• Тарих
  • 14 Қаңтар, 2021

АТАМАННЫҢ АҚЫРЫ: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Мемлекеттік маңызға ие Жаркент операциясына – 100 жыл

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

(Жалғасы. Басы өткен санда)

 3.ОПЕРАЦИЯ

 Ал енді, шет жерге жетісімен бірден қарулы жасақ құрып, тіпті онымен де қоймай, қарсы барлау жұмысын жандандырған ақ гвардияшыларға Кеңес үкіметінің көзқарасы қандай болуы керек еді? Орта Азиядағы басмашыларға хабаршыларын жіберіп аласұрған атаманға қызылдар қандай амал қолдануы тиіс-тін? Бұл мәселелердің сол кездегі жағдайға орай бір ғана ақылға қонымды шешімі «қайта шапқалы тұрған жауды» күш жинауға мүмкіндік бермей жөргегінде тұншықтыру болатын. Тамырымен қопарып жойып жібермесе, жаралы дұшпан қауіпті.

Қаскүнем күш басшысының көзін құрту Түркістан майданының Революциялық әскери кеңесіндегі Бүкілресейлік Төтенше комиссия – ВЧК-ның революция жаулары мен бүлікшілерге қарсы күрес және барлау бөліміне тапсырылады. Операция жоспарын РК(б)П Орталық Комитеті Түркістан бюросының мүшесі, ВЧК-ның Түркістандағы уәкілетті өкілі Яков Петерс жасайды. Ал оны ұйымдастырушы Түркістан майданы барлау бөлімі бастығының орынбасары Василий Давыдов болады. Операцияға жетекшілік етушілер Ташкентте отырады. Жергілікті жерде оның іске асуына аймақтық дәрежедегі басшылар: Жетісу облыстық ЧК басшысы Федор Эйхманс, Жаркент ЧК-сының бастығы Николай ­Суворов және оның орынбасары, Түркістан майданының арнайы бөлімінің Жаркенттегі бөлімшесінің меңгерушісі қызметін қоса атқарған Михаил Крейвис жауапты болады. Ал тапсырылған істің басты орындаушылары міндетін Жетісу облысындағы Жаркент милициясының бастығы Қасымхан ­Чанышев пен осы мекеменің қызметкері, чекист Махмұд Қожамияров және бұлардан басқа 5 адам өз жауапкершіліктеріне алады.

Қасымхан Чанышевке таңдау кездейсоқ түскен жоқ еді. Ол арғы тегі дәулетті, кейбір деректерге қарағанда ата-бабасы І және ІІ гильдиялы көпестер әулетінен тарайтын адам болатын. Татар саудагерлері Чанышевтер көптеген жыл бойы Шыңжаң мен Ресейдің шекаралас аймақтарында желі оңынан тұрып, сауда-саттық жасап жүрген адамдар еді. Милиция бастығы Қасымханның ­немере ағасы Құсайын Чанышев Шәуешек пен Үрімшіде кең де жайлы жеке үйлері болғанына қарамастан, үнемі Құлжада тұратын. Сондай-ақ ол орыс консулдары және ақ гвардияшылар офицерлерімен жақсы қарым-қатынаста-тын. Осының бәрін ескергенде, Жаркент милициясының бастығы чекистердің барлаудағы болашақ «қашқын» кейпіне әбден лайықты еді.

Мұны Жаркент ЧК-сының бастығы Николай Суворовтың Жетісу облыстық ЧК бастығы Федор Эйхмансқа жолдаған хатындағы сөздер айғақтайды. Зерттеуші В.Данкеевтің «А.И.Дутовқа қарсы архив материалдарында» ол құжат былай сөйлейді: «Операцияны жүзеге асыру қолынан келеді дейтін барлаушылардың ұсынымнамаларын жан-жақты талқылағаннан кейін Жаркент милициясының бастығы Қасымхан Чанышевті дұрыс көріп отырмын. Ол революция ісіне шексіз берілген, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, қиын сәтте қисынды жол таба білетін жан. Шыңжаңдағы атақты көпестердің туысы. Өзі білімді, Дутовтың штабындағы полковник Абылайхановпен жақсы таныс. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, ақ гвардияшыл сілімтіктер көптен бері Чанышевпен жақындасудың амалын таба алмай жүр...».

Құжат стилін сақтай отырып, енді Қасымхан Чанышевтің хабарламасын оқиық: «Жетісу облыстық ЧК-сының жауапты қызметкері Давыдов (маған) 21 ақпаннан қалдырмай, яғни шекараның осы учаскесінде ақтардың шабуылға шығуы ықтимал кезге дейін, атаман Дутовтың көзін жоюды тапсырды. Операцияға әзірлік пен оның барысы туралы Суворовқа ­баяндап отыруға тиіс болдым. Топ іріктелді. Орынбасарым – Махмұд Қожамияров, Жаркент уездік милициясының қызметкері. Ол контрабандистермен күресте ерекше көзге түскен. Көрмеген жердің ой-шұқырын жақсы аңғарып, тез бейімделе кетеді, адамдармен қолма-қол тіл табыса біледі. Шығыс халықтары күресінің тәсілдерін жетік меңгерген, қарудың қай түрінен болса да өте жақсы ата алады. Мұқай Байсымақов. Жауынгер. Жүрек жұтқан батыл жігіт. Алып күштің иесі. Оның туысы – Құдыс (шын аты – Көдек – ред.) Байсымақов. ­Жауынгер. Аттың құлағында ойнайтын шабандоз. Ғазис Ушурбакиев. Жауынгер. Ату құралын өте жақсы меңгерген. Юсуп Қадыров. ­Жауынгер. Карабиннен құралайды көзге ататын мерген. Қылыш пен қанжарды тамаша пайдалана біледі. Сұлтан (шын аты – Солтанай – ред.) Маралбаев. Жаркент уездік милициясының қызметкері. Орыс, қытай тілдерін біледі, пистолеттен өте жақсы ­атады. Бұлар іс жүзінде кез келген жауынгерлік тапсырманы орындауға қабілетті екенін ­талай рет дәлелдеген жандар. Кезінде шекара арқылы сан рет мол мөлшерде апиын алып өтіп жүрген, құрамында 46 адамы бар, жақсы қаруланған контрабандистердің әрекетіне нақ осы топ тыйым салған болатын».

ЧК-ның ұйымдастыруы бойынша 1920 жылдың қыркүйегінде Қасымхан ­Чанышев жанына Махмұд Қожамияровты ертіп «құпия түрде» Сүйдінге «қашады». «Кеңес өкіметіне өкпелеген» адамның кейпі ­шынайы көрінуі үшін қауіпсіздік органдары Қасымхан Чанышевтің қатын-баласын, ет жақын туыстарын, барлығы он адамды тұтқынға алады. Бір айтарлығы, егер ол жоспарланған әрекеттен бас тартса, жауды алдау мақсатындағы бұл «тұтқындау» кепілге алынғандар үшін сұмдық шындыққа ­айналуы да мүмкін еді. Сонымен, болашақ операция өтетін жерге келген күннің ертеңіне-ақ Қасымхан Чанышев өзінің ескі танысы, бір кезде полковник Павел Сидоровтың жағында революцияға қарсы белсенді түрде әрекет жасағаны үшін 20 жылға лагерьге айдалуға үкім етілген, бірақ жазадан қашып құтылған Жаркент қаласының бұрынғы дуанбасысы Ф.Миловскийді кездестіреді. Көп ұзамай полковник Абылайханов және Миловский Чанышев пен Қожамияровты генерал Дутовпен таныстыруға мүмкіндік туғызады.

Қасымхан Чанышев осылайша күндіз Жаркент милициясының басшысы, түнде «ақ гвардияшылардың жансызы» болып шекарадан әрі-бері өтіп жүреді. Осылай «екі жаққа да жұмыс істеу» арқылы ол Орынбор атаманының сеніміне кіреді. Александр Дутов оны «князь» деп құрмет көрсете атайтын болады. 1920 жылдың қарашасында «князьге» жазған хатында ол былай дейді: «Сіздің хатыңызды алдым. Берген мәлімет және тындырған жұмысыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Жаңалықтарға келетін болсақ, Алтай губерниясында және Семей маңында көтеріліс жүріп жатыр және жергілікті билік оны баса алмады. Қиыр Шығыспен, сондай-ақ Врангельмен байланыс орнатқанбыз. Маған қызылдар Қытайға жорық жасамақ ниетте және әскери штаб Жаркентке көшіріледі деген сыбыс жетті... Бұл шындыққа жанаса ма? Сіздің егжей-тегжейлі сұрақтарыңызға жауапты келесі хабаршыңыз келгенде беремін. Оны 16 қараша күні кешқұрым уақытта жіберуіңізді сұраймын. Мен одан іс-қимылдың толық жоспарын беріп жіберемін...».

1920 жылдың желтоқсан айында Давыдов Петерске жеделхат жолдайды: «Жаркенттен. Әскери мазмұнда. Шұғыл. Құпия. Шәуешек маңындағы генерал Бакичтің корпусындағы және Степановтың дивизиясындағы адамдар саны – 5000. Құлжа төңірегінде 3 000 жауынгері бар атаман Дутов және Анненков күштерінің қалдықтары орналасқан. Дутов Жетісу казактары мен мұсылман байларына арқа сүйемек. Шекарадан өткен соң Ферғана, сондай-ақ Бұхара басмашыларымен күш біріктіруді ойластыруда».

Бұған жауап ретінде ВЧК басшылығы Александр Дутовтың көзін жою операциясын жеделдетуге шешім қабылдайды. Василий Давыдов, Федор Эйхманс және Яков Петерс ұсынған, сондай-ақ ВЧК төрағасы Феликс Дзержинский мақұлдаған алғашқы жоспар бойынша Дутовты ұрлап, РСФСР-ға алып келіп, артынан ашық сот өткізілуі тиіс еді. Бұл шараға зор мән берілгені соншалық, РСФСР Халық Комиссариатының қаржы бөлімі Николай патша заманындағы алтын-күмістермен есептегенде оған сол кезде аса қомақты болып саналатын 20 мың рубль көлемінде ақша бөледі.

Деректі құжаттармен анықталғандай, бес кездесудің бірінде «қашқындарға» әбден сенген Александр Дутов олардан Кеңес жеріне халықты большевиктер үкіметіне қарсы көтерілуге шақыратын бір құшақ үгіт парақшаларын беріп жібереді. Үндеу мәтіні мына мазмұнда ­болатын: «Адасып, тығырыққа қамалған бауырлар, азап көрген отандастар! Сендердің қиналған дауыстарың маған жетті. Мен көз жастарыңды, қайғы-қасіреттеріңді, мұң-мұқтаждарың мен шеккен азаптарыңды көрдім. Кеудемдегі орыс жүрегі мен православ сенімі сендермен бірге!» делінген онда.

Осы үнпарақтарды алып Жетісу ЧК-сына келген Қасымхан Чанышев тапсырманы қадағалап отырған Федор Эйхмансқа атаманды қолға түсіріп, оны тірідей Кеңес жеріне әкелу жоспарын іске асыру мүмкін емес екенін, себебі оның күзетшілерінің тым көптігін айтып, өзі барып жүрген кезде ойға түйген басқа да қиындықтарды жасырмай айтады. Осыдан соң ­чекистерге жоспарды өзгертуге тура келеді. Ақ генералдың көзін сол Сүйдінде жою туралы шешім қабылданады.

 4.ЫМЫРТТА АТЫЛҒАН ОҚ

 1921 жылдың қаңтары. ­Николай Суворов барлауға жіберген Махмұд Қожамияров, Мұқай Байсымақов және Юсуп Қадыров Сүйдіннен жағымсыз хабар әкеледі. ­Чекист, кейін біз сөз еткелі отырған оқиғаны тәптіштеп жазған Г.Миловановтың «Көрінбейтін майдан» атты жинақтағы келтірген дерегіне қарағанда, сол кездегі рождество мейрамынан кейін іргедегі Күре бекінісінде тұрған маньчжур полкі бүлік шығарғандықтан, Александр Дутов үйінен аттап баспайтын болған. Сүйдін қамалын қытайлар әскери жағдайда деп жариялаған және бұл бүлік толық басып-жаншылғанға дейін созылуы мүмкін. Арғы беттен оралып келген барлаушылар болжамы дұрысқа шығады. Тек қаңтар айының соңына қарай Шыңжаңның жергілікті халқы хунхуздар деп атап кеткен маньчжурлар полкі тынышталып, қамалдағы бейбіт өмір арнасына түседі.

Осы кезде Алматыдан облыстық ЧК-ның соңғы ақыл-кеңесін алып оралған Николай Суворов өзіне бірден Қасымхан Чанышевті шақырып алады.

– Негізінде бұл өте қарапайым жоспар, – дейді ол. – Сіз атаманға хат жіберіп, онда шекарадан өтерде кенеттен аяғыңызды «мертіктіріп алғаныңызды» айтасыз. Осыны сылтауратып оны өзіңіз тоқтаған үйге келіссөз жүргізуге шақырасыз. Егер ол бұған сенсе, сіз оны Сүйдіннен алып шығып, Жаркентке жеткізесіз. Қайтар жолдағы өзіңізге таныс жерлерде біздің адамдар қуғыннан жылдам құтқару үшін тың аттарды дайындап тұрады. Дутовтың ақымақ емес екеніне біз талай рет көз жеткізгенбіз. Ол сіздің аяғыңызды «мертіктіріп алғандықтан» уақытында оған өзіңіз келе алмағандығыңызға сенбеуі де мүмкін. Ондай жағдайда сізге ол жерден тезірек сытылып шығудан басқа жол қалмайды. ­Жоспар қарапайым болғанмен, оны орындау оңай емес. Күшімізді қалай орналастырған дұрыс екенін тағы бір салмақтап алайық. Әрине, ең маңызды да жауапты міндет өзіңізге жүктеледі. Барлық істің нәтижесі сіздің жылдам, батыл қимылыңызға байланысты. Бірақ атаманға өзіңіздің хатыңызды апаратын адамның да жауапкершілігінің маңызы кем емес. Қалай ойлайсыз, бұл тапсырманы кімге жүктеуге болады?

– Меніңше, бұл істі Махмұд Қожамияров қана тындыра алады. Біріншіден, біздің шабармандарымыздың арасында Александр Дутовқа ең жақсы таныс адам сол. Екіншіден, генералдың күзетшілері де оны біледі. Оның үстіне, егер атаман маған келуге ықылас танытпаса немесе одан да жаманы, өзіне тұзақ құрылғанын сезіп қалса, Махмұд өзге адамдар шыға алмайтын тұйықтан жол тауып кетеді.

– Не айтары бар, пікіріңіз орынды. Енді келесі мәселеге көшейік, – дейді Николай Суворов. – Ертең сіз Ғазис Ушурбакиев пен Махмұд Қожамияровтан басқа Мұқай және Құдыс Байсымақовтар, Юсуп Қадыров, Солтанай Маралбаев жолдастармен кездесіп, оларға тапсырманы түсіндіруіңіз керек. Өзіңіз 2 ақпаннан кешікпей Сүйдінге жетіп, сонда Ғазис Ушурбакиев арқылы жететін нұсқауды күтесіз.

– Ол жерге жеткен соң, – деп жалғастырады сөзін Николай Суворов, – жергілікті тұрғындар арасына ­Жаркентте атаманның тыңшысы болып жүрген ­Нехорошко тұтқындалыпты деген сыбыс таратасыз.

– Ол тұтқындалып па еді ? – деді Қасымхан.

– Жоқ, бірақ бүгін түнде солай болады. Сонымен қатар Қасымхан Чанышев өзге бір топ тыңшылармен бірге тұтқындаудан құтылып кетіп, ЧК оларды іздеп жатқан көрінеді деген қаңқу сөз таратасыз.

Осыдан кейін Николай Суворов қараңғылық қоюланған мезетте Махмұд Қожамияровпен кездеседі. Олар кеңсенің түпкі бөлмесінде бәсең дауыспен сөйлесіп отырады.

– Сіз алаңдамаңыз, – дейді ЧК бастығына Махмұд. – Егер атаман баруға келіспесе, біз оны... Жә, айтайын дегенім, Дутов мені жақсы таниды. Соңғы кезде, тіпті ол менімен қол ұсынып сәлемдескен. Ал оның ­казактары қу адамдар. Олар атаманның кімге қалай қарайтынын осындай қимылдардан-ақ біледі.

...Белгіленген күні бір топ адам Сүйдін іргесінде жасырын әрекет ­жасайтын Ушурбакиевтің үлкені Насыр дайындаған үйге келеді. Қасымхан мұнда өз көмекшілерінің күндізгі уақытта жұрт ­назарын аударып көшеде жүруіне қатаң ­тыйым салады. Қамалдағы жағдай ­туралы барлық мәліметті ол түн мезгіліндегі ­кездесуде жинап отырады да тапсырманы орындауға тастүйін дайын болады. Баяу жылжыған уақыт сарыла күтумен өтіп ­жатады. Ақыры, 6 ақпан күні таңғы алагеуімде Жаркенттен Насыр Ушурбакиевтің інісі Ғазис: «Істі енді кешіктіруге болмайды. Бастаңдар!» деген хабарды алып жетеді.

Бұл кезде бәрі дайын еді. Қасымхан Махмұдқа хатты тапсырады да топтағы адамдарына кешкі сағат алтыда қараңғылық түскенде өз үйінде жиналуға нұсқау береді.

Белгіленген уақыт та келеді. Қасымхан Чанышев Махмұд Қожамияровқа алтыатар ұсынып:

– Сақтықта қорлық жоқ, мынаны ал. Бірақ аса қысылтаяң жағдай болмаса оқ атпа, ал егер атаман бекіністен шығудан бас тартса немесе бүкіл топқа қауіп төнсе қапы қалма, – деп ескертеді. – Хатта басқаша жазсам да, қамалға мен сендермен бірге барамын.

Сонан соң Қасымхан қамалдың сызбасы түсірілген бір парақ қағазды жайып жібереді де:

– Мұнда қара. Мынау Александр Дутовтың жұмыс бөлмесінің терезесі, оның желдеткіші үнемі ашық тұрады. Мына жерде аттарды күтушіге тапсырып кетеміз. Ең бастысы, қарауыл үйінен атаманның күзетшілерін шығармау керек. Бұл ­шаруаны өз мойныма аламын. Күзетшілердің бірде-бірі генералға көмекке келмейді деп үміттенемін. Әлдеқалай іс насырға шапса, атаманға және оның көмекшісіне шамаң жете ме?

– Алаң болма.

– Жақсы. Қамалдың ішінде өзімізді үйіміздегідей еркін ұстайық. Ісіміздің сәтті болатынына ешқандай күдік, ешқандай қобалжу болмасын. Не болса да шапшаң, батыл қимылдаймыз. Сонан соң атқа қонып, қақпаға тартамыз. Егер бәрі ойлағандай ­болып жатса, терезенің түбіндегі бізге естірте атаманға дауысыңды көтере алғыс айт. Онда мен дер кезінде қақпадан өтіп үйіме қайта ораламын да, қонақтарды қарсы аламын.

– Жарайды, солай болсын, – дейді де, Махмұд өзінің аты тұрған қораға беттейді. Қасымхан да ерге қонып, екеуі ауладан шығады. Қамалға барар жолда оларға ақырындап басқалары да қосылады. Міне, тапсырма орындаушылар қамалдың қақпасына да жетеді. Махмұд ерден жеп-жеңіл секіріп түсіп, шылбырды ұстаған күйі қақпаға жақындайды да, қарсы жолыққан қытайдан адьютантқа өзінің жолдастарымен келгенін хабарлауды сұрайды. ­Атаман Нехорошконың ұсталғанынан және Қасымханның қашып құтылғанынан хабардар болатын. Сондықтан ол келгендердің бәрін кідіртпей қамалға өткізуді бұйырады. Бірақ мұнда олардың бәрі кірмейді. ­Солтанай Маралбаев қақпа сыртында қалады. Ғазис Ушурбакиев, Көдек Байсымақов және Юсуп Қадыров атаманның жеке үйінің ­ауласына кіреберіс тұсқа кіреді де, Қасымхан ­Чанышев атының шылбырын Ғазиске беріп, өзі ауланың қақпаға жақын тұсындағы күзетшілер отыратын үйдің есігі алдында кездейсоқ бөгелген қалып танытып тұрып қалады. Махмұд болса өз атының тізгінін Көдекке ұстата салып, атаманның үйіне қарай жүреді. Күзетші Махмұдты үйге еш бөгетсіз кіргізіп жібереді де, өзіне жақындап келген Мұқай Байсымақовпен жайбарақат әңгімелесіп кетеді.

...Кенеттен үй ішінен бірінен соң бірі атылған үш оқ дауысы естіледі. Мұқай қалтасынан алтыатарын суырып алғаны сол еді, есін жиып үлгермеген күзетші дәліз сатысының жақтауына орақпен орғандай сұлап түседі. Күзет үйінен атып шығуға ­ұм­тыл­ған казактарды есік пен терезеге оқ атқан Қасымхан қайта қуып тығады. Зәрелері зәр түбіне жеткен олар қаруларын тастай сала тақтай төсектердің астына зып береді.

Осы кезде іштен бірін-бірі сүйеген Махмұд Қожамияров пен Мұқай Байсымақов көрінеді. Олар дәліз сатысына жеткен бойда аттарға қарай ұмтылады.

 – Жылдамдат, – дейді Қасымхан.

 Тапсырманы орындаушы топ қас-қағым сәтте шығар қақпаға қарай құйғыта жөнеледі. Қамал аузында тұрған қытай шеріктері әлдене жайында өзара даурыға әңгімелесіп тұрған еді. Қасымхан мен Солтанай оларға қарай дүркіндете оқ жаудырғанда, аналар естері шығып жан-жаққа бытырай қаша жөнеледі.

 Қаладан ұзап шыққан соң ғана Махмұд атаманның жұмыс бөлмесінде болған жайды әңгімелеуге кіріседі. Осы тақырыпты зерттеуші Г.Миловановтың жазуына қарағанда, мәселе былай болған. «Мен бөлмеге енген кезде, – дейді Махмұд Қожамияров, – Дутов стол басында әлденені оқып отыр екен. Мен белімді бүге ізет көрсеттім де, столға жақындап, оған сол қолыммен хатты ұсындым. Ол менімен салқын амандасып, хатты оқи бастады. Атаман маған бұл жолы бұрынғы әдетінше отыруға орын ұсынған жоқ. Оның көңіл күйі болмай тұрғаны анық еді. Хатты оқып шыққаннан кейін ол қатқыл үнмен:

 – Чанышевтің өзі қайда? – деді.

– Ол шекарадан бері өтерде аяғын қатты мертіктіріп алғандықтан келе алмады. Сізден мархабат етуді сұрап, үйінде күтіп отыр, – дедім.

 – Бұл оның қай әзілі, – деген ол мен жауап беруге ойланғанша болмай, қарсы бұрыштағы шағын стол жанында отырған көмекшісіне бұрылды да: «Ұста мынаны!» деп айғай салды. Анау маған қарай ұмтылды, ал мен алтыатарымды суырып алдым да, алдымен Дутовты сұлаттым. Сонан соң өзіме атылған адьютантты қақ маңдайдан тарс еткіздім. Ол жанып тұрған май ­шамды тұғырымен құлатқан бойы еденге гүрс етті. Мен атаманның аунақшып, ыңырсып жатқанын көріп оны екінші рет аттым да, не болғанымды білмей, үстімді тер жауып, қабырғаға сүйене тұрып қалдым. Сол кезде Мұқай кіріп келіп, далаға сүйемелдей алып шықты.

– Мүмкін ол әлі тірі шығар? – дейді мазасызданған Қасымхан.

– Қайдан білейін... Бірақ мен оның ­жанын жаһаннамға жіберген сияқты едім, – деп жауап қатады Махмұд.

– Тыңдаңдар, қамалдан дабыл үні естіліп жатыр, – деп айғайлап жібереді Насыр Ушурбакиев.

– Бұл қуғын болады деген сөз, – дейді Солтанай. – Атқа қамшы басайық.

Атаманды атқан соң құрамында Махмұд Қожамияров, Ғазис Ушурбакиев, Көдек пен Мұқай Байсымақовтар, Юсуп Қадыров, Солтанай Маралбаев бар жеті адамнан тұратын жасақ Сүйдіннен шығып, Кеңес елі шекарасына қарай емес, керісінше, Құлжа жаққа бет алады. Осы себепті де ­тапсырманы орындаушылардың ізіне түскен казактар олардан көз жазып қалады. ­Чекистер бұдан кейін оқиға өткен маңайдағы Дағыр қыстағында мәселенің мәнісін білу үшін қалып қойған Насыр Ушурбакиевтен бір ­хабар келгенше қалада бой тасалайды. Ақыры: «Арғы беттен ауып келген орыстардың жандаралын белгісіз біреулер атып кетіпті. Оны жерлеу үшін кәпірлер тайлы-тұяғы қалмай Сүйдінге жиналып жатыр екен» деген базардағы гу-гу әңгіме бұларға хабаршының сөзімен қатар жетеді.

 Атаманды және онымен бірге қаза тапқан казактар Лопатин мен ­Масловты жерлеуге Шыңжаң өңірінде тұратын орыстардың біразы қатысады. Сол жылдары Қытайда өмір сүрген эмигрант әйел Елена ­Сафронова 1999 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қайдасың, менің ­Отаным?» атты кітабында атаманды жерлеу рәсімін былай суреттейді: «...Дутовты соңғы сапарға шығарып салу сән-салтанатымен, сазды әуезбен басталды. Алдыңғы лекте марқұмның денесі бар табытты көтерген адамдар, ал олардың ізін ала қарақұрым халық жүріп отырды. Дутовты Сүйдіннен төрт шақырымдай жердегі Доржинки деп аталатын христиан зиратына қойды. Кейіннен анықталғандай, атаманға келген басмашылар Чанышев, Қожамияров және Байсымақов оның көзін жою үшін арнайы тапсырмамен Кеңес жерінен жіберілген екен. Жерлеуден кейін екі-үш күн өткен соң әлдекімдер Дутовтың қабірін ашып, марқұмның басын кесіп алған және мәйітті көмусіз қалдырған. Ұрланған бас жендеттерге өздерін жібергендердің алдында тапсырманың мүлтіксіз орындалғанын дәлелдеу үшін қажет болған сияқты».

 Бұл туралы кейін Шыңжаңнан Отанына қайтып оралған эмигрант В.Мищенко да жазады: «Атаманды жер қойнына тапсырған соң, апта өтпей оның қабірін әлдебіреулер қайта ашып, мүрденің басын кесіп алыпты. Қанішерге ол бас қауіпсіздік қызметкерлері кепілге алған өзінің отбасын құтқарып алу үшін Төтенше комиссияның алдында тапсырманың орындалғанын айғақтайтын дәлел ретінде керек болған». Осы оқиғаны әңгімелей отырып ол: «Сол күндері Сүйдінде штабқа кемінде бір тірі жансызды ұстап әкеліп тапсырған адамға 5 000, ал өлі жансыз үшін 3 000 алтын рубль беріледі деп жарияланды» дейді.

...1921 жылдың 11 ақпанында Ташкенттен Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Түркістан комиссиясының және РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түркістан майданы Әскери Революциялық Кеңесінің мүшесі Григорий Сокольниковтың атына, көшірмесі РКП(б) Орталық Комитетіне төмендегідей жеделхат жолданады:

«6 ақпанда коммунистердің Жаркент тобы арқылы жіберілген адамдар ­генерал ­Дутовты және оның көмекшісі мен атаманның жеке нөкерлерінен екі ­казакты төменде баяндалып отырған жағдайда өлтірді. Операцияға басшылық етуші адам Дутовтың бөлмесіне кіріп келіп оған хат ұсынды да ұрымтал сәтті пайдаланып екі рет атып Дутовты және үшінші оқпен көмекшісін жайратты. Шегініс үшін тосқауылға қалдырылған екеу атыс шыққан үйге қарай ұмтылған атаманның жеке күзетіндегі екі казакты өлтірді. Біздің адамдар бүгін аман-есен Жаркентке оралды.».

 Осы арада мына бір жайтқа тоқтала кетейік. Ол жоғарыда аталған жеделхатта қолданылған «операцияға басшылық етуші адам Дутовтың бөлмесіне кіріп келіп» деген сөз тіркесі. Осы жолдар зерттеушілерді: «Бұл нақты кім болғаны?» деген сұраққа жетелері анық. Мұнда, яғни алғашқы ­жеделхатта фамилияның аталмауын, біздіңше сол кездегі өте құпия түрде өткен аса ­жауапты операцияға қатысқан адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің өміріне төнуі мүмкін қауіптен сақтану шарасы деп түсінгеніміз жөн. Ал бірақ... иә, бірақ арада екі ай өткен соң әзірленген екінші құжатта мемлекеттік мәні зор осы шараға кімнің «тікелей басшылық жасағаны» кімнің «тікелей қатысқаны» тайға таңба басылғандай етіп көрсетілген. Ол Ташкенттен жоғарыдағы тапсырманы орындаушыларды марапаттау туралы жіберілген бұйрық еді. Онда былай делінген:

«АРНАЙЫ АДРЕСКЕ. МЕЙЛІНШЕ ҚҰПИЯ. Түркістан өлкесіндегі ВЧК Уәкілетті өкілінің №44 бұйрығынан көшірме. 1921 жылғы 12 сәуір. Ташкент қаласы.

  1. Құлжада атаман Дутовтың көзін жоюды тікелей ұйымдастырғаны үшін Қ.Чанышевті ВЧК атынан «Дутовтың көзін жоюға тікелей басшылық жасағаны үшін» деген жазуы бар алтын сағатпен марапаттаймын.
  2. Атаман Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысқаны үшін ВЧК атынан М.Қожамьяровты тап сондай жазуы бар ­алтын сағатпен марапаттаймын.
  3. Атаман Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысушылар ретінде М.Байсымақовты, Ю.Қадыровты, Ғ.Ушурбакиевті ВЧК атынан «Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысқаны үшін» деген жазуы бар күміс сағатпен марапаттаймын.

ВЧК-ның Түркістан өлкесіндегі уәкілетті өкілі Я.Петерс».

Өте күрделі, аса жауапты тапсырманы орындағандардың қалғандарына атаулы қарулар мен марапат қағаздары беріледі.

 (Жалғасы бар)

 

1855 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы