылдық тағдырымыз тарихтан алар сабағымыз болсын.

 Дина ИМАМБАЕВА

 

2551 рет

көрсетілді

24

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы