• Тарих
  • 14 Қаңтар, 2021

ТАРАЛҒАН СӨЗДІҢ БӘРІ ТАРИХ ЕМЕС

Алаш Тұрсынәлінің «Ана тілі» газетінің 2020 жыл 19-25 қарашада жарияланған «Елім Құлжада-ай» әнінің тарихы» атты мақаласын қызыға оқып шықтым. Қызыға оқуға басты себеп болғаны тарихы ұзақ, аты әлемге танымал Құлжа шаһары туралы әннің шығуы болса, екінші себеп Құлжа шаһарында 15 жылдан аса уақыт тұрып, Іле қазақ автономиялы облыстың саяси-мәслихат кеңесі жанынан шығатын Шыңжаң қазақтарының тарихына қатысты «Іле тарихи материалдар» атты ұласпалы кітаптың жауапты ­редакторы болуым еді. Мен де ұзақ жыл Шыңжаң қазақтарына қатысты тарихи-шежіре, салт-дәстүр, мәдениетін зерттеген адаммын. Сол үшін аталмыш мақала туралы өз көзқарасымды білдірейін деп қолыма қалам алдым.

І

Іле Орта Азияның өр төсіне орналасқан, онда бірнеше ұлт пен этникалық топтар өмір сүреді. Қазір Іле өңірінде қазақ ұлтының бірқатар ­ру-тайпалары тұрады. 1881 жылы «Қытай-Ресей Іле келсім» ­жасалып болғаннан бір жылдан кейін қызай атасының беделді билері Бәйеке, Бұқаш, Сасан бастаған ел адамдары Іле генералы Мың Рүйге (ұлты манзу) «Іле – анамыз Қызайдың әкесі Бәйдібектің жері еді, анамыз Қызайдың бастарыңа күн туса Ілеге көшіңдер деген өсиеті бойынша қарамағыңызға алыңыз» деген өтініштерін айтады. Содан Іле генералы қызай рубасыларының тілегін құп көріп, 1883 жылдары 3000 отбасы Ілеге қарай көше бастайды.
Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов қызай ­атасы ­туралы 1856 жылы 29 қыркүйекте жазылған естелігінде «Кеше Құлжаға қызайлар келіп, шарбақтың, яғни қада ағаштардың маңынан орын тепті. Мавраннаһардың түрлі елдерінен келген ­саудагерлер азиялықтардың тұрағын шарбақ ­немесе қада ағаштар деп атайды екен. Қызайлар қойларын айдап, қытайлармен айырбас жасайтын киіздерін де ала келді. Қызайлар сұлтанның салық есебінен ұсынған қойларын қытайлар іріктеп, таңдап жүріп, санап алды. Орталық империяның қоластына қараған бұл сорлы байғұстардан, бекет сайын бір-бір қойдан алып қалды деп арыз етті» (Шоқан ­Уалиханов «Алтышаһарға сапар», Алматы, «Атамұра», 2006 жыл, 202-203 бет) деп жазған.
Іле – қазақтың атамекені. Өйткені қазақтың арғы тегін құраған сақ, үйсін, ғұннан тараған және қазақтың қазіргі ру-тайпалары Іленің ежелгі тұрғындары екенін тарихи құжаттар дәлелдейді.
Ғалым Нығымет Мыңжани «Қазақтың байырғы аңыз-шежірелері мен жазба әдебиетінде үйсін деген атау екі түрлі мағынада: тар мағынада және кең мағынада қолданады. Тар мағынадағы үйсін – қазақтың ұлы жүзінің құрамындағы тайпаның аты. Ал кең мағынадағы үйсін – Іле алқабы мен Жетісу өңірін және Оңтүстік Қазақстанды мекендеген ұлы жүз тайпалардың жалпы аты. Бұлар ежелгі заманнан бері осы өңірді мекендеген» (Нығмет Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы», 78-79-бет) деп өте анық тұжырым жасаған.
Міне, осы тарихи фактілер қазақтың алдыңғы тобы Іле өңіріне 1722 жылдан бұрын қайта көшіп барып Чиң үкіметіне қарайтынынан дерек береді. Тарихшы Жақып Мырзахановтың «Қызайлар Іле, Бұратала өңіріне келіп қоныстанғаннан кейін, 1767 жылдан бастап осы өңірде отырықтанған, ұлы жүздегі албан, суандармен бірге 1865-1866 жылғы Іледегі шаруалар көтерілісіне қатысады...» (Жақып Мырзаханов «Қазақ халқы және оның салт-санасы», 351-бет) деген деректерден қазақтардың байырғы мекені болған Іле өңіріне қазақ руларының қайта көшіп келгенін аңғаруға болады.
Саурық, Бөден батырлар Текес өңіріне келгеннен кейін Ойрат Қарауыл моңғолдары мен жергілікті моңғол қосындарымен талай рет қақтығысып соғыс жасады.
Бұл сияқты оқиға турасында Шоқан Уәлиханов 1864 жылы желтоқсанның 27 күні Ресей үкіметіне жолдаған бір хатында: «Біздің қызылбөріктер ­Текес бойында көшіп жүрген қалмақтарды мүлдем құртып жіберіпті. Қалмақтар қатын-баласынан, барлық мал-мүлкінен әбден жұрдай болып айырылыпты. Қазақтар мал мен тұтқын әйелдерді енді қайда қоярын білмей отыр деседі. Қалмақтардың қыз-қатындары Шіліктегі Шоқан бидің қолына түсіпті. Бұл, меніңше, онша жақсы іс емес» (Шоқан Уәлиханов «Мақалалар мен хаттар жинағы», 1956 жыл, Алматы, 211-бет) деп ел ішінде үнемі соғыс болып тұрғаны туралы өте анық жазылған.
Белгілі жазушы Әскер Тойғанбекұлының ­жазуына қарағанда: «1860 жылдары Саурық қасына Бөден батыр мен Жанәлі батырды серік етіп, екі жүзге жуық қол бастап, Жұлдыздағы Бұргәмбіден кек алу шабуылына аттанады. Саурық қолының келе жатқанын хабаршыларынан естіген Бұргәмбі мыңға жуық адам мен Жұлдыздың Тайасу деген жерінен тосып айқасады. Ақыры айлалы батыр Саурық өзінен бес есе артық күші бар Бұргәмбіні жеңеді» («Саурық батыр жайлы», «Іле газеті», 1992 жыл, 14 қазан).
Жазушы Құрманәлі Жүнісқанұлы Саурық батыр туралы мақаласында Күнес өңіріндегі «Үшкептер», «Қарабура», «Түрген» деген жер аттарын Саурық қойғандығы («Іле газетінде» жарияланған мақаласында) айтылған.

II

Ал, енді Алаш Тұрсынәлінің «Ана тілі» газетінде жарияланған «Елім Құлжада-ай» әнінің тарихы» атты мақаласына тоқталайық. Автор мақаласында: «Өнерді қастер тұтатын талай жақсының алдына бардым. Біраз жолдарды шиырладым. Шешілмейтін жұмбақ, тарқатылмайтын түйін болмайды екен. Қиырдағы Құлжадан Арқаға қоныс аударған Тоқмұқаммед ақсақал табанымнан тозып сан жылдар іздеген ақиқатымды алдыма жайып салды» деп бастауы кімнің болса да назарын аударады. Өйткені мен де тарихи Отанға арғы беттегі Құлжа шаһарынан оралғанмын. 2014 жылы Іле қазақ автономиялы облысының әкімі Мәнен Зейнелұлының орналастыруы бойынша облыстық үкімет құрылғанының 60 жылдық мерейтойы аясында «Іле тарихынан қысқаша деректер» атты монография жаздым. Бұл монографияда Іле туралы деректер, Іледегі байырғы қалалар, Құлжа қаласының тарихы, Іле қазақ автономиялы облысында ілгері-кейінді міндет атқарған қазақ әкімдердің қысқаша өмірбаяны да қамтылған.
Шыңжаң қазақтарына аты әйгілі «Елім Құлжада-ай» атты тағдырлы әнге арқау болған Құлжа қаласы – 1762 жылы салынған. Тарихи жазбаларда Ниңиуан аталған. Чиң патшалығы Іле өңіріне салдырған тоғыз қаланың бірі. 1884 жылы Шыңжаң өлке болып құрылған кезде Іле аймағының орталығы болған. 1954 жылы Іле қазақ автономиялы облысы құрылып, Құлжа қаласы облыстың саяси-экономика, мәдениет орталығы болған.
Алаш Тұрсынәлі мақаласында «Ел аралап, су кешіп Іле өңірінің талай тарихы мен аңызын жинадым. Өлкетану бағытында жасалған талай шаруаның басында болдым. Іле аймағының әр ауданының тарихын зерттеп, фольклорын жинадық, ондаған кітап шығардық. Қызай руының шежіресін де жинақтап, әр тақтаның шежіресіне дейін шығарған адаммын. Ел де басқардым. Ауылдың әкімі болдым, қысқасы, Іледегі қазақтың игі-жақсысының бәрімен дәмдес болып, қария сөздерді қанып ішкен қартпын деп ағынан ақтарылды абзал қария» дейді. Міне, осы дәлелдерді мысалға алған Алаш Тұрсынәлі «Елім Құлжада-ай» атты тағдырлы әннің тағдырын бір-ақ шешіпті. Ауылда әкім болған қарияның сөзі тарихы тым ұзақта жатқан Іледегі қазақтардың «Елім Құлжада-ай» атты атақты әннің тағдырын шеше алады дегенге кім сенеді? Автордың дәлел келтірген дерегі сенімсіз деп санаймын. Автор мақаласында: «Рақымжанның аузынан Торғай ішіндегі Бәйімбет байдың қыз ұзату тойында естіп едім деп, әкеміз қалақ домбырасын тыңқылдатып айтып отыратын әннің сөзі былай болатын:
Іле деймін ендеше, Іле деймін,
Өте шықтым Іледен, міне, деймін.
Үшбурылдың жұпарын бір сімірсем,
Одан артық жанатты тілемеймін.
Қайырмасы:
Елім Құлжада-ай,
Көңілім сізді болжады-ай.
Бізге жеткен қазіргі деректе «Елім Құлжада-ай» әнін алғаш орындаушы Рақымжан сері» деген дерегіне күдік келтіремін.
Алаш Тұрсынәлінің «Елім Құлжада-ай» әнінің тарихы» атты мақаласындағы тарихты бұрмалаған деректері туралы өз көзқарасымды оқырмандармен ортақтастыра кетуді жөн көрдім.
Бірінші, Алаш Тұрсынәліге дерек берген Тоқмұқаммед ақсақал Іле қазақтарына танымал шежіреші емес, көңілге тоқыған әңгімесі бар адам, ол кісінің «Өлкетану бағытында жасалған талай шаруаның басында болдым» дегеніне күмән бар. Мұндай Өлкетану бағытындағы ірі шаруаны үкімет орындары арнаулы адам арқылы жүзеге асырады. «Іле аймағының әр ауданның тарихын зерттеп, ­фольклорын жинадық. Ондаған кітап шығардық» деген ақсақалдың сөзінің де дәлелі болса дейміз. Аудан, аймақ, облыстың тарихи шежіресін жинауға саяси-мәслихат кеңесі, ал ауыз әдебиетін жинауға байырғы шығармалар кеңсесі мен аудандық, аймақтық, облыстық мәдениет мекемелері жауапты болады. Мен облыстық саяси-мәслихат кеңесі ­тарихи материалдар комитетінде жұмыс істеген кездерде талай ақсақалдарға барып сұхбаттасып қоржынымыз олжаға толған кездер де, құралақан қайтқан кездер де болған. Сол жинаған материалдардың барлығы кәдеге жарауы мүмкін емес, таңдап сүзгіден өткізіп, асылын алып, жасығын тастайтынбыз.
Екінші, 2006 жылы шілде айының соңында көрнекті ақын, аудармашы, педагог Төлепберген Бәзілжанұлы Мешпетов (1930-2008) менің жұмыс орныма іздеп келді. Төкең ағамызбен сол жолғы кездесуде екі сағаттан артық сұхбатта болдым. Осы сұхбатымыздың негізгі мазмұны айтулы халық ақыны Рақымжан Мешпетұлы жайлы болды. Осы реткі әңгімеде Рақымжанның ақындығы, Аппақ Майтабанқызымен айтысып жүріп танысқаны, Аппақтың «Көкөзен» атты әнінің Шыңжаң қазақтарына кеңінен таралғаны туралы сыр шертті. Сол жылы күз айларында Төлепберген ­Мешпетов ағамызды Құлжа ауданына іздеп ­барып ұзақ әңгімелескенім әлі есімде. Төкең ағамыз екі рет әңгімеде «Елім Құлжада-ай» әнін алғашқы ­орындаушы Рақымжан Мешпетұлы еді» деген дерек айтқан жоқ.
Үшінші, 2009 жылы елу мың қазақ жан саны бар Құлжа аудандық саяси-мәслихат кеңесінің ұсынысы бойынша тұңғыш рет «Құлжа ауданы ­тарихи ­материалдары» атты кітабын шығардық. ­Содан мен Құлжа ауданы жағынан баспадан шыққан үш кітапқа жауапты редакторы болдым. Әйгілі Іле қазақтарының «Елім Құлжада-ай» атты тарихи әнді ақын Рақымжан орындады деген деректі Құлжа аудандағы авторлардың мақаласынан кездестіре алмадым.
Төртінші, әйгілі халық жазушысы Сәбит Мұқанов Қытайға сапарға барғанда Іле өңіріндегі Құлжа ауданының Көкқамыр жайлауына барып, сол өңірдегі қазақтардың тарихына, мәдениетіне ерекше назар аударған. Құлжа ауданындағы Сұлтан Нұрахметұлы сынды майталман шежірешілердің жол бастауымен Көкқамырдың Жалғызқарағай деп аталатын тас жотадағы атақты ақын, асқақ әнші, композитор Әсет Найманбайұлының басына да құран оқып қайтқан. Сәбит Мұқановтың Көкқамыр жайлауына барғаны туралы Ұлықан Сұлтанқызы мен Мұрат Сұлтанұлы жеке-жеке мақала жазған. Бұл екі мақалада «Елім Құлжада-ай» әні туралы алғаш Рақымжан орындады деген дерек кездеспейді.
Бесінші, тарихшы Жақып Мырзақановтың 2015 жылы жазған «Ақын Аппақ және оның Көкөзек әні» атты мақаласында айтулы ақын Рақымжан Мешпетұлының жұбайы Аппақ Майтабанқызының адуын айтыскер ақындығы, Рақымжанмен айтысып жүріп тұрмыс құрғаны, ақынның халық ішіне тараған «Көкөзен» әнінің тарихы туралы арнаулы тоқтаған. Бұл мақалада да «Елім Құлжада-ай» әнінің тарихы туралы дерек айтылмаған.
Алтыншы, мен Құлжа ауданындағы Нұрболат Оспанұлы (1928-2006), Тәлен Ерденұлы, Гүли Әукенқызы, Мұрат Сұлтанұлы, Әбіләкім Ысқақұлы, Қозықан Сабырұлы, Абылай Жабықбаев, т.б. шежіреші, қаламгерлердің жинаған деректері мен шежірелерінен «Елім Құлжада-ай» әнінің алғашқы орындаушысы Рақымжан Мешпетұлы екендігі жөнінде дерек таба алмадым. 2010 жылы «Ақын Қойдым» атты кітапты құрастыру барысында Мұрат Сұлтанұлы ағамыздан халық ақыны Рақымжан Мешпетұлының 1983 жылы Іле халық баспасы жағынан басылым көрген «Ақын лебізі» атты жыр жинағын сұрап алдым. «Ақын лебізі» атты жыр жинақта Рақымжан Мешпетұлының өмірі туралы деректе «Елім Құлжада-ай» әні туралы ешқандай сөз айтылмаған.
Жетінші, «Елім Құлжада-ай» атты Іле қазақта­рының тарихи әні кезінде Шыңжаң оқу-ағарту баспасынан жарық көрген «Орта мектеп музыка оқулығына» енгізілген. Онда «Бір ғасырдан артық тарихы бар жергілікті Іле қазақтарының байырғы халық әні» деп таныстырылса, 1998 жылы Сағатбек Медеубекұлы құрастырған «Жетісу әуендері» («Өнер» баспасынан шыққан) атты кітапта «Елім Құлжада-ай» әні халық әні ретінде енгізілген. Бұл екі кітапта да Рақым Мешпетұлы туралы ешқандай сөз болмаған.
Алаш Тұрсынәлінің мақаласы «Әлем әдебиеті» деген сайтта «Ана тілі» газетінен алынған деп төте жазу нұсқасында жарияланды. Автор «Қазақтың нағыз асылына айналған әсем әнді сақтап қалу үшін көрнекті жазушы Бұқара Тышқанбаев ән мәтініне өзгеріс енгізді» дейді. Бұл сөзді «Ана тілі» газетінің редакторлары алып тастаған.
Іле өңірдегі Құлжа қаласы – 1762 жылы Чиң патшалығы салудан бұрында осы қасиетті өңір Құлжа деп аталып келген. Зерттеушілердің басым бөлігі қазақ тіліндегі атау, тарихта бұл өңірде арқар-құлжа секілді аңдар көп болғандықтан қазақтар бұрында осы өңірді «Құлжа» деп атап кеткені де ақылға қонымды көзқарас. Мақаламыздың басында Іле өңірінде өмір сүрген байырғы қазақтардың тарихы тереңде екенін айттық. Іле қазақтары арасына тараған әннің тарихын екі ғасырдың ар жақ, бер жағынан қарастырғанымыз жөн бе екен деймін. Бұл бір болжам болғанмен ішкерлей ізденуді қажет етеді. Ал «Елім Құлжада-ай» атты әннің Іле өңірінің әр жерінде ән мәтіні әр алуан айтылуы мүмкін.

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, жазушы, этнограф

3320 рет

көрсетілді

133

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы